Алыптарға жол беріңіз!

233

Бразилияның құрып бара жатқан саванналарында өркениет өрісі алып құмырсқажегілерді қауіпті тасжолдарға қарай ығыстырып барады. Табиғат жанашырлары осы сүйкімді жайбасар жануарларды аман сақтап қалудың жолдарын іздестіріп жатыр.

Мәтін: Бен Голдфарб
Фото: Фернандо Фасиоле

Биолог Арно Дебьез (сол жақта) бен ветеринар Рафаэл Ферраз бақылау құрылғысы орнатылған алып құмырсқажегінің денсаулығын тексеріп жатыр. Дебьез 2017 жылы негізін қалаған алып құмырсқажегілерді қорғау бағдарламасы қазір осы жануарлардың қозғалысын бақылап, оларды қорғаудың жаңа жолдарын іздеуде.

Егер Чарльз Диккенс Бразилияның тұмса табиғаты жайлы роман жазса, оның басты кейіпкері үш жасар алып құмырсқажегі Джейн болар еді. Оның қысқа ғұмыры тауқыметке толы. Тіссіз түтікше тұмсығы мен үлпілдеген қалың құйрығы бар Джейн Бразилияның батысындағы ранчода дүниеге келді. Мұнда құмырсқажегілерге иттердің шабуылы және пестицидтердің әсері секілді адам әрекетінен туындайтын да қауіп-қатер көп. Джейн бір жасқа толғанда енесі жақын маңдағы тасжолда көлік астына түсті. Бір жылдан соң, ранчо иесі эвкалипт ағаштарын отап, Джейнді негізгі панасынан айырды. Ол кесілген ағаш діңдерін тасалап, әрең күнелтті. Анасын жалмаған әрі мекенін тарылтқан тасжол әлі де қауіп көзі болып қала берді.

Алып құмырсқажегілер құмырсқа илеулері мен термит ұяларын аралап, жарты метрлік жабысқақ тілімен жәндіктерді теріп жеп күнелтеді. Жол желісі ең ауқымды төрт елдің бірі – Бразилияда олар кейде тасжолдарды кесіп өтуге мәжбүр. Осындай көшпелі тіршілік салты Джейн мекендейтін Серрадо экожүйесінде де үлкен қауіп. Серрадо – қазір ауыл шаруашылығының қарқынды дамуы салдарынан түбегейлі өзгеріп жатыр. 2019–2023 жылдары оның шамамен 33 200 км² аумағы соя, жүгері, эвкалипт және басқа да тауарлық дақыл егістіктеріне айналды. Табиғи жерлерді игеру тасжолдардың көбеюіне, жүк көліктері ағынының артуына әкеліп, алып құмырсқажегілердің жол апатынан қырылуы жиіледі. Джейн мен басқа да алып құмырсқажегілерді зерттеумен айналысатын Алып құмырсқажегіні сақтау бағдарламасының негізін қалаған биолог әрі National Geographic зерттеушісі Арно Дебьездің айтуынша, Бразилияда бұл жануарлардың өміріне төнетін ең үлкен қауіп – жол апаты.

Бразилияның батыс-орталығында алып құмырсқажегі әлемдегі ең ірі тропик сулы-батпақты алқап — Пантаналды баяу шарлап жүр. Кейінгі он жылда Орталық және Оңтүстік Америкада табиғи өрт, мекен ортасының жойылуы және көлік қағуы салдарынан олардың саны күрт азайды.

Бірнеше жыл ғана бұрын Бразилияда құмырсқажегінің азаюы, тіпті кей популяцияның біржола жойылып кетуі шешімі жоқ күрделі мәселе болып көрінетін. Алайда кейінгі жылдары Дебьез бен әріптестері мәселеге басқа қырынан қарап, алып құмырсқажегінің көлік астына түсуі жүргізушіге де қауіпті екенін көрсетті. Салмағы 45 кг-нан асатын алып құмырсқажегі басқа түрлердің кез келгенінен бес есе ірі. Сондықтан мұндай ірі жануармен соқтығысқан кезде жүргізушілер жиі жарақаттанып, кейде тіпті қаза табады. «Алып құмырсқажегі мен өзге де ірі сүтқоректілердің жолдан қауіпсіз өтуіне жағдай жасау – қоғамдық қауіпсіздік мәселесі», – дейді Дебьез. Соның арқасында Бразилияның жол мекемелері Латын Америкасында бұрын-соңды болмаған ауқымда тас жолдарды қайта жобалап, бұл мәселеге нақты кірісе бастады. «Мақсат – жолдарды баршаға қауіпсіз ету, – дейді биолог. – Біз алып құмырсқажегіні ғана емес, адам өмірі мен биоалуантүрлілікті де қорғап жатырмыз».

