Көк тұмсықты ақбас үйрек

292

Елімізде тұмсығы көкпеңбек ерекше құс түрі мекендейтінін білген бе едіңіз? Бұл үйрек Қазақстанда ғана емес, жаһандық деңгейде қорғауға алынған, яғни халықаралық Қызыл кітапқа енгізілген. Ақбас үйрек деп аталатын бұл құстың қазіргі популяциясы мүшкіл халде. Құрып кету қаупі төніп тұрғандықтан, Табиғат қорғаудың халықаралық одағы (IUCN) оған EN (жойылу қаупі төніп тұр) жоғары қорғау мәртебесін берген.

Мәтін мен фотосуреттердің авторы: Юлия Вахмистрова

Ақбас үйрек (Oxyura leucocephala)

Бұл тіршілік иесі табиғатта тым сирек кездеседі әрі көзден таса өмір сүреді. Осыған байланысты ақбас үйректер әлі де жеткілікті зерттеле қойған жоқ. Әйткенмен ғалымдар осы ерекше құстың өмір сүру салты мен тыныс-тіршілігіне қатысты кейбір маңызды деректерді анықтап үлгерген.

Ақбас үйрек қайда тіршілік етеді?

Ақбас үйректің негізгі тұрағы – жағасын қалың құрақ көмкерген көлдер. Олар тұщы суда да, ащы суда да жүзе береді.

Кұсойнақ кезеңіндегі аталық ақбас үйректі өзге құстармен шатастыру әсте мүмкін емес. Оның ашық көк түске малынған тұмсығы сонадайдан менмұндалайды. Бұл құсты су бетінен алғаш байқағанымда, тұмсығының ақықтай реңкі дүрбісіз-ақ көзіме шалынып, бірден назарымды жаулап алған еді. Ал сәл жақынырақ барып зер салсаңыз, бұл түрдің тағы бір негізгі ерекшелігі – тік қайқиған құйрығын байқайсыз. Мұндай ерекше бітім үйрек тұқымдастарының басқа ешбірінде кездеспейді. Тіпті шағылысу маусымы өтіп, көкшіл реңі оңып, аталық құстың тұмсығы аналығынікіндей қарайып кетсе де, дәл осы белгі ақбас үйректі жазбай тануға көмектеседі.

Ақбас үйректің дене тұрқы 43–48 сантиметр, ал қанат құлашы 62–70 сантиметр шамасында болады. Тұрпаты жағынан аналықтары аталықтарына қарағанда сәл кішірек келеді. Бұл құстар қыстаған жерінде жүріп-ақ жұптасып үлгереді. Содан болар, тұрақты мекеніне орала салысымен уақыт жоғалтпай бірден ұрпақ өрбіту қамына кіріседі. Олар көбіне су өсімдіктерінің арасына – қалқымалы аралшықтар мен томарларға ұя салады. Қызығы сол, кейде су деңгейі көтеріліп, ұяның түбіне дейін жететіндіктен, жұмыртқалардың ылғал жерде жататын кездері де болады.

Қоғалы көлдер, қом сулар – ақбас үйректің негізгі қонысы.

Әдетте ақбас үйректер бестен онға дейінгі аралықта жұмыртқа салып, оларды 25–26 күндей басады. Бұл қанаттының жұмыртқалары ерекше ірілігімен таңғалдырады, олардың әрқайсының салмағы ересек құстың салмағының сегізден біріне дейін жетеді. Тіпті кейде ұядағы барлық жұмыртқаның салмағы аналық үйректің өз салмағына теңесіп қалады. Өзге үйрек тұқымдастарға қарағанда, ақбас үйректің балапандары кештеу ширап, тек 40–45 күн дегенде қанат қаға бастайды.

Бұл қанаттылар негізінен өсімдік тектес азықпен қоректенеді. Балдыр, су өсімдіктерінің тұқымы мен олардың сабағы, жапырақтарын жейді. Сондай-ақ жәндік дернәсілдерін, ұлуларды, ұсақ су омыртқасыздарын сирек болса да талғажау етеді. Осындай жануартекті қорек әсіресе балапандарға қажет, себебі осындай құнарлы азық ширақ өсіп, тез жетілуіне септігін тигізеді. Бұл құстар суға өте жақсы сүңгиді әрі су астында ұзақ бөгеле алады. Құрлыққа шығуға тым құлықсыз келетіндіктен, бүкіл өмірі дерлік су бетінде өтеді.

Ақбас үйректі аталығының көкпеңбек тұмсығынан ғана емес, қайқиған құйрығынан да танисыз.

