Мыңдаған шақырым қашықтықты бірнеше сағатта еңсеріп, әлемнің бір түкпірінен екіншісіне қас қағымда жету – адамзаттың ең ірі технологиялық жетістіктерінің бірі. Алайда бұл жылдамдықтың қоршаған ортаға тигізер өз зардабы да жоқ емес.
Фотосурет: Шеннон Фаган, Getty Images
Адам әрекетінен туындайтын жаһандық көмірқышқыл газы (CO₂) шығарындыларының шамамен 2,5%-ы авиация саласына тиесілі. Әуе тасымалының климатқа ықпалын авиациялық отын жанған кезде бөлінетін CO₂ мөлшерімен ғана өлшеуге болмайды. Атмосфераның жоғарғы қабаттарында ұшақтан бөлінетін өзге де заттар мен әуе көлігінің соңында қалатын конденсациялық іздердің климатқа қосымша әсері бар. Көміртек шығарындыларын есептемегенде, мұндай жанама әсерлер жаһандық климат ысынуына қосымша 1-2 пайыз ықпал етеді.
Әлемдік авиация саласы 2050 жылға қарай көміртек шығарындыларын нөлдік деңгейге жеткізуді мақсат етіп отыр. Бұл міндет әуе компаниялары мен ұшақ өндірушілеріне ғана емес, жолаушылардың таңдауына да тікелей байланысты.
Әрине, бір жолаушының шешімі әуе тасымалының жаһандық климатқа әсерін түбегейлі өзгерте алмайтыны анық. Әйтсе де әр сапарда жасалатын шағын таңдаулардың жиынтық нәтижесі орасан. Ендеше ұшақпен саяхаттауға тура келген жағдайда қоршаған ортаға түсетін салмақты қалай азайтуға болады?
Қай уақытта ұшқаныңыз да маңызды
Ұшақтардың климатқа әсері қозғалтқыштан бөлінетін парник газдарымен шектелмейді. Ұшақ шамамен 9–12 шақырым биіктікте ұшқанда, атмосфераға су буы мен басқа да бөлшектер тарайды. Белгілі бір жағдайларда олар ұшақтың соңындағы ақ жолақтар – конденсациялық ізге айналады.
Бұл іздер атмосфераның жағдайына қарай кейде ұзақ сақталып, жұқа бұлтқа айналуы мүмкін. Олар Жерге түсетін күн сәулесінің бір бөлігін кері шағылыстырып, салқындатуға үлес қосқанымен, Жер бетінен тарайтын жылудың ғарышқа шығуына да кедергі келтіреді. Сондықтан олардың климатқа әсері күрделі әрі түрлі жағдайда түрліше байқалады.
Конденсациялық іздердің климатқа әсері ұшу уақытына да байланысты. Түнде күн сәулесін кері шағылыстыру мүмкіндігі болмағандықтан, мұндай бұлттардың жылуды ұстап қалу (парниктік) әсері басым болады. Зерттеулер көрсеткендей, түнгі рейстердің белгілі бір аймақтар мен атмосфералық жағдайларда конденсациялық іздерден туындайтын ысыту әсері жоғары.
Cаяхатшыға кеңес: мүмкіндік болса, күндізгі рейстерді таңдаған жөн. Бір ескерер жайт, бұл барлық жағдайда ең тиімді климаттық шешім бола бермейді. Конденсациялық іздердің пайда болуы және оның әсері ауа райына, атмосфераның жағдайына, ұшақтың алған бағыты мен ұшу биіктігіне тікелей тәуелді.
Жаңа буын ұшақтарының артықшылығы
Авиациядағы қалдықтарды азайтудың маңызды жолдарының бірі – отынды үнемді пайдаланатын ұшақтарды қолдану. Жаңа буын ұшақтары алдыңғы модельдермен салыстырғанда отынды аз жұмсайды. Мысалы, Airbus A320neo ұшақтары алдыңғы A320 модельдеріне қарағанда отынды шамамен 20%-ға аз тұтынады. Отын шығынының төмендеуі өз кезегінде бір рейстен бөлінетін CO₂ шығарындыларының азаюына ықпал етеді. Қазақстандағы FlyArystan әуе паркінің бір бөлігін Airbus A320neo ұшақтары құрайды.
