Атыраудағы даулы лотостар

242

Лотостар атыраулықтарды аса таңғалдыра қоймайды. Дәлірек айтсақ, осыған дейін солай болып келген еді.

Кейінгі жылдары Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінде жайқалған лотос алқабы өңірдегі ең танымал табиғи орындардың біріне айналды. Жұрт алқызыл гүлдерді тамашалап, естелік суретке түсу үшін мұнда қайықпен арнайылап келеді. Ал жаз сайын дәстүрлі Lotus Fest фестивалі өтеді. Осылайша, лотос бірте-бірте Атырау табиғатының басты нышандарының біріне айналып үлгерді.

Мәтін мен фотосуреттердің авторы: Юлия Вахмистрова

Алайда биыл жазда гүлдеп тұрған лотостар қалаға әлдеқайда жақын маңнан – Атырау орталығынан небәрі 20-30 минуттық жерде орналасқан Тасқала ауылының тұсындағы Перетаска су арнасынан табылды. Ерекше гүлдің суреттері әлеуметтік желіде лезде тарап, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының мамандары бұл жаңа алқапты тіркеуге алып үлгерді.

Кейінірек бұл ғажайыптың қалай пайда болғаны мен оған нақты кімдердің себепкер болғаны анықталды.

Белгілі болғандай, жергілікті екі оқушы – Айым Жангелді мен Шаттық Хами осыдан бірнеше жыл бұрын ата-аналарына Қытайдағы интернет-дүкендердің бірінен лотос тұқымына тапсырыс бергізеді. Қыздар әуелі тұқымды аквариумда өндірмек болады, бірақ одан еш нәтиже шықпаған соң, 2024 жылы бірнеше дәнді су айдынына апарып тастаған. Арада бір жыл өткенде су бетінен лотостың алғашқы ірі жапырақтарын көріп, таң-тамаша болады. Ол кезде өсімдік әлі гүл жармаған еді. Ал 2026 жылы лотостың алғашқы гүлдері ашылып, бұл орын бірте-бірте көз тартарлық жайқалған алқапқа айналған.

Осылайша, үйдегі қарапайым тәжірибе күтпеген жерден табиғи су айдынында тұтас лотос алқабының қалыптасуына себепкер болды.

Лотос жай ғана әдемі гүл емес

Сыртқы сұлулығымен тамсандыратын бұл өсімдік сулы ортада тіршілік етуге таңғаларлықтай бейімделген.

Лотос – көпжылдық су өсімдігі. Оның тамырсабағы су түбіндегі балшыққа бекіп, жапырағы мен гүлдері су бетіне қалқып шығады. Біздің көретініміз – өсімдіктің бір бөлігі ғана. Жаңа өркендер шашатын жуан әрі тармақталған тамырсабақтары су астында, топыраққа терең бойлап жатады. Вегетатив жолмен көбейетіндіктен, лотос уақыт өте келе су айдынының өзіне қолайлы бөлігін тұтастай жауып кетуі ықтимал.

Лотостың жапырақтары да ерекше жаратылған. Олар су бетінде қалқып жүреді немесе ұзын сағағының көмегімен су бетіне көтеріліп тұрады. Ал жапырағының бетін микроскопиялық бүртіктер мен балауыз қабаты қаптайды. Соның арқасында оған су сіңбейді: тамшылар жапырақ бетімен сырғанап түскенде, шаң-тозаңды қоса шайып кетеді. Ғылымда «Лотос эффектісі» деп аталатын бұл құбылыс кейіннен өздігінен тазаланатын материалдарды ойлап табуға негіз болған.

Тұқымының қасиеті одан да таңғаларлық. Қабығы өте берік болғандықтан, лотос тұқымы ондаған жыл бойы, ал қолайлы жағдайда тіпті одан да ұзағырақ уақыт бойы өну қабілетін жоғалтпайды. Тіпті ғылымда жүздеген жылдан кейін қайта өніп шыққан тұқымдар да кездескен. Осындай төзімділігінің арқасында өсімдік табиғаттың ең қолайсыз, қуаң кезеңдерінен де аман өте алады.

Лотостың жайқалып өсуіне судың өзі жеткіліксіз. Оған таяз, жазда жақсы жылынатын орта, мол күн сәулесі, органикалық заттарға бай топырақ және тамыры еркін жайылатын су түбіндегі балшық қажет. Бұл өсімдік тынық немесе баяу ағатын суларды – шығанақтарды, ескі өзен арналарын, судың таяз тұстары мен Перетаска тәрізді жайылма су айдындарын ерекше жақсы көреді.

