Читайте этот материал на русском.
Пластик бөтелкелерді, пакеттерді, пластиктен жасалған түрлі қаптаманы бірден байқаймыз. Алайда пластик қалдықтарының басым бөлігі көзге көрінбейді. Микроскопиялық пластик бөлшектері бүгінде судан, ауадан, топырақтан, тіпті тірі ағзалардан да табылып жатыр. Көлемі бес миллиметрден аспайтын мұндай майда бөлшектер микропластик деп аталады. Астанада жүргізілген зерттеу осы бөлшектердің қалалық кәріз суын тазартатын жүйеден қаншалықты оңай өтіп кететінін, олардың таралуын толықтай тоқтату тым қиын екенін көрсетеді.
Автор: Дана Жақсылықова
Пластик өмірімізді түбегейлі өзгертті. Айналамызға көз салсақ, ыдыс-аяқ, киім-кешек, жиһаз, ойыншық секілді көптеген бұйымның пластиктен жасалғанын көреміз. БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының (UNEP) дерегіне сүйенсек, 2019 жылы дүниежүзінде шамамен 460 миллион тонна пластик өндірілген. Бұл көрсеткіш жыл санап артып барады.
Пластик өте арзан әрі күнделікті тұрмыста кеңінен қолданылады. Бірақ оның үлкен бір кемшілігі бар: ол табиғатта өте баяу ыдырайды. Сол себепті пластик қалдықтары ондаған, тіпті жүздеген жыл бойы жойылмайды. Пластик қалдықтары қазір поляр аймақтардан бастап, терең мұхит түбіне дейінгі бүкіл жерден – жер шарының түкпір-түкпірінен табылып отыр.
Пластиктің қоршаған ортаны ластауы бүгінде жаһандық экологиялық мәселеге айналды. UNEP-тің бағалауы бойынша, жыл сайын су айдындарына 19–23 миллион тоннаға жуық пластик қалдығы түседі. Нақты шаралар қолға алынбаса, бұл көрсеткіш 2040 жылға қарай үш есеге дейін өсуі мүмкін.
Алайда көзге көрінетін ірі қоқыстар ғана қауіп тудырып отырған жоқ. Зерттеушілер микропластик деп аталатын көзге көрінбейтін өте ұсақ бөлшектерді қоршаған ортада барған сайын жиі кездестіріп жүр.
Микропластик дегеніміз не?
Әдетте көлемі бес миллиметрден аспайтын пластик бөлшектерін микропластик деп атайды. Дегенмен бұл ұғымның халықаралық деңгейде бекітілген бірыңғай ғылыми анықтамасы әзірге жоқ. Бес миллиметр – ең жиі қолданылатын шартты өлшем.
Ғалымдар микропластикті шығу тегіне қарай бастапқы және ыдыраған деп екі негізгі түрге бөледі. Бастапқы микропластик әуел бастан ұсақ бөлшек түрінде өндіріледі немесе пластик материалдарын пайдалану барысында бөлініп шығады. Бұған бірқатар косметикалық құралдың құрамында қолданылатын микротүйіршіктер, сондай-ақ синтетикалық маталар мен автокөлік шиналарының қажалуынан бөлінетін ұсақ бөлшектер жатады.
Фотосурет: Александр Штайн, JOKER/ullstein bild/Getty Images
Ал ыдыраған микропластик – ірі пластик бұйымдардың күн сәулесі, жел, су және механикалық үйкеліс әсерінен бұзылып, ұсақталуынан пайда болатын қалдық. Оған пластик бөтелкелер, пакеттер мен бір реттік пайдалануға арналған ыдыстарды жатқызуға болады. Синтетикалық киімдерді жуу мен көлік шиналарының тозуы да микропластиктің қоршаған ортаға таралуына айтарлықтай ықпал етеді. Бүгінде мұндай бөлшектер судан, ауадан, топырақтан, азық-түлік пен жануарлар ағзасынан да табылып жатыр. Ал микропластиктің адам денсаулығы мен экожүйеге тигізер зиянының ауқымы мен салдары әлі де зерттеліп жатыр.
Фотосурет: Пол Мэйевски, National Geographic
Қазақстандағы микропластик жөніндегі алғашқы зерттеу
Пластиктің қоршаған ортаны ластау мәселесі Қазақстан үшін де өте өзекті. Елімізде 2020–2021 жылдары шамамен 0,47–0,5 миллион тонна пластик қалдығы пайда болса, 2019 жылы небәрі 0,068 миллион тонна пластик қайта жиналған. Бұл қоршаған ортаға тасталған пластик пен қайта өңдеуге жиналған қалдық көлемінің арасында өте үлкен алшақтық бар екенін көрсетеді. Қазақстанда 2022 жылға дейін микропластик мәселесіне қатысты арнайы зерттеу жүргізілмеген.
Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында 2022 жылы экологиялық химия профессоры Вуджин Лимен бірге Астана қаласында зерттеу жүргізуді ұйғардық. Бізге сарқын су құрамындағы микропластик мөлшері мен қалалық су тазарту жүйесі оны қаншалықты тиімді сүзіп қалатынын анықтау маңызды еді. Бұл – Қазақстанда ғана емес, тұтас Орталық Азия аумағында осы бағытта қолға алынған алғашқы жобалардың бірі. Сол себепті салыстырып қарайтын жергілікті деректер жоқтың қасы еді.
Әлемнің көптеген елінде сарқын су құрамынан микропластиктің табылуы үйреншікті жағдайға айналған. Қазіргі су тазарту жүйелері мұндай бөлшектердің едәуір бөлігін сүзіп қалғанымен, ағын су көлемі орасан зор болғандықтан, сүзгіден өтіп кеткен аз ғана бөлігінің өзінен қоршаған ортаға миллиондаған микропластик таралуы мүмкін.
Микропластик мөлшерінің жыл маусымына қарай қалай өзгеретінін әрі тазарту жүйесінің тиімділігін бағалау үшін біз қыс, көктем және жаз мезгілдеріндегі тазартудың әр кезеңінен кейін сарқын судан сынама алдық. Бұл өте маңызды, өйткені микропластик концентрациясы климат жағдайлары мен адамдардың маусымдық белсенділігіне байланысты құбылып тұруы мүмкін.
Сарқын судағы микропластик
Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, Астанадағы кәріз суын тазарту кешені микропластиктің едәуір бөлігін сүзіп қалады: тазарту тиімділігі 88–93 пайызды құраған. Тазарту жүйесінен өткен судағы бөлшектердің мөлшері салыстырмалы түрде төмен: бір литр суға орта есеппен төрт-бес бөлшектен келеді. Алайда тәулігіне 253,9 миллион литрге жуық тазартылған су ағатынын ескерсек, бұл көрсеткіштің өзі айтарлықтай қауіп төндіреді.
Қарапайым есепке сүйенсек, осы мөлшер сақталған жағдайда, Есіл өзеніне күнделікті бір миллиардқа жуық микроскопиялық пластик бөлшегі түсуі мүмкін.
Бүгінде микропластик әртүрлі су жануарының ағзасынан табылып жатыр. Олар бұл бөлшектерді сумен бірге байқаусызда жұтып қоюы мүмкін немесе жем екен деп жеп қоюы ықтимал. Зерттеулер микропластиктің су жануарларының физиологиялық процестеріне кері әсер етуі мүмкін екенін де көрсетеді. Алайда бұл әсердің сипаты мен деңгейі пластик бөлшегінің түрі, көлемі, құрамы мен оның ағзаға түсу жағдайына тікелей байланысты.
Сарқын суды тазартқанда сүзіп алынған микропластик те із-түзсіз жойылып кетпейді. Оның едәуір бөлігі кейін арнайы өңдеуді қажет ететін тұнба мен лайдың құрамында қалады. Бұл тұнба қалдық полигонына жіберілер болса, пластик бөлшектері қоршаған ортада сол күйі сақталып, су мен топырақ арқылы одан әрі тарай беруі әбден мүмкін.
Фотосурет: Дана Жақсылықова
Ауызсуда микропластик бар ма?
Зерттеуіміз сарқын суға арналғанымен, оның қорытындысы бұдан да ауқымды заңды сауал тудырады: микропластик ауызсуға да түсуі мүмкін бе? Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметінше, құбыр суынан да, бөтелкедегі судан да микропластик табылған. Дегенмен қолда дерек аз, ал бөлшектерді анықтау мен санау әдістері әр зерттеуде әртүрлі қолданылады.
Микропластик суға түрлі жолмен түседі. Біріншіден, су көздерінің өзін пластик бөлшектері ластаған болуы ықтимал. Екіншіден, бөлшектер су тарту жүйесіндегі материалдардың тозуынан пайда болуы мүмкін. Ал бөтелкедегі су үшін пластик ыдыстың өзі мен оның қақпағы қосымша ластану көзіне айналуы ғажап емес. Демек, ауызсу құрамында микропластиктің кездесуі бастапқы судың сапасына ғана емес, оны тасымалдау, тазарту және сақтау жүйелеріне де тікелей байланысты.
