Гизаның көне ғажайыптары теңіз арқылы салынғанына қатысты тың көзқарас
Автор: Бен Макграт
Фото: Алекс Сабери
Гиза пирамидасы секілді ештеңе қиялымызды дәл бұлай баурап алған емес.
Осыдан 4600 жыл бұрын, Мысырдың Ескі патшалық дәуірінде тұрғызылған бұл үш ескерткіш – перғауын Хуфу, ұлы Хафра және немересі Менкаураға құрметтің белгісі һәм мәңгілік мекені. Мыңдаған жыл бойы олар ежелгі гректерден бастап Наполеон Бонапартқа дейінгінің бәрін таңғалдырып, шабыт сыйлады. Бірнеше мың жыл бойы биіктігі 147 метр болатын Ұлы пирамида адам қолымен салынған ең биік құрылыс атағын иеленді. Пирамидалар – данышпандық пен қиялдың нышаны, сөйте тұра тұрғызылған сәттен бастап-ақ құпия-сырға толы.
Бәлкім, соның ішіндегі ең бастысы әрі ең танымалы «Пирамидалар шынында қалай салынған?» деген сауал шығар. Ұлы пирамида екі миллионнан астам тас кесектен құралған. Кейбірінің салмағы 50 тоннадан асады. Материал қайдан алынды? Шөлдің қақ ортасына қалай жеткізілді? Ежелгі мысырлықтар алып тастарды бір-бірінің үстіне қалай қалаған? Бұл – ғасырлар бойы шешімі табылмаған жұмбақ. Бүгін қабылданған теория ертең жоққа шығарылады. Алайда соңғы уақытта табылған деректер, соның ішінде жасырын күнделік пен жоғалған өзен өміршең тың болжам жасауға мүмкіндік беріп отыр.
— Эми Бриггс
Фото: Пьер Талле, Уади әл-Джарф археологиялық миссиясы
Ежелгі мәтіннен табылған дәлел
Былтыр зерттеушілер пирамидаларды тұрғызуға су жолдары жүргізілген ауқымды жобаның рөлін дәлелдейтін дерек жариялады. Мәлімет 2013 жылы француз мысыртанушысы Пьер Талле тапқан Қызыл теңіз күнделігі мен бұрынғы зерттеулерге негізделген. Солардың қатарында шамамен 4600 жыл бұрынғы инспектор Мерердің күнделігі бар еді. Онда Мерер тобымен бірге Эфиопия тауларының басына түскен жауын Ніл деңгейін көтеріп, алып тас блоктарды өзен бойымен қалай тасымалдағанын жазған.
Жоғалған өзеннің табылуы
Мередің өзен сапары мүмкін емес секілді. Бүгінде пирамидалардың айналасын құм басқан. Бірақ 2023 жылы Солтүстік Каролина университетінің (Уилмингтон) геоморфологі Эман Гоним жетекшілік еткен топ пирамидаларға жақын жерден Нілдің жоғалған тармағын тапты. Оны Арамат деп атады (арабша «пирамидалар» дегенді білдіреді). Алайда кейбір ғалым оны Нілдің батыс тармағы деп атайды. Геофизикалық зерттеулер, радарлық спутниктік кескіндер және терең топырақ сынамалары арқылы топ тармақтың бағыты пирамида құрылысы орналасқан жермен тікелей сәйкес келетінін анықтады. Араматтың табылуы Мысырдың ең атақты ескерткіштері қай жерде салынатынын анықтауда шешуші рөл атқарғанын көрсетеді.
Куәгердің мәліметтері
Мерердің жазбалары мен Нілдің жоғалған тармағын қайта тапқаннан кейін мысырлықтардың пирамида құрылысына керек тастарды қайықпен Гизаға қалай жеткізгенін жалпы түсіндік. Мыңдаған тонна тасты дәл орналастыру үшін шамадан тыс үйлестіруді қажет еткен.
Хуфу пирамидасының құрылысы
Мысырлық теңізшілер қажетті жабдықтарды Нілдің батыс тармағы арқылы Гизаға жеткізген. Құрылысқа арналған порттар мен дамбалар маусымдық тасқын кезінде судың деңгейін тиімді пайдалануға мүмкіндік берген.
