Батыс Моңғолияның биік тауларында қазақ малшылары ғасырлар бойы көкбөрімен тепе-теңдік сақтай өмір сүріп келді. Алайда бүгін олар сан ұрпақ кие тұтқан бұл жыртқышты аулап өлтіруге мәжбүр.
Автор: Эрика Берри
Фотоcуреттер: Дмитри Сташевски
Қар кешкен үш адам тап болған жылқының өлі денесі әлі суымаған еді. Малшылар жылқының жарақаты мен айналасындағы іздерге қарап-ақ сол таңдағы оқиға қалай болғанын түсінді: екі қасқыр жылқыны сауырдан тістеп жыққан болса керек. Жамбастың жұмсақ қоңы ойылғаны – қасқыр әдетте жылы-жұмсағына тойып алып, бөлтіріктерін бағып қалған құртқасына барғанда құсып береді. Демек апаны да осы маңайда. Аңшылар жан-жағына мұқият көз тастап, мылтықтарын сайлап, ілгері жүрді. Қасқыр аулау аяқталған жоқ.
Айболат Күлмесхан, Ғалым Бапар және Серікбол Көшеген есімді аңшылар – Моңғолияның желі қатты Алтай тауларында атам заманнан мал бағып келе жатқан көшпелі қазақ қауымының өкілдері. Қазақтар Моңғолия халқының бар-жоғы 4%-ын құрағанымен, елдің ең биік әрі батыстағы ең шеткі аймағы – Қытай және Ресеймен шектесетін Баян-Өлгийдегі 105 мыңдай адамның 98%-ы – қазақтар. Олар қой, қодас (сарлық), жылқы, ішінара түйе бағып күн көреді. Бірақ бұл адамдардың қасқырмен қарым-қатынасы ерекше: бір жағынан қасқыр – малға қауіп, екінші жағынан – киелі мақұлық.
Серікбол VI ғасырда Орталық Азияны жаулап алған арғы бабалары – Көктүріктер көкбөріден тараған дейді. Малшы қазақтардың көбі – мұсылман, бірақ олардың қасқырға деген құрметінің төркіні жылқы мен бүркітті де қамтитын әр нәрсенің рухы бар деген көне нанымда жатыр. Дегенмен бөрінің жөні бөлек: ол естілігімен, өжеттігімен, сезімталдығымен үрей ұялатады әрі құрметтеледі. Империялар өркендеп, құлдырап, шекаралар дамылсыз жылжыған Алтайда қасқыр мен малшы мыңдаған жыл бойы қатар өмір сүріп келді. Бірақ кейінгі кездері климат өзгерісі кесірінен қасқырдың малға шабуы жиіледі. Көшпелі қазақ көкбөріге деген құрметі мен өз малын қорғау міндеті арасындағы тепе-теңдікті бұрынғыдан да қатаң сақтауға мәжбүр. Малшылар 2023 жылғы сәуірдегі осы аңшылыққа дейін екі жылдай қасқыр ауламаған еді.
Бұл кісілер «жұт» деп аталатын, дала өрті көп болған аптапты жаз бен қақаған аязды қысты бастан өткерді. Көктем жеңілдік әкелудің орнына жығылған үстіне жұдырық болды: күндіз жаңбырлы, жылы болып, түнде суытып, үсті-басы су мал суықтан қырылды. (Серікболдың бір көршісі осындай бір түнде 200 малынан айырылған.) Түнде Серікбол мен жұбайы малдың ең әлсіздерін киіз үйге кіргізіп жылытатын. Ашыққан малына қорек іздеп, шөп жинауға тау-тасқа да өрмелеп кететін. «Бұрын да қытымыр қыстың талайын көргенбіз, бірақ мынадай жұтты бірінші рет көруіміз», – дейді ол. Қасқыр да жұттан аман қалудың амалын іздеп жатты. Қасқырдың бұл түршесі бүкіл өңірге таралғанымен, нақты санын айту қиын. Солтүстік Америкадағы туыстарына қарағанда кішілеу келген бұл жыртқыш әдетте шағын үйірмен аң аулайды. Түздегі жемі – арқар мен марал сияқты аңдар азайғанда, қасқыр оңай олжа көріп, әрине, малға шаба бастайды. «Моңғолияда бір сөз бар: жұтта қасқыр семіреді», – дейді Ұлан-Батырдағы Моңғолия ұлттық университетінің экологі Базарцэрэн Болдгив.
