Сиэтлдегі қарғалар сегіз жасар қызға сыйлық тасиды, Аустриядағы какаду бес құлыпты ретімен ашады, Жаңа Каледониядағы қарға жапырақтан құрал қиып жасайды. Ғалымдар бір ғасыр бойы «ақымақ мақұлық» санаған құстардың ойлау қабілеті приматтарға ұқсас болып шықты.
Автор: Виргиния Морелл
Фотосуреттер: Чарли Хамилтон Джеймс
Қарғалардың сыйлығы
Габриэлла Манн Сиэтлде тұрады. Сегіз жасар қызды көршідегі америкалық қарғалар жақсы көреді, оның бұған дәлелі де бар. Гэби ас үй үстеліне пластик әшекей қобдишасын қойып, қақпағын ашады. Әр ұяшықта қарғалардың сыйлығы жатыр: алтын моншақ, інжу сырға, бұранда, қызыл лего бөлшегі, түрлі-түсті және мөлдір шыны сынықтары, тауық сүйегі, малтатас, кварц кристалы және тағы басқа көп дүние.
Бәрі сирек жәдігердей мұқият сақталған: табылған күні жазылып, түр-түріне бөлінген. Гэби ең сүйікті екеуін алып көрсетеді. Бірі – інжу түстес қызғылт жүрек, екіншісі – бір бетіне BEST («ең жақсы») деп ойып жазылған кішкентай күміс тіктөртбұрыш. «Өйткені олар мені жақсы көреді, – дейді Гэби. – Менің не ұнататынымның бәрін біледі, себебі мені бақылап жүреді. Тыңшы сияқты».
Сол күні таңертең бір қарға, сірә, Гэбидің інісі Сәбижүз деп ат қойған қарға болса керек, өлі шаншарбалық әкеліп, көзге бірден түсетін жерге, аулаға түсетін баспалдаққа тастап кетіпті. «Олар маған өлі балықты екінші рет әкелуі. Неге екенін білмеймін. Маған ұнамайды», – дейді Гэби.
Түстен кейін інісі екеуі аулаға шығып, құс астауларына жем салды: біріне қабығы аршылмаған жержаңғақ, екіншісіне ит тамағы. Қылқан жапырақты ағашқа екі қарға қонды. Біреуі Сәбижүз еді, тұмсығында қызғылт сары бір нәрсе бар. Ол электр сымына ауысып, әлгі затты дәл Гэбидің аяғының астына тастады. «Қараңдаршы! Ойыншық!» – деп Гэби кішкентай резеңке кальмарды көтеріп алып, айнала биледі. Сәбижүз сымның үстінен оны бақылап отырды.
Қарғалар шынымен адам сияқты әрекет ете ме, өзіне жақсылық жасаған досына сыйлық бере ме? Қарға немесе кез келген құс осындай шешім қабылдай ала ма? Қарғаларды және қарға тұқымдастарды зерттейтін ғалымдар «иә» дейді. Адам, басқа приматтар және осы құстар арасындағы ұқсастық ақыл-ойдың шығу тегін зерттейтін ғалымдарды қатты қызықтырып отыр. «Құстар эволюцияда сүтқоректілерден бөлек жолмен жүрді, бірақ ойлау жағынан ұқсас шешімдерге келген сияқты, – дейді Лондондағы Куин Мэри университетінің когнитивті биологы Натан Эмери. – Сондықтан олар қандай эволюциялық қысым белгілі бір ақыл-ой дағдыларын тудыратынын түсінуге сирек мүмкіндік береді».
«Құс ми» қайдан шықты?
Осы ғасырға дейін ғалымдардың көбі талғампаз, жомарт қарға туралы әңгімеге күлер еді. Құстар, тіпті сүтқоректілердің көбі, болған жайтқа тек инстинктпен жауап беретін қарапайым тіршілік иесі саналды. Шамамен 1900 жылы ғалым Людвиг Эдингер құс миының құрылысын қате түсіндірді. Ол құстарда неокортекс жоқ деп ойлады. Неокортекс – сүтқоректілер миының ойлауға жауап беретін бөлігі: жұмыс жады, жоспарлау, мәселе шешу сияқты күрделі қабілеттер осында жүзеге асады.