Дау тудырған әсемдік

Перетаска жағасына осы бір ерекше гүлді тамашалап, естелік суретке түсуге келетіндердің қатары күн санап артып барады. Қала тұрғындары қыздардың бұл әрекетіне сүйсініп, жаңа лотос алқабын олардың құрметіне «Шаттық-Айым» деп атауды да ұсынып жүр.

Алайда көпшілікті тамсандырған бұл көрініс бірқатар сауалды да тудырды: лотос осылай кең тарала берсе, оның соңы не болмақ? Мұны жаңа табиғи популяция ретінде қабылдауға бола ма?

Өсімдік қаншалықты көз тартарлық әрі сирек болғанымен, оның Перетаскада күтпеген жерден пайда болуы экологтер мен жергілікті тұрғындардың кейбірін алаңдатып отыр. Өйткені бұған дейін лотос Перетаска түгілі, Жайықтың басқа тармақтарында да мүлде өспеген еді. Сондықтан жаңа өсімдіктің жергілікті су айдынының экожүйесіне қалай әсер ететіні әзірге беймәлім.

Эколог, гид әрі экобелсенді Сұлтан Ахмет жаңа алқап Атырау облысының туристік бағыттарын толықтыратын тартымды нысанға айналуы мүмкін деп санайды. «Өңір туризмін дамыту тұрғысынан лотос өскен жаңа орынның пайда болғаны, әрине, қуантарлық жайт», – дейді ол. Дегенмен оның туристік әлеуетімен қатар ықтимал экологиялық салдарын да ескерген жөн.

Сұлтан Ахметтің айтуынша, Құрманғазы ауданында лотос бұрыннан өскенімен, оның өзге су айдындарында пайда болуы күтпеген кері салдарға әкелуі ықтимал. Мәселен, бұған дейін Ақтаудағы Каспий жағалауынан да лотостың тұқым қауашағы табылған екен. Осыны алға тартқан экобелсенді жат өсімдіктің тез көбейіп, жергілікті су айдындарындағы экологиялық тепе-теңдікті бұзып жіберуі мүмкін деп қауіптенеді.

«Бізді, экобелсенділерді, жергілікті су айдындарының экологиялық ахуалы қатты алаңдатады. Құрманғазы ауданында лотос бұрыннан өседі, ал өзге су айдындарына бұл өсімдіктің келуі айтарлықтай зиян тигізуі мүмкін», – дейді С. Ахмет.

Лотостың бақылаусыз таралу қаупіне Қатонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ғылым, экологиялық мониторинг және ақпарат бөлімінің аға ғылыми қызметкері Глеб Болботов та алаңдаушылық білдіріп отыр. Оның айтуынша, жаңа экожүйелерде жат түрлердің пайда болуына көбіне адами фактор тікелей себепкер болады.

Сонымен қатар, Болботов еліміздің аумағында Каспий лотосы (Nelumbo caspica) да өсетінін атап өтті. Ол – Қазақстанның төл флорасына жататын, Қызыл кітапқа енген өсімдік. Алайда әлемде, соның ішінде Қиыр Шығыс пен Оңтүстік-Шығыс Азияда лотостың өзге де түрлері көптеп кездеседі. Маманның сөзінше, Перетаскадағы гүлдің нақты қай түрге жататынын тек генетикалық сараптама арқылы анықтауға болады.

«Тұқым Қытайдағы интернет-дүкеннен алынғандықтан, оның жергілікті лотос еместігі айтпаса да түсінікті», – дейді ғалым. Дегенмен өсімдіктің нақты шығу тегін зерттеу қорытындысы ғана түпкілікті растай алады.

Сарапшы әзірге лотостың пайдасы мен зияны туралы біржақты кесіп айту қиын екенін жеткізді. Бір жағынан, бұл өсімдік судағы кейбір ластаушы заттарды бойына сіңіріп, табиғи биосүзгі қызметін атқара алады. Екінші жағынан, егер ол қаулап өссе, жергілікті түрлердің тіршілік ортасын едәуір өзгертіп жіберуі ықтимал.

Ғалымның айтуынша, лотос ең алдымен ауқымды биомассасы арқылы қоршаған экожүйеге ықпал етеді: кеңістікті жаулап, су бетін көлегейлеп, жарық пен қорек үшін жергілікті өсімдіктермен бәсекеге түседі. Қаулай өскен жапырақтар ағысы жоқ шағын айдындарда судағы оттегі мөлшерінің азаюына да әкеп соғуы мүмкін.

Перетаска арнасының сулы-батпақты бөлігіндегі лотостар.

Алайда Перетаска тұйық су айдыны емес. Мұнда су ағысы бар, сондықтан оның жағдайы қалың өскін қауіп төндіретін басқа су айдындарына қарағанда біршама өзгеше. Сол себепті Болботов әзірге шұғыл шара қабылдауға асықпай, популяцияны мұқият бақылауда ұстаған жөн деп санайды.

