Бабалар коды. Фотограф Владислав Ким петроглифтерді неге суретке түсіріп жүр?

215

Он бес жылдан астам уақыт ірі корпорациялар мен мемлекеттік мекемелерге кеңес беріп келген Владислав Кимнің өмірі 2023 жылы фотоөнермен ұштасып, күрт өзгерді. Небәрі екі жыл ішінде ол Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, 50 мың шақырымнан астам жолды артта қалдырды. Көне петроглифтерді таспаға тартуға ең қолайлы сәтті, мінсіз жарық пен оңтайлы ауа райын күтіп, ұлан-ғайыр даланы, құмды шөл мен биік тауларды шарлап шықты. Бүгінде оның «Бабалар коды» жобасы ұлттық мұражайлардың, Мәдениет министрлігінің, сондай-ақ Forbes тізіміндегі кәсіпкерлердің назарына ілігіп үлгерді. Ал туындылары тұрақты экспозиция қорларында сақталып, көрмелерге қойылып жүр. Соған қарамастан, фотограф өзін шығармашылық жолдың бас жағында ғана тұрмын деп санайды.

Оның түпкі мақсаты көрмелер өткізуден әлдеқайда ауқымдырақ – әуелі Қазақстанның, кейінірек бүкіл әлем петроглифтерінің ең үлкен визуал мұрағатын жасап шығару.

Фотосуреттер: Владислав Ким

Сұхбаттасқан: Ділдар Сердалы

Таңбалы петроглифтері

— Әңгімемізді танысудан бастасақ. Владислав Ким деген кім?

Менің өмірімді, былайша айтқанда, екі кезеңге бөліп қарауға болады. Біріншісі – консалтиң саласы. Ұзақ жылдардан бері ірі корпорациялармен және мемлекеттік компаниялармен жұмыс істеп келемін. Тұтынушыларымның қатарында банктер, өнеркәсіп секторы (мұнай-газ, қазба байлықтарын өндіру), сондай-ақ мемлекеттік мекемелер бар.

2023 жылы өзіме «елуден асқан шағымда өмірімді не нәрсеге арнаймын?» деген сұрақ қойып, жауап іздедім.
Сөйтіп, өнер әлеміне бет бұрдым. Кескіндеме, мүсін өнері және фотография сияқты түрлі бағыттарды байқап көріп, ақыры фотоөнерге тоқталдым.

— Неліктен таңдауыңыз дәл осы фотографияға түсті?

Фотографияны нағыз өнер туындысына айналдыра білген авторлар маған шабыт сыйлады. Олардың өмірбаяны мен жүріп өткен жолын зерттей келе, шығармашылық адамы табысқа ешқашан кездейсоқ кенелмейтінін ұқтым.

Маған құр суретке түсіре салу емес, көрерменге нағыз картинадай әсер ететін туындылар жасау қызық көрінді. Сондықтан бірден кәсіби жабдықтар сатып алып, барлығын тәжірибе барысында үйрене бастадым.

— Фотоөнердегі жолыңыз неден басталды?

Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, еліміздің әсем табиғатын, бай тарихы мен салт-дәстүрін, мәдени құндылықтарын танып-білуден бастадым.

Әуелгіде табиғат көріністері мен жануарлар дүниесін фотоға түсіріп жүрдім. Біртіндеп өз қолтаңбам қалыптасты. Мені жалаң репортаждық фотографиядан гөрі, бойына үш негізгі элементті сіңірген көркем фотоөнер көбірек қызықтырды. Яғни фотографияның деректілігі, көркемдік (арт) құндылығы болуы шарт әрі онда хикая көрініс табуға тиіс. Ал петроглифтер осы үш ерекшелікті тамаша ұштастырады. Онда деректілік те (түпнұсқаның сақталуы), арт та (көркемдік тұрғыда ұсынудың жаңа форматы), тарих та бар.

Алғашқы табысты топтамаларымның бірі – жылқылардың фотосуреті. Жұрт туындыларымды қызыға сатып ала бастады, осылайша өнерім таныла түсті. Бұл, әрине, экспедицияға көбірек шығуыма шабыт берді.

Қазір туындыларымның көбейгені сонша – Алматыдағы Rahat Palace қонақүйі мен Астанадағы «Вена кварталы» тұрғын үй кешенінен vxn.kz деп аталатын жеке галереямды ашуды ұйғардым.

— Ал петроглифтер туралы жобаға қалай келдіңіз?

Мүлдем кездейсоқ.

Сапарларымның бірінде жартастағы көне суреттерге көзім түсті. Бастапқыда оларды жай әшейін суретке түсіре салатын қызық нысан ретінде ғана қабылдағам. Алайда үйге оралып, кадрларды өңдей бастағанда, олардың орасан зор әлеуеті барын түсіндім. Петроглифтер фотосуретте әрі тарихи құжат, әрі заманауи өнер туындысы ретінде көрініс тапты. 

Осылайша бұл тақырыпқа тереңірек бойлай бастадым.