Бұл жерде бір жайтты ескере кеткеніміз жөн. Ұшақтың жаңа болуы оның толықтай «экологиялық таза» екенін білдірмейді. Ол әлі де авиациялық отынмен ұшады әрі атмосфераға парник газдарын бөледі. Басты артықшылығы – бір жолаушыны тасымалдауға жұмсалатын отын мөлшерін азайтатын технологиялармен жабдықталуында.
Cаяхатшыға кеңес: билет таңдағанда оның бағасы мен ұшу уақытын ғана емес, әуе компаниясы ұшақтың қай түрін пайдаланатынын да ескеріңіз.
Бизнес-класс және көміртек ізі
Ұшақтағы орынның өзі де жолаушының көміртек ізіне әсер етуі мүмкін. Авиация шығарындыларын жолаушылар арасында бөлген кезде ұшақ салонындағы орынның көлемі мен оған тиесілі кеңістік ескеріледі. Бизнес-класс креслолары эконом-класс орындықтарына қарағанда көбірек кеңістік алады. Сондықтан бір жолаушыға шаққандағы шығарындыларды есептегенде, бизнес-кластың көрсеткіші әлдеқайда жоғары болады.
Кейбір есептеулер бойынша, бұл айырмашылық бірнеше есеге дейін жетеді. Нақты көрсеткіш ұшақтың моделіне, рейс ұзақтығына, орындықтардың орналасуы мен басқа да факторларға байланысты.
Бұл ретте орын санатының өзгеруі рейстің жалпы шығарындылар көлемін өзгертпейді, дегенмен жекелеген жолаушыға шаққандағы шығарындылар үлесін есептеу кезінде айырмашылық болмақ.
Осы тұрғыдан алғанда, FlyArystan сияқты тек эконом-класс форматында жұмыс істейтін лоукостерлер жолаушыларға арналған кеңістікті тиімді пайдалануға бағытталған салон конфигурациясын қолданады. Мұндай модель бір рейсте көбірек жолаушы тасымалдауға мүмкіндік беріп, бір орынға шаққандағы көрсеткіштердің салыстырмалы түрде төменірек болуына мүмкіндік береді.
Жеңіл жүк – аз отын
Ұшақтың отын шығынына оның жалпы салмағы тікелей әсер етеді. Салмақ ұлғайған сайын ұшақты ауада ұстап тұру үшін көбірек қуат қажет. Бұл есепке жолаушының багажы да кіреді. Әрбір қосымша килограмм ұшақтың жалпы салмағын арттырып, ал бұл ұшу кезінде көбірек отын жұмсауға әкеп соғады.
Бұл ретте әуе компаниялары «жүктің әр артық килограмына – қосымша ақы» қағидатымен жұмыс істей бастаған. Мәселен, FlyArystan-ның жүк тасымалдау ережесі бойынша жолаушы өзіне қажет жүк көлемін таңдап, тек соған ақы төлейді. Мұндай модель адамды артық заттарды алмай, багажды алдын ала жоспарлауға ынталандырады.
Отын үнемдеудің тағы бір жолы – билетті тікелей рейстерге алу. Ұшақ авиаотынның басым бөлігін ұшу мен биіктікке көтерілу кезінде жағады. Ал тікелей рейсте бұл процесс бір-ақ рет орындалады. Сондай-ақ тікелей ұшу кезінде ұшақ екі нүкте арасындағы ең қысқа траекториямен ұшады. Әуеде өткізетін уақыт пен қашықтық барынша қысқарып, нәтижесінде жанармай да азырақ жағылады.
Саяхатшыға кеңес: сапар алдында өзіңізге: «Осы заттың бәрі маған шынымен керек пе?» деген қарапайым сұрақ қойып көріңіз. Бірнеше артық киім немесе қажетсіз заттың орнына жеңіл сөмке, тікелей рейсті таңдау – шағын әрі қарапайым болса да өте орынды шешімдер.
Ұшақ бортындағы ас-ауқаттың да климатқа әсері бар
Саяхаттың экологиялық әсері ұшақ қозғалтқышынан шығатын парник газдарымен ғана өлшенбейді. Саяхат кезінде (күнделікті өмірде де) қандай азық-түлік өнімін тұтынатыныңыз да маңызды. Азық-түлікті өндіру, өңдеу, тасымалдау және сақтау процестері де парник газдарының шығарындыларымен тығыз байланысты.
