Жаңғырған Жібек жолы: Өзбекстанға саяхат

198

Бүгінде турист толған ежелгі Жібек жолы кейінгі уақытта қалай өзгергенін түсіну үшін Гәри Штейнгарт Өзбекстандағы керуен жолымен сапарға шықты.

Мәтін: Гәри Штейнгарт
Фото: Ингмар Бьорн Нолтиң

Ташкент. Туристер Өзбекстан астанасындағы жаңа ойын-сауық кешенінде виртуал шындық симуляторын сынап жатыр. Туризмнің қарқынды өсуі орталықазиялық елдегі құрылыс қарқынын күшейтіп отыр. Оның ішінде тарихи келбетімен танылған қалалар да бар.

Ілкі заманнан әлемге әйгілі көк күмбезді Шаршы (өзб. Чорсу) базарына келдім. Он бір сағат ұшып, таңсық бір жерге аяқ басып, есеңгіреп қалған сәтім еді. Ленинградта өткен балалық шағымда Орталық Азия туралы кітаптарды қайта-қайта оқып, Өзбекстанға баруды армандайтынмын. Міне, сапарым өзбектің ұлы-шулы астанасы – Ташкенттен басталып отыр. Өзбекстан! Күнге қызған құмды шөлі, бабымен пісіретін тағамдарына аңсарым ауатын. Суреттердегі көгілдір мұнаралы қалалар – Қытай мен Жерорта теңізі арасында мата, дәмдеуіш, технология, ой-пікір таратқан, аты аңызға айналған Жібек жолының Орталық Азиядағы 1500 жылдан астам тарихы бар сәулет ескерткіштері.

Өзбекстан өзім туып-өскен Кеңес Одағының құрамындағы елдердің бірі болса да, бала кезімде ол маған бөгде ғаламшардай көрінетін. 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін Өзбекстан шамамен 30 жыл бойы кеңестік кезеңнің ауыр мұрасынан арыла алмай, қатаң бақылау мен бюрократияға шырмалды, шетелдіктерге де аса ашық болмады. Тек кейінгі он жылда ғана ел сыртқы әлемге жылы қабақ таныта бастады.

Туризмді дамытуға білек сыбана кіріскен Өзбекстан қонақтарды тарту үшін ең құдіретті бренді, ғасырлар бойы экзотикалық саяхат пен мәдени байланыстар ошағы – Жібек жолына арқа сүйеп отыр. Сондай-ақ елде ауқымды құрылыс қарқын алғаны байқалады. Жібек жолы эстетикасын аттракциондар паркіндегідей үйлестіре білген ірі туристік нышандарды көп көресің: қаланған керуен-сарайлардың сәнді көшірмелері. Туристер әкелетін доллар, еуро һәм юань Орталық Азияның көп еліне керек-ақ, бірақ Жібек жолы мұрасын дәл Өзбекстандай ұтымды пайдаланып отырған мемлекет жоқ-ау. Қазір бұл ел туризмі ең жылдам өсіп келе жатқан экономикалардың бірі болып отыр: былтыр мұнда шамамен 12 млн шетелдік турист келген, он жыл бұрын олардың саны 2 миллионға да жетпейтін.

Реформашыл президент Шавкат Мирзиёевтің үкіметі 2030-ға қарай бұл көрсеткішті 20 млн-ға жеткізуді көздеп отыр. Бұл Өзбекстанды Нидерланд, Марокко немесе Вьетнам елдерімен бір деңгейге шығарады.

Самарқан. Жаңа туристік кешеннің бір бөлігі саналатын Eternal City нысаны Жібек жолы шұратындағы қаланы қайта жаңғыртады. Мұнда мейрамханалар мен бутиктердің бәрі қаланың басқа бөлігінде шынайы күйінде сақталған әйгілі сәулет үлгілерінің көшірмелеріне орналасқан.

