Ғалымдар күйзелістің «шешімін» таба ала ма? Олар соған талпынып жатыр.
Автор: Юдхиджит Бхаттачарджи
Фото: Брайан Финке
Бұдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын жүргізілген ұзақмерзімді, яки ұқсас зерттеулердің алғашқы ауқымдысы, таңғаларлық жаңалыққа әкелді. 1967 жылы Ұлыбританияның зерттеушілері 17 500-ге жуық британдық мемлекеттік қызметшінің денсаулығын бақылай бастады. Зерттеушілер кеңседегі көмекші сияқты төмен лауазымды қызметшілер қоғамның жоғарғы шоғырындағы жоғары лауазымды мемлекеттік қызметшілерге қарағанда ертерек әрі жиірек қайтыс болатынын анықтады. Түсініксіз себептерге байланысты төменгі буын қызметкерлері жүректің ишемиялық ауруымен жиі ауыратын болған.
35 пен 55 жас аралығындағы 10 300 мемлекеттік қызметшінің қатысуымен жүргізілген кейінгі зерттеуде зерттеушілер бұл теңсіздіктің жағдайға байланысты ықтимал түсіндірмесін тапты: төмен лауазымдағылар жұмыста шешім қабылдауға азырақ әсер етеді. Нәтижесінде көптеген адам күйзеліске ұшырап, бұл олардың денсаулығына әсер еткен.
Содан бергі бес онжылдықта ғалымдар мен медицина зерттеушілері созылмалы күйзеліс біздің жалпы денсаулығымызды құртуы мүмкін екеніне көз жеткізді. Күйзеліс жүрек ауруы қаупін арттырып қана қоймай, семіздік пен қант диабетіне де ықпал етеді. Ғалымдар сондай-ақ оның иммундық жүйені әлсіретіп, жұқпалы ауруларға осал ететінін анықтады.
Амстердам зертханасында тышқан лабиринттен шығар тесікті іздеп жүр. Зерттеушілер аналық тышқанның баласына әсерін тексеру үшін ұя жасайтын материалды шектеп, тәжірибе өткізді. Есейген соң тышқандар лабиринтте сынақтан өткенде, жайлы жағдайда өскен тышқандарға қарағанда, шығатын тесікті есте сақтауға ұзақ уақыты кетті.
Күйзелісті әркім әртүрлі сезінеді. «Түрлі проблеманың әсерінен адамның өзгерісті қажетсінуі» деп сипаттап, алғаш рет күйзелістің тұжырымдамасын ұсынған эндокринолог, күйзеліске қатысты зерттеулердің ізашары Ханс Селье болды.
1936 жылғы маңызды зерттеуінен бастап Селье өте жағымсыз тітіркендіргіштердің қатты дыбыстар, шақырайған жарық немесе төтенше температуралар секілді әртүрлі түрлері зертханалық жануарларды бейімделуге мәжбүрлейтінін анықтады. Бүгінгі қоғамда күйзеліс факторлары күнделікті қиындықтардан, мысалы, кептелісте тұрып қалудан ажырасу не жақын адамның қайтыс болуы сияқты төтенше, өмірді өзгертетін оқиғаларға дейін болуы мүмкін. Нәтижесінде «өзгерістерге қажеттілікті қанағаттандыратын ресурстар бойыңызда жоқтай сезінесіз», – дейді Чикаго университетінің психологі, нейробиолог Грег Дж. Норман.
«Кейінгі бірнеше жылда бүкіл әлемде психологиялық күйзеліс деңгейі COVID-19 пандемиясы, азаматтық наразылықтар, әлемдегі саяси тұрақсыздықтың күшеюі және күрделі экологиялық, экономикалық мәселелер туғызған климат өзгерісі сынды көптеген оқиғаның қат-қабат келуінен күрт өсті. Күйзелістің осыншама кең тарауының салдары енді ғана сезіле бастағанымен, дәлелдер торығу, жарақаттан кейінгі күйзеліс секілді мазасыздық пен көңіл күй бұзылысының екінші пандемиясымен бетпе-бет келгенімізді көрсетеді»
Худа Акил мен Эрик Дж. Нестлер, «Күйзелістің нейробиологиясы: осалдық, төзімділік және торығу». PNAS, 2023 жылдың қарашасы
Біз күйзеліске түскенде денеміз адреналин бөледі, ол жүрек соғысын жиілетеді, тыныс алуды жеделдетіп, бұлшықеттер жиырылып, қан қысымы көтеріледі. Бұл кортизол деңгейінің жоғарылауымен бірге жүреді, ол «ұр немесе қаш» реакциясын тудыратын гормон. Өткір күйзеліс адамға психологиялық тұрғыдан да, физиологиялық тұрғыдан да әсер етеді. Бірақ қауіп сейілгенде осы қорғаныш реакциясынан тез арылуға болады. Ал созылмалы күйзеліс қалыпты өмірге қайту қиын болатын, еңсерілмейтін жағдай. Бұл оны уытты етеді. «Сіз бірқалыпты жағдайда өмір сүріп жатқандайсыз… Бірақ ол жай ғана қатер емес, қауіпті дерт», – дейді Норман. Қаражат тапшылығы, басшылықтың билігін асыра пайдалануы – осындай созылмалы күйзеліс факторларының мысалдары.
