Шетелдік таза қанды жүйріктерге жаппай көңіл ауған шақта жергілікті жылқының байырғы тұқымдары туралы толғаныс.
Автор: Жәнібек Әлиман
Фото: Ерболат Шадрахов
Әкем 90-жылдардың ортасында жылқы бақты. Бір жылы қар қалың түсті. Қасқыр да көбейіп, малға шабуы жиілей берген соң, Қарағанды облысы Шет ауданы Нілді ауылының тұрғындары жылқысын қолға, қорасына әкелді. Әдетте қыста жылқыны қораға әкеліп бағу – сирек жағдай. Атам жем-шөпті сиыр мен қойға ғана шақтап жинап, жылқыны есепке алмаған еді. Сондықтан бір үйір жылқыны тебінге қайта жіберді де, оларды енді әкем қарайтын болды. Бір күні апталап соққан бораннан соң, үйірді кешке бір-ақ табады. Жылқы төбенің басында шоқтай боп иіріліп, айғыр жылқыны айнала ойқастап жүргені алыстан байқалады. Әлденені іші сезіп, желе жортып жетсе, жылқы иіріліп тұрған жердің қара топырағы шығып кетіпті. Айғыр қыс ішінде жердің шаңын бұрқылдатып ойқастап, сес көрсетіп жүр екен. Шауып төбеге шыққан әкем қыр астында алты қасқыр кетіп бара жатқанын көреді: жылқы күні бойы топ қасқырдың қамауында тұрған екен. Әкем ат тізесінен келетін қалың қар былай тұрсын, бір орында бірнеше сағат иірілген жылқы топырақтың өзін түтіп жібергенін, төбе басындағы ұсақ тобылғылар үгіліп, қыс ішінде қар астындағы жердің шаңы бұрқырап жатқанын көреді.
Әкемнен естіген осы оқиғаның дәл солай болғанына еш күмәнім жоқ. Біздің елде «алты ай жаз, алты ай қыс» деген ұғым қалыптасқан. Арқа деп аталып кеткен қазақ даласының орталық өңірінде тұрақты тіркеске айналған осы сөз тікелей жергілікті климатпен байланысты. Қыс аяғы созылған жылдары сәуірдің ортасына дейін қар жата беретін кездер де болады. Жылқы сәуірдің басына дейін ақ қар, көк мұзда өзін ғана емес, іштегі ұрпағын да сақтап, ақырында наурыздың соңына таман құлындайды. Алты ай қыста қарлы боран мен үскірік жел, сықырлаған 40 градус аязда аш қасқырлармен алыса жүріп, үрей мен үміттің арасында әбден шыңдалған жергілікті жылқы ғана бұл даланың рухын сезіне алатын сияқты.
Ботай қонысы және Пржевальский жылқысының тарихы
Ботай қонысы туралы қызықты зерттеулер әлі де жүріп жатыр. Біздің заманымыздан бұрынғы IV мыңжылдықтың ортасына сәйкес келетін, Қазақстанның Солтүстік өңірінен табылған Ботай жұрты ондағы адамдар жылқы шаруашылығымен әлемде ең алғаш болып айналысқандығымен ерекшеленеді. Виктор Зайберт бастаған ғалымдар мұнда дүниежүзінде тұңғыш жылқы ұстаушылар тұрғанын дәлелдеді. Ғалымдардың көбі Ботай қонысы жылқы шаруашылығына тұңғыш із салған ең ежелгі археологиялық мәдениет ретінде қала береріне күмән келтірмейді. Өйткені мұндағыдай бірде-бір мекеннен мыңдаған жылқы сүйегі табылмаған. Онымен қоса қоныс маңындағы жылқының қи-тезегі баттасқан берік қоршауларды жоққа шығару қиын. Осы археологиялық зерттеуге қатысқан Ұлыбританиядағы Эксетер университетінің археология профессоры Алан Аутрам (Alan Outram) бастаған топ органикалық қалдықтарға изотоптық талдау жасау арқылы Ботай қыштарында бие сүтінің май қалдықтары сақталғанын, бұл жылқының б.з.д. 3500 жылдар шамасында қолға үйретіліп, сауылғанының нақты дәлелі екенін жариялады.
