Көктем мен жаз айлары көпшілік үшін демалыс пен таза ауада серуен құратын шақ болса, аллергиясы бар адамдарға бұл – нағыз сынақ маусымы. Әсіресе Қазақстанда кең тараған жусан өсімдігінің тозаңынан болатын аллергия мыңдаған отандасымыздың өмір сапасын күрт нашарлатады. ОЛИМП талдау орталығының дерегінше, кейінгі жылдары аллергияға оң нәтиже көрсеткен тестілер саны арта түскен. Оның ішінде балалар мен жасөспірімдер арасында бұл көрсеткіш еселеп ұлғайған.
Бүгінде аллергияға қарсы кең қолданылатын гистаминге қарсы және гормонал дәрі-дәрмектер симптомдарды басқанымен, мәселенің түптөркінін шешпейді. Алайда отандық ғалымдар бұл дерттен небәрі 50 күнде айықтыра алатын жаңа буын вакцинасын сынақтан өткізіп жатыр. Бұл жобаны Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті жанындағы Халықаралық вакцинология орталығының бір топ зерттеушісі іске асыруда. Жоба жетекшісі, жануарлар мен адамдарға арналған бірнеше вакцинаның авторы, профессор Қайсар Табынов PollenVax вакцинасының ерекшеліктері мен клиникалық зерттеулердің барысы туралы айтып берді.
Ветеринариядан басталған ғылым жолы
Ауыл шаруашылығы университетінде ветеринария мамандығы бойынша білім алған профессор Қайсар Табыновтың вакцинология саласына келу тарихы өзгеше. Ол оқуын аяқтаған соң мансабын зерттеу саласында жалғастырғысы келді. Ғылым жолындағы шешуші сәттердің бірі – Жамбыл облысындағы Гвардейский кентінде орналасқан Ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен танысуы еді. Көп ұзамай сол жерге жұмысқа тұрды. Бұл мекеме Кеңес одағы кезінде оңтүстік шекараны инфекциялық аурулардан қорғау үшін құрылған, материалдық-техникалық базасы мықты жабық нысан еді.
«2004 жылы аға лаборант болып жұмысқа орналастым, сонда құс тұмауына қарсы вакцина әзірлеу жобасына қатысып, кейін осы тақырыпта кандидаттық диссертация қорғадым», – дейді ғалым.
Құс тұмауы – жануарларға ғана емес, адамдарға да жұғатын зооноздық инфекция. Сол жылдары Азия елдерінде вирустың адамға жұғу фактілері тіркеліп, оның 50 пайызы өліммен аяқталып жатты. Осы қауіпті ескере отырып, 2008 жылдан бастап Табыновтың тобы денсаулық сақтау саласындағы вакциналарды әзірлеуге бет бұрады. Ал аллергия тақырыбына ғалым 2016-2017 жылдары Аустралияда «Болашақ» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өтіп жүргенде қызыққан. Жаз айларында өзі де аллергиядан зардап шегетін зерттеуші 2020 жылы «Жас ғалым» конкурсында грант ұтып алып, идеясын нақты жобаға айналдырды.
Аллергияны емдеудегі дәстүрлі әдіс
Аллергия – иммундық жауаптың патологиялық түрі. Аллергия кезінде иммун жүйесі адам ағзасына зақым келтірмейтін қалыпты заттарды (мысалы, тозаңды) «жау» көріп, соған шабуыл жасайды. Қазіргі кезде аллергияны емдеудің базалық терапиясы ретінде гистаминге қарсы препараттар мен гормонал дәрілер қолданылады. Бірақ олардың басты мақсаты – тек салдармен күресу.
Жүз жыл бұрын британиялық ғалым Леонард Нун аллергиясы бар адамға сол аллергияны тудыратын затты (яғни аллергенді) өте кіші дозадан бастап енгізіп, бірте-бірте мөлшерін жоғарылату арқылы иммун жүйесінің сезімталдығын төмендету тәсілін ұсынған еді. Осындай емдеу әдісі медицинада АСИТ (Аллерген-спецификалық иммунотерапия) деп аталады.
Аллерген ағзаға түскенде Е класындағы иммуноглобулиндер (IgE) түзіліп, гистамин бөлінеді. Содан барып түшкіру, көздің қызаруы сияқты қабыну басталады. Ал егер аллергенді екпе ретінде біртіндеп берсеңіз, қажетті G антиденелері (IgG) түзіледі. Бұлар жағымсыз реакцияны бұғаттап тастайды немесе симптомдарды айтарлықтай төмендетеді.
Мұндай әдіс дәстүрлі вакцинация принципіне сәйкес келеді. Жалғыз айырмашылығы, инфекцияға қарсы вакцина сау адамдарға салынып, аурудың алдын алуды көздесе, аллергияға қарсы вакцина нақты науқастарды емдеуге бағытталған.
