Ұзақ әрі саламатты өмір құпиясы

Автор: Дина Файн Мәрон
Иллюстрация: Хелиана Ротарию

Біз ата-бабамыздан гөрі ұзақ өмір сүріп жүрміз, бірақ ол жақсы ма? Көбімізде өмірдің едәуір бөлігі, кейде он жылдан астам уақытымыз күнделікті тірліктің өзін қиындатып жіберетін физикалық және психикалық денсаулық мәселелерімен алысумен өтеді. Өмірдің бар ләззатын алу үшін биологтер мен ұзақ жасау құпиясын зерттеушілер сау әрі белсенді өткізетін жылдарымыздың санын арттыру жолдарына көбірек көңіл бөліп жатыр.

Оны саламаттылық ұзақтығы дейді. Бұл ұғым медицина журналдарына енгелі 30 жылдай өтсе де, дәрігерлер мен науқастар арасында енді айтылып жүр. Анықтамасы кеңейіп, күнделікті әрекеттерге кедергі келтіретін егде жасқа тән денсаулық мәселелерін еңсеруге бағытталған «сапалы уақытқа» басымдық беріле бастады. Мысалы, қартаю мәселелерін зерттейтін Харвард медицина мектебінің ғалымы Шәрон Иноуенің сөзінше, емделген гипертония саламаттылық ұзақтығына әсер етпеуі мүмкін, ал инсульт пен деменция әсер етпей қоймайды.

Иноуе сияқты зерттеушілердің бірнеше мақсаты бар: қартаю механизмдерін түсіну, денсаулықты жақсартатын гендерді анықтау және күнделікті өмірде саламаттылық ұзақтығын жақсартатын қадамдарды зерттеу. Жалпы дерекке сүйенсек, қарапайым қорытындыға келеміз: ұзақ өмір сүріп те сау жүруге болады.

Бронкстегі (Нью-Йорк) Альберт Эйнштейн медицина колледжі зерттеушісі Нир Барзилай жүз жасаған адамдармен жұмыс істейді. Зерттеуге қатысқан адамның көбі өмірінің аз ғана бөлігінде ауруға шалдыққан. Мұны академиялық жаргонда аурушаңдық кезеңінің қысқаруы дейді. «Олар ұзақ өмір сүріп қана қоймай, әжептәуір саламатты өмір сүреді, – дейді Барзилай. – Олар құрдастарынан 50 жылға, ал балаларының құрдастарынан 30 жылға «кешігіп» ауыра бастаған».

Жүз жасағандардың кейбірінің жай ғана жолы болған – генетикасы тумысынан олжалы. Ал сол гендердің қайсы егде жасқа тән ауруларға қатысты екенін анықтау генетикалық лотереяда жолы болмағандарға ұтымды генетика әсерлерін қайталайтын дәрілерге жол ашуы мүмкін.

Барзилайдың зерттейтіні – саулығымызды сақтайтын «жақсы» холестеринімізді реттейтін гендер. Зерттеуге қатысушылардың көбінде холестеринді реттейтін CETP генінің белгілі бір нұсқасы кездеседі. Бұл кісілердің ми функцияларынан айырылмай ұзақ өмір сүру ықтималдығы зор. Қазір зерттеудің басты мақсаты – аталған геннің әсерін қайталайтын дәрі жасау. Барзилайдың айтуынша, келешекте ондай дәрінің арқасында адамдар диета, жаттығулар және ортамен қарым-қатынас құру бойынша ұсынымдарды орындап, саламаттылық ұзақтығын едәуір арттыра алады.

Харвардпен еншілес Hebrew SeniorLife коммерциялық емес ұйымының Ми қартаюы орталығын да басқаратын Иноуенің айтуынша, жалпы саламаттылық ұзақтығына қатысты ең озық жетістіктер сіздің оған қалай қарайтыныңызға байланысты. «Ұзақ жасауды зерттейтін адам сізге негізінен жануарларда не адамнан тыс үлгілерде сыналып жатқан жаңа дәрілерді айтады», – дейді ол. Бірақ ол үшін саламаттылықтың ең маңыздысы – дерттің алдын алу. Ол жеміс пен көкөнісі мол, көмірсуы аз диетаны, темекі мен ішімдіктен бас тартуды, сондай-ақ ой еңбегі мен дене белсенділігін – волонтёрлік, тұрақты аэробика мен дене жаттығуларын қамтиды. Иноуе бас редактор қызметін атқаратын JAMA Internal Medicine журналында жарияланған соңғы зерттеулер диета, жаттығу, ми жаттығулары, басқа да қадамдар ми саулығын айтарлықтай сақтауға көмектесетінін көрсеткен.

