16 тонна сүйек: Павлодардағы палеонтологиялық ескерткіш

235

«Қаздар қонысы» (немесе орысша «Гусиный перелёт») деген атауды естігенде көпшіліктің ойына бірден жыл құстары оралатыны анық. Алайда шынтуайтына келсек, бұл – дәл Павлодар қаласының аумағында орналасқан Қазақстандағы ең танымал палеонтологиялық ескерткіштердің бірінің атауы. Осыдан бес-жеті миллион жыл бұрын, яғни неоген кезеңінде бұл өңірді мекен еткен ондаған жануар түрінің тонналаған сүйек қалдықтары дәл осы жерде шоғырланған. Яғни бұл табиғат ескерткішінің қаздарға ешқандай қатысы жоқ.

Автор: Александр Вервекин
Фото: Валерий Бугаев

Павлодардағы Қаздар қонысы палеонтологиялық ескерткіші

«Қаздар қонысының» бірегейлігін айшықтайтын үш себеп

Бәрін рет-ретімен тарқатып берейін. Біз тілге тиек етіп отырған орын Павлодардың солтүстік-батысында, Ертіс өзенінің жарлауыт келген оң жақ жағалауында, Благовещенск соборы мен өзенді кесіп өтетін теміржол көпірінің аралығында орналасқан. Бүгінде бұл аумақты 2019 жылы орнатылған мүсіндерге қарап оңай тануға болады. Ол мүсіндерде ғалымдар сүйектерін дәл осы жағалаудағы құлама жардың қатпарларынан тапқан көне жануарлар бейнеленген. Мұнда үш бақайлы жылқы – гиппариондардың, мастодонттардың, керіктердің, қылыш тісті мысық пен гиеналардың мүсіндері орнатылған. Зерттеушілер көне шөгінділерден дәл осы жануарлардың қалдықтарын қазып алған. Ал палеонтологтердің пайымдауынша, сол қалдықтардың басым бөлігі әлі де жер қойнында жасырулы жатыр. Ғалымдар мұндағы сүйектердің бірнеше ондаған жануар түріне тиесілі екенін анықтаған.

Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры, мәдениеттану ғылымының кандидаты Валентина Алиясова «Қаздар қонысына» бірқатар ғылыми мақала мен кітап арнаған. Ғалымның айтуынша, бұл табиғат ескерткішінің ерекшелігін айшықтайтын үш бірдей себеп бар.

– «Қаздар қонысы» палеонтологиялық ескерткіші Павлодар мен Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге мәлім. Нысанның тікелей қала аумағында орналасқанының өзі оның бірегейлігін көрсететін бірінші ерекшелік. Ескерткіш Ертіс жағалауында орын тепкен. Көне жануарлардың сүйектері дәл осы жағалаудағы құлама жардың қатпарларынан, белгілі бір тереңдіктен табылып отыр, – дейді Валентина Нұрмағамбетқызы.

Қаздар қонысы. 2004 жылғы фотосурет

Әйтсе де бұл ескерткіштің әлемге танылуына оның қазба фаунаға бай болғаны ғана себеп емес. Ертістің оң жағалауындағы ежелгі жануарлар қалдығы табылған құлама жар эталондық геологиялық қима саналады. Дәлірек айтсақ, бұл – осы қалдықтар сақталған геологиялық қабаттың, яғни «Павлодар қабатының» стратотипі болып есептеледі. Халықаралық стратиграфиялық комитет бұл қиманы ресми эталон ретінде мойындаған. Сондықтан әлемнің қай түкпірінен неоген кезеңіне тиесілі жануар сүйегі табылса да, зерттеушілер оны міндетті түрде Павлодардағы осы табиғат ескерткішімен салыстырады. Бұл оның ғылыми құндылығының қаншалықты жоғары екенін көрсететін басты дәлел.

Бейресми ортада мұндай эталондық қималарды кейде «геологиялық қазық» деп те жатады. Өйткені басқа аймақтардағы осыған ұқсас геологиялық қабаттарды дәл осы қималармен «байланыстыра» қарастыру дәстүрі қалыптасқан.

– «Қаздар қонысын» теңдессіз әрі аса бағалы ететін үшінші себеп – мұнда бір ғана жерде 60-тан астам жануар түрінің қалдықтары шоғырланған. Бұл ғалымдардың ғана емес, барша қазақстандықтардың назарын аударуға лайық ерекше мекен, – деп, мәдениеттану ғылымының кандидаты толықтыра кетті.

Ескерткіштің ғылыми тұрғыда айрықша құндылығын ескеріп, 1971 жылғы 7 желтоқсанда «Қаздар қонысына» республикалық маңызы бар табиғат ескерткіші мәртебесі беріліп, мемлекет қорғауына алынған. Бұл туралы Валентина Алиясованың «Неоген кезеңінің палеонтологиясы» атты кітабында айтылады.

Бұл жерден не табылды?