Сыры (әлі) ашылмаған құпия
Егер пирамидалар теңізге қатысты индустриялық жоба болуы мүмкін деп алсақ, қазір құмға көмілген Гиза үстірті деп білетін аймақ қарбалас айлақпен шектесіп жатуы мүмкін. Мұндай көзқарасты қабылдау оңай емес. Қазіргі ересектерді айран-асыр етіп, балабақшадағы сәбилерді таңдандырған шөлдегі алып үшбұрыштар талай қисынсыз идея туғызып, ежелгі дәуірдің әдейі қалдырған жұмбағы тәрізді көрінеді. Осындай теорияның кейбірі, соның ішінде бөгде ғаламдықтардың қолтаңбасы деген тұрақты сенім, шикізаттың қайдан алынып, қалай жеткізілгені жөніндегі мәліметтің жоқтығынан туындаған еді. Тек Нілдің жоғалған тармағы табылған соң ғана түйткілдің күрмеуі шешіле бастады. Дегенмен пирамидаларды қалай салғаны туралы нақты нұсқаулық әлі де табылған жоқ. Біз тек олардың төрт тараппен дәлме-дәл бағыттас екенін, іргетасы мінсіз шаршы пішінді екенін білеміз. Бұл – ежелгі мысырлықтардың күшпен бірге, дәлдік пен математикалық зердесінің айғағы.
Фото: Эндрю Колман
Шамамен жүз жыл бұрын Кентакки штатының тұрғыны Эдгар Кейси есімді адам дейінгі пирамидалар мен оларды салған жоғары рухани жандарды айтып, шағын ортада танылды. Мұның бәрі оған «аян» түрінде беріліпті. Кейсидің айтуынша, әлгі адамдар суға батып кеткен аңыздағы Атлантида аралынан көшіп келген. Олар Гизаны қасиетті ғибадатханаға лайық орын деп тапқан. Себебі жердегі құрлықтың шамамен ортасында орналасқан. Сондықтан зілзала мен тасқыннан қорғалған. Яғни олардың ежелгі отаны секілді ғайып болмауға тиіс еді. Кейси мұны шамамен б.з.д. 10 500 жылмен байланыстырды.
Кейси гипнозда отырғанда хатшысы оның «тастар табиаттағы темірдің ауада жүзуіне мүмкіндік беретін күштер арқылы көтерілді» дегенін жазып алған. Таңғаларлығы, Ұлы пирамиданы тұрғызу жүз жылға созылған деп мәлімдеген. Бұл ежелгі және қазіргі мысыртанушылар есептеген шамамен 20–30 жылдан әлдеқайда ұзақ. Кейсидің айтуынша, төбеге орнатылған тастан (жоғалып кеткен, болғанына да күмән бар) қатты металл дыбысы естілген. Шіркеуде қоңырау соғу дәстүрі содан бастау алған-мыс.
Эдгар Кейси левитация ғылымы қайта ашылатын кезең деп болжаған 1958 жылға жетпей өмірден өтті. Гиза сфинксінің оң табанының астында атлантидалықтар жер астына көміп кеткен «жазбалар залы» бар, онда бүкіл оқиғаның қалай өрбігені егжей-тегжей жазылған-мыс. Осы жасырын құпияны ашуға талпынған Марк Ленер есімді жігіт Мысырға барып, Каирдегі Америка университетіне оқуға түсті. Осылайша, ондаған жылға созылған зерттеу мен қазба жұмыстарына кірісті. Ақыры Ленер ең құнды дүние – дәлелге сүйенген табандылық пен мұқият зерттеуге деген сүйіспеншілікті тапқандай көрінді. Бүгінде ол әлемдегі ең беделді мысыртанушының бірі саналады. Геологиялық тұрғыда көзді ашып-жұмғанша қияли адам ғылымға айналды. Бәлкім, екеуінің арасында біз ойлағандай қатаң шекара жоқ та шығар.