Биыл өзбек үкіметі АҚШ азаматтары үшін виза талаптарын алып тастады. Бұрын посткеңестік елдер ішінде ең қымбатты, ең машақаты көбі де осы елге кіру еді. Сонымен қатар мемлекет қонақүй құрылысына қомақты субсидия бөліп, жүрдек теміржол желісіне мол қаржы құйды. Енді жүйрік пойыздар Ташкентті Өзбекстандағы Жібек жолының үш жауһарымен жалғайды: ислам әлемінің ірі ғылыми орталығы болған, көне мешіттері мен медреселері қаз-қалпында сақталған Шығыс інжу-маржаны – Самарқан; көне шаһарының көшелері ирелеңдеген байырғы сауда-саттық ошағы – өнер саласы өркендеп келе жатқан Бұхара; және батыстағы қуаң өлкеде орналасқан, кезінде хан ордасы болған, бүгінде Ичан-қала қорғаны арқасында ЮНЕСКО дүниежүзілік мұралар тізіміне еніп, «тірі музей» атанып кеткен Хиуа.

Өзбекстан арқылы өтетін Жібек жолы дәлізі

Өзбекстанның алуан түрлі географиясы ежелгі Жібек жолының сауда бағыттарын, ал олар бүгінгі туристік бағыттарды қалыптастырды. Керуендер дауылды шөлдер мен тау асуларын кесіп өтіп, су көздерін жағалай жүретін. Қазір сол сауда бекеттері мен аялдамалар туристік қалаларға айналып келеді.

карта: Christine Fellenz, NGM Staff. Sources: UNESCO; Advantour; OpenStreetMap; Green Marble
  1. Хиуа – қамал-қаладағы шұрат: Әмудария бойындағы қорғанды қала шөл қоршаған оқшау әрі маңызды аялдама қызметін атқарды.
  2. Бұхара – Өзен бойындағы аялдама: Шөл шетінде орналасқан қала құнарлы атыраудағы орнының арқасында ежелгі парсы елінің сауда және мәдениет орталығына айналған.
  3. Самарқан – Тау бөктеріндегі бекініс: Сауда жолдары асқар таулардың етегінде тоғысып, қаланы Ескендір Зұлқарнай мен Шыңғыс хан секілді жаулап алушылар үшін құнды жерге айналдырды.
  4. Ташкент – Шығыс қақпа: Солтүстіктегі дала көшпелілері мұнда тау аңғарларымен келген көпестермен сауда жасаған.

Әрқайсысына пойызбен санаулы сағатта жетесіз. Үшеуі де қазір өзгеріс үстінде: адамзаттың алғашқы космополиттік талпыныстарын бейнелейтін көне ескерткіштер мен тұтынушы туризмнің заманауи атрибуттары қатар тұр. Кеңес Одағының тоқыраған экономикасының тосын бір пайдасы да болды: бүгінгі Санкт-Петербор сияқты қалалар шамадан тыс жаңғырту мен бейберекет құрылыстан аман қалды. Сол кеңес дәуірі бірте-бірте ұмытылып, жадымыздан көмескілене бастаған шақта, бала кезде қиялымды тербеген ел сол қалпы сақталды ма екен деп, Жібек жолының әйгілі шұрат-қалаларын аралауға шықтым.

Хиуа. Туристер намазға шақыру үшін салынған келте мұнараға қолдарын тигізіп суретке түсіп жатыр. Шөлдегі шұрат-қала Хиуа бір кездері Қытай мен Жерорта теңізін шамамен 1500 жыл бойы жалғаған Жібек жолы сауда бағыттарымен жүрген керуендерді қарсы алған.

Жібек жолының мифологиялық емес, шынайы күйін сезінейін деп бірінші кезекте Ташкенттегі Шаршы базарына бардым. Кеңес дәуірінде салынған алып күмбез астында – 2000 жылдай сауда-саттық үздіксіз жалғасып келе жатқан базар. Ғасырлар бойы тасымалданған жібек пен дәмдеуіштер әлі де бар: аңқыған запырангүл, куркума, зере. Ол аздай, азық-түлік қатарлары түрлі ірімшік, балбыраған бауыр еті, тіл үйретін қазыға толы. Сталин Өзбекстанға күштеп жер аударған корей ұрпақтары – корё-сарам әйелдері сарымсақ қосылған ащылау сәбіз салаты – «морковча» сатып тұр. Аспаздық тарихындағы сәбіздің ең сәтті қолданысы осы шығар. Ал нағыз Жібек жолы рухына жақын дүние іздесеңіз, кілем мен қанжар да бар. Дәл жанында Уинни-Пухтың суреті басылған жергілікті бал самсап тұр. Ортағасырлық Өзбекстан хандық-тарының ұлылығы неде еді? Олардың мәдени һәм сәулет мұрасын не үшін қорғауға тиіспіз? Бірде-бір ел өзіне қажет дүниенің бәрін өзі өндіре алмайды: тарақан өлтіретін дәрі де, сәбіз салаты да ұлан-ғайыр далада қолдан-қолға өтіп, адам тұрмысын жеңілдетуі керек. Шаршы базарында бір долларға жетер-жетпес ақшаға бір кесе кофе мен буы бұрқыраған самса ала аласыз. Ал сондай сәтте иығына сиырдың басын асып алып жүгіріп бара жатқан ер адам қағып кетсе, жүрек тұсыңа қолын қойып, міндетті түрде кешірім өтінеді.