«Мұндай жаңа алқапты тұрақты бақылауға алған дұрыс шығар», – деп түйіндеді.

Маман өз сөзіне дәлел ретінде жергілікті ортаға әбден бейімделіп кеткен, ғалымдардың бақылауындағы опунция (кактус түрі) популяциясын мысалға келтірді. Әзірге ол өзге өсімдік түрлерін ығыстырып жатқан жоқ әрі экожүйеге айтарлықтай зияны байқалмайды, сондықтан оны отап тастаудың қажеті шамалы.

«Лотосқа келер болсақ, ол – мүлде басқа мәселе. Ол инвазив (кірме) түрге айналып, тым тез көбейіп кетуі мүмкін. Олар аумағын кеңейте түссе, көзін жоюға тура келеді. Әйтпесе табиғаттағы маңызы зор өзге де бағалы түрлер зардап шегуі ықтимал», – дейді сарапшы.

Сонымен қатар, маман экожүйенің құндылығы тек ондағы тіршілік иелерінің сыртқы сұлулығымен ғана өлшенбейтінін еске салады. Көзге көп іліге бермейтін қарапайым ағзалардың да өте маңызды экологиялық рөлі болуы мүмкін.

«Табиғатта тек әдемі дүниелер ғана сақталуы керек деген түсінік – қате», – дейді ол. Оның айтуынша, жұрт көбіне көз тартарлық түрлерді қорғауға тырысады. Алайда экожүйенің тұрақтылығын сақтауда көзге көп түсе бермейтін тіршілік иелерінің маңызы әлдеқайда зор болуы ықтимал.

Лотостың тұқым қауашағы.

Өзге елдердің тәжірибесі

Перетаскадағы жағдай сәндік лотостың экологиялық пікірталас өзегіне айналған жалғыз мысалы емес.

Әлемге кең таралған түрлердің бірі – киелі лотос немесе үнді лотосы (Nelumbo nucifera). Көптеген елде ол сәндік және мәдени маңызы бар өсімдік ретінде ғана емес, қауіпті инвазив түр ретінде де қарастырылады. Мәселен, Пиза университетінің ғалымдары қатысқан зерттеуде Италиядағы бөтен өсімдіктердің 34 түрінің таралу қаупіне баға берілген. Мамандар оларды реттеу тәсіліне қарай түбегейлі жойылуға тиіс түрлер, бақылау мен таралуын тежеуді қажет ететін түрлер және ұдайы қадағаланатын түрлер деп үш санатқа бөлді.

Nelumbo nucifera осы тізімдегі бірінші санатқа енгізілген. Зерттеу авторларының пайымдауынша, қауіпті инвазив түр әлі жаппай таралмаған болса, оның көзін бастапқы кезеңде-ақ толық жою ең тиімді шара саналады. Сондықтан мамандар киелі лотостың тұқымын немесе басқа да бөліктерін табиғи ортаға әкеліп тастамау қажеттігін қатаң ескертеді.

АҚШ-та да осыған ұқсас жағдай байқалады. Онтарио көлінің шығыс жағалауында инвазив түрлердің таралуын болдырмауды мақсат еткен SLELO PRISM өңірлік бағдарламасы киелі лотосты Нью-Йорк штатындағы қауіпті өсімдіктер қатарына жатқызып, оны өсірмеуге және таратпауға кеңес береді. Бағдарлама деректеріне сүйенсек, мықты тамырсабағы мен өміршең тұқымдарының арқасында бұл өсімдік тез көбейіп, таяз суларда қалың өскінге айналады. Мұндай қалың жапырақтар жергілікті су өсімдіктерін көлеңкелеп, судың бетін тарылтады әрі ағысты баяулатады.

Сонымен қатар, өсімдіктің экологиялық мәртебесі оның өскен өңіріне қарай әртүрлі болатынын ескеру қажет. Өзінің табиғи ортасында лотос жергілікті экожүйенің ажырамас бөлігі саналады әрі табиғатқа айтарлықтай пайдасын тигізеді. Мәселен, SLELO PRISM мамандарының айтуынша, лотос табиғи мекенінде түрлі жануарға қорек әрі пана болып, судағы артық қоректік заттарды бойына сіңіруге көмектеседі. Демек бұл түрді бүкіл жерде бірдей «қауіпті» деп кесіп айтуға болмайды. Оның қай жерде өсіп шыққаны, қаншалықты тез таралғаны және айналасында қандай түрлер мен экожүйелер бары маңызды рөл атқарады.

