Автор: Эмма Магнус
ЛАВАНИЯ ОЛУБАН бала күніндегі суреттерге қарап естеліктерді толық еске түсіре алмайды. «Бұлдыр, пазлдың жетіспейтін бөліктерін онша шындыққа жанаспайтын елеспен толтырып жатқандаймын», – дейді ол.
Англияның Бирмиңһәм қаласында тұратын 38 жастағы Олубанның балалық шақтан қалған туған күн суреттері санаулы ғана. Ал оның сегіз жастағы ұлы Арлоның «кемі 200 суреті бар», оларды түрлі адам смартфонға түсірген.
«Арлода барлық оқиғаға қатысты дерлік виртуал шындық бар. Фотосы да, видеосы да өте көп болғандықтан, оның естеліктері өте айқын».
Әлем бойынша жылына қанша смартфон фотосы түсірілетіні нақты белгісіз, бірақ нарықты зерттейтін компаниялардың бірі бұл сан 2025 жылы екі триллионға жуықтайды деп болжайды. Ал Олубанның телефонында және бұлтта 150 мыңнан аса сурет бар: Арломен селфилер, күннің батуы, көбелектер, балмұздақ…
Бүгінде смартфон ұстаған адамдар «Өз өмірі туралы алдыңғы кез келген буыннан әлдеқайда көп дерек жинайды, – дейді Германиядағы Вюрцбург университетінің психологі, цифрлық медиа жадымызды қалай өзгертетінін зерттейтін Фабиан Хутмахер. – Сондықтан табиғи сұрақ туады: бұл біздің өмірімізді қалай еске түсіретінімізге әсер ете ме?»
Цифрлық фотосуреттер жадымызды қалай өзгертіп жатыр?
Автобиографиялық жады – өміріміздегі оқиғаларды есте сақтау қабілеті – өзімізді қалай түсінетініміздің өзегінде жатыр. «Естеліктер – біздің кім екенімізді анықтайтын нәрсе», – дейді Хутмахер.
Алайда естелікті еске түсіру – видеоны қайта ойнату сияқты қарапайым нәрсе емес. «Біздің жадымыз сенімді емес, – дейді Жаңа Мексико штаты университетінің психологі, доцент Джулия Соарес. – Ол сіздің кім екеніңізбен және өмір бойғы оқиғаларыңызды қалай әңгімеге айналдыратыныңызбен тығыз байланысты».
Суреттер бізге өткенді қайта құрастыруға көмектесе алады; зерттеушілердің пікірінше, суреттер есімізден шығып кететін детальдар мен эмоцияларды қайта қозғап, жадыны сергітеді. Бірақ Хутмахер фотолар жай ғана «еске салғыш» емес дейді. Оның ойынша, суреттер біздің есте сақтау тәсілімізді түбегейлі өзгертіп жатыр. Енді еске түсіру тек ішкі процесс емес, ол біздің миымыз бен біз сыртқа «жүктеп қойған» жеке деректер (қатқыл дискілер, смартфондар, әлеуметтік желілер) арасындағы өзара әрекет.
Ал мұндай «сыртқа жүктеу» өткен сәттерді есте сақтаудағы когнитивтік жүктемені жеңілдеткенімен, түсірген материалды кейін қайта қарамасақ, біздің егжей-тегжей еске түсіру қабілетіміз әлсіреуі мүмкін. Сондықтан цифрлық суреттер біздің жадымызға тек көмекші құрал емес, олар жадымыздың бір бөлігіне айналып, оны байқатпай өзгерте бастайды. Бұл өзгеріс жаңа сұрақтар туғызады: егер естеліктеріміз түсіретін суреттеріміз бен қайта қарап шығатын кадрларымыз арқылы қалыптасатын болса, онда құрылғылар өткеніміздің жай ғана айнасы емес. Олар нені, қаншалықты айқын есте сақтайтынымызды және жеке тарихымызды қалай баяндайтынымызды қалыптастырып жатыр.
Тым көп суретке түсірудің кері әсері
КӨП СУРЕТ ТҮСІРУ жадыны міндетті түрде күшейтпейді. Когнитивтік психолог Линда Хенкел жүргізген 2014 жылғы зерттеуде нысандарды суретке түсіру, керісінше, жадыны әлсіретуі мүмкін екені анықталған. Зерттеу қатысушылары «камераны өздерінің орнына есте сақтайтын сыртқы құрылғы ретінде пайдаланғандай» болған.