Ертіс жағалауынан табылған ежелгі жануарлардың сүйек сынықтары, 2004 жыл

Қазба жануарларға толы бұл бірегей мекенді 1928 жылы жас зерттеуші, кейіннен КСРО Ғылым академиясы Палеонтология институтының директоры болған Юрий Орлов (1893–1966) ашқан. Павлодарға табан тіреген ол теплоход бортында тұрып-ақ Ертістің оң жағалауындағы қызғылт дақты саз бен сарғыш құмның ерекше шөгінділеріне назар аударған. Кейінірек ғалым Қаздар қонысын алғаш көрген осы сәтті 1968 жылы Мәскеуде жарық көрген «Ежелгі жануарлар әлемінде» атты кітабында егжей-тегжейлі баяндап берді.

«Қонақүйге жайғасқан соң, пароход айлағынан шығып, Ертістің бойымен ағысты қуалай төмен қарай жүре бердім, жол-жөнекей оң жақ жағалаудағы құм мен саз қатпарларын жіті шолып келе жаттым. Ол кезде «Қаздар қонысы» немесе «Разгуляй» деп аталған жерге жеткенімде, су жағасынан, тіпті суға жартылай батып жатқан сүтқоректілердің аппақ сүйек сынықтары мен тістерін көзім шалды; көп ұзамай олардың арасынан ірі күйіс қайыратын жануардың күрек пішіндес, ұшы сәл айырланған тісін тауып алдым. Еш күмәнсіз бұл керіктің тісі еді! Айналама көз салсам, жағалаудағы жиырма метрдей аумақ тұтастай сүтқоректілердің сүйек сынықтарына, жақсүйектері мен шашылып жатқан тістеріне толып жатыр екен».

Зерттеушінің бастапқы болжамы дөп түсті. Құмды-сазды шөгінділер қатпарынан керіктердің, мүйізтұмсықтардың, шағын денелі жылқылар мен гиена тәріздес жыртқыштардың сүйектері көзге оттай басылып жатты. Орлов қарсы алдында пикермий немесе гиппарион фаунасының өзіндік бір қорымы жатыр деген қорытындыға келді. Екінші атау осы фаунаның ең негізгі өкілі – сүйектері бұл жерден өте жиі табылған шағын денелі үш бақайлы қазба жылқы гиппарионмен байланысты қойылған.

1929 жылы КСРО Ғылым академиясы Геологиялық музейінің Остеология бөлімі М.Г. Прохоровтың жетекшілігімен палеонтологиялық экспедиция ұйымдастырды. Бұл экспедиция «Қаздар қорымында» маусым айынан тамыздың соңына дейін жұмыс істеді.

Қанат Ахметов пен Валентина Алиясованың 2010 жылы шыққан «Қаздар қонысы» палеонтологиялық табиғат ескерткіші» атты кітапшасында: «Жүз шақты пошта сәлемдемесін толтырған шашыраңқы тістер мен қаңқаның ұсақ бөлшектерін айтпағанда, экспедиция Геологиялық музейге жәшіктерге салынған 16 тоннадан астам қазба материалын жеткізді. Оларды тасымалдау үшін тіпті жеке вагон қажет болды» – делінген.

ППИ ғалымдары қазба жұмыстары орнында, 2003 жыл.
Фото: Валерий Бугаев

Кейінірек Юрий Орловтың өзі былай деп жазды:

«Мұнда көміліп қалған сүйек материалының мөлшері ұшан-теңіз: бір жануар түріне тиесілі бірдей сүйектерді санау барысында мынадай нәтиже шықты: Ертіс толқыны көптен бері шайып жатқан орынның шағын ғана бөлігін Палеонтология институты қазып ашқан кезде кем дегенде 20 дара жануардың, 40 керіктің, 130 мүйізтұмсықтың, 200-ден астам гиппарионның және т.б. жануарлардың қалдықтары табылды».

– Бұл өңірді мастодонттар, ірі жыртқыштар, сондай-ақ қылыш тісті мысық – махайродтар мен оларға ілесіп жүретін етқоректі гиеналар мен борсықтар да мекен еткен. Тұяқтылар мен еттұмсықты жануарлардың түрі көп болған, соның ішінде керіктің үш бірдей түрі – сивотерий, самотерий және палеотрагус кездескен. Олардың мойны қазіргі африкалық керіктерге қарағанда әлдеқайда қысқа болғандықтан, сырт келбеті бүгінгі окапилерге қатты ұқсаған. Бір сөзбен түйіндесек, мұндағы жануарлар әлемі аса бай, сан алуан әрі өте қызық болған, – дейді Валентина Алиясова.

Зерттеушілер алабұғатәрізді балықтардың, моңғол құрбақаларының, теңіз тасбақаларының, херсонес түйеқұстары, қазба сұңқарлар, тауықтәрізді құстар, жәндікқоректі атжалмандар, кірпілер, тоқалтістер мен сарышұнақтардың, ала тышқан, қарақастар мен атжалман тұқымдасына жататын кеміргіштердің, сондай-ақ тышқандардың, қосаяқтардың, шақылдақтардың сүйектерін кездестірген. Бұдан бөлек, қалдықтары тек осы Павлодардағы «Қаздар қонысы» табиғат ескерткішінің фаунасынан ғана табылған бірегей ескекаяқты жануар – семантордың және тағы да басқа көптеген тіршілік иесінің сүйектері шыққан.

