Непалдың климат әділдігі талабы

231

Бұл кішігірім мемлекеттің жаһандық парник газдар шығарындысындағы үлесі 0,1 пайызға да жетпейді. Соған қарамастан ел климат өзгерісінің ең ауыр зардабын тартып отыр.

Непалдық әйел сел қиратқан үйлердің жанында тұр. Зерттеушілер жария еткен жаңа есеп елдегі жуырда болған апатқа климат өзгерісі қалай әсер еткенін баяндайды.
Фотосурет: Ариан Димал, ZUMA Press Wire

Автор: Кристиан Эллиотт

Гималайдағы Непалдың Расува ауданында Лаңтаң Лируң тауынан көлемі екі шаршы шақырымдық мұздық пен тау жыныстары опырылып, салдарынан 1300-ден астам адамның өмірін қиған, тағы 5 мың адам хабар-ошарсыз кеткен аса жойқын сел жүрді. Күндер, апталар, айлар мен жылдар бойы климат өзгерісі тау беткейінің беріктігін бірте-бірте әлсіретіп, оның опырылуына алғышарт қалыптастырған.

Ауа райындағы нақты ауытқуларға климат өзгерісінің ықпалын зерттейтін World Weather Attribution ұйымының бастамасы аясында апатқа жедел талдау жасаған халықаралық зерттеушілер тобы осындай тұжырымға келді.

Непал сияқты шағын мемлекеттер үшін мұндай зерттеулер күн санап жылынып бара жатқан әлемде аман қалуға қажетті қаржыны талап етуде маңызды дәлел бола алады.

Апат шығынын өтеу үшін Непалдың қаржы және қоршаған ортаны қорғау министрліктері 31 тамызда БҰҰ-ның Шығындар мен залал жөніндегі қорына бірлескен хат жолдады. Бұл қор климат дағдарысынан зардап шеккендерге қолдау көрсету мақсатымен 2022 жылы құрылған. Непал билігі Расувадағы апаттан кейін аймақты қалпына келтіруге 4,8 миллиард доллар қажет деп есептейді. Бұл – елдің жалпы ішкі өнімінің 11 пайызынан астамы. Ел шұғыл қалпына келтіру жұмыстары мен алдағы апаттарға әзірленуге қордан алуға болатын ең жоғары сома – 20 миллион доллар сұрады. Непал бұл өтінішін көмек сұрау ретінде емес, климаттық әділет талабы ретінде таныстырды. Елдің сыртқы істер министрі «Непал [өзі] тудырмаған жаһандық дағдарыс үшін ең ауыр құн төлегенін» айтты.

Апаттан кейінгі жедел зерттеудің көрсеткені – аймақтағы ауа температурасы жаһандық орташа көрсеткіштен әлдеқайда жоғарырақ болып, 2°C-қа көтерілген. Соның салдарынан жарықшақтанған жартас қабырғаларын ұстап тұрған мәңгі тоң еріп, беткейге тірек болған мұздықтар жұқарып, кері шегінген. Бұрын тек қар түсетін биік тауларда жаңбыр жауа бастаған. Жаңбыр мен мұздықтың еріген суы жартас қойнауындағы терең жарықтарға сіңіп, тау жыныстарының үйкелісін азайтып, опырылуға әкелген.

Сел қиратқан нысандарды қалпына келтіру үшін Непал мемлекетіне 4,8 миллиард доллар қажет. Ел билігі БҰҰ-ның Шығындар мен залал жөніндегі қорынан 20 миллион доллар сұрады.
Фотосурет: Прабин Ранабхат/AFP, Getty Images

Зерттеу нәтижесін таныстырған баспасөз мәслихатында: «Біздің қорытындымызға сәйкес бұл беткей геологиялық тұрғыдан әуелден-ақ осал болған, – деді Нидерландтағы Утрехт университетінің тау гидрологі әрі зерттеудің тең авторы Вальтер Иммерзил, – Алайда мұздықтың шегінуі мен мәңгі тоңның еруі оны одан бетер тұрақсыз етті. Опырылуға шақ қалған соңғы кезеңде еріген судың шамадан тыс көбеюі мен әдеттен тыс аптап жағдайды ушықтыра түскен».

