Термометрдегі көрсеткіш – шындықтың бір шеті ғана. Жылу индексі жөнінде нені білгеніміз жөн? Не себепті ғалымдардың кейбірі оның есептеу әдісін қайта електен өткізіп жүр?
Брайан Тарновски, The New York Times/Redux
Автор: Меган Уоллертон
Жазғы аптап ыстыққа маусымдық қолайсыз құбылыс деп жеңіл-желпі қарамауымыз керек. Ол адам өміріне қауіп төндіреді. АҚШ-та табиғи құбылыстардан болатын өлім-жітімнің негізгі себебі ыстықпен байланысты. Ал жаһандық температураның үздіксіз көтерілуі аптап ыстықтан төнетін қауіптің алдағы уақытта да сейілмейтінін көрсетіп отыр. Әйтсе де термометр бағанындағы цифр жағдайды толық бағамдауға жеткіліксіз. Жылу индексі (немесе «сезілетін» температура) ыстықтың адам ағзасына нақты қалай әсер ететінін өлшеу үшін ауа температурасы мен ылғалдығын қоса қарастырады.
WCCB Charlotte арнасының бас метеорологі Джанесса Уэбб жылу индексіне (ауа температурасының сезілу деңгейіне) зейін қоюдың өте маңызды екенін ескертеді. «Сыртта ыстық мүлдем басқаша сезілуі мүмкін. Оған дайын болмасаңыз, аптап ыстық білдірмей әсер етіп, сізді қапыда қалдыруы ғажап емес», – дейді ол.
Оңтүстік-шығыс Джорджия денсаулық сақтау қызметінің жедел медицина бөлімінің меңгерушісі, дәрігер Крегг Ландонның түсіндіруінше, ауа ылғалдығы жоғары болған кезде адамның терлеуі, ағзаның өзін-өзі салқындатуы қиындай түседі.
«Ыстықтың әсері күшейген сайын ағза сусызданып, электролит теңгерімі бұзылады. Сонымен қатар ыстықтан бұлшықеттер құрысып, адам қатты әлсірейді, тіпті соңында күн өтіп кетуі мүмкін», – дейді Ландон.
Дегенмен мамандардың айтуынша ыстықтан болатын мұндай сырқаттардың алдын алуға әбден болады. Жылу индексі жөнінде не білгеніміз жөн және температура мен ылғал мөлшері күрт көтерілгенде денсаулықты қалай қорғауға болады? Бұл туралы төменнен оқи аласыз.
Жылу индексі дегеніміз не?
Жылу индексі ауа температурасымен қатар ылғалдықты, яғни ауадағы су буының мөлшерін есепке алады. Уэббтің айтуынша, жылу индексі жоғары күндері дала құрғақ саунадан гөрі ылғал моншаға көбірек ұқсайды. «Бұл дегеніміз – нағыз қапырық ыстық», – дейді ол. Мысалы, даладағы температура 32°C, ал ылғалық 70 пайыз болса, ауа райы 41°C секілді тым қапырық сезілуі мүмкін.
Жылу индексін 1979 жылы физик Роберт Стедман ойлап тапқан. Дәл сол жылы АҚШ Ұлттық метеорологиялық қызметі (NWS) Стедманның еңбегіне сүйене отырып, өзінің жеке жылу индексін жасап шығарды. Берклидегі Калифорния университетінің Жер және планеталық ғылымдар кафедрасының климат физикасы бойынша профессоры Дэвид Ромпстың айтуынша, NWS бүгінге дейін индекстің осы нұсқасын қолданып келеді әрі оның көрсеткіштері негізінен өте дәл.
Алайда, Ромпстың сөзінше, мұның бір кемшілігі бар. Стедман есептеген кезде қиындыққа тап болып, 31 Цельсийден жоғары жылу индексін есептей алмаған. Оның формуласы айналадағы ауа ылғалға әбден қаныққанша адам денесінде тер жинала береді дейтін болжамға негізделген-ді. Бірақ әдетте артық тер денеден тамшылап ағып кетеді, Стедман бұл жайтты ескермеген. Оған қоса, 1970 жылдары қазіргідей аптап ыстық толқындары жиі болмаған. Сондықтан, Ромпстың сөзінше, тым ыстық әрі ауа ылғалдығы жоғары күндерге арналған көрсеткіштердің болмауы ол кезде қазіргідей үлкен мәселе тудырмаған. Сонымен қатар бүгінгі аптап ыстық толқындары бұрынғыға қарағанда баяу қозғалып, ұзағырақ сақталады.