Айтпақшы, «Шаршы» атауы парсының «торап» сөзінен шыққан. Ол кезде жол торабы аз еді, бір-бірінен алыс жататын. Ал қазір сол тораптар арасын оқша зулаған жүрдек пойыз бірер сағатта-ақ жалғайды.

Ташкент. Ташкент-Сити саябағына қарап тұрған жаңа зәулім ғимараттардың арасында елдегі алғашқы зәулім ғимарат – 266 метрлік Nest One (ортада) және бірнеше жаңа қонақүй бар. Үкімет туристерді тарту жөніндегі батыл жоспарын жүзеге асыру үшін елдің түкпір-түкпіріндегі қонақүй құрылысына субсидия беріп келеді.

Келесі күні таңда мен ерте кездегі Ұлы Жібек жолы саудагерлерінің көне қонысының атымен аталған «Афросиаб» жүрдек пойызына отырып, Ташкенттен ұзай бердім. Терезеден кеңестік дәуірден қалған сұрықсыз кеңістіктің әр жерінде жайылып жүрген сиырлар көрінеді. Ал вагон ішінде керісінше: жолаушыларға құлпынай, балмұздақ және тегін Wi-Fi ұсынылған.

Бұл теміржол – кезінде Қытай мен Еуропаны жалғаған мыңдаған шақырымға созылған Жібек жолының шағын ғана бөлігі. Осы жолдармен б.з.д. II ғасырдан XV ғасыр аяғындағы кемелер дәуіріне дейін қатынаған керуендер саяси жағдайға, ауа райына, нарыққа қарай бағытын түзеп отырған. Тауарлар бір шетіндегі Хань әулеті мен енді бір шетіндегі Рим империясы арасында Еуразияның түпкір-түпкірінен шыққан сансыз делдал арқылы тарады. Тауарға қоса пәлсапа, өнер, мифтер мен діндер де ілесе келді. Бүгінде біз өмір сүріп отырған, сауда мен мәдениеттің сансыз жібі Топика мен Тайбэйді байланыстырып тұрған әлемнің алғашқы үлгісі де – осы Жібек жолы.

Мың жарым жыл бойы өзбек қалаларына шартараптан жолаушылар ағылып келіп отырған. Жергілікті жұрттың жылы ықыласы мен әңгімелесуге деген құлшынысынан олардың жаңа қонақтардың көбейгеніне қуанышты екені сезілетіндей. Өзбекстанда әлі күнге кең қолданылатын орыс тілінде еркін сөйлейтініме қуандым (мұнда ағылшын тілін көп естімейсің). Санкт-Петерборда жұмыс істеген немесе өзім 1979 жылдан бері тұрып келе жатқан Нью-Йоркте туыстары бар өзбектерге де кезіктім. Шамамен 600 мың адам тұратын Самарқанның ескі көшелеріндегі әр ғимарат, қанша қарапайым болса да, «өскенде бутик-қонақүй болам» деп армандайтындай көрінді. Ондай қонақүй мұнда көп-ақ. Мен тоқтаған мейманхананың әсем безендірілген шатырынан Самарқанның ең әйгілі көрнекті орны – Регистанға көрініс ашылады. Өзбекстанның суреттерін көрген болсаңыз, Регистанды қоршаған үш медресенің көк, жасыл, сары түсті алып қақпаларын да көзіңіз шалған болар. Кезінде осы оқу орындары Самарқанды «Шығыстың Оксфорды» атандырған. Ең көнесін XV ғасырда математик әрі астроном, ғалым-патша Ұлықбек салдырған. Ол ислам ғылымы мен өнерінің өркендеуіне жол ашқан еді. Оның қала сыртындағы қалпына келтірілген обсерваториясына кезінде Азияның түкпір-түкпірінен түрлі ғалымдар жиналатын. Ал қалған екі медресе XVII ғасырда бой көтерген.

