Клиникалық сынақтың үшінші кезеңі көрсеткендей, тәжірибелік а-РНҚ (mRNA) вакцинасы тері обырының ең қауіпті түрі – меланоманың қайталануы мен одан болатын өлім қаупін екі есеге жуық төмендеткен.
Автор: Эйвери Херт
Фотосурет: Филотеус Ниш
Merck және Moderna фармацевтикалық компаниялары тәжірибелік а-РНҚ вакцинасына қатысты жаңа деректер жариялады. Олар жаңа екпе тері обырының ең қауіпті түрі – меланоманың қайта дамуына және таралуына жол бермейтінін дәлелдеді. Клиникалық сынақтың 3-кезең нәтижелері 24 қазанда Мадридте өткен Еуропа медициналық онкология қоғамының жыл сайынғы отырысында таныстырылды. Екпе салдырған еріктілердің 82,2 пайызында екі жылдан кейін де ауру қайталанбаған, ал бақылау тобында бұл көрсеткіш 70 пайыз болды. Зерттеу нәтижелері вакцина мен стандартты емді біріктіре қолдану обырдың қайталануын немесе науқастың қайтыс болу қаупін 42 пайызға төмендеткенін көрсетті. Оған қоса, стандартты ем қабылдағандармен салыстырғанда, вакцина салдырған науқастарда метастаз (қатерлі ісік жасушаларының дененің басқа мүшелеріне таралуы) қаупі де айтарлықтай төмен болған.
Сынаққа ісігі алынып тасталған, бірақ меланоманың қайталану қаупі жоғары мыңнан астам науқас қатысты. Зерттеу барысында дербестендірілген (яғни әр науқасқа арнайы әзірленген) интисмеран ісікке қарсы вакцинасы мен меланоманың қайталануын болдырмаc үшін жиі қолданылатын Keytruda моноклоналды антиденесін біріктіре қолдану мен тек Keytruda препаратын қабылдаудың тиімділігі салыстырылды.
Клиникалық зерттеу нені көрсетті?
Екпенің айтарлықтай жанама әсері байқалмаған. Зерттеушілердің сөзінше, науқастарда вирустық вакциналарға тән шаршау, қызу көтерілуі мен екпе орнының аздап ауыруы ғана тіркелген. Нью-Йорк университетіндегі Перлмуттер онкология орталығының онколог-дәрігері әрі жобаның жетекші зерттеушісі Дженис Менерт: «Науқастар бір-екі күн өзін нашар сезініп, жұмысқа шыға алмағанымен, өмірге қауіп төндіретіндей ештеңе болған жоқ», – дейді.
2017 жылы а-РНҚ вакцинасының тиімділігін алғаш рет дәлелдеген Харвардтағы Дана-Фарбер онкология институтының дәрігері әрі зерттеушісі Кэтрин Ву осы зерттеудің ғылым үшін маңызды екенін айтады. Оның пікірінше, зерттеу ғалымдардың он жылға жуық уақыт бойы жетілдіріп келе жатқан әдісінің науқастарға шынымен көмектесетінін көрсетті. Ву мұндай вакцина қатерлі ісіктің басқа түрлерін емдеуде де тиімді болуы мүмкін екенін айтады.
«Бұл тәсіл қатерлі ісіктің басқа түрлерін емдеуде (қазір ол қуық пен өкпе обырына да сыналып жатыр) тиімді екенін көрсетсе, онда бұл медицинадағы нағыз серпіліс болмақ», – деп толықтырды Менерт.
Тамыз айында қос компания бұл препарат клиникалық сынақтың үшінші кезеңіндегі негізгі мақсатына сәтті жеткенін хабарлаған еді. Бұл – АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасынан (FDA) мақұлдау алу алдындағы соңғы қадам. Қатерлі ісікке қарсы а-РНҚ вакцинасының мұндай жетістікке жетуі алғаш рет тіркеліп отыр.
Осыған дейін онкологиялық аурулар барлық науқасқа арналған ортақ әдіспен емделетін еді. Ал «неоантигенді терапия» деп аталатын а-РНҚ вакцинасы нақты бір науқастың ағзасындағы қатерлі ісік жасушаларын жоюға бағытталған.
«Бұл – науқастарға жаппай егілетін бірдей вакцина емес, – деп түсіндіреді Ву. – Шын мәнінде, біз әр адамға арнап жеке, бірегей вакцина жасаймыз».
а-РНҚ вакцинасы қалай жұмыс істейді?