Моңғолияның батысында мал басының көбейіп, малшының азаюы да жағдайды күрделендіріп тұр. Жуырдағы бір зерттеуде Баян-Өлгийде малшының кемі 90%-ы малын қасқыр талап, шығынға ұшырағанын айтқан. Орта есеппен әр малшы жылына 14 бас малынан айырылады – бұл 20 жыл бұрынғы көрсеткіштен 7 есе көп. Ақшаға шаққанда, бұл жылына шамамен 1300 доллар, яғни бір малшының жылдық табысының 40 пайызындай. «Табиғатта хайуан санын реттеуші – қасқыр. Бірақ қасқырдың санын реттейтін ештеңе жоқ», – дейді Серікбол.
Аңға шыққан Айболат, Ғалым, Серікбол үшеуі белуардан келетін қарды бірде атқа мініп, бірде жаяу кешті. Қасқырды байқау үшін кейде дүрбімен сағаттап отырып аңду керек. Келесі күні аңшылар апанға жақындағанда әр қадамын санап басты: қар сықыры естілмесін деп етіксіз, шұлықшаң аяңдап, қасқыр иіс алмас үшін жел теріс соққанда ғана жүріп отырды. Сол күні бір ересек қасқырды атып, әлі көзін ашпаған сегіз бөлтірігі жатқан апанын тапты. Бөлтіріктер бірнеше апталық болса, қазақтар оларды үйге алып кетіп, есейгенше асырауы да мүмкін еді. Бұл – бабадан келе жатқан қасқыр санын реттеу тәсілі, оның міндетті шарты да бар: апанда кемі бір бөлтірік қалады. Ал қолда баққандары есейгенде, қазақтар оларды өлтіріп, терісін киімге, басқа бөліктерін ем-домға пайдаланар еді. Ал мына апандағыларға бір апта ғана болғандықтан, болашақта малға қауіп екенін біле тұра, оларды тірі қалдырып кетті. Дәстүр солай. «Дәстүрде адамгершілік болуы керек», – дейді Серікбол.
Бұл адамгершіліктің өзегінде құрмет қана жатқан жоқ. Қазақ малшылары таудың нәзік экожүйесіндегі қасқырдың рөлін жақсы түсінеді: ол түздегі әлсіз, кәрі-құртаң жануарларды жойып, түрлердің жалпы саулығын күшейтеді. Бір жолы Серікбол көшкенде бірнеше қошқарын жұртта қалдырып кетіп, бір жылдан кейін қайтып келгенде олар аман-сау жүр екен. Ол сол жыртқышқа төтеп берген, ең мықты деп танылған қойды көбейтіп, отарын күшейткен. «Қасқырды біз «экологиялық дәрігер» дейміз, – дейді Баян-Өлгийдегі Алтай Таван Богд ұлттық паркінде жабайы табиғатты қорғау саласында істейтін қорықшы Сәкен Оспан. – Қасқыр құрыса, ауру көбейеді».
Бірнеше ай өткенде Серікбол басқа апаннан бір бөлтірік алып келді. Оны мал сияқты бағып-қақты: байлауда ұстап, өскенше ет беріп асырады. Қасқыр толық жетілгенде, ол дұға оқып, мылтығын кезейді. Терісінен суық өтпейтін кеудеше тігіп алады да, басқа жерлерін емге пайдаланады. Оқ-дәрі қымбат, сол үшін Серікбол қасқырдың бассүйегін сатып, керек-жарағын алады. Ал малшылар жын-шайтаннан қорғайды деп тағып жүретін асығын өзіне қалдырады. Олар өздерінің аман-саулығы мен ырыс-берекесі қасқыр өлгеннен кейін де онымен тығыз байланысты екенін жақсы түсінеді.