Ташкент. Beshqozon (Бесқазан) мейрамхана желісіндегі аспаздар Өзбекстанның ұлттық тағамы – палауды әзірлеп жатыр. Оған дәстүрге сай күріш, қой еті, сәбіз, пияз, сарымсақ және хош иісті дәмдеуіштер қосылып, шойын қазанда пісіріледі.

Қазір медресенің үшеуі де – музей. Сырлы қышпен көмкерілген геометриялық өрнектерін сағаттап тамашаладым. Әуелі көздің жауын алып, артынша ойыңды сан-саққа жетелейді: мұнда жұлдыз бейнеленген бе, фрактал ма, әлде басқа нәрсе ме? Ғимараттардың әр тұсы үш өлшемді көрініп, қуыс-қуысы мен ойықтары көзге түседі. Мұндай сәулетті ислам архитектурасынан ғана емес, әлемнің басқа сәулет өнерінен де кездестіру қиын. Талай жерді көріп, таңғалудан қалған саяхатшының өзі – мен де қақаған қыстың қақ ортасында осында жолым түскеніне қуандым. Адам қарасы да аз: суыққа қарамай келген бірен-саран жапон турист пен іші пысқан гидтер ғана жүр.

Самарқанның көрікті жерлерінің аралары алшақ, бірінен-біріне барар жолда қаланың КСРО-дан қалған үйлері көп тыныштау аудандарын көресіз. Дәмханалар алдында ерлер буы бұрқыраған қазан басында тұрып, түстікке палау пісіріп жатады: пияз, сарымсақ, сәбіз бен қой етінің аңқыған қанық иісі мұрныңды жарады.

Самарқандағы ең әсем жер – Ұлықбек пен оның ғылымнан гөрі қанқұмарлығымен әйгілі болған атасы Әмір Темір жерленген бір-біріне жалғасқан кесенелер кешені – Гөр-Әмір. Өзбектердің батыста Темірлан болып танылған ұлттық қаһарманы Орталық Азия, қазіргі Ауғанстан мен Иран аумағын қамтыған алып империяны жаулап алып, Самарқанды сән-салтанаты жарасқан астанасы қылды. Кесене төбелері мен күмбездерін көмкерген тақтайшалардан жасалған көпбұрышты өрнектер – Әмір Темір тұсында ғылым, сәулет өнері мен биік эстетикалық талғам өзара бітісе қайнасқанының айғағы. Төбеге тамсана қарағаннан мойным талып, ал телефоным ешқашан өшіруге қимайтын суреттерге толып қалды.

Ташкент. Жарық шоуы Сеул Мун ауданында жұртты жинап жатыр. Мұнда субұрқақтар, дүкендер мен дәмханалар Оңтүстік Кореяның астанасынан шабыт алған. Өзбекстандағы корё-сарам деген атпен белгілі корей этносының өкілдері – Иосиф Сталин тұсында Ресейдің Қиыр Шығысынан күштеп көшірілгендердің ұрпағы.

Биыл көктемде өзбек үкіметі Гөр-Әмірден бірер көше өткендегі жерден жаңа Жібек жолы музейін салу жоспарын жариялады. 9 га кешенде археологиялық олжалар, дәстүрлі қолөнер бұйымдары және басқа да жәдігерлер қойылмақ. Самарқанда Жібек жолына арналған тағы бір жаңа жоба бар: тарихи орындарды аралап шыққан соң, таксиге мініп, шаһардың шығыс шетіндегі 4 жыл бұрын ашылған, 580 млн доллар жұмсалған Silk Road Samarkand кешеніне бардым.