Ғалымдардың болжамынша, ХХ ғасырдың бас кезінде әлемдегі ақбас үйректердің саны 100 мыңға жуықтаған. Алайда өткен ғасырдың ортасына қарай бұл құстың қатары күрт сиреді. Италия, Франция, Албания, Грекия, Израиль мен Мысыр сияқты елдердің аумағында ақбас үйректің тұқымы мүлдем құрып кеткен.

Ақбас үйректің саны неге күрт кеміді?

Құс популяциясының бұлайша азаюына нақты не себеп болғаны әлі де жұмбақ. Десе де мамандар құстардың жағдайын қиындатып отырған бірнеше басты факторды атап көрсетеді. Ең алдымен, құстарға жайлы су айдындарының тартылуы зор зардабын тигізіп отыр. Көлдердің құрғауы, су деңгейінің жиі құбылуы, қуаңшылықтың белең алуы мен жердің шаруашылық мақсатта қарқынды игерілуі ақбас үйректерді ұя салып, қорек табатын құтты қонысынан айырып жатыр. Сонымен қатар, антропогендік ықпалдың, яғни адам факторының да кесірі аз болмай тұр. Қарқынды туризм, балық аулау кәсібінің ретсіздігі, моторлы қайықтардың гүрілі мен үзілмейтін аяқ дыбысы құстарды әсіресе ұя салатын ең маңызды кезеңде қауіпсіз мекенін амалсыз тастап кетуге мәжбүрлейді.

Судың ластануы да үйректердің өсіп-өнуіне үлкен тұсау болып отыр. Түрлі химикат пен ағынды су табиғи ортаны улап, үйректердің негізгі қорегін азайтып жібереді. Оның үстіне, заңмен қатаң қорғалғанына қарамастан, аңшылардың ақбас үйректі өзге құстармен шатастырып, байқаусызда атып алатын кездері де аз емес. Ақбас үйрек – су астына терең бойлай сүңгитін құс. Сондықтан судағы балық аулайтын торларға шырмалып, жиі мерт болып жатады. Санының онсыз да тым аз болғаны бұл түрді кез келген сыртқы әсерге, мәселен, түрлі індетке, қолайсыз ауа райына немесе үйреншікті мекенінің бұзылуына тым осал етеді.

Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының (ҚБСА) мәліметінше, бүгінде жаһанда ақбас үйректің төрт дербес популяциясы тіршілік етеді: испан, солтүстік африкалық, орталық азиялық және пәкістандық топтар. Соның ішінде ең ірісі саналатын орталық азиялық популяцияның ұя салып, балапан өрбітетін негізгі құтты қонысы – дәл біздің ел. Мәселен, күзгі қоныс аудару кезінде Қазақстан су айдындарына осы құс түрінің әлемдік популяциясының кем дегенде жартысы шоғырланады. Орнитологтердің есебінше, қазіргі уақытта бұл бірегей үйректің дүниежүзінде бар-жоғы 7900–13100 дарағы қалған.

Бүгінде ақбас үйрек еліміздің Наурызым, Қорғалжын және Алакөл мемлекеттік табиғи қорықтарында, сондай-ақ Сарықопа мен Балқаш маңындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда мемлекет қамқорлығына алынған.

Бірегей бітімді сирек құс еліміздің баға жетпес байлығы ретінде отандық пошта маркаларында таңбаланған. Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының логотипінде де осы құс бейнеленген.

Осынау бірегей қанаттыны сақтап қалуда Қазақстанның рөлі орасан зор. Өйткені елімізде ақбас үйректің ұя салып, балапан өсіруіне қолайлы ірі көл жүйелері мен адам аяғы баса бермейтін нулы, сулы-батпақты алқаптар әлі де табиғи қалпында сақталған. Бұған қоса, отандық орнитологтер мен табиғат қорғау ұйымдарының жүйелі еңбегі, жыл сайын үзілмейтін бақылау санағы және ұя салатын мекендерді күзету шаралары бұл популяцияның тұрақталып, өсіп-өнуіне айтарлықтай септігін тигізіп отыр.

Бұдан бөлек, фотографтар мен бөрдуочерлердің (құс бақылаушылардың) жауапкершілігі де құсты қорғаудағы маңызды фактордың бірі. Дәл осы себепті, яғни ақбас үйректің қауіпсіздігі мен оның мекендеу ортасы бүлінбей сақталсын деген ниетпен құсты нақты қай жерде суретке түсіргенімді ашып көрсетпеуді жөн санадым.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