Берклидегі Калифорния университетінің постдокторанты әрі Ромпспен бірге жылу индексіне қатысты зерттеу жүргізген И-Чуан Лу: «Температура Роберт Стедман белгілеген шектен асқан кезде, ағзада одан әрі қандай өзгерістер болатынын ешкім нақты білмейді», – дейді.
Ромпстың айтуынша, Стедманның одан да жоғары температураны есептеуге арналған моделі болмағандықтан, бұған дейін балама есептеулер қолданылып келді. Алайда олар кейде ыстықтың нақты сезілу деңгейін 10–20 градусқа дейін төмен көрсетеді. «Бұл көрсеткіштер қалыптан тыс аптап кезінде ғана қате көрсетеді және бұл айтарлықтай үлкен қате», – дейді ол.
Жалпы алғанда, Стедманның жылу индексі мінсіз жағдайларға негізделген. Яғни бұл көрсеткіш көлеңкеде отырған, күн райына сай киінген және жеткілікті мөлшерде су ішкен дені сау адамға ыстықтың қалай сезілетінін білдіреді.
Жылу индексін есептейтін әдіснаманы жетілдіру керек пе?
Лу мен Ромпс Стедманның зерттеуін қайта қарай отырып, оның формулаларын одан да жоғары температура мен ылғалдық көрсеткіштеріне бейімдеудің жолын тапты. Олар 2010 жылы жүргізілген зерттеудің аясын кеңейтуді мақсат еткен. Ол еңбекте ғаламшарымыздың жер бетіндегі тіршілікке қауіп төндіретіндей деңгейде шектен тыс қызып кету ықтималдығы қарастырылған еді. Ғалымдардың пікірінше, олардың жаңа есептеулері Ұлттық метеорологиялық қызметтің мәліметтерінен әлдеқайда дәлірек.
АҚШ Ұлттық метеорологиялық қызметінің қазіргі дерегі бойынша сырттағы ауа температурасы 38°C-қа жуықтап, ылғалдық 65 пайыз болғанда, ол 58°C сияқты сезіледі. Ал Стедманның жылу индексін негізге алған Лу мен Ромпстың есептеуінше, мұндай жағдайда ыстықтың нақты сезілуі 67°C-қа жетеді. Температура мен ылғалдық тым жоғары болған кезде ауа райының қалай «сезілетінін» анықтау үшін NWS қолданатын әдісте адам ағзасының ыстыққа реакциясы Стедманның бастапқы еңбегіндегідей толық ескерілмеген. Ромпстың түсіндіруінше, NWS индексі мен өздері ұсынған көрсеткіш арасындағы үлкен айырмашылықтың себебі осында жатыр. «Адам ағзасы белгілі бір шекке жеткенге дейін ыстыққа жақсы төтеп бере алады, ал сол шектен асқанда жағдай күрт нашарлайды», – дейді ол.
Лудың айтуынша, АҚШ Ұлттық метеорологиялық қызметі өзі мен Ромпстың жаңартқан жылу индексінен хабардар. NWS өкілі электронды пошта арқылы берген жауабында былай деп мәлімдеді: «Бұрыннан қалыптасқан ережеге сәйкес, NOAA (АҚШ-тың Мұхиттар мен атмосфераны зерттеу ұлттық басқармасы) сырттан жасалған зерттеулерді мақұлдамайды, сынға да алмайды. Алайда NOAA құрамындағы Ұлттық метеорологиялық қызмет ықтимал өзгерістер мен жетілдіруді қажет ететін тұстарды анықтау үшін өзінің ыстықты болжайтын құралдарын тексерістен өткізіп жатыр».
NWS өкілі сөзін былай толықтырды: «Жылу индексінің артықшылықтарымен қатар кемшіліктері де бар. Сондықтан NWS төтенше ыстықты бағалау және ол туралы хабарлау үшін әртүрлі үш көрсеткішті кешенді түрде пайдаланады. Олар: Жылу индексі, Ылғал термометр (WBGT – сыртынан ылғал мата оралған термометрдің көрсеткішін есептейтін индекс, мұнда ауа температурасы, күннің ультракүлгін сәулесі, ылғал мен желдің әсері ескеріледі) көрсеткіші және Ыстық қаупі (HeatRisk – климаттық аномалияны, күн мен түн температурасының үйлесімін медициналық статистикамен байланыстыра отырып есептеледі). Бұл құралдар тек ауа температурасына сүйенумен шектелмей, жағдайды толық бағамдауға мүмкіндік береді әрі ыстықтан төнетін қауіпті халыққа түсіндірудің ең тиімді жолы саналады».
Дегенмен Сан-Диегодағы Калифорния университетінің эпидемиология профессоры Тарик Бенмарнияның айтуынша, жылу индексін жаңартудың маңызы зор болғанымен, адам өмірін сақтап қалу үшін бұл жеткіліксіз.
Бенмарнияның пікірінше, аптап ыстықтан көп зардап шегетін топтардың мұндай ақпаратқа қолы жете бермеуі мүмкін.
Тіпті ауа райы болжамын естігеннің өзінде: «Бір индекс бойынша 65°C, ал екіншісі бойынша 54°C екенін білуден жағдай айтарлықтай өзгере қоймайды», – дейді ол.
«Өкінішке қарай, нақты нәтижеге қол жеткізіп, адамдардың күнделікті дағдысын өзгерту үшін әлі талай жұмыс істеу керек. Жылу индексін жаңарту – үлкен мәселенің кішкентай ғана бөлігі», – деп атап өтті Бенмарния. Оның түсіндіруінше, индекстерді жетілдірудің келесі қадамы – түрлі сала мамандарын жұмылдырып, нақты өмірден алынған денсаулық көрсеткіштерін есепке алу.
Аптап ыстық кезіндегі қауіпсіздік
Ландон ағзаны сусызданудан сақтау үшін электролитті сусынмен қатар екі стақан таза су ішуге кеңес береді. Электролиттер тер арқылы шығып кеткен тұздың орнын толтырады, алайда мұндай сусындардың құрамында қанттың тым көп болмауын қадағалау қажет. Сонымен қатар маман көлеңкеде немесе салқындатқышы (кондиционері) бар бөлмеде жиірек демалуды, ауа райына сай киініп, күннің ең ыстық мезгілінде – талтүстен кешке дейін далаға шықпауды ұсынады.
«Тұрғындар егде жастағы көршілерінен, кішкентай балалардан және үйінде салқындатқышы жоқ таныстарынан жиірек хабар алып, жағдайын біліп тұрғаны абзал», – деп қосады ол.
Сондай-ақ Ландон дәрі-дәрмек қабылдау кезінде де өте сақ болуды ескертеді. Қан қысымын түсіретін АПФ тежегіштерінен (Ангиотензин-өзгертуші фермент ингибиторлары) бастап, ибупрофен сияқты жиі қолданылатын ауырсынуды басатын дәрілерге дейін бүйрек қызметін нашарлатуы мүмкін. Мұның салдарынан препарат ағзада улы деңгейге дейін жиналып қалуы не электролит теңгерімі қауіпті деңгейде бұзылуы ықтимал.
Дәрігердің айтуынша, бұлшықеттің құрысуы – ыстықтан қалжыраудың алғашқы белгісі. Сондай-ақ бас ауруы, айналуы, жиі құсу мен ентігу сияқты белгілерге де назар аударған жөн. Ал күн өту бұған қарағанда әлдеқайда қауіпті: ол адамның есінен адасуына, құрысып-тырысуына, тіпті талып қалуына әкеп соғуы мүмкін.
Егер қасыңыздағы адамның жағдайы нашарлап бара жатқанын байқасаңыз, дереу жедел жәрдем шақырыңыз. Дәрігерлер келгенше оның басы мен қолтығына мұз басып, аяғын суға сала тұруға болады. Сонымен қатар салқындатқыштың күшін арттырып, науқасқа су беруге болады.
«Ауруханаға түсіп қалмас үшін алдын ала іс-әрекет жоспары болғаны жөн. Әр адамның жағдайы мен мүмкіндігі әртүрлі болғандықтан, бәріне бірдей жарай беретін әмбебап жоспар жоқ», – деп түйіндеді Ландон.