Түрме қызметкерлері Техастағы ескі мектепте қарулы адамды ұстау жаттығуларына қатысып жатыр. Өзгелермен салыстырғанда тәртіп сақшыларында жүрек-қан тамыры ауруларының қаупі жоғары. Тіпті офицерлер шын емес екенін білсе де, мұндай жаттығулар физиологиялық күйзеліс белгілерін арттыратыны көрсетілген.
Дегенмен күйзелістің кей формалары бізге зиян келтірмейінше байқалмауы мүмкін. Оның бірі – егде жастағы адамдарда жиі болатын және COVID-19 пандемиясы кезінде бүкіл адам бетпе-бет келген әлеуметтік оқшаулану.
Бүгінде адамдар әлеуметтік-экономикалық және экологиялық шұғыл өзгерістерге куә болып жатқандықтан, бүкіл әлемде созылмалы күйзеліс күшейіп бара жатқан сияқты. Gallup 2023 Global Emotions Report күйзеліс деңгейі көптеген елде, әсіресе Талибан басқаратын Ауғанстан мен өмір сүру құнының өсуі 2022 жылы қырғынға әкелген наразылықтарға ұласқан Сьерра-Леонеде рекордтық деңгейге жақын екенін айтты. Күйзеліс әдетте емделуге ресурсы жетпейтін, табысы аз, шеттетілген популяциялар арасында көбірек әрі әсері де күштірек.
Зерттеушілер оның денеміз бен санамызға әсер ететін нақты механизмдері туралы көбірек білуді көздеп отыр. Күйзелістің физиологиялық тұрғыдан қалай өтетінін білсек, оның адамдарға зиянын тигізбеу жолдарын да таба аламыз деген үміт бар.
Лоуренсвилдегі (Джорджия шт.) Кэйтлин мен Крис Николс үшін Хейс, Пресли, Милли атты үшемді өсіру оңай шаруа емес. Шала туған нәрестелер аурушаң. Созылмалы ауруы бар балаларды бағып отырғандардың өздері де түрлі дертпен бетпе-бет келеді: оларда хромосомалардың ұштарындағы қорғаныш қақпақтар – теломерлер – қысқарақ, бұл күйзелістен қартаюдың ықтимал белгісі.
Созылмалы күйзелістің ағзаға зиян тигізуіне әу бастан жол бермеу
1960-шы жылдардың аяғынан 1990-шы жылдарға дейін Румынияның шағын әрі жеткіліксіз жабдықталған балалар үйлерінде он мыңдаған жетім мен тастанды бала адам айтса нанғысыз зорлық-зомбылықты бастан кешіріп, қараусыз өскен. Ғалымдар осы балалар үйлерінде тәрбиеленген балаларды зерттегенде, олардың дұрыс дамымағанын анықтады. Олардың миының электрлік белсенділігі румын отбасыларында өскен балалармен салыстырғанда төмен болды. Балалар үйінде өскен көптеген балада кейіннен психикалық бұзылыстар дамып, көпшілігі ауыр когнитивті бұзылыстардан зардап шекті. Бүгінгі таңда осы жетімдердің кейбірінің қайғылы тәжірибесін балаларды дамыту мамандары сәби кездегі күйзелістің мида өшпес із қалдыруы мүмкін екендігінің бұлыңғыр мысалы ретінде қарастырады.
Бұл зерттеулер Анико Короусиге күйзеліс неврологиясы бойынша докторлық диссертация жазып жүрген кезінде қатты әсер еткен. Қазіргі уақытта Амстердам университетінің зерттеушісі Короуси бала кездегі күйзеліс пен мидың дамуы арасындағы байланысты анықтау үшін тышқандарға тәжірибе жасап жүр.
Тышқандар әдетте өмірінің алғашқы үш аптасын анасының қамқорлығында өткізеді. «Осы үш аптаның біріншісінде біз оларды жайсыз әрі жабдығы аз торға саламыз», – деп түсіндіреді Короуси. Бұл ананы күйзеліске түсіреді, өйткені ол ұя жасайтын материал іздеп, әлек болады. «Осыған байланысты оның мінез-құлқы тұрақсыз болады да, балаларына нашар күтім жасайды», – дейді Короуси. Бір аптадан соң, тышқан балаларымен бірге ыңғайлы торға ауыстырылады. «Сол кезде ана күтімі қалыпқа түседі».
Тышқан балаларындағы күйзеліс олардың ми қызметін өзгертеді. Амстердам университетінің зерттеушілері ми тінінің жұқа қабатын зерттей келе, мидағы иммундық жауапты реттеп, өлген нейрондар мен өзге қалдықтарды жою арқылы миды таза ұстау қызметін атқаратын микроглиядан ауытқулар тапты.