Жалқауаң мен кіреукей секілді, алып құмырсқажегі де ксенартралар тобына жатады, бұл – динозаврлар жойылғаннан кейін көп ұзамай Оңтүстік Америкада пайда болған сүтқоректілердің ірі тармағы. Табиғатта шамамен 15 жыл өмір сүретін алып құмырсқажегі жәндіктер санын реттеу арқылы экожүйедегі тепе-теңдікті сақтауға үлес қосады. Бір алып құмырсқажегі бір күнде шамамен 30 мың жәндік жей алады. Аналығы ұрпағына өте қамқор: жалғыз төлін алты ай көтереді, туғаннан кейін тағы алты ай арқалап жүреді.

Алып құмырсқажегілер жүрісі баяу, түсі қара болғандықтан көлікке жиі қағылады. Жануарлар мен жүргізушілерді қорғау үшін ғалымдар алдымен олардың қай жерде соғылатынын анықтап, сол деректерге сүйеніп қауіпсіз өткелдер орналастыра бастады.

Дебьез әуелі алып кіреукейлерге қызыққан еді. Бірақ 2010 жылдардың орта тұсында ол Бразилия жолдары жиегінде сирек кездесетін әрі жасырын тіршілік ететін кіреукейлердің емес, алып құмырсқажегілер өлексесі жиі кездесетінін байқай бастады да, 2017 жылы осы істі зерттеуге кірісті. Үш жыл бойы ол бір топ зерттеушімен бірге Бразилиядағы төрт тасжолды аралап, 80 мың км-ден астам жол жүріп, жолдағы өлген жануарларды тіркеп отырды. Ақырында олар 12 мыңнан астам аңды есепке алды. Олардың арасында кайман, капибара, шаянжегіш түлкі және 766 алып құмырсқажегі бар еді. Алайда бұл шығынның толық көлемін көрсетпейді. Зерттеу дерегінше, өлекселердің шамамен төрттен бірін өлексе жейтін жануарлар алып кетеді. Ал көлік қағып жараланған алып құмырсқажегілердің жартысынан көбі жол жиегінен алыстап барып өледі де, бақылаушылар есебіне енбей қалады. Дебьез бастаған топ апат ауқымын тіркеп қана қоймай, мәселені шешу жолдарын да байқады. Жолда өлген жануарларды санаумен қатар, аман қалғанына бақылау құрылғысы орнатылған қарғыбау тағып, олардың Серрадо аумағындағы қозғалысын қадағалап отырды. Бақылауға алынған құмырсқажегілер асфальт жолдардан алаңсыз өтіп жүрсе де, кейде орманды жағалап көпірлер мен мал өткелдеріне барып, сол арқылы тасжол астынан қауіпсіз өтетін болған. Мұны сол маңда Дебьез орнатқан автоматты камералар тіркеді. Егер автожол органдары мұндай өткелдерді көбейтіп, екі жағына құмырсқажегіні бағыттайтын қоршау орнатса, бұл жануарлардың жойылып кету қаупін тоқтатуға көмектесуі мүмкін екенін Дебьез түсінді.

Жануарлар қауіпсіздігін ескеретін инфрақұрылым – бұрыннан белгілі тәсіл. Өткелдер мен қоршаулар Флоридадағы пантералардан бастап Сингапурдағы панголиндерге дейін талай аңды аман сақтап келеді. Зерттеулер мұндай нысандардың жолда қырылатын жануарлар санын едәуір азайтып, тұтастығы бұзылған табиғи орталарды қайта жалғайтынын дәлелдеген. Оңтүстік-шығыстағы Сан-Паулу штатында біраз тасжол салпыерін, пума, капибара және тағы басқа аңдарға арналған жерасты өткелдерімен жабдықталған. Ал Атлант жағалауы ормандарындағы аспалы өткел алтын түсті арыстантәрізді тамариндерге төрт жолақты көлік ағыны үстімен алаңсыз өтуге мүмкіндік береді. Алайда Дебьездің тобы оңтүстік-батыстағы Мату-Гросу-ду-Сул штатында алып құмырсқажегіге арналған өткел салу мәселесін алғаш көтергенде, тасжолға жауапты органдар миллиондаған реалға түсетін жерасты өткелдері мен қоршауларға қаржы жұмсауға ықылас танытпады. «Біз біраз келіспеушіліктерге тап болдық», – дейді Дебьез.