Ең қызығы, ДНҚ зерттеулері ежелгі Ботай жылқылары қазіргі қолға үйретілген жылқының арғы атасы еместігін айғақтап отыр. Бұл туралы Science журналында жарияланған зерттеуге сілтей отырып, National Geographic сайты да жазды. Осы зерттеуге қатысқан Канзас университетінің археологі, Ботай қонысындағы қазба жұмысына жетекшілік еткен Сандра Олсен ДНҚ сараптамасының нәтижелері Ботай жылқылары қазіргі қолға үйретілген жылқылардың арғы тегі емес, Пржевальский жылқыларының арғы бабасы екенін мәлімдеген.
Фотосурет: Дмитрий Ругис.
Зерттеушілер Ботайдағы 20 жылқыдан және басқа да 22 көне еуразиялық жылқыдан табылған ДНҚ геномдарын секвенирлеп, сосын оны басқа да ежелгі және қазіргі жылқы геномдарымен салыстырғаннан кейін осындай қорытындыға келген.
Осылайша, бұл зерттеу алғаш қолға үйретілген жылқылардан біз қазір Пржевальский жылқысы деп атайтын тұқым таралғанын және олар кейін жабайыланғанын көрсетіп отыр.
Демек, Ботайдың қадірін арттыратын нәрсе – адам мен жылқы арасындағы байланыстың алғашқы кезеңі біздің даламызда өткеніне терезе ашқанында. Бұл құбылыс кейін адамзат тарихын түбегейлі өзгерткені белгілі.
Сонымен қатар бұл дерек туған өлкесінде айырылып, іс жүзінде жойылған, зообақтарда ғана санаулысы қалған, осы күндері Торғай даласына жерсіндіріліп жатқан Пржевальский жылқысының заңды мекені де Қазақстан екенін тағы бір рет үстеп қойды.
Көшпелілер дүниетанымындағы жылқы
Жылқының адамзатқа берген ең үлкен сыйы – оның жүйріктігі ғана емес, кеңістікті жақындатқаны еді. Жаяу адамның алдында шексіз дала жатса, атқа мінгеннің алдында еңсеруге тиіс жол ғана бар. Көшпелі халықтар қандай да бір шаруаға сайланғанда, аттан (атқа мін) дейді. Яғни бұл далада атқа мінбей шаруа бітпеген.
Ботайдан кейін де талай ғасыр өтті. Адам өміріндегі жылқының орны тереңдей түсті. Қазақстанның шығысы Алтайдағы Берел қорымында адам мен аттың бірге жерленуі мыңдаған жыл бұрынғы далалықтардың жылқыға деген көзқарасын өзгеше қырынан әйгіледі. Жылқы феномені бұл кезде Ботайдағы шаруашылық кептен жоғары мәнге көтерілген. Арғымақтардың ерекше сәнді ат әбзелдерінің өзі өркениет ізін аңғартқандай. Ежелгі далалықтардың жылқымен тұтасқан сана-сезімі мәдени биікке көтерілгенін көреміз. Сақ дәуіріне сәйкесетін бұл жануарлар адамның әлеуметтік мәртебесімен, дүниетанымымен, о дүниелік түсінігімен қабаттасып, қанатты қасиетке айналып кеткен.
«Ер қанаты – ат» деген мақал осы замандар түсінігінен бастау алуы да мүмкін. Өйткені ежелгі Берел қорымынан шыққан ертоқымда қанатты пырақ бейнеленуі бабалар дүниетанымынан терең сыр шертеді.
Қазіргі қазақ қылқұйрықтары сол сақтар жылқысының тікелей тұқымы деуден аулақпыз. Бірақ ықылым дәуірлерден бері бабаларымыз жылқымен бітеқайнасып өмір сүріп, кеңістікті игергенін айтуға тиіспіз.