Соған қарамастан ХХ ғасыр бойы психологтар жануарлардың танымын зерттегенде құстарды жиі пайдаланды. Әсіресе миы аршылған жержаңғақтай кәдімгі көгершінді, миы одан да кішкентай канарейка мен зебра амадинасын жақсы көрді. Көгершіннің жады ерекше мықты болып шықты: ол адамның бетін, жүзіндегі көңіл күйін, әліпбидің әріптерін, тіпті Моне мен Пикассоның суреттерін ажырата алады. Басқа зерттеушілер солтүстікамерикалық жаңғақшы құстың, бұта ұзағының және сарышымшықтардың да жады таңғаларлық екенін анықтады. Мысалы, жаңғақшы құс әр күзде қарағайдың 30 мыңнан астам тұқымын жинап, бірнеше мың кішкентай қоймаға бөліп жасырады. Қыс бойы соның бәрінің орнын есте сақтауы керек.
Тотықұс Алекс
1950 жылдары ғалымдар канарейка, торғай, зебра амадинасы сияқты сайрағыш құстардың әнді қалай үйренетінін зерттей бастады. Құс сайрауы мен адам сөзінің арасынан таңғаларлық ұқсастық табылды. Сосын Алекс пайда болды. Психолог Айрин Пепперберг бұл африкалық сұр тотықұсқа ағылшынша дыбыстарды қайталауды үйретті (Пепперберг Алекстің ағылшын тілін шын мәнінде меңгермегенін әрдайым ескертеді).
2007 жылы 31 жасында өлгенге дейін Алекс түс, зат, сан мен пішінді білдіретін жүзге жуық ағылшынша дыбысты меңгерді. «Green» (жасыл), «yellow» (сары), «wool» (жүн), «wood» (ағаш), «walnut» (жаңғақ), «banana» (банан) деген сөздерді анық айтып, адамдармен солар арқылы «сөйлесетін». «Бірдей» мен «әртүрлі» дегенді түсінді, сегізге дейін санады, нөл ұғымын білді. Пепперберг ашулы жүрсе, «сабыр ет» дейтін. Ауырып, ветеринарлық клиникада жатқанда үйін сағынып, «қайтайық» деп сұрады. Иесіне күнде қайырлы түн тілейтін. Өлер алдындағы кеште де: «Жақсы бол. Ертең көрісеміз. Сені жақсы көремін», – деді.
Алекс сөзді қайталап қана қоймай, орнымен қолданды. Бұл тотықұстардың вокалды үйрену қабілетін, яғни мағыналы дыбыстарды қайталап айту қабілетінің түп-тамырын зерттеуге түрткі болды. Мұндай қабілет тотықұстан бөлек сайрағыш құстарда, колибриде, адамда, кит тәрізділерде және тағы бірнеше түрде ғана бар.
Құстың миы пиццаға ұқсайды
Осы жаңалықтар халықаралық ғалымдар тобын Эдингердің ғасырға жуық үстемдік еткен көзқарасын қайта қарауға мәжбүр етті. 2005 жылы олар қорытындысын жариялады: құс миында паллиум деп аталатын құрылым бар, ол сүтқоректілердің неокортексіне және күрделі ойлауға байланысты басқа бөліктерге ұқсайды. Ғалымдар құс миының бөліктеріне жаңа атаулар беріп, оны жаңаша түсінуді ұсынды.