Мәселе мынада: адамдардың басым бөлігі фотоларын қайта қарап отырмайды. Егер суреттерді сұрыптап, қарап отырмасақ, олар тым көбейіп, ішінен құндысын табу қиындайды. «Фотолар керемет естелік ишарасы бола алады. Бірақ оларды ешқашан қайта қарамасаңыз, еш пайдасы жоқ, тіпті фотосурет түсірудің өзі де бір нәрсені жоғалтуға әкелуі мүмкін», – дейді Соарес.
Әрине, жадымызды технологияға «тапсыру» жаңа нәрсе емес. Адамзат өркениеті – ақыл-ойымызда бар дүниені сақтап, сыртқа шығару үшін жасалған технологиялар негізінде қалыптасқан: Instagram, флоппи-дисктер, баспа білдегі, тіпті тілдің өзі. Бірақ технология – мәңгі емес. Қатқыл дискілер істен шығады, әлеуметтік желі компаниялары құлайды. Қазіргі жады қоймаларының сыйымдылығы өте үлкен әрі өмірімізге тым сіңіп кеткендіктен, олар бір күні құрыса, жоғалтар дүниеміз де соғұрлым көп.
«Философияда және когнитивтік ғылымда «кеңейтілген ақыл-ой» деген түсінік бар: біздің санамыз денеміздің шекарасымен бітпейді, біз ойымызға түрлі құралдарды қосып аламыз», – дейді Хутмахер. Дәптерлер, күнделіктер, күнтізбелер, Gmail – бәрі миымыздың қосымша мүшелері. «Егер осы ойды шын қабылдасақ, онда, мысалы, телефонымды ұрлатып алып, оның сақтық көшірмесі болмаса, бұл менің ақылымның бір бөлігін жұлып әкеткенмен бірдей деуге болады».
СОАРЕС телефонды жадымыздың «сақтық көшірмесі» ретінде пайдаланған сайын қалыптастыратын әдеттерімізге алаңдайды. «Адамдардың бір нәрсені қалай есте сақтайтыны немесе нені маңызды деп санайтыны өте тез өзгеріп жатқанын көріп отырмыз, – дейді ол. – Мұның бәрі адамдар қалыптастыратын әдеттерден шығады.
Бүгінде көпшілігіміз бір сәтті сақтау үшін ойланбастан еріксіз телефонға жүгінеміз. Әр сурет түсірген сайын миымызды қайта бағдарламалап жатқан сияқтымыз. Ал технологияның әлі жаңа екенін ескерсек, оның салдары тек уақыт өте анықталмақ.
Нені есте сақтап, нені ұмытатынымызды саралау
Психологтер ұмытудың табиғи әрі маңызды қабілет екенін баяғыдан біледі. Бірақ цифрлық бейнелерге тұншыққан заманда, нені түсіріп, нені қайта қарауды, не өшіруді таңдағанымыз осы процесті байқатпай өзгертіп жатуы мүмкін, дейді Соарес.
Зерттеулер көрсеткендей, бір сәттің фотосын әлеуметтік желіге жүктесек, сол оқиғаны жақсырақ есте сақтаймыз. Ал фотоларды өшіру оқиғаны әлдеқайда көмескі еске түсіруге әкелетіні Соарестің 2023 жылғы зерттеуінде анықталды. Кей қатысушылар әдейі ұмытқысы келетін суреттерді – бұрынғы сүйіктісін немесе сәтсіз кештерін жойып отырған.
«Адамдар өздері қалайтындай етіп есте сақтау үшін фотоларын сұрыптап, реттеп отырады», – дейді Соарес. Өміріңіздің жарқын сәттерін суретке түсіре беріңіз, бірақ сізді қалыптастырған сәттер камера таспасындағы кадрлар болмауы да мүмкін екенін естен шығармаңыз.
Қосымша деректерді Джон Уайлд жинап берді. Бұл мақала National Geographic Qazaqstan журналының 2025 жылғы желтоқсан айындағы нөмірінен алынды.