Аллергияға қарсы иммун жүйеcін өзгерту көп уақытты талап етеді. Сондықтан инфекциялық ауруларға қарсы вакцинамен салыстырғанда, бұл жерде бір ғана екпемен шектелу мүмкін емес. Оның бір курсының өзі 3 айдан 12 айға дейін созылып, он шақты инъекция жасалады. Халықаралық аллергология мекемелерінің ұсынысы бойынша, терапиялық әсерді толық қалыптастыру үшін бұл курсты кем дегенде 3 жыл қатарынан жүргізу керек.
Оның үстіне, қазіргі нарықтағы аллергиялық вакциналардың барлығы дерлік табиғи шикізаттан дайындалады.
«Табиғи зат болғандықтан оны стандарттау өте қиын. Өсімдік тозаңының құрамы ауа райына, жауын-шашынға байланысты өзгеріп тұрады. Оған қоса, мұндай вакцинаның өндірісі тозаң бөлінетін белгілі бір маусымға ғана тәуелді», – деп түсіндіреді Қайсар Табынов.
PollenVax препаратының ерекшеліктері
Қазақстандық ғалымдар ұсынып отырған PollenVax вакцинасының басты ерекшелігі – оның толығымен синтетикалық (жасанды) жолмен алынғаны. Табиғи жусан тозаңының ішінде иммун жүйесіне қосымша ауыртпалық түсіретін қажетсіз заттар көп болса, зерттеушілер солардың ішінен бір ғана негізгі аллергенді – Art v 1 молекуласын бөліп алған. Жусан тозаңына аллергиясы бар адамдардың 95 пайызында дәл осы молекулаға реакция туады.
Вакцинаның тазалығы 95%-дан жоғары, ал оның аллергендігі табиғи баламалармен салыстырғанда әлдеқайда төмен әрі қауіпсіз. Маусымдық аллергияға қарсы дәстүрлі емді маусым басталардан 3–4 ай бұрын қолға алу қажет. Ал PollenVax-ты қауіпсіздігінің арқасында аллергиялық маусым жақындап қалғанда да қабылдай беруге болады. Сонымен қатар ғалымдар иммун жауабын үдететін вакцинаның жаңа құрамын (формуляциясын) дайындады. Ол басқа дәрілермен бір жылда жететін нәтижені небәрі 50 күн ішінде алуға мүмкіндік береді.
Кейінгі жылдары аллергияға қарсы препараттарды спрей немесе таблетка түрінде шығару тәжірибесі де кең тарай бастаған. Бұл вакцинаны үй жағдайында қабылдауға мүмкіндік береді. Әйтсе де өндірушілер PollenVax-ты тамшы немесе спрей түрінде емес, тері астына салынатын екпе (инъекция) ретінде шығаруды жөн көрген. Профессордың айтуынша, бұл емнің тиімділігін едәуір арттырады. Өйткені тамшылар ағзаға толық сіңбейді әрі пациенттер оны тұрақты қабылдауды жиі естен шығарып алады. Ғалымдар екпе түрінде шығарылған вакцинаның артықшылығы мен тиімділігін npj Vaccines журналына жариялаған мақалада егжей-тегжей түсіндірген.
Графика npj Vaccines журналындағы мақаладан алынды.
Әлемде жусанның 400-ге жуық түрі болса, соның 80-і Қазақстанда өседі. Зерттеу тобы жусанның кең тараған үш түрі – ермен (Artemisia vulgaris), ащы жусан (Artemisia absinthium) және біржылдық жусанды (Artemisia annua) салыстырған. Тышқандарға жүргізілген сынақ көрсеткендей, ең жоғары аллергендік ермен өсімдігінде болып шықты. Әйтсе де PollenVax вакцинасы бізге белгілі барлық жусан тозаңына қарсы жасалған.
Зерттеулер нені көрсетті?
2020–2023 жылдар аралығында ғалымдар клиникаға дейінгі зерттеулер жүргізіп, гипотезаны тексерді. Яғни вакцина ағзаның аллергенге қарсы реакциясын шынымен төмендететініне, вакцина құрамында қандай қоспалар болғаны жөн екеніне қатысты сауалдарға жауап іздеді.
«Адамға клиникалық сынақ жасамас бұрын, оны жануарларға жүргіздік. Модель ретінде селекция арқылы сұрыпталған, генетикалық тұрғыдан бірдей BALB/c зертханалық тышқандары алынды. Әуелі осы тышқандарда жасанды түрде аллергия тудырдық. Ол үшін табиғи аллергенді вакцина әсерін күшейтетін қоспа – адъювантпен араластырып, арасына екі апта салып кеміргіштердің құрсақ қуысына енгіздік. Одан кейін тышқандардың мұрнына аллерген тамызып, небулайзер арқылы шашырату әдісімен аллергияны қоздырдық», – дейді Қайсар Табынов.