«Құстар мен сүтқоректілердің ми бөліктері әртүрлі орналасқан, – дейді Кембридж университетінің психологы, қарға тұқымдастардың ақыл-ойын зерттейтін Никола Клейтон. – Сүтқоректілердің миы қабат-қабат сэндвичке ұқсайды, ал құстардың миы пиццаға көбірек келеді. Бөліктердің бәрі бар, тек бірінің үстіне бірі қаланбаған». Кейінірек басқа зерттеушілер ұзақ мерзімді жад пен шешім қабылдауға жауапты жүйке байланыстары құста да, сүтқоректіде де өте ұқсас екенін анықтады.
Есім қоятын тотықұс, барабан соғатын какаду
Сол кезден бері зертханада да, табиғатта да жүргізілген зерттеулер құстардың қаншалықты зерек екенін көрсетіп келеді. Шығыс Азияның кішкентай сайрағыш құсы жапон шымшығы жыртқыш жақындағанда туыстарына «пи-пи» деп дабыл береді. Оның өзіндік грамматикасы да бар: «пи» дыбысын «ди-ди-ди» дыбысымен белгілі ретпен қосып, топты жыртқышты бірге қууға шақырады. Оңтүстік Америкадағы торғай тотықұстардың дыбыстары есімнің қызметін атқарады. Ата-анасы балапандарына адамдар сияқты ат қояды екен.
Жаңа Гвинеядағы аталық пальма какадуі аналығының назарын аудару үшін шыбық пен тұқым қауашағынан таяқша жасап, қуыс ағашты барабандай ырғақпен ұрады. Бұл – музыкалық аспап жасайтыны белгілі алғашқы жануар. Индонезияның ақ тотықұсы Гоффин какадуінің де қызық ерекшелігі бар: адам қолында құрал жасап, қолданады, ал табиғатта мұны істейтіні байқалмаған.
Бес құлып
«Олар жаңа заттарды, ұстап ойнайтын заттарды жақсы көреді: сырма, құлып, көйлектің түймесі», – дейді Алис Ауэрсперг. Біз оның Аустриядағы қора көлеміндей құс қаумалында тұрмыз, төбемізде қолда өскен 14 какаду қанат қағып айналып жүр. «Олар бір іске беріліп кеткен кішкентай инженерлер сияқты».
Ауэрсперг – Венадағы ветеринарлық медицина университетінің когнитивті биологы. Какадулардың құлып ашуға, құрал ойлап табуға қаншалықты икемді екенін көрсету үшін ол Маппет есімді құсты шақырды. Бірақ сынақ бөлмесіне 14-і бірдей кіріп кетті. «Біреулер құстарын сынаққа кіргізе алмай әуре, мен шығара алмай әуремін, – деп күрсінді Ауэрсперг. – Бәрі сынаққа қатысқысы келеді».
Ақыры Маппеттен басқаларын шығарып жіберді. Ауэрсперг қол белгісімен Маппетке сынақ алаңына ұшып барып, күтуді бұйырды. Құстарды «кел», «бар», «күт» деген бұйрыққа итті үйреткендей оңай үйретуге болады. Алаңға ішінде кешью жаңғағы бар қорап қойылды. Жаңғақ есіктегі терезеден көрініп тұр, бірақ бес құлыпты ашпайынша есік ашылмайды: түйреуіш, бұранда, ысырма, дөңгелек және білік. Әр құлып келесісін бекітіп тұрады, сондықтан оларды белгілі ретпен ашу керек. Он какаду кем дегенде бірнеше құлыпты ашқан, ал Маппет пен тағы төртеуі жаңғаққа жеткен. Кейде бұл екі сағатқа созылса да, олар тапсырманы тастамай шешкен. Бұл – күрделі ойлаудың белгісі.
Бұл жолғы сынақ құстың ойы қаншалықты икемді екенін тексеруге арналды. Ауэрсперг екінші құлыпты, бұранданы алып тастаған. Маппет не өзгергенін түсініп, бірден үшінші құлыпқа көше ме? «Олар тапсырманы автомат сияқты орындай ма, әлде құлыптардың қалай жұмыс істейтініне мән бере ме, соны білгіміз келеді».
