Дүниенің «төбесін» көрген фотоcуретші

323

Орталық Азиядағы Уахан дәлізі – тұнып тұрған поэзия мекені дейді фотосуретші.

Мәтін мен фотосуреттердің авторы: Матье Пейли

18 жастағы Саид Рахман – уахан отбасылары жылдың жарты бөлігін киіз үйде өткізетін биік таулы Вагд Бой жайлауының бақташысы.

Хиндукуш, Памир, Қарақорым, Тянь-Шань. Бұл сөздер мен үшін нағыз поэзия іспетті. Гималайдың қиырында, Орталық Азияда орналасқан Уахан дәлізінің картасына үңілген сайын, түрлі қиялға шомамын.

Қазіргі Ауғанстанның аумағындағы бұл тар алқап Пәкістан, Тәжікстан және Қытаймен шектеседі. Оны Санкт-Петербург пен Лондондағы империалистер Патшалық Ресей мен Британ империясының аражігін ажырату үшін 19-ғасырдың соңына қарай қолдан сызып, ойлап тапқан. Отарлаушылар үшін Уахан дәлізі бос жатқан қажетсіз жер еді. Ал мен үшін Уахан – төменгі аңғарын уахандықтар, ал таулы үстірттерін жартылай көшпелі ауған қырғыздарының шағын қауымдастығы мекен ететін, нұрға бөленіп, сұлулық тұнған ғажайып мекен.

Таулы Памирдің құлазыған шөлінде иттер күзеткен отар-отар қой-ешкінің тұяғынан көтерілген шаң айналаға тарап жатыр.
Жоғары Памирдегі Сарғаз ауылының басшысы Розиқ Әли жағасын шымтезек басқан тау көлінің маңындағы шалшықтан қарғып өтіп барады.
Жоғары Памирде әпкелі-інілі екеуі кешкілік сауын үшін қой-ешкіні көгендеп жүр.
Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен бұл өлке тарихта «Бам-е Дуня», яғни «Әлемнің шатыры» деген асқақ есімімен мәлім. Бұл атаудың тамыры парсы тілінен бастау алады. Жергілікті памирліктер асқар таулармен көмкерілген биік үстіртті («Помир») туған жерін ежелден дәл осылай ардақтап атаған.
Ауғанстанның Уахан дәлізінде орналасқан Дестгхардан шығып, биік тау асуына бет алған қойшы.

Пәкістаннан Уахан дәлізіне алғаш рет 2000 жылы жаяу барған едім. Ол кездері шекара бақылауы әлі күшеймей тұрған. Бес мың метр биіктіктегі Иршад шекара асуына жетіп, бір аяғым – Ауғанстан, келесі бір аяғым Пәкістан топырағын басып тұрған сәтте, кеудемді түсіндіріп болмайтын ерекше бір еркіндік сезімі кернеген-ді. Содан бері жиырмадан астам экспедицияны артқа тастасам да, мен әлі күнге сол бір ғажайып сезімнің жетегінде келемін. Осы мекенге жасайтын сапарларым бұдан әрі де жалғаса бермек.

Жырақта, тау бөктеріндегі соқпақ жолда кетіп бара жатқаныңда, мына асқар таулардың алыптығы қиялыңды шарықтатады. Мұндай ғажайып сезімді мен әсіресе зәу биікте, ауыр жүк арқалап, жайлауға бағыт алған күнұзақ жолдың соңына қарай қатты байқаймын. Көк шалғынның шетіндегі төбесіне мүйіз қадалған тас обалар мен бұтағына түрлі түсті шүберек байланған ағаштарды көргеніңде, осы өлкеден өткен түрлі наным-сенімдердің ізін байқайсың. Зер салар болсаң, табиғатқа табынудың жаңғырығы, зороастризмнің жалыны, буддизмнің үнсіз мінәжаты мен беріде келген исмаилит бағытындағы ислам – олардың барлығы әлі де осы жерде екенін аңғарасың. Бұл мекеннің адамдары түтінсіз оттан жаратылған, қарнының орнында үңірейген қуысы бар, жұрттың зәресін ұшыратын Биргуч сынды перінің бар екеніне де әлі күнге шүбәсіз сенеді.

Уахан дәлізін кезінде отарлаушылар Ресей мен Британ империяларының шекарасын бекіту үшін ойлап тапқан.
Орталық Уахандағы жасөспірім қыз Зубайда Гүл өрістегі малына бара жатыр.
Кіші Памирдің Мұқұр жайлауындағы Айым Хан отбасына тиесілі сарлықты күніне екі мезгіл сауады.
Ақ жаулық тарту рәсімі. 15 жасар Икбал балалық шағының куәсі болған қызыл жаулығын ақ босаға аттауға дайын бойжеткеннің ақ жаулығына ауыстырғалы жатыр. Кіші Памирдегі ауған қырғыздарының ауылында егде жастағы әйелдер қауымы Икбалдің басына ақ жаулық тарта бергенде, бойжеткеннің жанарынан тамшы жас ыршып түсті.