Уақыт өте келе тышқандар туғаннан бастап қолайлы жағдайда ұсталған тышқандардың салмағына жетеді. Бірақ төрт айдан кейін үйрену және есте сақтау тапсырмалары бойынша сынақтан өткенде, өмірінің бірінші аптасында қолайсыз жағдайларда өсірілген тышқандар қалыпты тышқандарға қарағанда нашар нәтиже көрсетті. Короусидің айтыуынша, «Өмірдің басында болған созылмалы күйзеліс ауыр әрі ұзаққа созылатын әсерлерге ие, өйткені дәл осы кезде мида көптеген байланыс жасалады». Зерттеушілер күйзеліске ұшыраған тышқандарда байқаған маңызды өзгерістердің бірі олардың миындағы қоректік заттардың құрамы болды. Кейбір май қышқылдары мен аминқышқылдарының деңгейі жайлы ортада өсірілгендерімен салыстырғанда бірінші аптада төмен болды. «Бұл шынымен таңғаларлық», – дейді Короуси. Ол күйзеліске ұшыраған тышқанды қоректік заттарға бай тамақпен қоректендіріп, оның дамуын қалыпқа келтіруге бола ма екен деп ойлады. Қосымша диета сүтпен берілуі үшін алдымен аналық тышқанды, сосын емуді доғарған балаларын да екі апта бойы қоректік заттармен тамақтандырды. Зерттеушілер ересек тышқандардың үйрену мен есте сақтау қабілетін сынамас бұрын, бірнеше ай күтті. Күйзеліске түскен әрі ешқашан қосымша қорек берілмеген тышқандардан айырмашылығы, оларда когнитивті бұзылыстар болған жоқ. «Мен диетаны өзгертудің бұлай күшті әсер етуі мүмкін екеніне таңғалдым, өйткені бұл қарапайым ғана әрекет еді», – дейді зерттеуші.
Короуси мен оның әріптестері адамдарды да зерттейді. Жақында күйзеліске түскен ананың сүтіндегі қоректік заттардың тапшылығы оның ұрпағының миына күйзелістің зиянды әсерлерін беру механизмі болуы ықтималдығын зерттеді. «Шынымен де күйзелісте жүрген ана сүтіндегі май қышқылдарының, аминқышқылдарының құрамы басқаша екенін көріп отырмыз», – дейді Короуси. Егер одан әрі зерттеулер тамақтанудың қалай әсер ететіні туралы көбірек дәлелдер берсе, оның айтуынша, күйзелісте жүрген анадан туған нәресте диетасын белгілі бір қоректік заттармен толықтыруға күшті негіз болады.
Орта мектеп оқушысы Зайнаб Коракиуала Харвардтың күйзеліс және даму зертханасында күнделікті күйзелістің жасөспірімдер миының дамуына әсерін зерттейтін функционалдық МРТ-дан өтіп жатыр. Басқа бір зерттеуде мидың сканы (оң жақта) бала кезінде көп зәбір көрген адам миы эмоциялық тітіркендіргішке қатты ширығатынын көрсетті.
Күйзелісті алдын ала ескертетін жүйе әзірлеу
Көптеген жоғары сынып оқушысы сияқты Зайнаб Коракиуала да қажып жүрсе де, әлеуметтік өмірге араласып, сабағынан қалмауға тырысады. Ол Лексиңтондағы (Массачусетс штаты) бәсекелестік жоғары мектепте оқиды. Қазір оған бағалар әсіресе маңызды, өйткені көп ұзамай колледжге тапсырмақ. Коракиуала өзін мазасыз адам деп сипаттайды. Мен онымен былтыр желтоқсанда сөйлескенімде, алдыңғы аптада бір-екі күн сабаққа бармай қалып, қатты күйзелгенін айтты. «Тапсырмалар тым көп әрі сабақтан тыс жұмыстарым да бар. Уақытым дымға жетпейтіндей», – деді ол маған.
Коракиуала – Орегон университетінің психологі Кэйти Меклафлин басқаратын Харвард зерттеуіне қатысқан 150 жасөспірімнің бірі. Зерттеудің көздеген мақсаты – жасөспірімдерде кездесетін күнделікті күйзелістің эмоциялық, когнитивті, әлеуметтік және мидың дамуына әсерін бағалау. Меклафлин жасөспірімдердің балалық шақтан ересектікке өту кезінде, өмірінің ерекше осал кезеңінде, психикалық денсаулық проблемаларының қалай пайда болатынын түсінгісі келеді. «Зерттеу көрсеткендей, психикалық денсаулық проблемаларының көпшілігі күйзеліске түсіретін оқиғаны бастан кешкен соң, салыстырмалы түрде тез, әдетте бір немесе екі ай ішінде басталады», – дейді Меклафлин. «Егер сіз жасөспірім болсаңыз, жігітіңіз не қызыңызбен айырылысып кету немесе бірнеше айлық жаттығудан кейін футбол командасына мүше бола алмауыңыз, ең жақсы досыңыздың сізден бас тартуы не достарыңыздың сізді шеттете бастауы күйзелтетін оқиға болуы мүмкін».