Таңбалы археологиялық ландшафтында әртүрлі дәуірге тиесілі 5 000-нан астам жартастағы суреттер сақталған.

— Жобаңызды неге Таңбалыдан бастадыңыз?

Іздене келе, Таңбалы (Тамғалы) – Қазақстандағы жартас өнерінің маңызды ескерткіштерінің бірі әрі ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген құнды нысаны екенін білдім.

Оған қоса, осы салада жүрген петроглиф іздеушілер де маған Таңбалыға баруды ұсынды. Сөйтіп, арнайы ат басын бұрып, біраз сурет түсіріп қайттым. 

Кейін сол фототоптамамды қорық-мұражай қызметкерлеріне ұсындым.

— Қастеев музейіндегі көрме қалай ұйымдастырылды?

«Таңбалы» қорық-музейі мен ұсынған жұмыстарды көре сала, жобаны бірден қолдады. 

Кейін материалдар Мәдениет министрлігіне жолданды. Сол кезде көрмені Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде өткізу идеясы туып, мамандар да бұл бастаманың сәтті өтеріне сенімді болды.

— Көрмеге келген жұрт қалай қабылдады?

Өте жылы қабылдады.

Меніңше, бұған көрменің бірнеше маңызды мақсатты қатар қамтығаны себеп болды.

Біріншіден, жоба петроглифтерді қалың көпшілікке танытады. Мойындау керек, қазақстандықтардың көпшілігі елімізде мұндай бірегей ескерткіштердің бар екенінен де бейхабар.

Екіншіден, осы көрме тарихи нысандардың бүлінбей сақталуына септігін тигізеді. Енді адамдарға тау-тасты кезіп, жетуі қиын жерлерге барудың қажеті көне жәдігерлерді көру үшін жоқ. Оларды музей қабырғасында жүріп-ақ еркін тамашалай алады.

Биыл наурыз айында Қастеев музейіндегі көрмеге ЮНЕСКО өкілдерімен бірге келген шетелдік ғалымдар да дәл осыған баса назар аударды.

— Суреттеріңізді қалай өңдейсіз?

Бұл сұрақты қоймайтын адам кемде-кем шығар. 

Көпшілік мен сурет өңдеуге жасанды интеллект қолданады деп ойлайды, бірақ мүлде олай емес. Әр петроглифтің өзіне тән түсі болады. Мұның бәрі тастың минералдық құрамына және сыртқы факторларға (ауа температурасы, күннің көкжиектегі орналасуы, түсіру ракурсы, т.б.) тікелей байланысты.

Кейде тамаша кадр жасауға қажет жарық тас бетіне санаулы минут қана түсіп тұрады.

Менің басты міндетім – күн сәулесі әртүрлі бұрыштан түскенде көмескіленіп, көзге ілінбей қалатын петроглифтердің бейнесін барынша анық әрі мінсіз сапада таспалау, сондай-ақ тас бетіндегі минералдардың табиғи, қанық түстерін айшықтап көрсету арқылы суретке ерекше көркем реңк беру.

— Демек сіз суретке қолдан ештеңе қоспайсыз, тастардың табиғи бояуын өзгертпейсіз ғой?

Жоқ.

Олай ету әсте мүмкін емес. Бұл  фотография ғой. Оның бейнелеу өнерінен басты айырмашылығы да осында – фото шынайылықты бұрмаламайды. Оған қоса, фотосурет нысанның тұла бойындағы қуатын дәл жеткізе алады деп білемін. Әрине, кез келген фотографтың түс баптау (түс коррекциясы) арқылы кадрды аздап өңдейтіні рас. Бірақ мұндайда тастағы минералдардың табиғи түсі ғана айқындала түседі. 

Ең бастысы, петроглифтің түпнұсқа бейнесі қаз-қалпында сақталады.

Ешкіөлместегі жартас суреттері Орталық Азиядағы көне қоғамның тұрмыс-тіршілігінен, наным-сенімдері мен мифологиясынан сыр шертеді.

— Әңгіме барысында Таңбалыны жиі тілге тиек еттіңіз, алайда қазір Ешкіөлмес петроглифтерін де түсіріп жүр екенсіз.

Иә, алдағы уақытта Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі басқа да ескерткіштерді қамтуды жоспарлап отырмын. 

Таңбалы көпке танымал болса, Ешкіөлмес секілді нысандар аз зерттелген, олардың ашылмаған құпиясы әлі де жетерлік. 

Ол жақты түсіруді бастағанда, жартастағы сюжеттердің сан алуандығына қайран қалдым, бірақ олардың бүгінгі жай-күйі жаныма батты. Тастағы таңбалар біртіндеп өшіп барады, ал фотография – петроглифтің шынайы бейнесін қазіргі қалпында сақтап қалатын бірден-бір құрал. 

Көп нысанға жетудің өзі мұң. Кейде бір ғана сәтті кадр үшін тік жартасқа өрмелеп шығуға тура келеді.

— Жобаны неге «Бабалар коды» деп атадыңыз?

Әуелде көрмені жай ғана «Таңбалы» деп атамақ болғанмын. 

