Қарағанды облысының Шет ауданында Талды деген ауыл бар. Сол ауылдың төңірегі сарғайған меңіреу дала. Тіршілік нәрінің күре тамыры – Талды өзені. Осы Талдының жағасына өткенін іздеген, қазақ даласындағы көне өркениеттер тамырын тап басқысы келетін тарихшылар легімен ағылып жатыр. Олардың іздегені – Қаражартас Пирамидасы. Ұлы далаға сан ғасырлар бойы әмірін жүргізген, төңірегін уысында ұстаған, өз өркениетінің бақанын орнатқан, табиғат анамен үйлесімде ғұмыр кешкен Сақтардың пирамидасы.
Автор: Ерік Нарын
Фотосуреттер: Александр Марченко
Қаражартас пирамидасын ғалымдар кейінгі қола дәуіріне, Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жатқызады. Хронологиясы жағынан алғанда, ескерткіш б.з.д. XIV-XV ғасырларға тиесілі деген болжам бар. Ғалымдар бұл уақыт кезеңінде Орталық Қазақастанда күрделі әлеуметтік құрылым қалыптасып, мәйітті жерлеу дәстүрі мен тас сәулеті биік деңгейге жеткен деп тұжырымдайды.
Қаражартас пирамидасын Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті жанындағы «Сарыарқа» археологиялық институтының директоры Алексей Кукушкин тапқан. Археолог ғалым мұндай құрылым Орталық Қазақстанның басқа да аумақтарында бар екенін, бірақ дәл осындай пішіндегі пирамида жоқтың қасы екенін айтты.
– Сыртқы құрылымы сатылы пішінде. Сол үшін де оны «пирамида» дедік. Бұл пирамида дала өркениетіне тән жерлеу-сәулет кешені. Оындай құрылым Қазақстан аумағында өте сирек кездеседі. Пирамиданың орталық бөлігінде бір ғана адамның сүйегі табылған. Ал маңайында қосымша жерлеу орындары бар. Бұл – сол дәуірдегі әлеуметтік қатынастар мен дүниетанымның айшықты белгілері. Кейбір болжам бойынша, жерленген адамның отбасы мүшелері немесе жоғары мәртебелі адамдар жерленуі мүмкін. Бұның өзі Қаражартастың қарапайым қорым емес, белгілі бір әлеуметтік мәні бар күрделі ғұрыптың нысаны екенін білдіреді, – деді Алексей Кукушкин.
Археологтің айтуынша, даладағы көне қорымдардың көбі ерте кезеңдерде тоналған. Тіпті мәйіт жерленгеннен кейін арадан біршама жыл өткенде де тонала бастауы мүмкін. Сол заманда мәртебелі адамдарды оның қару-жарағы, жылқысы және алтын бұйымдарымен бірге жерлеу дәстүрі кең тараған. Сондықтан мұндай нысандардан табылатын жәдігерлер бізге толық жете бермейді. Әйтсе де Қаражартастан анықталған қыш ыдыс сынықтары, сүйек қалдықтары мен жерлеу құрылысының архитектуралық белгілері ғалымдар үшін аса құнды. Әрбір қыш өрнегі, әрбір тас қаландысы, әрбір жерлеу бағыты сол дәуір адамының дүниетанымын түсінуге мүмкіндік береді.
Даланың ашылмаған сыры
2016 жылдан бастап ескерткішті қалпына келтіру, ғылыми сипаттау және реставрациялау бағытында жұмыстар жүргізілді. Бүгінде нысандағы зерттеудің басым бөлігі аяқталғанымен, Талды алқабы әлі де талай жаңалықтың сырын бүгіп жатқан кеңістік. Талды алқабындағы ескерткіштерді зерттеу арқылы Сарыарқаның қола дәуіріндегі мәдени келбетін жаңа қырынан тануға болады. Мұндағы тас құрылыстардың орналасуы, қабырғалардың батыс-шығыс бағытта қалануы, жерлеу ғұрпындағы күнбатысқа бағдарлану секілді белгілер сол кезеңдегі наным-сенім жүйесін, өлім мен өмір туралы түсінікті, кеңістікке қатысты байырғы танымды айғақтайды.