Бұған адам әрекетінен бөлінген парник газдары салдарынан туындаған жылыну себеп болып отыр. Есепте Расува апаты – климат өзгерісінің биік таулы аймақтарды түбегейлі өзгертіп, тізбекті апаттарға жол ашып жатқанының «тағы бір дабылы» деп көрсетілген.

Зерттеуге қатыспаған климаттанушы, климат себеп-салдарын зерттейтін Climate Central ұйымының бағдарламалар жөніндегі басшысы Эндрю Першиң климат өзгерісінің Расува апатына ықпалын АҚШ-тың батысында жиілеп, күшейіп бара жатқан орман өрттерімен салыстырады. «Екі жағдайда да климат апаттың болу ықтималдығын арттырып, оның қаупін еселей түседі, – деді ол. –  Мұндай жерлер барған сайын тұрақсыз әрі қауіпті болып барады».

Зерттеу авторлары Непалдағы тасқын қаупін ескерту жүйесі аңғарды бойлай жөңкілген селдің жылдамдығы мен көлеміне қауқарсыз болып қалғанын алға тартады: «Мұндай ауқымдағы апаттар, сайып келгенде, бейімделу мүмкіндіктерінің кез келген шегінен асып түседі», – деп жазады олар. Бұдан шығатын басты түйін мынау: «Зардап шеккен елді мекендерді қалпына келтіру мен қайта құруға халықаралық деңгейде қолдау көрсету – қазіргі таңда климат өзгерісіне қарсы күрестің ажырамас бөлігіне айналып отыр».

Трибхуван университетінің Инженерия институты жанындағы Апаттарды зерттеу орталығының директоры Басанта Радж Адхикаридің айтуынша, Непал жыл сайынғы жаһандық парник газдары шығарындыларының 0,1 пайыздан да аз бөлігін шығарады, бірақ ғаламшарымызды ысытатын осы газдардың зардабын қазірдің өзінде тікелей тартып отыр. Апатқа түрткі болған шығарындыларға елдің қосқан үлесі мардымсыз болғандықтан, мемлекет билігі зардапты жою шығынын жалғыз өзі көтермеуі керек деп санайды.

Непал ғалымдары елдің климат өзгерісіне өте осал екенін көптен бері біледі: мұнда мореналық көлдердің жарылуынан болатын су тасқындары жиілеп кеткен. Ғылым мұны тікелей климат өзгерісімен байланыстырады. «Қолымызда бұған дәлел болатын айғақтың бәрі бар, – дейді Адхикари. – Сондықтан бізге өтемақы міндетті түрде қажет. Оған қоса, климат өзгерісінің зардабын жеңілдетіп, оған бейімделу шараларын жүзеге асыру үшін де қаражат керек».

Апаттан кейінгі қалпына келтіру кезінде жолдар мен су электр стансалары сияқты инфрақұрылымдар қайта салынып, елді мекендер қауіпсіз жерге көшіріледі. Мұндай ірі апат қайталанбас үшін Непал тұрақсыз жартасты беткейлер мен мұздықтарды анықтап, қадағалап отыратын, сондай-ақ төменде орналасқан елді мекендерге дер кезінде ескерту жіберетін жаңа жүйелерді де құрғысы келеді.

2022 жылдан бері ауқатты мемлекеттер БҰҰ-ның Шығындар мен залал жөніндегі қорына 822 миллион доллар бөлуге уәде берген болса, осы аралықта 119 мемлекет қорға жалпы көлемі 2,8 миллиард доллар болатын қаржылай көмекке өтініш беріп үлгерген.

БҰҰ-ның Шығындар мен залал жөніндегі қазіргі қорын бастапқыда жаһандық сақтандыру жүйесі ретінде құру идеясы ұсынылған еді: оған сәйкес әр мемлекет қоршаған ортаға шығарған парник газдарының көлеміне сай қорға жарна төлеуге тиіс-тін. Дегенмен бұл бастаманың соңы қызу пікірталасқа ұласып, Еуропа одағы мен АҚШ сияқты атмосфераға көп қалдық бөлетін алпауыт елдер өзі шығарған парник газдарының өзге мемлекеттерге тигізген залалы үшін жауапкершілік алудан бас тартты. Сөйтіп сақтандыру қорының орнына халықаралық ынтымақтастыққа тікелей негізделген қазіргі ерікті қор құрылды.