Қоғамдық денсаулық сақтау қызметкері (Нью-Йорк қ.) Карлин Рафаэль (сол жақта) емізу мен жаңа туған нәрестенің дұрыс ұйықтауына қатысты кеңес беру үшін жас ана Марисела Браво Беррера мен оның 2 айлық қызы Эйнжлге келді. Зерттеулер созылмалы күйзеліс емшек сүтінің қоректік құрамын өзгертетінін көрсетті. Анасының күйзелісті басқара білуі – сәбидің саламатты даму кілті.
Меклафлиннің зерттеулері әртүрлі әлеуметтік-экономикалық топтардағы жасөспірімдердің өмірін бақылайды. Сондықтан күйзеліске қатысты терең сұхбат алу үшін жеткіншектерді ай сайын зертханаға шақырады.
«Біз адам әдеттегіден ауыр күйзеліске түскенде, әлеуметтік мінез-құлқында, ұйқы режімінде, физикалық белсенділігінде және, ең бастысы, миында қандай өзгерістер болатынын анықтағымыз келеді», – дейді Меклафлин.
Ол әріптестерімен бірге сол зерттеуге әлі де деректер жинастырып жатыр, бірақ 30 жасөспірімді қамтыған бастапқы шағын зерттеу зерттеушілер нені анықтай алатынын байқатады. Бұл зерттеуде Меклафлин зертханаға барар алдындағы бір айда бастан өткерген күйзеліс деңгейі жасөспірім миының қорқынышты адам жүзінің суреті сияқты эмоцияға әсер ететін ақпаратқа реакциясын қалай өзгерткенін анықтады. Эмоцияларды реттеуге көмектесетін мидың маңдай қыртысы жеткіншек күйзеліске жоғары деңгейде түскен кезде азырақ белсенді болды. «Мұны сіз де бастан кешкен болуыңыз мүмкін: қатты күйзелген кезде, эмоциялық реакцияларыңызды басқару қиынырақ болады, – дейді Меклафлин. – Ондай кезде өзіңіздің серігіңізге немесе отбасыңыздағы біреуге аяқасты дауыс көтеріп, ренжітіп алуыңыз мүмкін».
Меклафлин зерттеу деректері мазасыздық пен торығу сияқты психикалық денсаулық проблемаларын болжайтын мінез-құлық пен ми белсенділігіндегі өзгерістерді анықтауға көмектеседі деп үміттенеді. Оның айтуынша, бұл жасөспірімдерге қажет кезде қолұшын созуға мүмкіндік береді.
Тафтс университеті докторанты Өрсила Биди торғайды ұстап тұр. Зерттеу барысында ол құстарды торға қамап, әдейі күйзеліске түсіреді. Қан үлгілері күйзелген құстардың ДНҚ-сы зақымданғанын көрсетті, бұл олардың сабасына түсу механизміне қатты күш түскенін білдіреді.
Басқа зерттеуде Биди құстардың күйзеліс гормоны – кортикостеронды тексеру үшін торғай қауырсынын өлшеді. «Біз мұны ағаштың қалай өскені туралы ақпарат беретін ағаш сақиналарымен салыстырамыз», – деді ол. Қауырсын күйзеліске түскен уақыттарды көрсетеді.
Созылмалы күйзелістен туындайтын қабынудың алдын алу
Психолог Джэнес Киколт-Глейзер мен оның вирусолог күйеуі Рональд Глейзер 1980-ші жылдардың басында Охайо мемлекеттік университетінде (OSU) күйзелістің физиологияға әсерін зерттей бастады. Жылдар өте келе олардың жұмысы кеңейіп, ересек өмірдегі кейбір негізгі күйзеліс факторларын, әсіресе олардың иммундық жүйеге қалай айқынырақ әсер етуі мүмкін екенін де қамти бастады.
Алдымен олар медицина студенттерін бақылады. Қан сынамаларын пайдалана отырып, зерттеушілер емтихан жоқ кездегіге қарағанда, емтихан кезінде студенттердің иммундық жүйесі әлсіздеу болатынын анықтады. Зерттеушілер әрі қарай күйзелістің вакциналарға ағзаның реакциясын өзгертер-өзгертпесін зерттеді. Олар емтихан қарсаңында студенттерге сол кездері «В гепатитіне қарсы үш кезеңді вакцина» деп аталған екпе жасады. Киколт-Глейзер: «Біз бірінші және екінші екпе арасында, 1 ай ішінде, кімде антидене қалыптасқанын тексердік, – дейді, – қажыған, мазасыз студенттерде өлшеуге келетін антиденелер болмады». Үшінші реттік инъекция оларға иммунитетті күшейтуге көмектесті.
Олар сондай-ақ қоғамдағы ерекше күйзеліске түскен адамдар – қарттардың күтімімен айналысатындарға назар аударды. Зерттеушілер жұбайы деменциямен ауыратын адамдарға тұмау мен пневмонияға қарсы вакциналар салды. Емтихан кезінде қысқамерзімдік қана күйзеліске ұшырауы мүмкін медицина студенттерінен айырмашылығы, бұл адамдар созылмалы күйзеліспен күн кешіп жатыр. Вакцинациядан кейін белгілі бір уақыт аралығында сынақтан өткенде, бақылау тобымен салыстырғанда, оларда антиденелер аз болды.