Күні бүгінге дейін Уахандағы тіршілік жаяу жүргіншінің қарқынымен баяу сырғиды. Бұл жай ырғақ ішімдегі тынымсыз, шешімін таппай жүрген мазасыз ойлармен үндесетіндей. Менің сүйікті кейіпкерлерім – мал соңынан ерген бақташы, сапар шеккен зияратшы, терімшілер – барлығы жолға жаяу шығады. Ал Уаханның осы бір асықпайтын баяу ырғағы адамның дүниетанымы мен ішкі болмысын өзгертіп жібереді. Тәнің ең алдымен асқар таудағы биіктік пен ызғарға бейімделеді. Артынша біркелкі басқан қадамдар санаңды сабасына түсіреді. Денеңе түскен ауыртпалық алдымен тәубеңе келтірсе, кейін еркіндік сыйлайды.

Бұл таулардың құшағында сіз шынайы бейнетті, қақаған аязды, азынаған жел мен оңаша елсіз мекенді, сонымен бірге балшықтан соғылған жұпыны үйлердің жылуын да көресіз … Үй ішінде жадыңызда сақталып қалатыны – тыныштыққа толы сәттер мен мейірімге толы әрекеттер: ошақтан шыққан түтін арасынан жаулығын түзеп жатқан әйелдің қолы, қонақжай үй егесі ұсынған бір кесе тұз қосылған сүтті шай (біздіңше әткен шай – ред.). Фотограф ретінде мен мұндай әдемі сәттердің тым нәзік келетінін де білемін. Ұзақ қадала қарасам, түсіргім келіп тұрған ғажап кадрды бұзып алуым мүмкін. Маған осылай асқан сақтықпен жұмыс істеген ұнайды.

Жоғарғы Памирге жасаған соңғы экспедициялардың бірінде үш уахандық дос тезек отына жылынып, өткен-кеткеннен сыр шертіп отыр.
Сархад ауылындағы дәстүрлі үйде уахандық әйелдер меймандарын әткен шаймен жылы шырай таныта қарсы алды. Түрулі түндіктен түскен жарық үй ішін нұрға бөлеп тұр.
Жайлаудағы ішін түтін басқан қарапайым балшық үйде уахандық әйел жол соғып, титықтап келген жолаушыға ыстық әткен шай ұсынып жатыр.
Кіші Памирдегі ауған қырғыздарының ауылындағы жас бала Жұма мен оның сәйгүлігі.
Мына тоқал сарлыққа «Сары» деген ат қойылған. Сарлықтар таңғажайып төзімділігімен, күш-қуатымен әйгілі. Оларды жұрт жайлауға көшкенде ауыр жүк артатын көлік ретінде жиі пайдаланады.
Памирдегі кешкі тіршілік қамы: нан жабу, әткен шай, ауған қазанында сүт қосылған күріш пісіру.

Жойылу алдында тұрған памир тілдерінің бірі – уахан тілін меңгеру осы өлкеге деген шексіз махаббатымның оянуына үлкен әсер етті. Мен бұл тілді әдейі отырып «оқыған» жоқпын, ұзақ сапарлар барысында оны өздігінен меңгеріп кеттім. Жергілікті тілде сөйлей бастауым бірте-бірте бәрін өзгертті. Ортамызда әзіл-күлкі көбейді. Ортақ тіл адамдарды жақындастырады әрі ол кез келген түсінбестіктің алдын алуға көмектеседі. Мұның бәрі менің фотограф ретіндегі жұмысыма да оң ықпал етті. Қолымдағы камерам кейде жұрттың мазасын алуы мүмкін, бірақ көбіне мен олармен үнемі байланыста боламын, сұрақтарына жауап беремін, олар да маған жауап қатады… Мәдениетіміздегі айырмашылықтарды сезінсек те, тіл өзара байланыс көпірін орнатуда негізгі рөл атқарады.

Фотограф ретінде, жай ғана «оқиғаны баяндаудан» бөлек, сізді бұл жерге қайта-қайта оралуға не нәрсе мәжбүрлеуі мүмкін? Бәлкім, әдемі суреттер түсіргіңіз келетін шығар, өйткені сонда өзіңіз де сол әдеміліктің бір бөлшегіне айналатындай сезінесіз, солай емес пе? Осы бір сезімнің жетегінде тұңғиыққа бойлай түсесіз. Бұл – адамға қанат бітіретін ерен күш. Ол сізді фотографияның түрлі тәсілін зерттеуге итермелеуі мүмкін. Тіпті суреттеріңіз арқылы өлең жазуға талпынып көруіңіз де ғажап емес. Қатып қалған қағидаларды жиып қойып, композицияның шеңберінен шығуға тырысасыз. Сәттілік пен сәтсіздік алмасады. Нәтижесі қалай боларын білмесеңіз де, сол тылсым түйіннің ұшын тарқата бересіз.