Бірақ кейін бұл атаудың қалың көпшілікке айтарлықтай ақпарат бермейтінін ұқтым. 

Петроглифтер құр сурет емес қой. Олар – мыңдаған жыл бұрын өмір сүрген адамдардың бізге қалдырған аманаты, құнды дерегі. Бабаларымыз тасқа қашай отырып, өздерінің тұрмыс-тіршілігін, наным-сенімін, көш жолдары мен бастан өткерген оқиғаларын баяндап кеткен. Түптеп келгенде, бұл таңбалар – ғасырлар қойнауынан бізге жеткен құпия код. 

«Бабалар коды» деген атау осыдан туды.

— Ал жоба барысында тарих пен археология әлеміне қаншалықты терең бойладыңыз?

Өзім ойлағаннан да тереңірек бойлауға тура келді. 

Ғылыми мақалалар мен кітаптарды үздіксіз ақтарып, археологтермен, тарихшылармен жиі кеңесіп тұрамын. 

Уақыт өте келе фотографияның құр сурет емес, тарихты тану құралына айналатынына көз жеткізесің. 

Әуелі нысанды суретке түсіресің, сосын тарихы мен терең мәніне үңілесің. Сөйтіп, сол әлемге қалай тұтылып қалғаныңды байқамай қаласың.

— Демек фотосуретші бірте-бірте зерттеушіге айнала ма?

Дәл солай.

Меніңше, кез келген тақырыпқа шындап кіріскен адам осы үдерісті бастан кешеді. 

Бір күні мәселені тек камера объективі арқылы емес, әлдеқайда терең ұғына бастайсың.

— Қазіргі басты мақсатыңыз не?

Ең бірінші мақсатым – Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі петроглифтердің толыққанды фототоптамасын жасап шығару.

Екіншісі – сол туындыларды әлемдік деңгейдегі музейлер мен университеттерде таныстыру әрі көркем фотосуретті коммерциялық бағытта тарату.

Үшіншісі – ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміндегі жартас суреттерінің барлығын түсіріп шықсам деймін. Сәті түссе, Қазақстанда әлем петроглифтері музейін ашып, жинақталған бірегей жәдігерлерді сонда тұрақты экспозиция ретінде қойғым келеді. Армандарымның ішіндегі ең ауқымдысы әрі бұрыннан келе жатқаны – осы. 

Владислав Ким – Қазақстандағы жартас суреттерін зерттеуші, фотограф әрі петроглифтерді дәріптеуші.

— Сонда бұл әлемдік деңгейдегі ауқымды жоба болғалы тұр ғой?

Дәл солай.

Бұл дегеніміз әлемнің ондаған еліндегі 50-ден астам археологиялық кешенді фотоға түсіру. Егер ойым жүзеге асса, бұл – әлемдегі ЮНЕСКО мұрасына жататын петроглифтердің тұңғыш толыққанды әрі біртұтас фототоптамасы болмақ.

— Мұны не үшін қолға алдыңыз?

Петроглифтердің өзі мені осы жолға бастап, серік етіп таңдағандай сезінемін. Шамасы, олар енді оянып, әлемді кезіп, бір-бірімен «танысқысы» келетін секілді.

Жартас өнері адамзат баласының ортақ тарихының ажырамас бөлшегі екенін паш ету өте маңызды. 

Ал Қазақстан осы жобаның бастау нүктесі болуға лайық. Себебі біздің ел – петроглифтердің мекені, адамзаттың генетикалық коды сақталған өлке.

— Жобаның түпкі нәтижесін қалай елестетесіз?

Айтып өткенімдей, менің басты мақсатым – әлем петроглифтерінің заманауи халықаралық музейін ашу. Онда тарих пен мәдениет, сұлулық пен озық технологиялар тоғысатын болады. 

Келушілер мыңдаған жыл бұрын тасқа қашалған суреттер арқылы адамзаттың жүріп өткен жолын танып қана қоймай, сол жәдігерлер орналасқан жердің табиғи сұлулығын да сезінсе деймін.

Бұл жай ғана фотосурет болмайды. Бұрынырақта өмір сүрген адамдардың жарқын естелігін сақтап қалуға жасалған талпыныс дегеніміз жөн болар.

— Ежелгі петроглифтің алдында тұрғанда не сезінесіз?

Ең алдымен, өткенмен рухани байланыс орнағандай болады. Көз алдыңда сонау ежелгі адамның таңбасы тұрғанын терең сезінесің. 

Фотосуретті қағазға басып шығарғаннан кейін де тылсым байланыс сақталып қалатын сияқты. Оны сатып алғандар да туындылардың өн бойында ерекше бір қуат бар екенін айтады. 

Көз алдыңда осыдан мыңдаған жыл бұрын ғұмыр кешіп, келер ұрпаққа сыр шерткісі келген бабалардың қолтаңбасы сайрап жатады. Оның кейінгі буынға қалдырған қандай да бір үндеуі бар екені анық. Ал біздің бүгінгі міндетіміз – соны түсініп, сырын аша білу.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