Бүгінде Қарағанды облысының басшылығы Талды қорымдарын толықтай зерттеп, сырларын ашуға баса мән беріп жатыр. Осы мақсатта «Сарыарқаның көшпелі мәдениеті: Ұлы дала құпиялары – Талды» атты симпозиум ұйымдастырды. Симпозиум Қаражартас пирамидасының дәл іргесінде өтті. Оған отандық тарихшылардан бөлек шет елдерден белді ғалымдар, антропологтер қатысты.
Симпозиумның алғысөзін Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей айтты. Ол бұл жердің туристік әлеуетінің зор екеніне тоқталды.
– Археологиялық кешендегі әр жәдігер – өткен дәуірдің ізі, Ұлы даланың үні. Мұнда әлем ғалымдарының келуі заңды. Біздің өңірден табылған құнды жәдігерлер аймақ тарихын тереңдетіп қана қоймай, туристік әлеуетті де арттыратыны анық. Археологиялық кешендегі әрбір нысан – тасқа қатталған шежіре. Басты мақсаттың бірі – осы құндылықтарымызды әлемге таныту. Алдағы уақытта бұл жерде ашық аспан астындағы музей қалыптастыру ойымызда бар, – деді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.
Симпозиум мінберінде Түркия, Германия, Мажарстан және Ресейден келген зерттеушілер баяндама жасады. Бір ғалым археологиялық мұраны сақтау мәселесіне тоқталса, енді бірі қола дәуіріндегі жерлеу құрылыстарының ерекшелігін талдады. Шетелдік зерттеушілер ежелгі адамдардың антропологиялық келбеті, сүйек құрылымындағы өзгерістер, тарихи-мәдени байланыстар және археологиялық материалдарды заманауи әдістермен зерттеу жайын қозғады. Археолог, тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Мадияр Елеуов Қазақстандағы археологиялық мұраларды қорғау мен сақтаудың өзекті мәселелеріне назар аударды.
– Еліміздің тарихы мәдени мұраларға бай. Сарыарқа өңірі де тас дәуірінен бастап, түрлі тарихи кезеңдерді бастан өткерген. Бұл аймақтағы ескерткіштерді жүйелі зерттеу арқылы қазақ даласындағы мәдени үдерістердің сабақтастығын тереңірек тануға болады. Қаражартас секілді бірегей сәулет ескерткіштері ел тарихын ғана емес, мәдени туризм бағытын дамытуға да серпін береді, – деді ғалым.
Алексей Кукушкин Талды тарихи-археологиялық паркіндегі қола дәуірі ескерткіштері туралы баяндады.
– Кез келген зерттеу алқабында археологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, қазба салынатын нүктелер алдын ала анықталады. Бұл өңірдегі көптеген ескерткішті кезінде белгілі археологтер картаға түсірген. Талды әлі де толық ашылмаған тарихи кеңістік ретінде бағаланып отыр, – деді ол.
Археологиядағы жаңа дәуір: Жасанды интеллектінің рөлі
Симпозиумда түркиялық антрополог Назлы Ақбас Ақкезең қорымынан табылған адам сүйектерін зерттеу нәтижелерін бөлісті. Бұл жердегі ең басты жаңалық – археология ғылымына енген жаңа технологиялар. Әсіресе жасанды интеллектінің жұмылдырылғаны – айтарлықтай прогресс.
– Ғалымдардың анықтауынша, жерлеу орны ер адам мен әйелге тиесілі болған. Қорым көне заманда тоналғанымен, сүйек қалдықтары ғылыми талдау жасауға жеткілікті деңгейде сақталған. Бұл тарихи қорғандарды зерделеу арқылы көп дүниеге қанық болдым. Қазақ даласының байырғы салт-дәстүрі, танымы терең ғұрпы мені ерекше әсерге бөледі. Антропологиялық зерттеу барысында ер адамның жамбас және омыртқа сүйектерінен ұзақ уақыт атқа мінген адамдарға тән өзгерістер анықталған. Мұндай ескерткіштерді зерттеу арқылы біз тек көне адамның сүйегін ғана емес, тұтас бір мәдениеттің өмір сүру салтын танимыз, – деді шетелдік ғалым.