Маппет құлыптарға бір сәт қарап тұрды да, ысырмаға кірісті: тұмсығымен оны сақинадан суырып алды. Сосын дөңгелекті бұрап тастап, білікті тартты. Есік ашылып, Маппет жаңғақты алды. «Мәселені бір шешкен соң, оны қалай шешетінін ұмытпайды, – дейді Ауэрсперг. – Құлыптардың реті ауысса да, әрқайсысы қалай ашылатынын біледі. Меніңше, олар құлыптардың бір-біріне әсерін түсінеді, ойлары осындай икемді».
Қанатты приматтар
«Қазір құстар, әсіресе қарға тұқымдастар мен тотықұстар «қанатты приматтар» атанды», – дейді биолог Натан Эмери. Бұл атауды ол жұбайы Никола Клейтонмен бірге жазған мақалада қарға тұқымдастарға берген. Одан бұрын екеуі бұта ұзақтарын зерттеген. Бұл құстар тығып қойған жаңғағын басқа ұзақтардан инстинктпен жасырмайтын болып шықты. Қорын басқа жерге тек өздері біреудің жаңғағын ұрлағаннан кейін ғана көшіре бастаған. «Ұрлық жасаған тәжірибе ұзақтардың мінезін өзгертті, – дейді Эмери. – Ұры ұрыны алыстан таниды ғой». Зерттеу ұзақтардың басқа құстың не ойлап, не жоспарлап жүргенін түсінуі мүмкін екенін көрсетті. Ойлаудың бұл түрін жануарлардан зерттеп, дәлелдеу өте қиын.
Эмери мен Клейтонның пікірінше, қарға тұқымдастар мен приматтар 300 миллион жылдан астам уақыт бұрын бөлініп кетсе де, ұқсас күрделі ойлау қабілетін дамытқан. Себебі екеуі де бірдей қысымға тап болады. Екеуі де топ болып өмір сүреді, ал бұл басқалардың ниетін түсінуді талап етеді. Екеуі де алуан түрлі қорек іздеп, өңдейді, оның кейбіріне тек құрал жасағанда ғана қол жеткізуге болады. Табиғатта мұны шимпанзе, орангутан және бір ғана құс, жаңакаледониялық қарға, шебер істейді.
Қарға жасаған құрал
Бұл жылтыр қара құстар америкалық қарғаның туысы. Олар Тынық мұхитының оңтүстік-батысындағы Жаңа Каледонияның екі аралында ғана тіршілік етеді. 1993 жылы сол жерде жаңазеландиялық эколог Гэвин Хант бір қарғаның ағашқа бөтен бір нәрсені тығып жатқанын байқап қалды.
«Біз қазір мұны сатылы құрал деп атаймыз, – дейді Хант оны картон қораптан алып. – Көргенде-ақ құрал екенін түсіндім: біреу белгілі бір мақсатпен жасаған зат. Археологиялық қазбадан тапсам, адам жасаған дер едім. Бірақ мен оны орманнан таптым, жасаған қарға».
Хант құралды маған ұстатты. Ұзындығы шамамен 15 сантиметр, бір шеті жалпақ, екінші шеті сүйірленіп келеді, ортасында ара тісіндей екі саты бар. Ақшыл жасыл, жұқа әрі иілгіш. Ол көп тропикалық аралда өсетін пальмаға ұқсас өсімдік, панданустың жапырағынан қиылған. Адам мұндай құралды қайшымен жасар еді. Қарға тұмсығын қолданған. Панданус жапырағының талшықтары қатар жатады. «Сондықтан құстар сүйір ұшын жасау үшін жапырақты қиғаштап кесе алмайды, – дейді Хант. – Олар жіңішке шетінен бастап сатылап қияды».
