Жымию да жұғады. Күлкі сенімге қалай әсер етеді?

336

Біреу сізге жымия қарайтын болса, небәрі 400 миллисекунд ішінде миыңыз бен бет бұлшықеттеріңіз оған жауап қатып үлгереді. Дәл осы қас қағым сәтте ғалымдар енді ғана сырын ұғып жатқан күрделі реакциялар тізбегі іске қосылады.

Автор: Кларисса Бринкат

Зерттеушілердің айтуынша, басқа адамның жымиысын бейсаналы түрде қайталау – қарапайым мимиканың неліктен сенім мен әлеуметтік байланысты нығайта алатынын түсіндіруге көмектесуі мүмкін.
Alexkoral, Adobe Stock

Әдетте біреу сізге жылы шыраймен қарап жымияр болса, өзіңіз де байыбына бармастан оған күлімсірей жауап қатасыз. Небәрі 300–400 миллисекунд ішінде, яғни қас қағымда бет бұлшықеттеріңіз қарсы алдыңыздағы адамның мимикасын қайталай бастайды.

Психологтер мұндай автоматты реакцияны «эмоционал мимикрия» деп атайды. Ал жаңа зерттеулер бұл құбылыстың басқа адамға қатысты қабылдайтын ең маңызды шешімдеріңіздің бірі – оларға сену немесе сенбеу мәселесіне тікелей әсер ете алатынын көрсетіп отыр.

Мұндай еріксіз әрекеттің өз мақсаты да бар. «Ол адамдардың өзара байланыс орнатып, жақындасуына септігін тигізеді, сондықтан біз бір-біріміздің мимикамызды қайталаймыз», – дейді SWPS университетінің зерттеуші психологі Михал Ольшановский. 

Өзге біреудің мимикасын қайталау арқылы сол кісіге жақындап, сеніміне кіруге болатыны ғалымдарға бұрыннан мәлім. Алайда Ольшановский мен оның әріптестерін басқа мәселе қызықтырды: бұл заңдылық керісінше де әсер ете ме? Яғни біреудің жымиғанына күлімсірей жауап қатуымыз біздің ол адамға деген көзқарасымызды өзгерте ала ма?

Emotion журналына жарияланған 2026 жылғы зерттеу нәтижесі көрсеткендей, адам қарсы алдындағы кісінің күлкісіне бейсаналы түрде неғұрлым айқын жауап қатса, оған деген сенімі де соғұрлым арта түседі. Сонымен қатар мұндай жандар сенімге негізделген тәжірибелік ойындарда өз ресурстарын бөлісуге анағұрлым бейім келеді. Зерттеуге қатысқан адамдар күлімсіреп, бет бұлшықеттерін қимылдатқан сәтте олардың өзгелерге сенім деңгейі артқан екен. Ал біреудің жымиғанына жымия жауап қату мүмкіндігі шектелгенде, керісінше, сенім күрт төмендеп кеткен.

Бұлар біздің басқаларға қатысты маңызды шешімдеріміздің өзі бір-бірімізге күлімсіреу сияқты қарапайым әрекеттен басталатынын аңғартады.

Мида басталатын тізбекті реакция

Біреудің жымиғанын қайталау арқылы оған деген сенімімізді қалай арттырамыз? Зерттеушілердің айтуынша, мұның жауабы миымызда қас қағым сәтте жүретін тізбекті реакцияда жатыр.

Калифорния университетінің (UCLA) нейробиологі Марко Якобонидің айтуынша, біреудің жымиысына күлімсірей жауап қату процесі мидағы айна нейрондар (mirror neurons) жүйесіне барып тіреледі. Бұл нейрондар адамның өзі қимыл жасағанда ғана емес, басқа біреудің іс-әрекетін сырттай бақылаған кезде де іске қосылады.

Біреуге жымия жауап қатқан сәтте бет бұлшықеттері миға жағымды сигнал жібереді. Ғалымдар бұл құбылысты «беттің кері байланыс гипотезасы» (facial feedback hypothesis) деп атайды. 2017 жылғы зерттеу нәтижесі көрсеткендей, күлімсіреу адамның көңіл күйін көтерсе, ал ботокс салдыру арқылы қабақ түюді тежеу депрессия белгілерін жеңілдетеді екен. Уисконсин-Мәдисон университетінің әлеуметтік психологі Паула Нидентальдің сөзінше, жымию мидағы марапаттау жүйесін де іске қосады. «Өзгенің жылы шырайына күлімсірей жауап қайтарған кезде бойымызды жағымды сезім билейді, сол себепті ол адамға көбірек сенім артуымыз мүмкін», – дейді ол.

Біреудің жымиғанын қайталаған сәтте екі адамның мимикасы бір сәтке үйлесе қалады. Сан-Диегодағы Калифорния университетінің психология профессоры Петр Винкельман айтқандай, осы бір кішкене ғана үндестік тұлғада «бір топқа тиесілілік, тұтастық сезімін» тудырады. Ғалым мұны сальса мен тангода болатын «би кезіндегі жақындыққа» (dance crush) ұқсатады. Би үстінде бір ырғақпен қозғалған бейтаныс адамдар аяқ астынан бір-біріне жақын болып кететіні бар. Бұл құбылысты сап түзеп, шерулете жүргенде өзін «біртұтас күш» сезінетін сарбаздардың күйіне ұқсатуға болады.

