Сурикаттар әлеміндегі альфа ұрғашылар билігі

Африканың аптап ыстық жайлаған бір өңірінде сурикаттардың болашағы үйірді бастайтын ұрғашының – матриархтың қолында. Жаңа зерттеу альфа ұрғашылар түрді аман сақтап қалу үшін күрделі таңдау жасауға мәжбүр екенін көрсетті.

Автор: Камилла Бромли
Фото: Томас Песчак

Сурикаттар Ботсуана шекарасына жақын орналасқан, Оңтүстік Африканың 1200 шаршы шақырымға созылатын Тсуалу Калахари табиғи қорығындағы ініне қайтып келе жатыр. Әдетте бір үстем альфа аналық пен оның жұбы басқаратын үйірдің құрамында шамамен 10-15 бас болады.

Былтырғы тамыздың салқын таңында Оңтүстік Африканың Калахари шөлінде аналық сурикат салбыраған құйрығын сүйретіп, інінен әрең шықты. Сосын құрт-құмырсқа теріп жүрген үйіріне қосылды, бірақ тамақтануға шамасы келмеді. Жақын маңда үрейлі белгі жатыр: улы сұр жыланның ирелеңдеген ізі. Сурикатты шағып алған.

Сурикаттардың бойы 30 см-ден, салмағы бір кг-дан аспаса да, әдетте ересек адамды өлтіруге қауқарлы уы бар жыландарға төтеп береді. Бірақ көп мөлшердегі у қауіпті болуы мүмкін.

Сол күні жылан шаққан аналық сурикаттың үйірлестері бірігіп оған қосымша тамақ іздеді. Оны өліммен бетпе-бет қалдырып кете алмады. Өйткені аналық олардың тіршілігі үшін маңызға ие. Ол шағын үйірдің көсемі іспетті әрі ұрпақ жалғастыратын жалғыз аналық еді.

Үлкен топ болып өмір сүру сурикаттарға қоршаған ортаның үздіксіз өзгеруіне бейімделіп, аман қалуға мүмкіндік береді. Әдетте үйірде тек үстем аналық пен аталық қана көбейе алады. Үйірдің басқа мүшелері күшіктерді бағып-қағып, оларды аң аулауға, бірін-бірі күтіп-баптауға және топты қорғауға үйрету міндетін атқарады. Өз күшіктеріне дұрыс күтім жасалуы үшін үстем аналық қарсылас аналықтың төлдерін өлтіруі де мүмкін.

Сурикаттар матриархат әлемде өмір сүреді. Олар – теңбіл қорқаулар мен лемурлар секілді әлеуметтік құрылымы аналық үстемдігіне негізделген санаулы сүтқоректінің бірі. Әлсіреп қалған әлгі сурикат басқаларын қатаң тәртіпте ұстап отырған жалғыз аналық еді. Үйірдің басшысы ретінде күн сайын қорек іздеуге шығатын, жыртқыштардан қорғайтын, күшіктерге қамқор болатын көмекшілер тобындағы әлеуметтік тәртіпті сақтады. Онсыз топқа жеткілікті азық табу да, өзін қорғау да әлдеқайда қиын болар еді.

Калахариде сурикаттарға әдетте тас қыраны, қаражон шибөрі секілді жыртқыштар қауіп төндіреді. Бірақ кей жағдайда жау алыстан келмейді. Кейінгі он жылда зерттеушілер әр бес сурикаттың біреуі басқасының қолынан өлетінін анықтаған.

Аналықтардың билігін нығайтатын өзіндік артықшылықтары бар. Олар аталық сурикаттарға қарағанда ірілеу, күштірек әрі өктемірек болып келеді. Кейінгі он жылда жүргізілген зерттеулер, мұндай қасиеттер тестостерон секілді гормондардың көптігімен байланысты екенін анықтады. Әрі әлемдегі жедел өзгеріп жатқан мекеннің бірі саналатын Оңтүстік Африкада ахуал қиындаған сайын альфа сурикат рөлі бұрынғыдан да маңызы арта түскенін түсінуге көмектесті.

Жылан шаққан сурикат пен оның үйірі Калахари шөлінің оңтүстік шетінде орналасқан, 1200 шаршы километрді қамтитын Тсуалу Калахари табиғи қорығында тіршілік етеді. Кейінгі 25 жылда Тсуалуда егістік үшін шамадан тыс қолданылған жерлер қалпына келтіріліп, антилоп, арыстан, қабылан және басқа да жергілікті жабайы жануарлар әкелінді. Үш сәнді сафари лагері бар қорық – сурикаттар адамнан шошымайтын, жақын бақылауға мүмкіндік беретін Калахаридағы санаулы жердің бірі. Бұған негізінен 29 жастағы із кезуші Олорато Моакви еңбек сіңірген. Ол сурикаттардың қозғалысын таң атқаннан күн батқанға дейін бақылайды.

Сурикаттар әдетте 12–15 ересектен құралған топтарда жақсы өмір сүреді. Бірақ Моакви бақылайтын Тсуалудағы сурикат үйірі өте шағын. Биылғы қыста топтарда бес, алты не жеті бастан ғана бар. Үйірдегі сурикаттардың аздығы жойылу ықтималдығын арттырады. Қорек іздейтін, жыртқыштардан күзететін, күшіктерді бағатындар саны аз. Шағын үйірлер тірі қалу үшін тырмысады. Күнделікті қауіпке қарсы тұра алмайды, тіпті аптап ыстық пен құрғақшылық секілді қатерлерден қорғануға қауқарсыз.