Табылған жәдігерлердің қатарында тіпті ежелгі шегірткелердің қалдығы да бар. Мұндай олжалар палеонтологтердің еңбегі неткен бейнетті әрі қажырлы екенін аңғартады: ұсақ кеміргіштердің титтей сүйектерін не жәндіктердің тастағы ізін табу үшін олар кейде тонналаған құмды електен өткізуге мәжбүр.

Жануарлардың кей түрі Павлодардан табылған материалдар негізінде алғаш рет сипатталды. 

Қалдықтары осы жерден табылған бірқатар жануар түрі әлемдік ғылымға өздері табылған мекен – Павлодар, Ертіс және Қазақстан атауларымен байланысты латынша есімдермен енді. Олардың қатарында мыналар бар:

  • жертесер Crocidura pavlodarica Stogov et Savinov, 1965;
  • керік Samotherium irtyschense Godina, 1962;
  • қылыш тісті мысық Machairodus irtyschensis Orlov, 1936;
  • қуысмүйізді бөкен Tragocerus irtyshense Abdrachmanova, 1974;
  • қосаяқ Scirtodipus kazakhstanica Savinov, 1970.

Бұл жануарлар қалайша бір орыннан табылды?

– Ол заманда бұл жердің ауа райы мен табиғаты мүлдем өзгеше болған: көз ұшына көсіле жатқан саванналар, өзен аңғарлары мен шағын орман алқаптары болған еді. Мұндағы жануарлар дүниесі бүгінгі Африка фаунасына қатты ұқсайтын. Осы жерде мүйізтұмсықтар, керіктер, бөкендер тіршілік етті, әсіресе үш бақайлы жылқы – гиппариондардың қалың үйірі самсап жүретін. Сондықтан бұл қалдықтар кешені толығымен «гиппарион фаунасы» деген атауға ие болды, – деп түсіндіреді павлодарлық палеонтолог. – Ал «Қаздар қонысы» атауына келер болсақ, оның қаздарға ешқандай қатысы жоқ.

Палеонтологтер арасында кең тараған болжамдардың біріне сүйенсек, осыдан миллиондаған жыл бұрын қазіргі ескерткіштің орнында шағын суқойманың жағалауы болған. Әр кезеңде тіршілігін тоқтатқан жануарлардың сүйегін су ағысы осында біртіндеп ағызып әкеліп отырған. Олардың бір бөлігі ұзаққа созылған қуаңшылыққа төтеп бере алмаған болуы да әбден мүмкін. Кейінірек су жартылай ыдыраған сүйектерді ағызып әкеп, олар жағалаудағы шөгінділерге біртіндеп жинала берген.

Сүйектердің топырақ астында көміліп, сақталып қалуына су тасқындары айтарлықтай ықпал еткен сияқты, алайда бұл табиғи құбылыстың өзі жануарлардың жаппай қырылуына тікелей себеп болған жоқ.

Сүйек сынықтары, 2004 жыл

Павлодардан табылған жәдігерлер бүгін қайда сақтаулы?

Бүгінде «Қаздар қонысынан» табылған көптеген жәдігер Қазақстаннан жырақта сақтаулы тұр. Мәскеудегі Палеонтология музейінде Павлодарда жүргізілген қазба жұмыстарына арнайы экспозиция ашылған.

Мұнда мүйізтұмсық пен өзге де қазба жануарлардың қаңқалары қойылған. Келушілер бұл мекенді алғаш ашқан Юрий Орловтың фотосуретін, павлодарлық суретші Виктор Батуриннің картинасының көшірмесін, сондай-ақ 1930 жылдардағы экспедиция кезінде түсірілген бес бірдей бірегей фотосуретті тамашалай алады. Ол суреттерде гиппарион фаунасы табылған Павлодардағы қазба жұмыстарының барысы, қазба орнының жалпы көрінісі, аршылған сүйекті қабат, сүйектерді қаптау және оларды сазбен сылау процесі, сонымен қатар тасымалдауға дайындалып, сабан мен саз қоспасымен қапталған жәдігерлер бейнеленген.

Үш үлкен көркемдік реконструкцияда миллиондаған жыл бұрынғы ежелгі Ертіс жағалауындағы тіршілік әлемі қайта жаңғыртылған. Мұнда адамзат пайда болғанға дейін осы өңірді мекендеген мастодонттар, сусиырлар, керіктер мен қылыш тісті мысықтар бейнеленген.

Музей экспозициясына «Қаздар қонысынан» әкелінген алып бұғының мүйіздері, гиппарионның, трагоцерустың, гиенаның, қылыш тісті мысық пен қылыш мүйізді бөкеннің бас сүйектері, сондай-ақ гиппарионның аяқ сүйегі қойылған. Музейдің алтыншы залында павлодарлық мүйізтұмсық – хилотерийдің жақсы сақталған қаңқасы көпшілік назарына ұсынылған. Ол тығыз құм шөгінділерінің арқасында толығымен дерлік бүтін күйінде сақталған. Осы залда Қазақстан аумағынан табылған жас мастодонттың алып бас сүйегі де тұр.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