«Бұл бізге күйзелістен туындаған өзгерістердің биологиялық маңызды екенін дәлелдеді», – дейді Киколт-Глейзер.
Глейзер мен Киколт-Глейзер әріптестерімен бірге ерікті екі топтың – деменцияға шалдыққан жұбайы бар жандар мен сол жастағы ешкімге күтім жасамайтын ересектердің – қолдарына ине биопсиясын жасау (яғни ұсақ жаралар жасау) арқылы тереңдей түсті. «Күтім жасамайтындарға қарағанда күтушілерге жараны емдеуге 24 пайызға ұзағырақ уақыт қажет болды», – деп атап өтті зерттеуші.
Эллен Эбе Альцгеймер ауруына шалдыққан күйеуі Томми биыл қарттар үйіне көшкенге дейін оның күтіміне көп уақыты мен күшін жұмсайтын. Ол Охайо мемлекеттік университетінде мұндай күтім жасау жұмысы ағзаның аурумен күресу қабілетіне және депрессия мен мазасыздық қаупіне қалай әсер ететіні туралы зерттеуге қатысқан.
Глейзер мен Киколт-Глейзер 1980-жылдары күйзелісті зерттеуді бастағаннан кейін көп ұзамай, қазір Карнеги Меллон университетінің құрметті психология профессоры Шелдон Коэн бастаған зерттеушілер Ұлыбританиядағы 400-ге жуық ересек еріктілердің кеңсірігіне суық тигізетін вирус жіберді. Кейін тәжірибеге қатысушылар қаншалықты күйзеліске түскені туралы сұрақтарға жауап берді. «Біз вирус жұқтырғанға дейін күйзелісте болған адамдарға суық тию қаупі жоғары болды», – дейді Коэн. Бірақ күйзелістің әртүрлі түрлері денсаулыққа қалай зиян тигізетіні туралы түсінігіміз әлі де кеңейе бермек. Жақында жүргізілген зерттеуде Коэн мен оның әріптестері күйзелістің ұзақтығы да маңызды екенін көрсетті: ол неғұрлым ұзақ болса, вирустардың әсерінен ауыру ықтималдығы соғұрлым жоғары болады.
«Созылмалы экономикалық немесе созылмалы тұлғааралық күйзелістен зардап шеккен адамдар арасында шынымен де қауіп жоғары», – дейді Коэн.
Күйзеліс адамдарды қалай ауруға бейім ететінін зерттейтін соңғы жұмыста Коэн әріптестерімен бірге вирус жұққан кезде созылмалы күйзеліске ұшыраған адамдар артық цитокиндерді – яғни инфекциялар мен жарақат ошақтарына барып, денені қорғау үшін қабыну мен басқа да жасушалық процестерді белсендіріп, иммундық жүйенің хабаршысы ретінде қызмет ететін ақуыздарды шығаратынын анықтады. Бірақ цитокиндердің инфекция жұққан жерге шамадан тыс жиналуы жақсы нәрсе емес, өйткені қабынуды асқындырып, мұрынды бітеп, тұмау мен басқа да суық тию белгілерін тудырады. «Күйзеліс иммундық жүйенің қабынуға қарсы цитокиндерді реттеу қабілетін өзгертеді», – деп түсіндіреді Коэн. Зерттеушілер әлі күнге дейін қабынуды жеңілдететін емдік механизмдер туралы жетік білмейді, бірақ, бір жағынан, бұл нәтижелер үміт бар екенін білдіреді: қазір бізге алда нақты қандай жұмыстар істелуі керек екені мәлім.
Күйзелісті ДНҚ деңгейінде түсіну
Күйзелісті түсіну мен оны басқарудың болашағы біздің ДНҚ-да жатқан болуы мүмкін. Зерттеушілер қазір созылмалы ауру саналатын осы қорғаныш механизмі жасуша деңгейінде қандай ауыр зардап тигізетіні туралы жаңа түсінік қалыптастыру үшін жұмыс істеп жатыр.
Өткен жылы Тафтс университетінің магистранты Өрсила Биди мен оның әріптестері күйзелістің ДНҚ-ның қалпына келу механизмдерін тұншықтыруы мүмкін екеніне қатысты дәлелдер тапты. Зерттеушілер тобы зертханада торғайларды «созылмалы ауыспалы күйзеліс протоколына», яғни күйзеліске түсірді. Бидидің айтуынша, олар құстар тұрған бөлмеге кіріп, торларды қаламдарымен шұқылап, құстарды бөлме ішінде шыр айналдырды, радионы қатты ойнатты. Мақсаттары – физикалық зақым келтірмей, азапқа салу.
Үш аптадан кейін, осы жағымсыз тәжірибеден соң, торғайлардың қан және тін үлгілерін талдау нәтижесі ДНҚ-ларының зақымданғанын көрсетті. «Сізде ДНҚ сияқты айқасқан екі жіп болып, оны қайшымен үзіп тастағандай нәрсе», – дейді Биди.
