Қаратау өңірінен тағы бір руна жазуы табылды

198

Жамбыл облысының таулы шатқалдары ғасырлар бойы үнсіз сақтап келген тағы бір құпиясын ашты. Жуалы ауданындағы Бұрхансай шатқалының жартастарынан көне түркі руникалық жазуы табылды.

Бұрхансайдан табылған руна жазуы. Фотосуретті Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институты ұсынды.

Археологиялық жаңалық Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының ғалымдары (Е. Ақымбек, Б. Железняков және А. Шаяхметов) мен Жамбыл облысы әкімдігінің Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау дирекциясының инспекторы Ж. Бәйтімбетовтің бірлескен экспедициясының жемісі. Зерттеушілер «Ежелгі және орта ғасырдағы Сырдария мен Қаратау: мәдениеттің шығу тегі мен трансформациялануы» атты ауқымды ғылыми жоба аясында петроглифтер кешеніне барлау жүргізіп, жартастағы жасырын таңбаларды байқаған.

Ғалымдарды ерекше елең еткізгені – тасқа қашалған мәтіннің мағынасы. Тарих ғылымдарының кандидаты, ресейлік маман В.В. Тишин жазудың алғашқы оқылым нұсқасын ұсынды: «Менің ер атым – Аба».

Зерттеуші Ералы Ақымбек 2024 жылы петроглифтерді зерттеу экспедициясы кезінде бұл ескерткішті кездейсоқ тапқанын айтады. Тастың бетін қына жауып қалғандықтан, жазу анық көрінбеген екен. Кейінірек мамандар тастағы таңбаны оқып берген.

Ғалымның айтуынша, Бұрхансай шатқалынан табылған бұл руна – Қазақстан аумағындағы көне түркі эпиграфикалық ескерткіштерінің қатарын толықтырып қана қоймай, өңірдің орта ғасырлардағы тарихы мен бабаларымыздың жазбаша мәдениетін жаңа қырынан зерттеуге жол ашады. Моңғолия мен Батыс Сібірде мұндай ескерткіштер жиі ұшырасқанымен, Қазақстанда өте сирек кездеседі екен. Оның үстіне Талас жазуының Моңғолия аумағында кездесетін руна жазуларынан айырмашылықтары да бар.

Бүгінде жартастағы жазу жергілікті маңызы бар мәдени ескерткіш ретінде алдын ала тізімге енгізілген. Ғалым Ералы Ақымбек ескерткішті аман сақтап қалу үшін мемлекет қорғауына алудың маңызы зор екенін ескертеді.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