Осы сынақтардың арқасында арнайы зертханада вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігін дәлелденді. Одан кейінгі маңызды жұмыс технологияны масштабтау және валидациялау еді.
«Біздің технология зертханалық жағдайда әзірленді, сондықтан оның бастапқы масштабы үлкен емес. Лабораториялық технологияларды өндіріске енгізіп, ірі зауыттарда шығарған кезде тура сол өнімді ала алмай қалу қаупі бар. Оның қасиеті өзгеріп кетуі ғажап емес әрі өндірісі өте қымбатқа түсуі мүмкін. Осы мәселелерді ескеріп, біз технологияның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бойынша үлкен іс атқардық, оның бәрі сәтті өтті», – дейді зерттеуші.
Осылайша, зерттеушілер технологияны ауқымды өндіріске бейімдеп, клиникалық зерттеулердің адамдар қатысатын бірінші кезеңіне көшкен.
Биылғы қаңтарда аяқталған алғашқы кезеңге 49 адам қатысқан (олардың 30-ы зерттеуге алынды). Нәтижелер ғалымдардың күткенінен де асып түсті. Сынақ барысында ешқандай ауыр жанама әсерлер (мысалы, анафилактикалық шок) тіркелмеген. Ең бастысы, ем қабылдаған пациенттерде аллергенді бейтараптайтын антиденелердің концентрациясы орта есеппен 20–30 есе өсті. Сондай-ақ жасушалық деңгейде иммунитеттің жағымсыз бағыттан жағымды бағытқа ауысуы (цитокиндік профиль) байқалып, пациенттердің аллергенге сезімталдығын көрсететін тері сынама нәтижесі 50-60 пайызға төмендеген.
Қазіргі сәтте зерттеудің екінші фазасы жүріп жатыр. Бұл кезеңнің мақсаты – препараттың тиімділігін нақты бағалау және дәл дозасын анықтау. Оған Алматы қаласынан 138 адам тартылмақ. Пациенттер үш топқа бөлінеді: біріне белсенді заты жоқ «плацебо» берілсе, қалғандарына вакцинаның төменгі және жоғары дозалары салынады.
Дегенмен ғылыми топ зерттеуге сай келетін пациенттерді табуда қиындықтарға тап болып отырғанын айтады. Өйткені зерттеу талаптары өте қатаң: қатысушылардың қан талдаулары мінсіз болуы шарт. Оған қоса қоғамның клиникалық зерттеулерге үрейлене қарауы да өз әсерін тигізген.
«Өкінішке қарай, көпшілікте «тәжірибе қояны» болғым келмейді деген қорқыныш бар. Бір қызығы, жұрт зерттеудің бірінші кезеңінде қауіпсіздігі дәлелденген вакцинадан қорқады да, ешқандай клиникалық зерттеуден өтпесе де, жүз пайыздық нәтиже уәде ететін ББҚ-ларды (биологиялық белсенді қоспалар) еш күмәнсіз қабылдай береді», – дейді Қайсар Табынов.
Іріктеуден өткен қатысушыларға осы зерттеу тегін медициналық скриниңнен өтіп, 295 түрлі аллергенді анықтайтын қымбат тест жасатуға, сонымен қатар аллергия асқынатын жазғы маусымда дәрігерлердің жіті бақылауында болуға мүмкіндік береді. Зерттеуге қатысқысы келетін азаматтар арнайы сауалнаманы толтырып, жобаға сәйкес келетінін не келмейтінін анықтай алады.
Аллергияға қарсы вакцинаның болашағы
Ғалымдардың айтуынша, бұл технологияны болашақта кез келген басқа аллергендерге – қайың мен терек тозаңына, тіпті мысықтың жүніне бейімдеуге болады. Ең бастысы, препаратты шығаратын өндіріс орны дайын. Пилоттық сериялар пандемия кезінде Жамбыл облысында салынған халықаралық стандартқа сай OtarBioPharm зауытында өндірілген.
Қазіргі нарықтағы шетелдік иммунотерапияның бір курсы 250 мың теңгеден басталып, 2 миллионға дейін жетеді. PollenVax нарыққа шыққан жағдайда, ол шетелдік баламаларынан кем дегенде 25–35 пайызға арзан болады деп күтіліп отыр. Шетелдегі фармацевтикалық компаниялар зерттеуге жұмсалған шығынды өнімнің бағасына қосса, қазақстандық жобаны толығымен мемлекет қаржыландырып отыр. Болашақта осы отандық вакцинаның МӘМС (Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) жүйесі арқылы халыққа тегін ұсынылуы да ғажап емес.
Қазақстандық ғалымдардың бұл зерттеуі сәтті аяқталса, маусымдық аллергиядан көз ашпайтын мыңдаған адам үшін небәрі 50 күннің ішінде еркін тыныстауға жол ашылуы әбден мүмкін. Дегенмен клиникалық зерттеулер әлі де жалғасып жатқанын ұмытпағанымыз жөн.