Барзилай да бұл ойды қостайды: «Қазір біз ешқандай дәрі-дәрмексіз-ақ жаттығу, тамақтану, ұйқы және әлеуметтік белсенділікті барынша жақсарта аламыз. Бұл кез келген адам істей алатын төрт нәрсе», – дейді ол.

Уашиңтон университетіндегі зерттеуші әрі Сиэтлдегі саламаттылық ұзақтығын зерттейтін Optispan биотехника компаниясының бас директоры Мәтт Кейберляйн жақсы ұйқының, мейлі ол оңайлықпен келмесе де, өте маңызды екенін айтады. АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының мәліметінше, ересек адам күніне жеті сағаттан аз ұйықтағанда 2-типті қант диабеті, жоғары қан қысымы, жүрек аурулары, психикалық денсаулық нашарлауы және ерте өлім қаупі артады.

«Қазір біз ешқандай дәрі-дәрмексіз жаттығу, тамақтану, ұйқы және әлеуметтік белсенділікті барынша жақсарта аламыз. Бұл кез келген адам істей алатын төрт нәрсе»

— Нир Барзилай, зерттеуші

Дұрыс тамақтанудың жалпы қағидалары жақсы зерттелген, бірақ әр адамға әртүрлі стратегия керек, дейді Кейберляйн. Жеміс-жидек, көкөніс және бүтін дәнге бай Жерорта теңізінің тағамы болсын, интервалды ашығу, көмірсуы аз, майы мол кетогенді диета сияқты тәсілдер болсын, бастысы – өзіңе қолайлысын таңдау керек.

Кейберляйн саламаттылық ұзақтығын жақсарту үшін ағзадағы дәрумен, гормон және қант деңгейі сияқты негізгі көрсеткіштерді бақылап отыру қажеттігін алға тартады. 30–40 жасыңызда дәрігерлерге осы көрсеткіштеріңізді тексерту арқылы одан кейінгі өмірге қалай қамданып, қандай қауіптер бар екенін анықтауға болады. Дегенмен Кейберляйн АҚШ-та бұндай тексерістер медициналық сақтандыруға кіре бермейтінін де айтады. Күнде мультидәрумен ішіп, бар-жоғын өзіңіз білмейтін дәрумен тапшылығын емдеп баққан да дұрыс емес, өйткені ол адам бойында шынымен тапшылық бар-жоғын анықтауға мүмкіндік бермейді. Ал тапшылық бар болса, нақты қажеттіліктерге сай деңгейде ем ұсына алмауы мүмкін.

Немерелерімен ойнау сияқты істерге араласуға денсаулығы жететін жылдардың санын арттыру – саламаттылық ұзақтығын зерттеушілердің басты мақсаттарының бірі.
Фото: Джаспер Дуст, Nat Geo Image Collection

Саламатты кезеңді ұзарту үшін көпшіл болу оңай болып көрінгенімен, бұл нәрсе жиі еленбей қалады. Әдетте қартая келе адамның дос-жараны азая түседі, сол кездері бұл мәселе өршуі мүмкін. Тіпті бір шаңырақ астында тұратын, мысалы, жұбайыңыз сияқты бір адаммен үнемі аралассаңыз да, басқа әлеуметтік байланыстар мен тәжірибелер қашанда маңызды – олар жалғыздықты еңсеруге және ойыңыз сергек болуына септігін тигізеді.

Кейбірімізге бұл тұста әуелі өз-өзімізді жөнге келтіріп алу керек болуы мүмкін. Қарым-қатынас құруда қиналсаңыз, Кейберляйн ішкі тыныштық пен есен-саулыққа көңіл бөлген жөн дейді. Мысалы, медитация мен саналы өмір тәжірибелері арқылы. Дегенмен дос тауып көру де маңызды, себебі оның денсаулыққа басқа да пайдасы бар.

Ұлттық қартаюды зерттеу институтының тұжырымынша, жаяу серуен сияқты өзіңізге ұнайтын іс-әрекетке қызығатын адамдармен араласу денсаулығыңызды жақсарта алады. Психикалық және физикалық саулығыңызға пайдасы, әрине, орасан: деменция, жүрек аурулары мен инсульт қаупін төмендетеді.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