Сондықтан өзге елдердің тәжірибесі Перетаскадағы жағдайға дайын шешім бола алмайды. Дегенмен бұл мысалдар жаңа популяцияны не себепті жіті бақылауда ұстау керек екенін көрсетеді. Өсімдік бөтен түр болып шығып, таралу аумағын белсенді түрде кеңейте бастаса, мамандар зерттеу қорытындылары мен жергілікті экожүйенің жағдайына сүйене отырып, оның таралуын тежеу немесе жою туралы нақты шешім қабылдай алады.

Ал заң не дейді?

Интернет-дүкен арқылы алдырған тұқымға қатысты тағы бір заңды сауал туындайды: Қазақстанға шетелден тұқым әкелудің тәртібі қандай?

Қазақстан заңнамасында сырттан әкелінетін тұқымдар мен егістік материалдарына қатаң фитосанитариялық талаптар қойылған. Мұндай өнімдерде карантиндік зиянкестер болмауы керек, олар арнайы таңбаланып, белгіленген қаптамамен тасымалдануға тиіс. Фитосанитариялық қаупі жоғары өнімдер үшін экспорттаушы елдің ұлттық карантин қызметі берген арнайы сертификат талап етіледі. Сондай-ақ елге кірген тауарлар мемлекеттік фитосанитариялық бақылаудан міндетті түрде өтеді.

Бұған қоса, заң фитосанитариялық қаупі жоғары, карантинге жатқызылған кейбір өнімдерді тиісті сертификатсыз әкелуге қатаң тыйым салады. Заңда арнайы көзделген ерекше жағдайлардан басқа кезде карантиндік зиянкестер немесе бөтен түрлер жұққан өнімдерді де Қазақстан аумағына кіргізуге жол берілмейді.

Алайда жеке тұлғаның интернет-дүкен арқылы алдырған лотос тұқымына бұл талаптардың қаншалықты қатысы бары тұқымның қалай жіктелетініне, қай елден жөнелтілгеніне әрі мұндай өнімге қойылатын нақты фитосанитариялық талаптарға байланысты. Сондықтан Перетаскадағы жағдайға нақты құқықтық баға беру үшін өсімдіктер карантині мамандарының арнайы түсіндірмесі қажет.

Жиырылған лотос жапырағына қонған инелік.

Лотостардың ендігі тағдыры не болмақ?

Жуырда Тасқаладағы лотостарды көруге Алматыдағы Ботаника және фитоинтродукция институтының қызметкерлері арнайы келді. Мамандар генетикалық сараптама жасау үшін өсімдік үлгілерін жинап әкетті. Талдау нәтижесі гүлдің нақты шығу тегі мен қай түрге жататынын анықтап беруге тиіс. Перетаскадағы лотос тұрақты популяцияға айнала ма, әлде таралу аймағы қаншалықты ауқымды болады – ол жағы әзірге беймәлім. Сондай-ақ оның жергілікті экожүйеге қаншалықты елеулі әсер ететінін де нақтылау қажет.

Табиғат зерттеушісі әрі гид ретінде, әрине, мен осы бір ғажайып сұлулықтың сақталып қалғанын қалар едім. Бірақ мәселе тұтас экожүйенің саулығына келіп тірелгенде, ғалымдардың шешіміне толығымен арқа сүйеймін. Мен Перетаска маңынан осы өңірді мекендейтін көптеген жануар мен құсты жиі байқаймын. Олардың қатарында Қызыл кітапқа енген аққұйрық субүркіт, кіші аққұтан, сары құтан, қарабай секілді сирек кездесетін түрлер де бар. Табиғаттағы тіршілік иелерінің бір-бірімен қаншалықты тығыз байланыста екені баршамызға белгілі. Егер лотостың шамадан тыс қаулап өсуі шынымен де балықтар мен омыртқасыздардың азаюына әкеп соқтырса, өзге жануарлар мен құстар да қорексіз қалуы ықтимал. Табиғаттың осы бір нәзік тепе-теңдігі бұзылып, сирек түрлердің бұл мекеннен мүлдем жоғалып кетуі мүмкін екенін ойлаудың өзі ауыр.

Тарихта адамның табиғатқа араласуы салдарынан тұтас экожүйелердің елеулі өзгеріске ұшыраған мысалдары аз емес. Сондықтан қазіргі сәттегі ең басты міндет – өсімдіктің келешек тағдырына қатысты түпкілікті шешім қабылдамас бұрын, осы құбылысты жіті бақылап, терең зерттеу. Ал сараптама қорытындысы шыққанша Перетаскадағы гүлі түсе бастаған лотостарды тамашалап, бұл оқиғаның адамдарға ғана емес, су айдынының өзі үшін де қайырлы болуынан үміттенуден басқа амал жоқ.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