90-шы жылдардың соңынан бастап Африканың оңтүстіктегі осы аймағында температура екіден аса градусқа күрт көтерілді. 30 градустан асатын жазғы күндердің саны үш еседен де көп артқан. Бірақ құрғақшылық ыстықтан да қауіпті. Өйткені құрғақ маусымда сурикаттардың азық қоры азаяды. Жауын аз түссе, жәндіктер сирейді. Сурикаттар алысқа ұзап, жерді тереңірек қазуға мәжбүр болады.

Тсуалудан шамамен 80 км батыста Калахари зерттеу орталығы орналасқан. Осы жеке ранчода биологтер мыңдаған сурикаттың өмірін зерттейді. Оларға қатысты ғылыми білімнің едәуір бөлігі дәл осы жерден алынған. 2012–2013 жылы қатты құрғақшылық салдарынан мұндағы сурикаттардың жартысынан астамы қырылып қалған.

Өңірдегі ауыр кезеңдер барған сайын ұзарып бара жатқандай. Бүгінде орталықтағы сурикат саны 90-жылдардағыға қарағанда шамамен 10%-ға азайған. Қазір ең ірі топтардың өзінде жиырма шақты сурикат қана бар. Құрғақшылыққа дейін олардың саны 30–40-қа дейін жететін. Климат өзгерісінен туындаған аса ауыр жағдайлар сурикаттар аналығын қатыгез тіршілік стратегияларына жүгінуге мәжбүр етуі мүмкін.

Олорато Моакви Тсуалу Калахари қорығында тұмса табиғат із кезуші болып істейді. Ол Оңтүстік Африкадағы Tracker Academy-де оқыған. Жергілікті халыққа жануарлардың ізі мен нәжісі арқылы оларды іздеп табуды үйретеді.

Моакви қыстың басында өзі бақылап жүрген үйірдің бірінде екі сурикаттың бір мезгілде буаз екенін байқады. Қорек тапшы кезде буаз матриарх өз төлін бірінші орынға қояды. Бағынышты сурикат күшіктегенде, үстемдікке ие аналық оған шабуылдап, жаңа туған күшіктерін өлтірді. Артынша әлгі аналықты топтан қуып жіберді.

Бір ай бойы қуылған аналық топқа қосыла алмай, бір өзі қорек іздеп, жалғыз ұйықтады. Тек матриарх аналық күшіктеген соң ғана қайтадан үйіріне қосылуға рұқсат алды.

Матриарх сурикаттың мұндай қатыгездігі шектен тыс көрінуі мүмкін. Бірақ үйірге пайдасын тигізеді. Дьюк университетінің мінез-құлық экологиясы маманы Кристин Дреа мен оның тобы кейінгі жылдары анықтағандай, үстем аналық буаз болғанда тестостерон деңгейі екі есеге жуық артады. Матриарх осы алапат күш пен агрессияны күшіктері мен бүкіл үйірдің қауіп төндіретін кез келген нәрсеге бағыттайды. «Ең қатыгез ұрғашы – ең көп тірі ұрпақ қалдыратын ұрғашы», – дейді Дреа.

Мұндай сурикат аналықтары түрдің төзімділігінің кілті тәрізді. Сурикаттардың кейде ынтымаққа, кейде бәсекеге негізделген әлеуметтік құрылымы жәндіктер азайып, құрғақшылық қыспаққа алғанда икемделіп, бейімделуге мүмкіндік береді. «Сурикаттар өте тез қалпына келеді», дейді Моакви. Қыстың соңында бақылайтын ең үлкен үйір екі жаңа төлімен толықты. Топтағы дарақ саны 14-ке жетті. Ал шырылдауық сұр жылан шаққан сурикат үйірінің көмегімен аман қалды.

Бірнеше аптадан кейін Моакви оны көріп қалыпты. Қайтадан билікті қолына алған әрі өзі буаз екен.

Жәндікке тосыннан тап берген сурикат. Сурикат қорегінің 80 пайыздан астамы көбелек, күйе көбелек, қоңыз, жұлдызқұрт секілді жәндіктерден, тіпті сарышаян сияқты өрмекші тәрізділерден тұрады.
Аш сурикаттың азу тістеріне ілінген аяқсыз сцинктің өмірі аянышты аяқталады. Сүтқоректілер өткір тістерімен олжасын жәукемдейді.
Сурикаттар жерді шебер қазады. Ұзын, тік тырнағымен топырақты тінтіп қорегін табады немесе жер астынан күрделі ін жүйесін қазады. Африканың аптап ыстығынан сая іздеген олар үшін көбіне өзге жануарлардың, мысалы сары мангустардың немесе Кейп дала тиіндерінің інін иемденіп алады.
Жылына сурикаттардың бестен бірі жыртқыштар шабуылынан немесе аурудан өлуі мүмкін. Олардың ағзасы жылан уына төтеп бергенімен, көп мөлшердегі у өлімге әкелуі мүмкін. Мына сурикатты жылан шағып, удың баяу әсерінен өлген секілді.
Екі сурикат қорекке таласып жатыр. Үстем сурикаттар билігіне қарсы келген дәрежесі төмендерді қатаң тәртіпке салады. Қарсыласына ауыр жазаның түр-түрін қолдануы мүмкін. Тамақтан айырады, топтан қуып шығады немесе тіпті шабуыл жасайды.
Климат өзгерісі сурикаттардың болашағына қатер төндірді. Температураның тұрақты өсуі мен жауын-шашын мөлшерінің өзгеруі олардың қорек іздеу, көбею дәстүрін бұзып, популяцияның өзгермелі ортаға бейімделу қабілетін әлсіретуі ықтимал. Бірақ матриархтың мұқият әрі үздіксіз жетекшілігі арқасында топтың тірі қалуға айтарлықтай мүмкіндігі бар.
Мақала National Geographic Qazaqstan журналының 2026 жылғы қаңтар айындағы санында жарияланған.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