Бұл орынды маған бірнеше апта бұрын Alerte Héritage тарихи мұраны қорғау ұйымының құрылтайшыларының бірі – Францияның Ұлттық ғылыми зерттеулер орталығындағы Өзбекстан тумасы, тарихшы Светлана Горшенина айтқан еді. Курорт ішіндегі Eternal City кешені – мейрамханалар, бутиктер мен қойылым көрсететін орындары бар, Әмір Темір дәуірінің ғимараттарына ұқсатып салынған Жібек жолы шұратының көшірмесі. «Әп-әдемі, бірақ шынайы емес», – деді Горшенина. Оның ойынша, бұл құрылысқа жұмсалған қаржыны тарихи ескерткіштерді күтіп-ұстауға жұмсаса болар еді.

Такси жүргізушісі мені Самарқанның шетіне апарып, бір күзетші тұрған бақылау бекетінен өткізді. Eternal City бірнеше зәулім қонақүй көлегейлеп тұрған үлкен тікбұрышты арна бойына салынған. Қыста мұнда жан баласы болмайды екен. Ал жазғы маусымда Hilton қонақүйі мен Silk Road Waterland аквапаркінің 18 су сырғанағының арасындағы арнада қайықтар жүретін көрінеді.

Бұл жер Дэвид Линч фильмдеріндей біртүрлі әсер қалдырды: мазасыз түс секілді. Регистан мен Гөр-Әмірді, қыш тақташалардағы уақыт таңбасын, ғасырлар бойғы патинасын көрген соң, дәл сол дүниелердің жылтыр да жансыз көшірмесі арасында жүрген оғаш сезілді. «Мұнда кім келгісі келеді?» дедім. Алайда үңгірдей кең әрі қаңырап бос тұрған мейрамхананың даяшысы (тіпті жанымнан өткен қызметкерлердің өзі мені көргеніне таңырқай қарады) күн жылынғанда бұл «Мәңгілік қаланың» туристерге лық толатынын айтты. Мен үнсіз жатқан аквапаркке қарай бет алып, жолай картинг алаңы мен жабық тұрған Құран музейі маңынан өттім. Сөйтіп, анау Hilton қонақүйінің ең жоғарғы қабатында – қаңғыбас иттердің үргені мен азаншының даусынан тым жырақта түнеу қандай болар екен деп ойландым. Дегенмен бұл үн болмаса менің Самарқанда таң атырғым келмес еді.

Самарқан. Регистан алаңы – Өзбекстандағы туристер ең көп баратын орынның бірі. Оның үш әйгілі медресесі бар. Олардың ең көнесі қаланың XV ғасырда Жібек жолындағы ислам ғылымының ірі орталығы болған дәуірінен қалған.

Барлық елдің сататын мифологиясы бар: АҚШ-та – ковбойлар, Испанияда – бұқамен айқас, Германияда – вурст. Ендеше Өзбекстан сияқты дамушы елдің қалталы туристерді тарту үшін өз мұрасын кәдеге жаратып, пойызынан бастап сауда орталықтарына дейін бәріне «Жібек жолы» деген атау беруі, керуендер мен түйелердің суреттерін жапсыруы заңды. Горшенина маған: «Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін барлық ел ұлттық түпқазығын іздей бастады», – деді. Оның уайымы – Жібек жолының тылсымын пайдалануға құныққан жобалар ғасырлар бойғы тарихи ортаның болмысына қауіп төндіретіндігі.

Оның ұйымы алаңдаушылық білдірген жер Самарқаннан Afrosiyob-пен екі сағатта жететін тағы бір даңқты шұрат-қала – Самарқанның жартысындай ғана Бұхара. Бұхараның шағын ескі шаһары Самарқаннан гөрі тұтастай сақталған. Тарихи аласа үйлер арасын заманауи құрылыс бөліп-жаруы сирек. Олар бір көлік әрең сыятын тар көшелер бойына шоғырланған. Алғашқы түні қараңғыда көлік қағып кете жаздады. Интернет жоқ: телефон, (шүкір), керексіз болып қалды. V ғасырлық Бұхара Аркі – мінсіз қамал үлгісі ме дерсің: ирек қабырғалары құмтөбелерді еске салады, ал ішіндегі қала – қала ішіндегі қала… Аулаларында кезінде әмірлер елшілер мен мәртебелі қонақтарды қабылдаған. Қасындағы Кәлан мешіті – Орталық Азиядағы ең ірі мешіттердің бірі, 10 мыңдай кісі сыяды. Ал 45 метрлік кірпіш мұнарасының сәулетіне тамсанғаны сонша, Шыңғыс ханның өзі қаланы талқандаған сәтте оны қиратуға қолы бармаған деседі.