Жасанды интеллект табылған қаңқаны зерттеу арқылы оның атқа ұзақ міну салдарынан буын дертіне шалдыққанын анықтап отыр. Тіпті қабырға сүйектерінің сынуына әкелген аттан құлау сәтін жобалап бейнелеп берген. Әрине, мұндайды шетелдің көне дәуірлер туралы жасаған деректі фильмдеріне көре аласыз. Олар әдетте анимацияның жетістіктері еді. Бұл тұста жасанды интеллект мүмкіндігінше дәлдікке ұмтылады әрі бұл технология Талды қорымынан сәл аулақта жатқан Ақкезең қорымын зерттеу жұмыстарына жұмылдырылған.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қауымдастырылған профессоры, археолог Бақдәулет Сыздықов дала көшпелілерінің тарихи миграциялары мен этномәдени байланыстарына назар аударды. Ғалымның пайымынша, Сарыарқа аумағындағы археологиялық ескерткіштерді жеке-дара емес, Еуразия кеңістігіндегі тарихи қозғалыстармен, мәдени ықпалдастықтармен сабақтастыра қарастыру қажет. Себебі далада қалыптасқан мәдениеттер бір-бірінен оқшау дамыған жоқ, керісінше, кең ауқымды этномәдени байланыстар жүйесінде өрбіді.
Мажарстандық мүсінші-реставратор Эмеше Анна Габор көне дәуір адамдарының бет-бейнесін қалпына келтіру тәжірибесін бөлісті. Германиядағы Макс Планк институтының палеоботанигі Басира Мир археология мен ботаника ғылымдарының тоғысындағы зерттеулер туралы баяндады. Ал археометаллургия бағытындағы мамандар көне металдарды зерттеудің жаңа әдістерін таныстырды.
Жаңа ынтымақтастық және тарихтың жалғасы
Халықаралық симпозиум аясында ғылыми және мәдени ынтымақтастықты дамытуға бағытталған маңызды келісімдерге де қол қойылды. Бұл құжаттар Талды тарихи-археологиялық кешенін зерттеу, сақтау, қалпына келтіру және әлемдік ғылыми айналымға енгізу бағытындағы жұмыстарға тың серпін бермек. Алғашқы меморандум Венгрияның ARC-heo art-REKO Stúdió Bt. ұйымы мен Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі арасында жасалды. Бұл ұйым мәдени мұраны зерттеу, сақтау, ғылыми реконструкциялау бағытында жұмыс істейді. Әсіресе ежелгі адамдардың бет-бейнесін ғылыми негізде қалпына келтіру, археологиялық және антропологиялық материалдарды зерттеу саласында тәжірибесі мол. Келісім археологиялық, тарихи және мәдени мұраны құжаттау, сақтау, реставрациялау, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру және мамандар алмасу бағыттарын қамтиды. Екінші меморандум әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тарих факультеті мен Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі арасында рәсімделді. Құжат тарихи-мәдени мұраны зерттеу мен насихаттау, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, жас мамандар даярлау және ғылыми тәжірибе алмасу бағытындағы ынтымақтастықты көздейді.
Сөйтіп Қаражартас пирамидасының тағы бір өмірі басталды. Енді оның сан қырынан түсірілген суреттері ғалымдардың құжаттарымен, туристердің фотоаппараттарымен әлемді шарлайтын болады. Ол жайындағы арғы, бергі тарихи деректер, аңыздар өткенін қастерлеген ұлы дала мұрагерлерінің жадында ғұмыр кешеді.
Суда да жады болады деуші еді. Талды өзенінің суында осы төңіректі мекендеген бабаларымыздың үні сақталған. Ол бәріне куә. Симпозиумнан шыққан қалың ғалым ұзақ отырыстан кейін Талдының суымен бетін сипап, жолға шықты.