Құрал дайын болған соң, қарға оны тұмсығымен тістеп, ағашқа не панданус бұтасына ұшып барады да, тарақан, өрмекші сияқты жемін аулайды. Қарғалар осы мақсатпен ілмекті шыбық құрал да жасайды, ал түзу шыбықпен шіріген бөренеден қоңыздың дернәсілін шығарып алады. «Олардың да адамдар сияқты дәстүрі бар, оны сақтайды, – дейді Хант. – Сондықтан сатылы құрал мен ілмекті құралдың өлшемі мен пішіні бірдей».
Өз құралын, әсіресе белгілі бір іске арналған тұрақты үлгідегі құралды жасайтын жануар өте аз. Джейн Гудолл шимпанзелердің құрал жасайтынын ашқанға дейін ғалымдар бұл қабілет тек адамға тән деп, адам ақылының эволюциясына осы әсер еткен деп есептеген.
«Жаңакаледониялық қарғалардың да осылай істейтіні, құрал жасау мәдениеті бар екені маңызды, – дейді Уашингтон университетінің жабайы табиғатты зерттейтін биологы Джон Марзлуфф. – Біріншіден, бұл олардың табиғаттағы қалыпты әрекеті. Екіншіден, бұл қабілет бір-біріне жақын емес жануарларда дамығанын көрсетеді. Яғни құрал жасайтын ақыл мүлде басқа екі түрлі мида кем дегенде екі рет пайда болған».
Кішкентай ми, тығыз нейрон
Қарға тұқымдастар приматтарға, оның ішінде адамға, тағы бір жағынан ұқсайды: денесіне шаққанда миы үлкен. Мидың көлемі ақылдың өлшемі емес, бірақ біз, адамдар, миы үлкен жануарды ақылды деп ойлауға бейімбіз. Құзғынның миы небәрі 14,5 грамм тартады, бірақ бұл оның дене салмағының 1,3 пайызы. Құзғын мен қарғаның ұшатынын ескерсек, бұл тіпті әсерлі. «Сондықтан құстың сүйегі қуыс, – дейді Окленд университетінің эволюциялық биологы Алекс Тейлор. – Ұшу үшін денесі кішкентай болуы керек, ал миы үлкен. Сондықтан миы үлкен құс миы үлкен сүтқоректіге қарағанда көбірек таң қалдырады».
Құстардың миы жаңғақтай болса да, олар бар орынды нейрондарды тығыз орналастыру арқылы тиімді пайдаланады. Жақындағы зерттеулер қарға тұқымдастардың, басқа сайрағыш құстардың және тотықұстардың миындағы нейрон тығыздығы сүтқоректілерден әлдеқайда жоғары екенін көрсетті.
Құзғындардың қоғамы
Дегенмен үлкен ми құс үшін ауыр жүк. Сонда олардың миы неге үлкен? Көп зерттеуші приматтардағыдай, күрделі ойлаудың басты себебі күрделі қоғам деп санайды. Мұны құзғындардан тексеру үшін Вена университетінің когнитивті биологы Томас Бугняр ай сайын Аустрия Альпісіндегі Конрад Лоренц атындағы зерттеу орталығына барады. Мұнда ол әріптестерімен бірге бірнеше жүз жабайы құзғын үйірінің қоғамдық өмірін бақылап жүр.
Бугняр құстардың қоғамы сүтқоректілерден түбегейлі өзгеше екенін айтады: «Сүтқоректілерде ең басты байланыс – ана мен баланың арасында, ал құстарда – жұптың арасында. Бұл байланыс үйрену арқылы қалыптасады».
Құзғындар мұндай байланыс құруға алты айлығынан, жыныстық жағынан жетілмей тұрып-ақ талпына бастайды. Ересек жұп ұрпақ өсіру үшін өз аумағын бірге қорғайды. Ересек құстар жұбынан бөлек басқа құстармен де одақ құрып, өздеріне қолдау тобын жасайды. Құзғындар бір-бірінің не ұнататынын, не ұнатпайтынын, мінезін, қайсысы батыл, қайсысы қорқақ екенін бірінің қорын жасыруын, сыйлауын, ұрлауын бақылап біледі.