Үсті-басына ұн тозаңы жабысқан кішкентай қыз ауылдың «ходорг» деп аталатын су диірменінің сыртында тұр.
Уахандық әйелдер жайлау маңындағы астана деп аталатын шағын киелі орынға құлшылық етуге ағылып жатыр. Арқар мен таутеке мүйіздері ілінген бұл қасиетті орында ата-баба дәстүрімен байланған түрлі түсті шүберектер желбірейді.
Жоғары Памирдегі уахандықтардың астана деп аталатын киелі орны. Бұл сөз уахан тілінде «табалдырық» деген мағынаны береді. Мұндай зиярат орындары анимизм сенімін зороастризм және исмаилиттік ислам белгілерімен ұштастырады.
Уахан тілінде чундрик деп аталатын, тікенекті шырмауық шырмаған шырғанақ бұтасы ыдыс жууға арналған ысқыш ретінде қолданылады.
Памирдің геологиялық тарихы өте бай екенін мұнда анық аңғаруға болады. Мәселен, Уахан аңғарындағы көз ұшына көсіліп жатқан бидай алқабының ортасында алып қойтас жатыр. Ал сонау көкжиектен Тәжікстанның сұлбасы көрінеді.
Пәкістанмен шекараласқан асқақ шыңдардың арасында, Памирдің құпияға толы түкпірінде «Қызыл шатқал» – Секр Янждың сұлу бедері менмұндалайды. Бұл жерге жылдың небәрі үш айында ғана табан тіреуге болады, қалған уақытта шатқал қалың қар құрсауында жатады.
Осы Уахан жерінде туып-өскен Бах Шох авторды үш күн бойы қонақ қылып, бірге дәм татып, өмірлік естеліктерін бөлісті.

Менің бұл жаққа қайта-қайта келе беруімнің бір себебі де осында. Қандай да бір мекенмен арадағы байланыс шынайы әрі табиғи болса, онда сіз оған құмартып тұрасыз. Себебі ол жер сіздің поэзияңыздың мекеніне айналады. Әрине, жаңа жолдар салынып, ұялы байланыс келгелі біраз нәрсе өзгерді. Бірақ ата-бабадан қалған ұлағатты білім әлі де сақталған, менің бар назарым соған ауып отыр. Өйткені дәл осы нәрсе – уахан мәдениетінің ең бірінші болып жоғалып кетуі мүмкін бөлшегі. Меніңше, оның орны толмас құндылығы бар.

Әр сапарым – сұхбатқа, сонымен бірге өзіме үңілетін айнаға айналады. Сол айнаға үңілгенде, санаңызға сіңіп қалған таптаурын түсініктердің шаңын қағасыз. Осындағы мейірім мен қонақжайлықтың арқасында өзгересіз. Жай ғана осы жерде болғаныңыз үшін, сізді шын мәнінде көріп, қабылдағаны үшін, ортаға қосылуға рұқсат бергені үшін өзгересіз. Менің осында болуым бұл мекенді де өзгертеді. Мен сені көремін … сен де мені көресің. Бұл екі әлемнің арасындағы тербеліс іспетті, бір-біріңді танып-білудің тылсым биіндей. Осы топыраққа қадам басқанымда, жүрегім дүрсілдей жөнеледі. Сондықтан да бұл байланыс ешқашан үзілмек емес. Тым болмаса, мен үшін солай болып қала бермек. Мені бұл жерге қайта-қайта жетелеп әкелетін – махаббат. Жай ғана махаббат.

Тамыз – орталық Уахандағы қызу жұмыс маусымы. Егістіктен оралған Азиз Байг бір кесе көк шай ішіп, тынығып отыр. Оның артындағы қабырғада Тағум мерекесінен қалған ұн іздері көрінеді.
Мобарек Шох (уахан тілінде «Махаббат патшасы» дегенді білдіреді) – жас әнші. Орталық Уахандағы досының үйінде өнер көрсеткен ол синтезаторын велосипедіне таңып, қайтып келеді.
2008 жылғы қысқы сапардан сыр шертетін фотосуреттер топтамасының үлдірі.
Францияда дүниеге келген National Geographic зерттеушісі әрі фотошежіреші Матье Пейли түрлі үкіметтік емес ұйымдар мен National Geographic, Time және Geo іспетті беделді басылымдардың тапсырмасымен әлемді шарлаған. Азия құрлығында жиырма жыл өмір сүрген ол жақында ғана Португалияға қоныс аударды. Қазір ол сол жерде өзінің сүйікті істерінің бірі – орман өсірумен шұғылданып жүр.

Он жыл бойы көшпелі ауған қырғыздарының тыныс-тіршілігін таспаға басып келген Матье 2011 жылы алғашқы кітабын оқырманға жолдады. Оның терең мағыналы көркем суреттері әлемнің түкпір-түкпіріндегі галереялар мен мұражайлардың төрінен орын алды. Дүниежүзілік беделді марапаттардың (оның ішінде World Press және «Жылдың халықаралық фотографы») иегері Матье үнемі фототарих баяндаудың қыр-сырын үйрететін шеберлік дәрістерін өткізіп тұрады. Ол суреттен бөлек бейнероликтер мен әсерлі мәтіндер арқылы адамзаттың ортақ құндылықтарын насихаттап келеді. Оның шығармашылық әлеміне Instagram желісіндегі @paleyphoto парақшасы арқылы саяхат жасай аласыз.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