Зерттеушілер алдымен биопсия немесе ісікті толық кесіп алу арқылы науқастан қатерлі ісік тінінің үлгісін алады. Содан соң оның ДНҚ-сын тізбектеп (секуенирлеп), сол адамның сау тініндегі ДНҚ-мен салыстырады. Осылайша ғалымдар қатерлі ісікке әкелген мутацияларды дәл анықтауға мүмкіндік алады. Ал машиналық оқыту алгоритмдері нақты қай неоантиген (мутациядан пайда болған молекулалар) ісіктің дамуына көбірек түрткі болғанын болжауға көмектеседі.
Жұмыс мұнымен аяқталмайды. Бұдан соң ғалымдар иммун жүйесіне сол неоантигендерді дәл тауып алуды қалай «үйрету» керегін анықтауы керек. Әр науқастың қатерлі ісігі қаншалықты бірегей болса, оның HLA типі де (дененің барлық дерлік жасушасында кездесетін ақуыз маркері – адам лейкоциттерінің антигені) соншалықты қайталанбас қасиетке ие. Иммун жүйесіне қай жасушаның көзін жою керегін дәл осы ақуыздар «нұсқап» отырады.
Міне, осындай деректерге сүйеніп, ғалымдар әр науқасқа жеке вакцина дайындайды. Олар генетикалық ақпарат тасымалдайтын РНҚ түрі – а-РНҚ (mRNA) молекуласын жасап шығарып, оған иммун жүйесін ісікке шабуыл жасауға үйрететін нұсқауларды енгізеді. Бұл молекула липидті нанобөлшекке қапталады да, кәдімгі тұмауға қарсы екпе сияқты адамға салынады.
«Бұл – иммун жүйесіне нені іздеп, тапқан нәрсенің көзін қалай жою керегін көрсететін нақты жоспар, яғни жол картасын ұсынғанмен тең», – деп түсіндірді Менерт.
Жаңа емдеу стандарттарын бекітуде клиникалық сынақтың 3-кезеңі аса маңызды. Өйткені оған қатысатындардың саны көп болғандықтан, зерттеушілер түрлі топқа жататын науқастардың нәтижесін өзара салыстыруға мүмкіндік алады. Сынақ нәтижелері белгілі болғандықтан, енді Moderna мен Merck компаниялары бұл вакцинаны АҚШ-та ресми тіркеуге күш салмақ. Менерттің айтуынша, алдағы уақытта Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасы (FDA) осы деректерді сарапқа салады. Агенттік нәтижені сенімді әрі маңызды деп тапса, зерттеу тобы вакцинаны бүкіл әлемге тарату үшін өндіріс көлемін арттыруға кіріспек.
«Біз бұған әбден дайынбыз», – дейді ол.
а-РНҚ вакцинасы басқа қатерлі ісіктерге де әсер ете ме?
Бұл әдіс қатерлі ісіктің басқа түрлерін емдеуде қаншалықты тиімді болары әзірге белгісіз. Қазан айында Nature Medicine журналында Ву бастаған ғалымдар тобының аналық без обырына қарсы дәл осындай вакцинаның бірінші кезеңдегі сынақ қорытындысы жарияланды. Алайда оның нәтижесі көңіл көншітпеді. Вакцина кей науқастың иммундық реакциясын күшейткенімен, аурудың қайта дамуына толығымен тосқауыл қоя алмады. Демек бұл тәсілді қатерлі ісіктің басқа түрлеріне де қолдану үшін ғалымдардың әлі де біраз еңбектенуіне тура келеді.
Вакцинаның меланомаға қарсы неліктен соншалықты тиімді болғаны да әзірге толық анықталған жоқ. Конференцияда сөз сөйлеген Данияның Херлев қаласындағы Копенгаген университетінің онколог-иммунологі Инге Мари Сване бұл нәтиже «қатерлі ісікке қарсы вакциналар саласындағы шешуші сәт» екенін мойындай отырып, осы жетістіктің негізгі себебі неоантигендердің өзі емес, а-РНҚ немесе липидті нанобөлшектер болуы мүмкін екенін де атап өтті.
Аталған әдісті обырдың өзге түрлеріне қарсы қолдануға болатыны әлі дәлелдене қоймады. Дегенмен меланомаға шалдыққан науқастардың қуануына негіз бар. Жаңа вакцинаны жасауға негіз болған іргелі зерттеулердің басым бөлігін жүргізген автор, Маунт-Синайдағы Икан медицина мектебіне қарасты иммунотерапия бөлімінің директоры Нина Бхардвадждың айтуынша, ісікті кесіп алып тастаса да, ауруының қайталану қаупі жоғары науқастар үшін бұл ем «нағыз төңкеріс» болуы мүмкін.
«Меніңше, бізді алда өте жарқын болашақ күтіп тұр», – дейді ол.
Эйвери Херт – Алабама штатындағы Бирмиңгем қаласында тұратын тәуелсіз журналист. Ол National Geographic басылымына ғылым мен медицина тақырыптарында тұрақты түрде жазады.