ДНҚ зақымдануы әдетте өздігінен қалпына келу механизмдері арқылы реттеледі. Созылмалы күйзеліс жағдайында «сол реттеу механизмдері шамадан тыс жүктеледі, сондықтан да біз зақымданған ДНҚ-ның жиналғанын көріп отырмыз», – деп түсіндіреді Биди.
Бетездадағы (Мэриленд штаты) Уолтер Рид ұлттық әскери медицина орталығындағы компьютерлік оңалту зертханасында әскери ардагер Уэйн Крисшан өзінің эмоциялық әсерлі фотосуретіне беттеп келеді. Зерттеулер пациенттердің жан ауыртар естеліктері мен содан туындайтын жағымсыз сезімдерді еңсеруіне көмектесе отырып, осылай емдеу жарақаттан кейінгі ауыр күйзеліске ұшырау белгілерін азайтатынын көрсетеді.
Сонымен қатар Киколт-Глейзер мен OSU психологі Лиса Крисшн созылмалы күйзеліс осы дертке шалдыққандардың тез қартаюына себеп болатын-болмайтынын анықтау үшін ұзақмерзімді зерттеу жүргізіп жатыр. Олар теломерлердің ұзындығы, жасына қарай қысқаратын хромосомалардың ұшындағы ДНҚ-ның қайталанатын тізбегі сияқты маркерлер алу үшін тағы да жұбайына күтім жасайтындардың қан үлгілерін талдайды. Егер нәтижелер кішірек, ертерек жүргізілген зерттеудің нәтижелерін растайтын болса, науқас жақынын бағып-қағып отырған, созылмалы күйзеліске түскен адамдар ауыруға бейім әрі баяу жазылып қана қоймай, оларда жедел қартаю белгілері де болатыны нақтыланады.
Біз әлі де созылмалы күйзелістің денемізге қаншалықты терең енетінін зерттеп жатырмыз. Осы зерттеулердің нәтижелері біздің тұрақты өзгерістерге деген сұранысты жақсырақ қанағаттандыра алатын жарқын болашақтан үміттендіріп, күйзеліс құпияларын шешуге жақындап келе жатқанымызды білдіреді.
Күздің бір күні Филадельфиядағы Бенджамин Франклин көпірінде 200-ден астам әйел бірге серуендеді. Philadelphia Girls Who Walk тобы физикалық және ақыл-ой саулығын жақсартуға арналған бес шақырымдық серуенге апта сайын жиналады. Әлемде әйелдер мен жастардың «кәсіби күйіп кету» қаупі жоғары, ал жаттығулар оны азайтудың бір жолы.
Күйзеліске қарсы дәру
Мыңдаған жыл бойы қолданылып келе жатқан медитацияның денсаулыққа көптеген пайдасы бар, әсіресе күйзеліс пен мазасыздыққа дауа.
Үндістанда өскен мен жазғы демалыстарымды Колкатадағы ата-әжемнің үйінде өткізетінмін. Күн сайын әжем шағын ағаш тұғырларға қойылған индуизм құдайларының тас пұттары тұратын отбасылық ғибадат залына бетін беріп төсеніште жарты сағат бойы қимылсыз отыратын: көзін жұмып, моншақтарын айналдырып, әрең естілетін сыбырмен Кришнаның атын қайталай беретін.
Артып келе жатқан ғылыми дәлелдер әжемнің сол іс-әрекеті өзіне түрлі тұрғыдан пайдалы болғанын көрсетеді. Бұл тәжірибе оның күйзеліске төтеп беруінің тиімді жолы болған шығар, сірә. Ол қартаюмен байланысты когнитивті құлдырауды бәсеңдетуге көмектескен де болар. Әжемнің неліктен өмірінің соңына дейін ақыл-ойы сергек болғанын түсіндіруі де мүмкін. Одан бөлек, оның ауырсынуды жеңу қабілетін жақсартқан болуы да кәдік.
Бүгінгі таңда зейін қою жаттығулары ретінде белгілі медитация мыңдаған жыл бойы бүкіл әлемде діни дәстүрлермен бірге түрлі формада қолданылып келген. Ойлану тәжірибесінің көпшілігі рухани ағартуға деген ұмтылысқа негізделген, бірақ медитация жасаушылар олардың тәжірибесі денсаулыққа пайдалы екеніне бұрыннан сенген. Кейінгі үш онжылдықта денсаулыққа қатысты осы мәлімдемелерді дәлелдеу үшін зерттеулер басталды.
Жақында жүргізілген бір зерттеу 45 минут бойы ойыңыз бен эмоцияңызға жіті назар аударудың күнделікті медитациясын жасау алаңдаушылықты азайтып, антидепрессант бола алатынын көрсетті. Тағы біреуі зейінге негізделген когнитивті терапия ересектер арасында емдеуге көнбейтін торығуды жеңілдететінін айғақтады.
