Бурабайдың жаңа тынысы

226

Бурабай десе көпшіліктің көз алдына көгілдір көлдер, қарағайлы орман мен аңызға айналған Жұмбақтас келеді. Алайда бұл өңір жылдан-жылға түлеп, жаңа қырынан ашыла түсті. Жазғы маусымның басталуына орай біз Бурабайдың жаңарған туристік нысандарын аралап, табиғат пен мәдениетті ұштастырған жаңа бағыттармен таныстық.

Сапарымыз Бурабайдың табиғи байлығын жақыннан сезінуге мүмкіндік берген «Ақмарал» марал шаруашылығынан басталды. Мұнда келушілер Қазақстанның солтүстік өңірлерінде мекендейтін осы ерекше жануарларды бақылап, жем беріп, жақыннан тамашалай алады. Орман ішіндегі тыныштық пен жануарлардың табиғи ортадағы еркін қозғалысы бұл орынды ерекше әсерлі етеді.

Келесі аялдама – «Ақмарал» марал шаруашылығына қарасты жаңадан ашылған Nomad Soul этноауылы. Бұл жер тек этнографиялық көрме ғана емес, көшпенділер мәдениетін сезінуге мүмкіндік беретін кеңістік. Киіз үйлер, ұлттық нақыштағы безендірулер, дәстүрлі тұрмыс элементтері арқылы қонақтар қазақ халқының өмір салтымен жақынырақ танысу мүмкіндігін алады. Табиғат аясында орналасқан этноауыл өткен мен бүгінді байланыстыратын көпір іспетті әсер қалдырады.

Бурабайдың ең танымал символдарының бірі – Жұмбақтас. Біз бұл ерекше жартасқа көл арқылы жақындап, пароммен саяхат жасадық. Жол бойы гид Жұмбақтас, Оқжетпес, Бөлектау, тағы да басқа маңызды нысандар туралы аңыздарды баяндап, көлдің тарихымен таныстырды. Бір қарағанда қарапайым жартас болып көрінгенімен, әр қырынан әртүрлі бейнеге ұқсайтын бұл табиғи нысан жылдар бойы туристердің қызығушылығын тудырып келеді. Көл үстіндегі саяхат Бурабай табиғатын жаңа ракурстан көруге мүмкіндік береді.

Сапардың әсерлі сәттерінің бірі – Бөлектау тауындағы жаңа бақылау алаңына көтерілу болды. Бөлектау көптен бері Бурабайдың ең көркем көрініс ашылатын нүктелерінің бірі ретінде белгілі. Алайда жаңартылған инфрақұрылым бұл жерді туристер үшін әлдеқайда қолжетімді әрі жайлы еткен. Биіктігі 147 метрді құрайтын Бөлектауға ыңғайлы баспалдақ арқылы небәрі 20 минуттың ішінде көтерілуге болады.

Бурабай тек табиғатымен емес, тарихи мұрасымен де маңызды. Осыны Абылай хан алаңына барған кезде тағы бір мәрте сезіндік. Аңыз бойынша, қазақтың ұлы ханы Абылай осы жерде үш жүздің басын қосып, маңызды кеңестер өткізген. Бүгінде бұл орын ел тарихындағы маңызды оқиғаларды еске салатын киелі мекендердің бірі саналады. Алаңға жақын орналасқан Абылай ханға арналған мультимедиялық интерактивті кешен тарихты заманауи технологиялар арқылы таныстырады. Мұнда келушілер тарихи деректермен танысып қана қоймай, арнайы мультимедиялық контент арқылы XVIII ғасырдың оқиғаларына тереңірек үңіле алады. Мұндай жобалар тарихи мұраны жас ұрпаққа жаңа форматта жеткізудің тиімді жолы екенін көрсетеді.

Бурабайдағы жазғы маусымды ресми түрде Burabay Summer Fest фестивалі ашты. Ашық аспан астындағы концертке жиналған көрермендер музыка мен табиғаттың ерекше үйлесіміне куә болды. Фестиваль өңірдің тек табиғи демалыс орны ғана емес, мәдени іс-шаралар өтетін маңызды туристік орталыққа айналып келе жатқанын көрсетеді. Инфрақұрылымның жақсаруы, жаңа нысандардың ашылуы және келушілерге арналған мүмкіндіктердің кеңеюі Бурабайдың жыл сайын жаңа аудиторияны тартуына ықпал етіп отыр.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