Кейсидің уақыт туралы болжамын тексеру мақсатында Ленер 1984 жылы тастардың арасындағы органикалық қалдықтарға (негізінен ағаш көмірдің қиыршықтары) радиокөміртектік талдау жасады. Ол нәтижені таңғаларлық деп санады, алайда левитация тұжырымы дәлелденген жоқ. Ағаш көмірдің қалдықтары Хуфудан бірнеше жүз жылға ғана (бірақ жеті-сегіз мың жыл емес) көне екен. Бәлкім, пирамиданы салушылар ерітінді дайындау үшін көне ормандардың ағашын жаққан шығар? Кейбіреу үшін осының өзі түрлі қиялға ерік беруге жеткілікті еді.
Пирамидалардың нақты қалай құрастырылғаны әлі де құпия болып қалып отыр. Бізге белгілісі, олардың бағыты төрт құбылаға дәл келіп, табаны айрықша шаршы болып салынған.
ЕГЕР ЛЕВИТАЦИЯ болмаса, сонда қалай? Алып кесектерді жай ғана «тас» деу қолы кесілген адамға «ұсақ жара» дегенмен бірдей. Әр тастың салмағы шамамен шағын фургонға тең. Кейбірі, мысалы, Хуфу қабір камерасының үстіндегі гранит плиталар жүк көлігінен де ауыр. Тек айырмашылық, фургон мен жүк көлігінің дөңгелегі бар.
Ондаған жыл бұрын француз инженер-химигі Жозеф Давидовиц заманауи технологиясыз осыншама ауыр тастарды қозғалту мүмкін емес деп санап, ерекше қазіргі заманға сай теория ұсынды. Оның пайымдауынша, пирамидалардың құрылыс блоктары – шын мәнінде табиғи тас емес, тұрған жерінде құйылған жасанды материал. Яғни ағаш қалыптарға жұмсақ әктас ерітіндісін салып, себеттермен жоғарыға көтеріп апарып отырған. Қысқаша айтқанда, «Потемкин пирамидалары» тәрізді. Ежелгі «цементшілердің» төбеге шығып, келешек ұрпақтың таңырқай басын қасып, еңбегін «алып күштің үлгісі» деп атайтынын елестетіп, ыржиған сәті көз алдыңызға әкелсеңіз, артық етпейді. Бірақ мұндай пайымды бақылаушы Мерердің шамамен 4600 жыл бұрын жазған, 2013 жылы табылған күнделігі терістеді. Онда тастар ешқандай себетсіз-ақ, бүтін күйінде өзен бойымен сырғанап жеткізілгені нақты жазылған. Бұған қоса, пирамиданың күмбез тәрізді төбесін ұстап тұрған гранит тақталарды ескеру керек. Олар табиғи әрі қолдан жасау тым қиын.
Интернет құрылғысы мен құмарлығы бар кез келген адамды «ғалымға» айналдырды. Пирамида мамандарының жаңа түрі пайда болды: аулада тәжірибе жасайтындар, төртінші мен үшінші династияны ажырататын, бәрін бұлшықет күші мен табиғи ептіліктің жемісі деп түсінгенді жөн көретін прагматиктер. Олар тас қазу, жұмыс күші, тамақ пен баспана секілді өндірістік логистика мәселелеріне емес, нақты, көзге көрінетін тас қалауға көбірек көңіл бөлді.
Бірнеше жыл бұрын миссиссипилік зейнеткер журналист маған: «Егер қоғам күйреп, Тас дәуіріне қайта оралсақ, онда маған ешкім тең келмес еді», – деп айтқан еді. Ол өзін Дон Кихот секілді көрсетеді деп қорқып, жасырып келген сүйікті жобасын айтуға батылы жетті. Оның есімі – Роджер Ларсен болатын. Өзінің айтуынша, «Мысыр пирамидаларының қасбетіне тастарды көтеретін құрылғы» жасап шыққан екен.
Өзімді мұндай мақтанды тыңдауға лайық тыңдарманмын деп айта алмаймын. Сол кезде «пирамидиоттар» деген түсінікпен аздап таныс едім. Олар обелисктерді көтеру үшін алып батпырауық ұшыру, үлкен тастарды үрленген жануар терісінің үстіне қойып, ауырлық күшін жеңуге арналған су шлюзі бар күрделі гидрожүйе арқылы жылжыту секілді түрлі идея ұсынған-ды.