Мату-Гросу-ду-Сул штатындағы BR-267 тасжолы алып құмырсқажегінің ауыл шаруашылығы әсерінен өзгеріп жатқан табиғи мекенін кесіп өтеді. Жолдың сол жағында саванна сақталған, ал оң жағындағы жер егіншілікке арналып тазартылған.
Ветеринар Гразиэлли Сорезини BR-267 тасжолында көлік қағып кеткен алып құмырсқажегінің өлексесін тексеріп жатыр. Әр оқиғадан соң, ол әріптестерімен бірге тін сынамасын алып, басқа жыртқыштар жолға шықпас үшін өлексені жолдан алып кетеді.
Мату-Гросу-ду-Сул штатында жұмысшылар жануарлар жиі қағылатын BR-262 тасжолының астына өткел салып жатыр. 2024 жылы билік осындай қауіпті учаскелерде 170 км қоршау мен 10 жаңа өткел салуды жоспарлады.

Бразилиядағы Жабайы жануарларды қорғау институты аясында жұмыс істейтін Құмырсқажегіні қорғау бағдарламасы адам қауіпсіздігіне басымдық беру арқылы мәселенің түйінін тарқатты, өйткені бұл – кез келген көлік инфрақұрылымын жоспарлаушы үшін маңызды тақырып. АҚШ-та көлік бұғыны қақса, бұл апат қоғамға аурухана ақысы, көлік жөндеу секілді шығындарды қосқанда орта есеппен 8 мың долларға түсетінін ескерсек, зерттеулер жабайы жануарларға арналған өткел салу тиімді инвестиция екенін көрсетеді.

Мысалы, Уайомиң штатындағы бұғы мен ақбөкеннің көші-қон дәлізі бойындағы жерүсті және жерасты өткелдер мен қоршаулар талай апаттың алдын алды, ал оның шығыны 20 жылға жетпей-ақ өтеледі. Бразилияда да жағдай осыған ұқсас, мұнда Сан-Паулу штатының өзінде жылына 20 шақты жүргізуші алып құмырсқажегімен, тапирлермен және басқа да жануарлармен соқтығысып қаза табады. Дебьез бен әріптестері Мату-Гросу-ду-Сул штатындағы қауіпті учаскелер бойына қоршау орнату шығыны он жылда-ақ өтелетінін есептеді. Құмырсқажегіні қорғау бағдарламасы мәселені сипаттайтын ұғымдарды да әдейі өзгертті: «жануарлардың жолда қырылуы» деудің орнына адамға төнетін қауіпті жақсырақ білдіретін «соқтығыс» сөзін қолдана бастады.

Пантанал даласында аналық құмырсқажегінің арқасына мінген төлімен келе жатқан сәті. Ұрғашы құмырсқажегі жылына небәрі бір-ақ төл туып, оны алты айға жуық уақыт бойы бауырына басып өсіреді. Осындай баяу көбею қарқыны бұл жануарлар санының азаю қаупін күшейтеді.
Мату-Гросу-ду-Сул штатында ветеринарлар жабайы алып құмырсқажегінің жүрегін эхокардиограмма арқылы тексеріп жатыр. Ғалымдар жануарлардың қозғалысын зерттеп, оларды көлік, ит шабуылы және табиғи өрт сияқты қауіптерден қорғау жолдарын іздеп жатыр.
Минас-Жерайстағы оңалту орталығында жетім қалған алып құмырсқажегінің төлі күтушісінің соңынан еріп жүр. Екі жылға жуық бақылаудан кейін ол табиғатқа жіберілді.