Шындығында, көптеген адам күніне бірнеше минут тыныс алу жаттығуларын жасаудың денсаулыққа пайдасы бар екенін біледі. Медитацияны үйрену мен жаттығу мүмкіндіктерін табу қазіргідей оңай болған емес: Headspace және Calm сияқты ондаған медитация қолданбалары адамдарға музыка ойнап жатқанда тыныштандыратын сеанстарға нұсқаушының көмегімен ену үшін смартфондарын пайдалануға мүмкіндік береді.
Электроэнцефалограмма Берклидегі (Калифорния) Алембик ақыл-ой және дене орталығындағы волонтер миының электрлік белсенділігін өлшейді. Медитация жасамайтындарға қарағанда үнемі медитация жасайтын адамдардың зейін желілерінде жоғары белсенділік (төмендегі суретте сарымен боялған) байқалады.
Қазіргі зерттеулер медитацияның неліктен пайдалы екенін түсінуге бағытталған. Массачусетс жалпы профильді ауруханасының неврологі Сара Лазар мен оның әріптестері медитация белгілері күйзеліске ұқсас мазасыздықты қалай азайтатынын көрсететін зерттеулер жүргізді. Біреуінде күйзелісті жеңілдетудің екі бағдарламасы салыстырылды: бірі зейінге негізделген, онда 42 ерікті 8 апта бойы зейінді медитация мен йога жаттығулары бойынша оқытылды; ал екіншісі жаттығуларға негізделіп, 25 ерікті жеңіл аэробты жаттығулар жасады. Екі топ та әсер ету терапиясына ұқсас қорқыныш тудыру тапсырмасын орындады, яғни үрей тудыратын әсер қауіпсіз ортада мазасыздық тудырмайтын жағдайға жеткенше бірнеше рет берілді. Волонтерлерге көк, жасыл немесе сары түсте жанып, екі түсті жеңіл электр тоғы соққан шамның суреті көрсетілді. Кейінірек сол сурет «қорқыныш жадын» өшіріп, жарықпен байланысты жаңа «қауіпсіздік жадын» жасау үшін ешбір соққысыз ұсынылды.
Лазар мен оның әріптестері зейінге негізделген күйзелісті төмендету жаттығуынан өткендердің шокқа байланысты шам түстерінен туатын қорқыныш реакциясын жеңе алатынын анықтады. Миды сканерлеу суреттеріне сүйеніп, зерттеушілер еріктілердің жаттығулары олардың миы «қауіпсіздік жадын» өңдеу әдісін өзгертіп, ынталандырудың енді қауіп төндірмейтінін есте сақтау қабілетін арттырды деген қорытындыға келді.
Мила Уест-Розенталь 9 жаста. Ол Фэрфилдтегі (Коннектикут штаты) үйінде ойын бөлмесінде медитация жасауға «Менімен бірге тыныс ал» барбиін қолданады. Ойыншық өндіруші Mattel мен Headspace медитация қосымшасы бірлесіп, алқа түймесін басқанда жарық пен дыбыс шығаратын сеанстары іске қосылатын қуыршақ жасады. Милаға бұл ойыншық қатты ұнайды.
Кәсіпкер Брайан Мазза Нью-Йорктегі Пелхэм Манордағы үйінде күн сайын 10 минут медитация жасау үшін Muse 2 деп аталатын құрылғыны киеді. Ол дыбыс шығарады әрі мидың ішіндегі электрлік белсенділікті өлшеуге негізделген кері байланысты қамтамасыз етеді. Бұл дыбыстар пайдаланушының зейінін шоғырландыруға көмектесуге тиіс.
Медитацияның артықшылықтары күйзеліс пен алаңдаушылықты азайтудан да асып түсуі мүмкін. Сан-Диегодағы Калифорния университетінің неврологі Фейдал Зайдан зейіннің ауырсынуды жеңілдетуге қалай көмектесетінін зерттейді. Соны түсіну үшін жақында жүргізілген зерттеуде Зайдан мен оның әріптестері медитация мен ауырсыну кезінде еріктілердің миын функционалдық МРТ сканерлеуді қолданды. Еріктілер екі топқа бөлінді: біреуі зейінді медитация бойынша тренингтен өтті, ал бақылау тобы ішпыстырарлық кітапты (The Natural History and Anquiities of Selborne, 18 ғасырдағы табиғат туралы классикалық кітап) тыңдады. Еріктілер алдымен балтырына басылған ыстық зонд бес минут ішінде 100 секунд үзік-үзік ауырсыну тудырғаннан кейінгі ауырсынуды бағалады (олардың кез келген уақытта аяғын тартып алуға мүмкіндігі болды). Содан кейін олар сол процесті қайталады, бірақ бұл жолы зейін тобынан ауырсыну кезінде медитация жасау сұралды, ал бақылау тобынан көздерін жұмып демалу сұралды.
«Біз медитация кезінде ауырсыну мен жайсыздықтың 33 пайызға азайғанын көрдік, ал бақылау тобында ауырсыну деңгейі артты», – дейді Зайдан.