Әсіресе сиыр немесе қой еті сияқты мал шаруашылығы өнімдерінің климатқа әсері жоғары. Сондықтан ұшақта өсімдік негізіндегі тағамды таңдау – азық-түлікке қатысты көміртек ізін азайтудың бір жолы.
Бұл ретте мәселе тағамның құрамында ғана емес, оның қанша мөлшерде дайындалатынында да жатыр. Тамақ қалдықтары – азық-түліктің ғана емес, оны өндіруге, тасымалдауға және дайындауға жұмсалған ресурстардың да ысырап болғанының белгісі.
FlyArystan жолаушылары тағамға ұшу алдында тапсырыс бере алады немесе оны тікелей борттан сатып алу мүмкіндігі бар. Жолаушының өзіне қажет тағамды ғана таңдау мүмкіндігі артық өнімнің алдын ала дайындалуын азайтуға көмектеседі.
Cаяхатшыға кеңес: өзіңіз жемейтін тағамға тапсырыс бермеңіз, ал мүмкіндік болса, көбінесе өсімдік негізіндегі тағамдарға басымдық беріңіз.
Сапар ұшақтан түскенде аяқталмайды
Межелі нүктеге жеткен соң жеке көліктен гөрі қоғамдық көлікті пайдалану, жаяу жүру немесе велосипед тебу экологиялық тұрғыдан ұтымдырақ.
Қонақүй таңдағанда да оның энергия мен суды үнемдеуге, қалдықтарды сұрыптауға және басқа да экологиялық қағидаларға қатысты ұстанымдарына назар аударған жөн. Мысалы, Green Key сияқты халықаралық эко-сертификаттар қонақүйлер мен қонақжайлық нысандарының қоршаған ортаны қорғау талаптарына сәйкестігін бағалайды.
Саяхатшының жадынамасы
Әлемді көру – адамға жаңа мәдениеттермен, түрлі климатпен, түрлі адамдармен танысуға мүмкіндік беретін ерекше тәжірибе. Авиация бұл мүмкіндікті бұрынғыдан да қолжетімді етті. Бірақ кез келген технология сияқты әуе саяхатының да қоршаған ортаға тигізер әсері бар.
Ұшақпен саяхаттаудан толық бас тарту бәрінің бірдей қолынан келе бермейді, қазіргі заманда бұл мүмкін емес секілді. Сондықтан мәселе «ұшу немесе ұшпау» деген екі таңдауға ғана тірелмейді. Сапарды жоспарлағанда қоршаған ортаға залалды азайтатын мынадай жолдарды қарастыруға болады:
- Күндізгі рейстерді қарастырыңыз. Мүмкіндік болса, конденсациялық іздердің климатқа әсерін ескере отырып, күндіз ұшуды таңдаңыз.
- Авиа отынын тиімді пайдаланатын ұшақтарға назар аударыңыз. Жаңа буын модельдері бір жолаушыны тасымалдауға жұмсалатын отын көлемін азайтуға мүмкіндік береді.
- Эконом-класс орындықтарын таңдаңыз. Салондағы орын көлемі бір жолаушыға шаққандағы көміртек ізіне тікелей әсер етеді.
- Жеңіл саяхаттаңыз. Артық багаж ұшақтың жалпы салмағын арттырады.
- Тағамды ысырап етпеңіз. Қажетті мөлшерде ғана тапсырыс беріп, мүмкіндік болса, өсімдік негізіндегі тағамды таңдаған абзал.
- Жердегі көлікті де ұмытпаңыз. Пойыз, қоғамдық көлік, велосипед немесе жаяу жүру – көміртек ізін азайтудың маңызды бөлігі.
Бір адамның таңдауы ғаламшарымыздың климатын бір күнде өзгерте қоймас немесе жаһандық жылымықты тоқтата қоймас. Бірақ миллиондаған жолаушының әдеті өзгерсе, авиацияның болашақ бағыты да экологиялық тұрғыда жақсара түспек.