Осы уәждерді алға тартқан Дебьез бен әріптестері әсіресе Серрадо мен әлемдегі ең ірі тропиктік сулы-батпақты алқап Пантанал арқылы өтетін BR-262 екі жолақты тасжолында елеулі бетбұрыс жасай алды. Күрежол жиегінде жаншылып өлген жануар тым көп кездесетіндіктен, оны «өлім жолы» деп атап кеткен. Бірақ қазір қауіп едәуір сейілген. 2025 жылы Бразилияның Көлік инфрақұрылымы департаменті мен жекеменшік мердігерлер BR-262 тасжолын жабайы жануарға қолайлы етіп қайта жабдықтауды бастады. Жоба аясында аңдар жиі қырылатын учаскелерге қоршау орнатылады, аңдарға арнап 10 жерасты өткелі салынады. Ондаған көпір мен су өткізгіш құбыр олардың еркін өтуіне ыңғайланып қайта бейімделеді. Бұған қоса, бақырауық маймылдар мен басқа да приматтар ағаштар арасымен жүруіне жағдай жасайтын жеті арқан көпір салынады.

«Бұл жоба Бразилиядағы барлық тасжол үшін жаңа стандарт қалыптастырады», – дейді «өлім жолын» қайта жаңғырту жобасын әзірлеген ViaFauna компаниясының негізін қалаушы, жол экологиясы маманы әрі National Geographic зерттеушісі Фернанда Абра. Бірақ мұндай өткелдер мен қоршаулар қанша тиімді болса да, алып құмырсқажегілерді құтқаруға жеткіліксіз. Олар өнеркәсіптік ауыл шаруашылығының Серрадо аумағына дендеп енуін тоқтата алмайды. Жабайы жануарларды ит пен өрт секілді түрлі қауіптерден қорғауға да қауқарсыз. Сондай-ақ кейбір қауіпті жолдар бұрынғы күйінде қала бермек.

Көлік қағып, жетім қалған қайсар жас ұрғашы Джейн де қиын жағдайларға қарамастан өсіп-жетілді. 2025 жылғы қарашада ол ағаштары жаппай оталған эвкалипт тоғайын тастап, түн қараңғысында анасының өмірін қиған сол тасжолға шықты. Джейн жолды аман-есен кесіп өтіп, бір күні өз күшіктерін өсіретін бос мекен іздеп, солтүстік-шығысқа қарай бет алды. Көктемге қарай ол шамамен 32 шақырым жол жүріп үлгерді. Көлік көп жүретін, қым-қиғаш жол қаптаған әлемде мұның өзі – үлкен ерлік.

Дебьез, Ферраз және ветеринар Марио Алвес медициналық тексеруден өткен алып құмырсқажегіні Мату-Гросу-ду-Сул штатындағы эвкалипт тоғайына қайта жіберіп жатыр. Осы жануарды зерттеп, аңдарға арналған өткелдер салуға бағыт-бағдар бере отырып, олар осал жануарларды қорғау ісінде басқа аймақтарға үлгі болуды көздейді.
Бұл мақала National Geographic Qazaqstan журналының 2026 жылғы қыркүйектегі санында жарық көрді.

Бен Голдфарб – экология тақырыбында жазатын журналист, бірнеше беделді сыйлық алған «Өткелдер: Жол экологиясы ғаламшарымыздың болашағын қалай өзгертіп жатыр?» (Crossings: How Road Ecology Is Shaping the Future of Our Planet) және «Еңбекқор құндыздардың таңғажайып құпия өмірі және олардың маңызы» (Eager: The Surprising, Secret Life of Beavers and Why They Matter) кітаптарының авторы. Ол жұбайы, қызы және Кит есімді итімен бірге Колорадо тауларында тұрады. Айтпақшы, ағылшын тілінде құндыздың күшігі дәл осылай «kit» деп аталады.

Фернандо Фасиоле – Бразилияның Сан-Паулу қаласынан шыққан биолог, табиғат қорғау бағытындағы фотограф әрі бірқатар жүлдеге ие болған National Geographic зерттеушісі. Ол Халықаралық табиғат қорғау фотографтары лигасының мүшесі. Оның әлемнің 30-дан астам елін қамтитын еңбектері экология мен табиғат қорғау саласындағы кезек күттірмейтін өзекті мәселелерге арналған.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