Неліктен медитация ауырсынуды жеңілдетеді? Зайданның айтуынша, зерттеушілер медитацияның ауырсынуды жеңілдетуіне өзін-өзі тануға қатысатын нейрондық желілерді белсендірудің төмендеуімен байланысты екенін көрсеткен медитация жасаушылардың скандарын талдау арқылы жауап тапты. Белсенділіктің ең үлкен төмендеуі өзін-өзі бағалауда және өзін-өзі талдауда маңызды рөл атқаратын жүйке орталығында – мидың маңдай қыртысының ортаңғы бөлігінде байқалды. «Медитация кезінде өзін-өзі бағалау өшеді, – дейді Зайдан. – Ол неғұрлым азайса, анальгезия соғұрлым көп болады, сәйкесінше ауырсыну жеңілдейді. Ми бәрібір де ауырсыну сигналдарын қабылдай береді, бірақ олар «бұл менің ауруым» дейтін ми желілеріне бармайды». Негізінде, зейін сізді азаптан аулақ ұстауға көмектеседі.
Уилмиңтондағы (Делауэр штаты) Хоуард Р. Яң түзеу мекемесінде бір топ тұтқынға адамдардың эмоцияларын басқару қабілетін жақсартатын Сударшан Крия Йога деп аталатын ырғақты тыныс алу медитациясын үйретеді.
Өткен қараша айында түрмеге барып, Халықаралық адами құндылықтар қауымдастығының (IAHV) медитация тренерлерінің 20-ға жуық тұтқынға сабақ беріп жатқанын бақыладым. IAHV-дің негізін рухани көшбасшы Гурудев Шри Шри Рави Шанкар қалаған, ол Сударшан Крия Йоганы (SKY) – ақыл-ойды шоғырландыру үшін ырғақты тыныс алу әдісін танымал еткен. Медитацияның басқа түрлері сияқты, SKY тәжірибешілерге күйзелістік жағдайларда сабыр сақтауды үйретеді. 60 елдегі 800 000-нан астам тұтқындар мен түзеу қызметкерлері IAHV бағдарламасын аяқтаған.
Мен қатысқан сессияға қатысушылардың кейбірі осы әдісті үйреніп алған әрі оны күнделікті өмірде қолдануға ынталы болды. (Түрме қызметкерлері фамилиясын көрсетпеу шартын қоя отырып, олармен сұхбаттасуға рұқсат берді.) Мен Уилмиңтон түрмесіне төбелескені үшін түскен, жасы 20-лар шамасындағы сирек сақалды, көзінде оты бар, аласа бойлы Хорхемен сөйлестім. Ол маған Пуэрто-Рикода дүниеге келгенін және бес жасында Америкаға көшкенін айтты. Ағылшын тілінде нашар сөйлегендіктен, мектепте қатарластары мазақ қылған екен. «Не деп жауап берерімді білмедім», – дейді ол. Сөйтіп, төбелесе кеткен.
Хорхе медитация туралы бірнеше жыл бұрын күрес клубында жүргенде естіген. Ол білетін біреу матчтар алдында медитация жасап, тіпті жеңілген кезде де түк уайымдамайтындай көрінеді. «Мені таңғалдырғаны: мен неге сонша ашуланамын, ал ол неге үнемі сабырлы?» – дейді Хорхе. Бұл сұраққа, оның айтуынша, түрмедегі медитация бағдарламасында білгендері ішінара жауап берді. Әрі ол мұны өз өмірінде қолдана бастаған. «Мен қобалжығанда немесе ашуланғанда жай ғана тыныс аламын», – деді ол маған.
Жақында Колкатадағы туған үйіме барғанда, құлшылық залында бұрын әжем медитация жасайтын жерде үнсіз тұрдым. Ол қайтыс болғалы 20 жыл өтті. 51 жастағы мен әжемнің қасынан тығылып өтіп бара жататын бала кезімдей емес, қазір күйзелістен әбден қажыған адаммын. Бәлкім, маған да медитацияны күнделікті әдетке айналдыратын уақыт келген шығар.
Юдхиджит Бхаттачарджи National Geographic журналына оннан астам көлемді мақала жазған. Оның еңбектерінің басым бөлігі адам болмысы мен тәжірибесін ғылым тұрғысынан зерделеуге арналған. Солардың қатарында журнал мұқабасына шыққан күйзеліс туралы басты мақаламыз да бар. The New York Times Magazine басылымымен тұрақты түрде ынтымақтасатын әрі «Қатесіз жаза алмайтын тыңшы» (The Spy Who Couldn’t Spell) кітабының авторы Юдхиджит Бхаттачарджи ән айту арқылы күйзелістен арылады.
Брайан Финке National Geographic журналының бірнеше көлемді материалына фотосурет түсірген. Олардың қатарында дәм сезу ғылымы мен «Етқоректінің дилеммасы» (The Carnivore’s Dilemma) туралы мақалалар бар. Фотографтың жұмыстары бірнеше кітапқа енген, сондай-ақ әлемнің әр түкпіріндегі музейлердің қорында сақтаулы. Ол күйзелістен арылу үшін Нью-Йоркте велосипед тебеді.
Бұл мақала National Geographic Qazaqstan журналының 2024 жылғы маусым айындағы санында жарияланған.