Қазақтың байырғы жылқы тұқымдары
Бүгінде Қазақстанда сымбаты келіскен ақалтеке, араб, ағылшын жылқысы сынды басқа да шетелдік тұқымдар көптеп кездеседі. Ақалтеке тұқымын шығаруды Алматы және Жамбыл облыстарында кеңестік заманнан бері жалғастырып келе жатқан шаруашылықтар бар. Тұрпатына сүйсінбей тұра алмайтын мұндай тұқымдар ел ішіндегі ұшқыр бәйгелерде жарқырап көрініп те жүр. Ал байырғы қазақ жылқылары ше?
Елімізде жабы, адай, найман тұқымы сынды дәстүрлі қазақ жылқысын, арнайы селекциямен шығарылған Қостанай, Көшім, Мұғалжар тұқымын ұстап отырған шаруашылықтар бар. Олардың қалыптасу тарихы әртүрлі болғанымен, бәріне ортақ сипат: дала жағдайына бейімделуі.
Қазақтың жергілікті жылқы тұқымдарының ішінен бітімі бөлек көрінетін тұқымның бірі – Мұғалжар жылқысы. Бұл тұқым міністен гөрі, негізінен шаруашылыққа – ет пен сүт өндірісіне бейімделген. Сондай-ақ қысы-жазы далада тебіндеп жайыла береді.
«Қазақ жабыларынан іріктеліп алынған мұғалжар жылқысының үш түрі бар. Ембі, Құланды, сосын Орталық Қазақстандағы Қожамберді типі, – дейді Өнімді жылқы тұқымдары республикалық палатасын басқаратын Дәурен Сыдықов. Оның айтуынша, бұл тұқымның бір ерекшелігі – ғылыми бақылаусыз, өз еркіне қоя берсе, 10–15 жыл көлемінде байырғы қазақ жабысына айналады.
Тағы бір маңызды тұқым – Қостанай жылқысы. Бұл қылқұйрықтардың тарихы XIX ғасырдың соңынан басталады. Тұқымның түп негізінде жергілікті қазақ биелері жатты. Оларға әр кезеңде Дон, Стрелец, таза қанды ағылшын және басқа да мініс бағытындағы айғырлар қосылып, жергілікті тұқымның төзімділігін сырттан келген жылқылардың жүріс, дене бітімі мен мініс қасиеттерімен ұштастыру көзделді. Яғни Қостанай жылқысы – табиғаттың кездейсоқ сыйы емес, қазақ даласының жағдайына бейімделген жергілікті жылқыны адам қолымен жетілдірудің нәтижесінен алынған тұқым. Оның қуаты тек сыртқы сымбатында емес, қимылында, төзімділігінде, алысқа шабу қабілетінде. Ел арасында ат жүгіртіп, атаққа жетіп жүрген сыншы-бапкерлер бұл тұқымды арғымақ десе арғымаққа, қазанат десе қазанатқа татитын нағыз асыл, текті қылқұйрықтар қатарына жатқызады.
Фотосурет: Асхат Нок.
«Әлемдік марафондық бәйгені бағындыруға бірден бір қауқарлы жылқы осы арғымақтар болады деп ойлаймын, – дейді Qostanai Argymagy Қостанай жылқы тұқымын сақтау және дамыту корпоративтік қорының директоры Алтай Бимен. – Негізінен бұлар – ұзақ қашықтықты игеретін жорық жылқысы». Мысалы, оның айтуынша, қостанайлық Червонец атты тұлпар 100 шақырымды 4 сағат 1 минут 5 секундта өтіп, рекорд орнатқаны туралы дерек бар. Бірақ кейін ел ішінде әрі кеткенде 25–35 шақырымдық бәйгелер алдыңғы орынға шығып, жүлдеге автокөлік тігілген соң, бұл тұқымды ағылшын және араб жылқыларымен будандастыру үрдіс алған. Алтай Бимендин осыған налиды. Қостанайдағы «Қазақ тұлпары» зауытының материалдарында 2002–2007 жылдары бұл жануарлар таза қанды тұлпарлармен жарыста 257 жүлде еншілегені жазылған. Оның арасында 106 рет бірінші келгені, 92 рет екінші, 59 рет үшінші келгені туралы бөлек статистика бар. Басқа дереккөздердегі мәліметтерде де жоғары көрсеткіштер тізбектелген.