Палауын айтсаңшы: бұған дейін көргендерімнен иісі де, дәмі де қанық еді («Біз майдың бес түрі мен сары, қызғылт сәбіз қосамыз», – деді бір даяшы мақтана).

Самарқан. Кішкентай қыз қала ортасындағы Афрасиаб археологиялық орнының төбесінде батпырауық ұшырып жүр. Ежелгі Афрасиаб Жібек жолының алғашқы кезеңінен Шыңғыс хан қиратып кеткенге дейін маңызды сауда-саттық ошағы болған.

Алайда Бұхараның ескі шаһарынан да өзгеріс лебі сезілді. «Сатылады» деген жазуы бар сансыз хабарландыруды көзім шалды. Бәрі орысша. Тұрғындар мал-мүлкін сатып жіберіп, тайып тұруға дайын тұрғандай. Шетте алып құрылыс алаңы жатыр – Eternal Bukhara туристік кешені. Кешен қоршауының бойымен жүріп өттім. Қоршау ЮНЕСКО қорғауына алынған ескі шаһар шекарасы біткен жерден басталады. ЮНЕСКО мен өзбек үкіметінің іске араласуын талап еткен Горшенина бастаған топтың уайымы да осы. Өзбекстанның мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Eternal Bukhara қонақүйлер, тарихи ғимараттардың көшірмелері, дәмхана мен музыкалық субұрқақ маңына жиналған қолөнер шеберлерінің дүңгіршектері бар «тарихи-этнографиялық саябақ» болмақ. Ал кешенді қоршап тұрған, сірә жасанды интеллект арқылы жасалған, баннерлерге қарағанда, салтанатты үйлер маңындағы жаттығу алаңдары шағын гантель көтеріп жүрген ақшыл сары шашты жабырқау адамдарға толы болатын сияқты.

Десе де, дәл Бұхараны бала кезгі арманымдағы Өзбекстанға ұқсаттым. Ескі шаһардағы алаңдардың бірінен бала кезде сүйіп оқыған кеңес дәуірінің романындағы кейіпкердің мүсінін көрдім – сүйікті есегіне мінген Қожанасыр. Ол – ақылды да аңқау, күллі мұсылман әлеміне ортақ Жібек жолы дәуірінің халық қаһарманы. «Қожанасыр хикаясы: Тыныштықты бұзушы» романында ол туған қаласы Бұхарада небір қиындықтарды ақылы мен тапқырлығының арқасында жеңіп отырады. Есегінің құлағын сипап тұрып, КСРО-да қирауға шақ қалған пәтерде тұрып жатқан, осы сәтті армандаған демікпесі бар бала күнімді еске алдым.

Ал нағыз «уақыт мәшинесінің» көкесін батысқа қарай тағы 400 шақырым жүргендегі Хиуаға жеткенде сезіндім. Кеңес дәуірінен қалған плацкарт пойызымен Қызылқұмды 7 сағат кесіп өттім. Хиуаның теміржол вокзалына түскен бойда ЮНЕСКО дүниежүзілік мұра нысаны әрі тарихи ислам сәулетінің жер жүзіндегі ең ғажап үлгілерінің бірі – дуалмен қоршалған Ичан-қалаға жол тарттым.

Бұхара. Ташкенттегі үйінен келген Мадина Усманова АҚШ-тан қонаққа келген құрбысының туған күнін атап өтуге арналған фотосессияда шапан киіп тұр.
Хиуа. Жыл сайынғы қауын фестивалі кезінде келушілер Жібек жолы нысандарының көшірмелеріне нагізделген жаңа тақырыптық туристік кешеннің бірі – Arda Khiva аумағында арбамен қыдырып жүр.
Ичан-қала қорғанындағы Көне Аркі цитаделінің ашық аспан астындағы жазғы мешіті. ЮНЕСКО дүниежүзілік мұра нысанындағы көптеген ғимарат сияқты мұның да күрделі қыш өрнектері таңғалдырады.