Басқа құзғындар жаңадан басталған қарым-қатынасты бақылап, мүмкін болса бұзып жібереді. Бугняр мен әріптестері 90 құзғынның арасындағы шамамен 180 достық байланысты бақылаған, соның төрттен бірін үшінші бір құс бұзған. «Одақтың күші зор. Құс біреумен байланыс құрған бойда иерархияда жоғарылайды. Басқалары оның мұндай күшке ие болуына жол бергісі келмейді». Одақтасы көп құзғындар қорек пен ұя салатын орын сияқты тапшы ресурсқа бірінші қол жеткізеді.
Құзғындар адам, шимпанзе, піл және дельфин сияқты «бөлініп-қосылатын» қоғамда өмір сүреді. Күндіз үлкен топ ыдырап, құстар қорек, жаңа мекен не серік іздеп басқа аңғарларға ұшып кетеді. Бугнярдың Альпідегі зерттеу тобында 7-10 жұп қана бар. Қалған жүздеген құс түнде шағын топтарға жиналып қонады: бір-бірінің қауырсынын тазалайды, ойнайды, ерегіседі, ақпарат алмасады. «Әдетте олар қорек іздеп, біздің ойымызша, жаңа таныстық іздеп, алысқа бармайды», – дейді Бугняр.
Ал ұялас жұптар өз аумағынан сирек кетеді. Бәрі басқа құстардың қарым-қатынасын бақылап, қашан көмектесіп, қашан араласқан тиімді екенін аңдиды. «Ұрпақ өрбіту үшін құзғындар әлеуметтік байланыс құруды және оны құрал сияқты пайдалануды үйренуі керек, – дейді Бугняр. – Бұл үлкен қысым. Меніңше, үлкен ми мен ойлау қабілетінің дамуына осы себеп болды. Зерттеуімнің нәтижесі түбінде осыны көрсетеді деп ойлаймын».
Сыйлықтың сыры
Сонымен Сиэтлдегі қарғалар кішкентай қызға неге сыйлық тасиды?
«Неге олай істейтінін білмеймін, – дейді Бугняр. – Сыйлық беру олардың табиғатында бар. Мүмкін, олар қыздың өздеріне тамақ беретінін түсінген шығар».
«Бұл – екі жақты байланыс, – деп келіседі Джон Марзлуфф. – Гэби оларға үнемі тамақ береді, қарғалар оны сыйлық деп қабылдайды. Оның орнына олар да сыйлық әкеледі». Қарға мен құзғыннан басқа жабайы құстардың адамға бір нәрсе сыйлауы сирек. Марзлуффтың айтуынша, қарғалар Гэбиді таниды. Ол студенттерімен бірге университет кампусында бірнеше тәжірибе жасап, қарғалардың адамның бетін ешқашан ұмытпайтынын дәлелдеген. Қарғалар бірнеше жыл бұрын ұясының маңында өздеріне тиіскен адамдарды таниды, тіпті бұл ақпаратты балапандарына және басқа қарғаларға жеткізеді.
Гэби мен оның отбасы жуырда Нью-Йорк штатындағы Итака қаласына көшті. Ата-анасы көшіп болғанша, Гэби Сиэтлге бірнеше рет барып келді. Әр барған сайын ол қарғаларға жем салды. «Сәбижүз бен оның достары біздің келгенімізді біледі. Олар біздің көлігімізді таниды», – дейді Гэби. Кетерде ол құстармен қоштасады. Сәбижүз оны уайымдайтын шығар деп ойлайды, өзі де оны уайымдайды. Сәбижүзге жаңа жерде досы көп, жылтыр бұйымы мен жаңғағы мол өмір тілейді. Сәбижүз де оған дәл осыны тілейді деп сенеді.
Виргиния Морелл – New York Times бестселлері «Animal Wise: How We Know Animals Think and Feel» кітабының авторы. Чарли Хамилтон Джеймс – National Geographic журналының фотографы.