Осындай нәтижелері бар, бір кездері ондаған мың басқа жеткен Қостанай жылқысының кейінгі онжылдықтарда қатты азайып кеткені алаңдатады. Мұның өзі тұқымды сақтау мәселесінің қаншалықты өткір екенін көрсетеді.
ДНҚ зерттеулері не дейді?
Қазақстанның әр өңірінен алынған 25 жылқы шаруашылығындағы 2020 жылқыға 2023 жылы Equine80K SNP array әдісімен генотиптеу жүргізілді. Онда жабы, адай, найман сияқты дәстүрлі типтермен бірге Қостанай, Көшім, Мұғалжар тұқымдары қарастырылды. Яғни жылқылардың геномындағы шамамен 80 мың SNP (бір нуклеотидтік полиморфизм) маркері зерттелген. Авторлар құрамында Қазақстанның Өсімдіктер биологиясы және биотехнология институты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, сондай-ақ Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің зерттеушілері бар. Бұл зерттеу 2023 жылы Animal журналында «Genetic structure and genome-wide association study of the traditional Kazakh horses» деген атаумен жарияланған.
Зерттеу қазақ жылқыларының генетикалық тұрғыдан бір-бірінен өте қатты ажырамағанын, олардың арасында генетикалық байланыс пен араластық едәуір екенін көрсетті. Авторлар қазақ жылқыларын халықаралық жылқы шаруашылығы үшін құнды генетикалық қор ретінде қарастыруға болатынын атап өтті.
Ал 2026 жылы 6 шілдеде Frontiers in Genetics журналында жарияланған митохондриялық ДНҚ зерттеуі Қазақстандағы бірнеше жергілікті жылқы популяциясында аналық линиялардың жоғары алуан түрлілігін және тұқымдар арасындағы генетикалық шекаралардың әлсіздігін дәлелдеді. Дания Уалиева, Қайрат Досыбаев, Тілек Қапасұлы және бірнеше автордың зерттеуіне Қазақстанның Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты, Ғылым және жоғары білім министрлігінің Генетика және физиология институты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Жапонияның National Institute of Genetics ғалымдары қатысқан. Олар жергілікті Мұғалжар, Қостанай, адай және қазақ жылқысының жабы типінен 60 жылқы таңдап алған. Жануарлар Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Алматы және Ұлытау өңірлеріндегі алты популяциядан жиналған. Мысалы, бір COI гаплотипі Қостанай, адай және Солтүстік Қазақстандағы Мұғалжар жылқыларында ортақ болған. Яғни қазақ қылқұйрығының құндылығы – ғасырлар бойы құбылмалы дала жағдайында өмір сүріп, табиғи ортаға бейімделген генетикалық қорында. Мыңжылдықтар бойы қасиетін сақтап келе жатқан даланың табиғи туындысы ретінде аса бағалы. Арқаның ақ бораны мен аязы бір мінез қалыптастырса, Маңғыстаудың аптабы мен шөлейті басқа қасиетті шыңдады. Жетісудың тау бөктері, Алтайдың қарлы аязы, Аралдың аптабы – әрқайсысы жылқыға өзінше талап қойды. Бұл табиғаттың үнсіз сұрыптауы еді.
Ендеше бабалар өркениетінің белгісі болған түлікке бүгінде жай ғана шаруашылық малы деп қарау әділетсіздік болмақ. Бабын білгенге ақ боранды Арқадан аптапты Маңғыстауға дейінгі қатал далада шыңдалған отандық жылқы тұқымдарының әрқайсысының өз қазанаты бар. ДНҚ зерттеулері дәлелдегендей, олардың бойында әлемдік генофонд үшін баға жетпес биологиялық код жатыр. Ендеше сол жылқыны сақтау мәдени мұрамыздың бір бөлігін де сақтау болмақ.
Мақала National Geographic Qazaqstan журналының 2026 жылғы қазан айындағы санында жарияланған.