Ичан-қаланың 9 метрлік кірпіш қабырғалары 26 га аумақта сақталған әрі қалпына келтірілген ескерткіштер мен тұрғын үйлерді қоршап тұр. Кезінде керуендер осында аялдап, шығысқа – Бұхараға не оңтүстікке – ежелгі парсы еліне аттанатын. Ең көне құрылыстары XIV ғасырға тиесілі, алайда қаланың негізгі бөлігін XVIII-XIX ғасырларда талғамы биік жауынгер ақсүйектер – қоңырат хандары салдырған. Ичан-қала Самарқан не Бұхарадай емес, ашық аспан астындағы музейге ұқсайды. Кеңес дәуірінде тарихи орын ретінде сақтау үшін үкімет қорған ішіндегі жұртты басқа жаққа көшірген. Бүгінде онда қалған 300-дей отбасы көлік атаулы сирек кіретін, уақыт тоқтап қалғандай тыныш жерде тұрады.

Қыста турист келмейтін Ичан-қала – керемет жер екен: күншуақты, қуаң әрі романтикаға толы. 1850 жылдары салынған, аяқталмай қалған әйгілі Келте мұнараға ұзақ қарадым. Көгілдір тақтайлары көздің жауын алады. Бір сағат бойы ежелгі балуан-ақынның барокко өрнектерімен безендірілген кесенесінде жайбарақат отырдым. Жергілікті тағам – аскек қосып жасалған кеспе, үстіне сиыр бұқтырмасы салынған шивит деген тамақты жедім. Былбыраған дәмі тіл үйіреді. Музейге ұқсағанымен, мұнда да өмір бар еді: таңды қарсы ала сөмкелерін арқалаған мектеп оқушылары жүр, шағын мешіт сыртында жуылған шұлықтар ілініп тұр. Демалыс күндері Ичан-қаланың сыртындағы сәнді Farovon Khiva қонақүйін басқаратын, туризм саласында көп жылдан бері жүрген Лола Мирзаевамен тілдестім. Айтуынша, Ичан-қала – тәрі жергілікті тұрғындар тұратын мекен, әрі тарихи нысан ретінде қорғалатын орын: «Онда адамдар әлі де тұрады. Нан пісіреді. Балалар жүгіріп ойнап жүреді. Сахналанған қойылым ба дерсің, бірақ бұл – шынайы өмір», – дейді.

Ташкент. Астананың қызу тіршілігі қайнаған Шаршы базарын жауып тұрған алып күмбезді Кеңес өкіметі 80-жылдары салған. Алайда бұл жерде Жібек жолы керуендері жүрген заманнан бері базар жұмыс істеп келеді. Шаршы 2026 жылы Ташкенттің модернистік сәулетін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізуге ықпал еткен ғимараттардың қатарында болды.

Мирзаева маған тағы бір нәрсе айтты: иә, мұнда да бір алып туристік кешен бар екен. Былтыр қала шетінде ашылған Arda Khiva кешенінің Silk Road Samarkand не Eternal Bukhara жобаларына қатысы жоқ. Бірақ идеясы бір: жасанды Жібек жолы сәулеті, гондолалар, 17 қонақүй, бес кинотеатр және т.б. Алайда Мирзаеваның айтуынша, жергілікті тұрғындардың көбі бұл жерді ұнататын көрінеді: жанұясымен аттракциондар паркіне барғандай көреді екен.

Сөйтіп, мен де бардым. Келте мұнараның біртүрлі көшірмесін көрдім – түстері де дұрыс емес, уақыт іздері де жоқ. Көктемде туристер қайта оралғанша, бірінің үстіне бірі үйіліп қойылған гондолаларды көрдім. Бірақ маусымаралық тыныштықта сол үнсіз кешеннің ішінде Хиуаның өз тұрғындарын да байқадым: қол ұстасып жүріп, жабық дүкендердің ішіне үңіледі, жалған арна үстіндегі жалған көпірлерден өтеді. Адамдардың не қалайтынын немесе нендей нәрсеге мұқтаж екенін кім білсін деп ойладым мен.