«Бір кісімен биологиялық деңгейде үндескен сәтте, – дейді ол, – миыңыз екеуіңіз де бір топқа жататыныңызды, ортақ ұқсастық бар екенін сезіне бастайды». 2017 жылғы зерттеу көрсеткендей, екі адамның іс-әрекеті үйлесім тапқанда, олардың миы да бір ырғақта жұмыс істеп, бұл бір-біріне жанашырлық танытып, қол ұшын созуына (яғни просоциал мінез-құлыққа) итермелейді. Якобонидің ойынша, екі адам физикалық әрі психикалық тұрғыда үндескен кездегі жақындық сезімі адамдар арасындағы сенімді арттыра түседі.

Сенім әлеуметтік қарым-қатынасты қалыптастырып қана қоймай, адам денсаулығына нақты пайдасын да тигізеді. Тіпті оны өлшеуге де болады. Американ психологиялық қауымдастығы 2025 жылы жариялаған зерттеуге сүйенсек, өзгелерге көбірек сенім артатын адамдардың өз өміріне қанағаттану деңгейі жоғары болады. Ал бұл – ұзақ жасаудың негізгі алғышарттарының бірі. Медицина саласында да дәрігерге деген сенім науқастың медициналық кеңесті бұлжытпай орындауына ықпал етіп, түбінде емнің әлдеқайда нәтижелі болуына септігін тигізеді.

Күлімсіреудің де түр-түрі бар

Жымиюдың қаншалықты сенім ұялататыны оның қай түріне жауап қатып тұрғаныңызға байланысты. 2017 жылғы шолуда Ниденталь мен оның әріптестері күлкінің үш типін анықтап көрсетті: жағымды эмоцияны білдіретін «марапат» жымиысы, еш қауіптің жоқтығын аңғартатын «достық» (немесе жақын тарту) жымиысы және адамның мәртебесін немесе үстемдігін көрсететін жымию. «Бұлардың үшеуі де «шынайы», бірақ олардың әрқайсысына қайтарған жауабыңыз міндетті түрде жағымды сезім тудыра бермейді, – дейді ол. – Мәселен көп жағдайда «марапат» жымиысын қайталау адамға деген сенімді нығайта түседі».

Күлімсіреудің қаншалықты шынайы көрінетіні де маңызды рөл атқарады. Ольшановскийдің зерттеуінде жасанды күлкінің өзі мимиканы қайталау процесін іске қосып, сенімді арттыруға жеткілікті болған. Бұл қарапайым ғана сыпайы күлкінің өзі көп нәрсені өзгерте алатынын білдіреді. Дегенмен Винкельманның пікірінше, адамның езуі көтеріліп, көзінің айналасына әжім ұялататын шын жүректен шыққан нағыз жымиыстың әсері әлдеқайда күшті. Ол 2025 жылғы шолуға сілтеме жасай отырып, қолдан жасалған жасанды мимикаға қарағанда, табиғи эмоциялардың адамға күштірек әсер ететінін алға тартады.

Дегенмен күлкіге күлкімен жауап қату әдеті бәріне бірдей тән емес. Мәселен, Паркинсон ауруы сияқты бет мимикасына кері әсер ететін дертке шалдыққан немесе басқалардың ым-ишарасын өзгеше қабылдайтын жандар, соның ішінде аутизм спектріндегі адамдар біреудің мимикасын үнемі қайталай бермеуі мүмкін. Сонымен қатар адамның қай кезде жымиятыны мен сол жымиыстың қалай қабылданатынына мәдени нормалар да тікелей ықпал етеді. Яғни бір мимика бүкіл жерде бірдей сенім ұялата бермеуі ықтимал.

Виртуал кеңістіктегі жымиыс

Цифрлық байланыс заманында шынайы күлкінің орнын эмодзилер басты. Миымыз мұндай өзгерісті белгілі бір деңгейде қорыта да алады. Нидентальдің айтуынша, зерттеулер эмодзидің миға әсері шынайы өмірдегі жымиысқа өте ұқсас екенін әрі адамдар хабарламадағы эмодзидің мимикасын еріксіз қайталайтынын дәлелдеген.

Алайда Винкельман эмодзилердің шынайы күлкі секілді сенім ұялата алатынына күмән келтіреді. Біріншіден, олар – қозғалыссыз, жансыз бейнелер. Ғалым 2016 жылғы зерттеуге сүйене отырып, қозғалыстағы шынайы мимиканың қозғалыссыз көрініске қарағанда әлдеқайда күшті еліктеу реакциясын тудыратынын айтады. Оған қоса, Винкельманның пайымынша, эмодзилерде адамның басты назары ерінге ауады да, бет-әлпетті толық қабылдауда аса маңызды саналатын көздің рөлі ескерусіз қалады. Ғалымның пікірінше, эмодзилер түптеп келгенде табиғатынан жансыз, олар мәтіннің бір бөлшегі ғана. «Эмодзилер бізді баурап, бойымызда нақты эмоция не өзара үндестік оятудың орнына, көбіне жай ғана ақпарат алмасу құралы болып қала береді», – дейді ол.

Айна нейрондардың іске қосылуы, бет бұлшықеттерінің қимылдауы, көңіл күйдің өзгеруі мен өзара үндестік сезімі, яғни жымиюдың нағыз кереметі адамдар бетпе-бет жүздескен кезде анағұрлым күштірек байқалады.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