Алайда судан микропластиктің табылғаны оның денсаулыққа зияны толық дәлелденді дегенді білдірмейді. ДДСҰ бұл жөнінде түпкілікті қорытынды жасау үшін микропластиктің адам ағзасына әсерін әлі де тереңірек зерттеуіміз қажет екенін айтады.
Фотосурет: Дана Жақсылықова
Микропластиктің денсаулыққа әсері
Әйтсе де дүрбелең тудырмай тұрып, әуелі бұл мәселеге қатысты қазіргі ғылыми көзқарасты ескерген жөн. Микропластиктің адам ағзасына әсері әлі де зерттеліп жатыр. Оның ұзақмерзімді салдары туралы нақты әрі біржақты қорытынды жасауға деректер әзірге жеткіліксіз.
Тәжірибелік зерттеулер кейбір микропластик бөлшектерінің ағза жасушаларымен және тіндерімен әрекеттесе алатынын көрсетті. Ғалымдар олардың қабыну процестері мен басқа да биологиялық өзгерістер тудыру қаупін зерттеп жатыр. Алайда зертханадағы нәтижелерді адамның күнделікті өмірде тап болатын нақты жағдайымен тікелей байланыстыра беруге болмайды (яғни зертханадағы жағдайды шынайы өмірдегі жағдаймен бірдей көру қате).
Бұл ретте басты қауіп пластик бөлшектерінің өзінен ғана емес, оның құрамындағы химиялық заттардан да туындауы мүмкін. Өйткені пластикке беріктік, иілгіштік немесе ыстыққа төзімділік сияқты қасиет беру үшін түрлі химиялық заттар қосылады.
Мұның айқын бір мысалы ретінде пластик пен шайырдың кейбір түрлерін өндіруде қолданылатын бисфенол А (BPA) қоспасын айтуға болады. Бұл заттың гормонал белсенділігі бар. Сондықтан оның эндокриндік және репродуктив жүйелерге тигізуі мүмкін зияны мамандарды алаңдатып отыр.
Дегенмен микропластиктің адам денсаулығына нақты әсерін анықтауға бағытталған зерттеулер әлі де жалғасып келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл салада жауабы табылмаған сұрақтардың әлі де көп екенін алға тартып, адамдар күнделікті өмірде микропластик әсеріне қаншалықты ұшырайтынын тереңірек зерттеу қажет екенін атап көрсетеді.
Не істеуге болады?
Микропластик мәселесі жаһандық деңгейдегі күрделі түйткіл болып көрінгенімен, қоршаған ортаға түсетін пластик мөлшерін азайтудың жолдары бар.
Ең қарапайым әдісі – бірреттік пластиктен бас тарту. Мысалы, пластик пакеттің орнына мата сөмке, ал бірреттік сусын бөтелкесінің орнына көп рет пайдалануға жарайтын құты таңдау арқылы күнделікті тұрмыстық қалдықты айтарлықтай азайтуға болады. Сондай-ақ пластик қаптамаларды тұтыну мәдениетіне де мән берген жөн. Мүмкіндігінше оларды экологияға қауіпсіз балама материалдармен алмастырған дұрыс.
Алайда бұл мәселеде жекелеген адамның әрекеті аздық етеді. Пластиктің қоршаған ортаны ластауын тоқтату үшін қалдықтарды тиімді басқару, сарқын суды тазарту жүйелерін жетілдіру, ластану деңгейін тұрақты бақылауда ұстау, сондай-ақ пластик өндірісі мен оның қолданылуын заң жүзінде реттеу сияқты кешенді шешімдер қажет.
Кейбір елдер мен аймақтар мұндай шараларды енгізіп те үлгерді. Мәселен, Еуропа одағы 2023 жылдан бастап түрлі өнімдердің құрамына әдейі қосылатын синтетикалық полимер микробөлшектерін пайдалануға шектеу қойды. Ал кейбір өнім санаттары үшін бұл ережеге бейімделудің өтпелі кезеңі қарастырылған.
Қорыта айтқанда, микропластик жалаң көзге көрінбей-ақ XXI ғасырдың экологиялық сын-қатеріне айналып үлгерді. Дегенмен оның экожүйе мен адам денсаулығына тигізер зардабының толық ауқымын ғалымдар әлі де зерттеп, анықтай түсуі керек.
Қазақстанда жүргізілген осындай зерттеу микропластиктің қоршаған ортаға қайдан түсетінін, бұл процесте қалалық су тазарту жүйелерінің қандай рөл атқаратынын түсінуге септігін тигізеді. Мұндай ғылыми деректер көбейген сайын мамандар мәселенің ауқымын дәл бағалап, оны шешудің оңтайлы жолдарын таба алады.