Хиуадағы соңғы аялдамам – Нұроллабай сарайы. Оны Санкт-Петерборға барып, туған қаламның сәулетіне тәнті боп қайтқан өңірдегі соңғы хандардың бірі салдырған. Сарай іші оймышталған ағаш пен күрделі сылақ өрнектеріне толы. Мәселен, бұл сарай Arda Khiva-ға қарағанда әлдеқайда сән-салтанатты, әсем көрінеді. 1912 жылы салынған сарай хандыққа айтарлықтай шығын болды. Арада 8 жыл өткенде хандық Кеңес өкіметінің құрамына өтті де, зәулім сарай кәдімгі әкімшілік ғимаратың бірі болды да қалды.

Жәдігерлердің тағдырын болжау қиын. Дәуірлер алмасып, өмір өте береді. Әлемге есігін қайта айқара ашып, ауқымды да машақатты істі қолға алған өзбектің Жібек жолы қалалары – дәуренің өтсе де қайта гүлдеуге болатынының дәлелі. Қазір олар тепе-теңдік сақтап тұр: жаңа ашылған, көз тартады. Ақылды қария Қожанасыр есегіне мініп, бұл қалаларды аралап шықса, әлі де таныр еді. Бірақ ертең не боларын ол да дөп болжай алмас еді.

Өзбекстанның жаңғырған Жібек жолы қалаларын пойызбен қалай аралауға болады?

Өзбекстан теміржол желісін кеңейтіп жатқандықтан, Жібек жолы қалаларына қазір санаулы сағатта жетіп аласың. Жол бойында елдің өзгеріп жатқан келбетін тамашалауға да болады. Классикалық бағыттарда бірнеше пойыз түрі қатынайды. Ескерер жайттар мынау:

АҚШАҒА ҮНЕМ. Uzbekistan Railways ұсынатын ең арзан пойыздар – ескі, кеңестік вагондар. Жол жайлы болмауы мүмкін, кондиционер бар-жоғына да кепіл жоқ. Ташкент-Самарқан шамамен 4 сағат, Самарқан-Бұхара 3 сағаттан сәл асады, ал Бұхара-Хиуа 6-7 сағаттай жүреді.

УАҚЫТҚА ҮНЕМ. Afrosiyob пойыздары Ташкент-Самарқанды шамамен 2,5 сағатта, Самарқан-Бұхараны 1,5-2 сағатта жүріп өтеді. Эконом-класта Wi-Fi мен кондиционер бар, ал вагон-мейрамханада жеңіл тағамдар мен палау сатылады. Afrosiyob билеттері жолаушылар пойызына қарағанда тезірек таусылады.

ХИУАҒА – ҮШ САҒАТ. Былтырғы көктемде іске қосылған су жаңа жүрдек пойыз Jaloliddin Manguberdi XIII ғасырдағы қолбасшының атымен аталған. Бұл – шөлдегі шұрат-қала Хиуаға қатынайтын алғашқы жүрдек пойыз. Бұхарадан жол шамамен үш сағатқа созылады, яғни кәдімгі түнгі пойыздан екі есе жылдам.

БӘРІН КӨРГІҢ КЕЛСЕ. Golden Eagle Luxury Trains 11 күндік сапарында жеке купелі пойызбен Өзбекстанды аралап, жол бойында экскурсия ұйымдастырады. Ал National Geographic Signature Expeditions 2027 жылы Өзбекстанды пойызбен кесіп өтіп, кейін ұшақпен Түрікменстанның Ашғабатына баратын 11 күндік сапар ұсынады.
Хиуа. Гондолалар мүсіндермен безендірілген арнамен баяу жүзіп барады. Арна айналасында аквапарк-тер, фудкорт, кәдесый дүңгіршектері және Arda Khiva-ның басқа да ойын-сауық нысандары орналасқан. Бұл жер – Ичан-қаланың қасиетті ескерткіштеріне қарама-қарсы қойылған жарқы-раған заманауи кешен.
Бұл мақала National Geographic Qazaqstan журналының 2026 жылғы қыркүйектегі санында жарық көрді.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