Бірақ бұл ымыраның нәтижесінде климат өзгерісіне болмашы ғана үлес қосқан елдер мен қауымдастықтар оның салдарынан болған шығынды өтеуге қиналып отыр. БҰҰ қорындағы қаражат Непалға қажет сомадан әлдеқайда аз.

Климат өзгерісінен зардап шеккендер өтемақы талап ете бастағандықтан кейінгі жылдары АҚШ пен Еуропа соттарында климатқа қатысты даулар күрт көбейді. Жуырда жарияланған WWA (World Weather Attribution) есебі сияқты себеп-салдарды талдайтын зерттеулер келтірілген залалды нақты бір кәсіпорынның қоршаған ортаны ластауымен байланыстыру үшін қолданылып жүр. Мәселен, 2023 жылы Орегон штатындағы Малтнома округі оннан астам мұнай компаниясын сотқа берді. Олар 2021 жылы Тынық мұхитының солтүстік-батысында адам өліміне әкеп соққан «аптап ыстық күмбезінің» (heat dome) туындауына кінәлі деп айыпталды. Айта кету керек, климат сараптамалары климат өзгерісінсіз мұндай табиғи ауытқудың болуы «мүлдем мүмкін емес» екенін дәлелдеген еді. Әлем бойынша 62 юрисдикция мен 28 халықаралық сотқа осындай 3 600 шағым түскен. Әзірге бірде-бір сотта талапкер жеңіске жеткен жоқ.

Соған қарамастан ғалымдар климат өзгерісінің нақты бір апатқа қатысы бар-жоғын әрі оған қалай ықпал еткенін барған сайын дәлірек әрі жылдамырақ анықтап келеді. Климат модельдеудің арқасында олар белгілі бір аптап ыстықтың адам әрекетінен болған жылынусыз мүлде туындамайтынын кесіп айта алады. Содан соң оның ізін қуа отырып, бұл жылынуға нақты қай ластаушылардың үлес қосқанын дөп басып көрсете алады.

Алайда ұзақмерзімді, сенімді дерекқорлары бар Еуропа мен Солтүстік Америкадан тыс аймақтарда атрибуция ғылымымен айналысу (атрибуция – климат өзгерісі мен экстремал ауа райы құбылыстарының нақты қай себептен болғанын ғылыми тұрғыдан анықтау мен бағалау процесі – ред.) әлдеқайда қиынға соғады. Әсіресе Расувадағыдай бір-біріне ұласқан күрделі, тізбекті табиғи апаттардың себебін анықтау оңай емес. «Мұндай жағдайларда себеп пен салдардың аражігі өте көмескіленіп кетеді», – дейді Climate Central ұйымының ғалымы Першиң.

Опырылуға тау жынысының бұрыннан осал болғаны, климат факторлары мен маңайда 2015 жылы болған Горкха жер сілкінісінің ұзаққа созылған әсері қатар ықпал еткен болуы мүмкін. Климат өзгерісінің нақты үлесін есептеп шығару үшін ғалымдарға жер қойнауындағы температура, тау жынысының жарықшақтарындағы су қысымы және басқа да маңызды деректер жетіспейді. Гидролог Иммерзилдің айтуынша, мұны дәл анықтау мүлдем мүмкін де емес.

Қалай болғанда да, ғалымдар Непалдағы осы апаттан ғаламшардың қарқынды жылынып жатқанын айқын аңғаруға болатынын айтады. Бұл болашақта таулы өңірлерде кенеттен басталатын жойқын апаттардың болу қаупін арттыра түспек.

«Гималайдың климаты өзгеріп жатыр. Бұл Непалдағы Гималайда тұратын халықтың тағдырына ғана қатысты мәселе емес. Төменірек жатқан аумақтарда тағы екі миллиардтан астам адам өмір сүреді. Мұндай апаттар жиілеген сайын бұл аймақтардың осалдығы да арта түседі, – дейді Адхикари. – Климат өзгерісі тіршілігімізге тікелей қатер төндіріп отыр. Азияның биік таулы аймақтарындағы өркениетімізді сақтап қалуымыз керек».

Кристиан Эллиотт – Иллинойс штатында тұратын тәуелсіз журналист. Ол National Geographic басылымына ғылым мен климат өзгерісі тақырыптарында тұрақты түрде мақала жазады.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