Пирамидалар туралы ойласам, олардың ауқымы мен тым тар мақсатқа жұмсалған орасан еңбектің өзі зайырлы әрі теңдікке бейім санамды дір еткізетін. Сондағысы бай отбасында туу бақыты бұйырған перғауынға пәниден кейінгі өмір сыйлау ма? Мұндай салтанат орта жастағы ырду-дырдуға бейім мінезіме қарсы келгендей. Осы тұрғыда, ежелгі Римнің ұлы натуралист ғалымы, алғашқы энциклопедия авторы Плиний ақсақалға ұқсаймын. Ол пирамидаларды турист көзімен сипаттап жазған ең көне еңбектердің бірін қалдырған. Біздің дәуіріміздің І ғасырында, Неронның ысырапшыл билігінен кейін жазылған еңбегінде Плиний Гиза пирамидаларының бос даңққұмарлықтың, «артық әрі ақымақша байлық көрсетудің» айқын үлгісі екенін сынаған.
Ларсен ауыр тасты жоғары көтерудің ықтимал тәсілі ретінде ұсынған балшықты жолмен шана арқылы жоғарыға көтеру туралы пайымға (125-беттегі суретте көрсетілген) мүлде сенбеді. Себебі Хуфу пирамидасының төбесіне дейін созылған, тастарды сүйреп шығуға жеткілікті жайпақ еңіс жасау үшін мұндай құрылым пирамиданың өзінен де көлемі асып түседі. Әрі ұзындығы бір шақырымнан асып кетуі мүмкін. Оның археологиялық ізі әлдеқашан табылар еді. «Мысырлықтар жұмысты тоқтатпай жүргізу үшін жеткілікті деңгейде сандал жасап үлгерді деп ойламаймын», дейді Ларсен. Мен оның өз тұжырымын дәлелдеу туралы ұсынысын қабылдауға бел будым.
Ұлы пирамиданы салғанда тым көп тас жұмсалғаны соншалық, Наполеон онымен бүкіл Францияны айналдыра 3 метрлік дуал тұрғызуға болады деп қалжыңдаған көрінеді.
Құрылғы орманнан Ларсеннің өзі кескен бөренелер мен түйінделіп байланған арқан бөлшектерден құралған. («Ежелгі мысырлықтар Ливаннан самырсын ағашын әкелгені белгілі», деп ескертті Ларсен). Сырттай катапультаға ұқсайды. Бірақ ортасында иінтірек орнына ескектер орнатылған. Мұны ежелгі грек тарихшысы Геродот V ғасырда жалпылама сипаттаған «қысқа ағаш бөлшектері бар, сатылы түрде жұмыс істейтін құрылғыға» келеді. Ларсен оны шалғай ормандағы ескі карьерде, еңісі 48 градусқа жуық жұмсақ әктас жотасының басына құрастырған. Оның пайымдауынша, бұл Ұлы пирамиданың 52 градустық бұрышына өте жақын.
YouTube-тегі танымалдық әуесқой мысыртанушыларға «Айви Лигасына» тең беделді орын. Ларсеннің айтуынша, видеоларына «драмалық әсер» беру мақсатында бұрын құрылғы көмегімен пикапты көтеруге тырысқан екен. Бірақ арқан үзіліп, көлік тоған жиегіне сырғып кеткен. Маған көрсету үшін үстіне мәрмәр тақталар қойылған, салмағы шамамен екі тоннадай бетон блокты қолданды. Жүк шаналарға салынып, Ларсен жартасқа бекіткен терек тақтайшалы жолдың түбінде тұр.
Кез келген пирамида сәулетшісі секілді, Ларсенге де адам күші қажет. Қолына қарап, «тіс шұқығышқа ұқсайды» деп әзілдеді. Сөйтіп, білекті жігіттерді жалдауға кірісті. Достары мен таныстарына 50 доллар, аз-кем көмек ұсынды. Олардың бәрі ақыл-есі түзу, күмәнданса да, ізет сақтап келгенін айта кеткен жөн. Ақыры «топан суға дейінгі» құрылыс алаңын жасады. Айналада күрсінген, сықырлаған және күлкіге толы дыбыс естіледі. Сықырлаған дыбыс арқаннан шығады. Бірнеше еркек әр ескекті кезекпен көтеріп, кейін қапталдағы баспалдақпен төмен итеріп түсіреді. Осылайша, блок жолақпен баяу сырғып жоғары көтерілді. Әр ескек есілген сайын шамамен жарты метрге жылжиды.
«Іш пыстырарлық, солай ма?» – деді Ларсен. Мұндай алып құрылысты перғауын тірі кезде аяқтау үшін жылдамдықты сақтауға ондаған осындай қондырғы, әр ескекке білекті тағы бірнеше жігіт қажет екенін мойындайды. Ұлы пирамиданы құраған тастардың саны соншалық, Наполеон кезінде ғалымдарға құрылымын зерттеуді тапсырған соң, «Мынадан Францияны түгел қоршайтын үш метрлік қабырға тұрғызуға болады», – деп мысқылдаған көрінеді (бұл шындыққа жақын. Есептеуімше, қабырға соншалықты ұзын болмас еді бәлкім).
Бірақ екі сағат шамасында Ларсеннің тас блоктары төбенің жиегіне жақындағанда Миссисипидегі көңіл күй мерекелік сипатқа енді. Міне, қиялының қуатымен елді еліктіріп, еріксіз таңғалдырғанға масаттанып, Дон Кихотша ортақ іске айналдырған адам тұр. Заманауи зерттеушілер Хуфу пирамидасын тұрғызған жұмысшылар қалдырған деп есептейтін жазулар есіме түсті. Олар шағымданбай, керісінше мақтанған секілді.
Ларсен мен өзі жасақтаған шағын топтың қызығушылығы ежелгі дәуірдегі құрылысшылардан айырмашылығы шамалы шығар. Олар да өзін ерекше іске арнағанына сенген. Сол арқылы уақыт шегінен асып түсетіндей сезінген. Ақыры блок төбенің жиегіне жетті. Ларсен өзін төрт мың жылдан кейін дәл осыған, қандай екеніне қарамастан қол жеткізген адаммын деп жариялады.
Біреуі кетті (не жетті), енді екі миллионы бар.
Енді пирамидалар хикаясының түйініне оралдық. Бұл әңгіме шындығында технология туралы емес, төзім, үдеріс пен табандылық жөнінде, өркениеттің өзегін құрайтын қасиеттер жайлы. Француз мысыртанушысы Пьер Талле 2013 жылы Қызыл теңіз жазбаларын тапқанша Мысырдың топырағын жиырма жылдан аса уақыт қазып зерттеді. Перғауындар өлшемімен қарасаң, аз мерзім емес. Көз жұмып, негізінен саяси жобаның құпиясын білу екіталай. Сол секілді, тасты ауаға қалықтатуды елестету қиын. Қазба жұмысын, ізденісті, оқуды тоқтатпауың керек. Ақырында сол тынымсыз еңбектің жиынтығы ұрпағымыз тамсана қарайтын ғажайыпқа айналады.
БІРАЗ УАҚЫТТАН кейін Ларсен маған хат жазды. Тәжірибе алаңы ретінде қолданып жүрген карьердің иесі, досы Леон жер телімін басқа мақсатқа пайдаланбақ екен. «Пирамида жасайтын құрылғым әлі де жардың шетінде тұр, шіріп, салбырап барады. Бүгін оны жардан итеріп, көміп тастайды. Бірақ Леоннан екі тонналық бетон блокты естелік ретінде қалдыруын өтіндім. Егер біреу тәжірибеме қызығып жатса, жасалған істің нақты дәлелі болсын. Олар бетонның ішін пенопластпен толтырдым деп айта алмайды ғой», деп жазды.
Әлбетте, айтады. Конспирология болмаса, құпияның нендей қызығы қалады?
Мақала National Geographic Qazaqstan журналының 2025 жылғы желтоқсандағы санында жарияланған.







