Алты миллион жануардың ұлы көші

213

Оңтүстік Суданның шалғай бір түкпірінде зерттеушілер жуырда әлемдегі ең ауқымды жануарлар көші-қонын анықтады: бұл – ондаған жылғы соғыс салдарынан көзге түспей келген бөкендердің сансыз көп үйірі еді. Енді қақтығыстар саябырсып, өңірге даму қарқыны дендеп ене бастағанда, жаңа мәселе туындайды: осы ғажайып құбылысты сақтап қалу мүмкін бе?

Фотосуреттер: Маркус Уэстберг

Жазып алған: Горди Мегроз

Кейінгі жарты ғасыр бойы Жер шарындағы ең ғажайып табиғи құбылыстардың бірі көзден таса күйде өтіп келді. Шығыс Африкада 600 мың км²-дан астам аумақты алып жатқан Оңтүстік Суданның кең-байтақ жері сулы-нулы жайылымдарынан, саванналар мен шөптесін алқаптардан тұрады. Алайда 2011 жылғы Суданнан тәуелсіздік алу жолындағы күрес пен 2013–2018 жылдардағы азаматтық соғыс салдарынан елдің табиғи байлықтары көбіне сыртқы әлемге беймәлім болып келді.

2007 жылы Wildlife Conservation Society ғалымдары әуеден бақылау кезінде таңғаларлық көрініске куә болды: шексіз жөңкілген жануарлар легі шөптесін алқаптарды толассыз ағын секілді кесіп өтіп жатты. Жыл сайын миллиондаған бөкен – негізінен аққұлақ коб, сондай-ақ тиаң пен монгалла газелі Оңтүстік Суданның оңтүстік-шығыс бөлігінде үлкен шеңбер бойымен көшіп жүреді. Қуаңшылық маусымында олар Садд батпағы мен Бома ұлттық паркі сияқты тұрақты су көздері мен шүйгін жайылымдарға қарай шоғырланады. Жаңбырлы кезең басталғанда, қайта тарап, ондаған мың шаршы шақырым аумаққа жайылады. Алғашқы әуе зерттеуі 1,3 миллионнан астам жануарды тіркеген. Кейінірек African Parks ұйымы жүргізген санақтары әлгі санның алты миллионға жуықтайтынын көрсетті: бұл – Шығыс Африкадағы әйгілі гну көші-қонынан да ауқымды, жер бетіндегі құрлық сүтқоректілерінің ең ірі көші-коны.

Бүгінде өңірде тыныштық орнағанымен, жаңа түйткілдер туындады: тіршілігін түзеуге талпынған жұрт қоныстарын ұлғайтып, күнкөріс үшін аң аулап, кей өңірлерде мұнай өндіруді дамудың жолы ретінде қарастырып отыр. Дәл осы сындарлы сәтте табиғат жанашырларының жаңа бір буыны көші-қонды сақтап қалудың жолдарын іздестіріп жатыр.

Осы құбылысты терең түсінетін бес адам өз тәжірибесін бөлісіп, көшті қорғау жолдарын баяндап берді.

Жануарлар маусым сайын оңтүстіктен солтүстікке көшіп, құнарлы шөпке бай жайылымдарда жайылады. Осындай жерлер Бадингило ұлттық паркі сияқты қорғалатын аумақтарда орналасқан, онда олардың көпшілігі жаңбырлы маусымды өткізеді.
Өңір дамыған сайын Эфиопия шекарасына жақын орналасқан Бома ұлттық паркі көшіп жүретін бөкендерге ғана емес, басқа да жануарларға бана болып отыр. Әлемдегі ең биікке ұшатын құс – рюппель лашыны осы аймақтың жартастарында мекендейді.

Көші-қонды әлемге танытқан эколог

МИК ФЕЙ

Эколог, African Parks ұйымының кеңесшісі және National Geographic зерттеушісі

Оңтүстік Судан үстімен 2007 жылы шағын ұшақпен ұшып өттім. Жоғарыдан бұл өңір өркениеттен алыс қалғандай көрінді: жол атымен жоқ, адам да өте аз. Бұған дейін қақтығыстан қажыған осы аймақта бір ғаламат құбылыс жасырынып жатуы мүмкін дегенді естігенмін. Расында да, әуеден зерттей бастаған сәтте-ақ мыңдаған бөкен үйірі көзге түсе бастады. Еріксіз таңдай қақтым.

Көп сарапшы бұл үйірлер соғыс кезінде құрып кеткен деп ойлаған. Алайда, керісінше, соғыс олардың сақталуына ықпал еткен болуы мүмкін: халықтың босуы мен аңшылықтың тоқтауы жануарлардың аман қалып, тіпті көбеюіне жағдай жасаған.

Бұл өткен заманға тап болғандай әсер қалдырды. Жөңкілген жануарларды бірнеше минут бойы бақылап, бір кездері бизондар жайлаған Солтүстік Американың жазықтарын елестеттім. Африканың басым бөлігіндегі ландшафт жолдар мен шаруашылық әсерінен бөлшектенген. Кения, Уганда мен Конго Демократиялық Республикасының шығысында табиғи аумақтар негізінен қорықтар мен ұлттық парктер аясында ғана сақталған. Ал Оңтүстік Суданда экожүйелер әлі де тұтас: инфрақұрылыммен бөлінбеген кең алқаптарда жануарлар еркін тіршілік етеді.

Ендігі міндет – осы көші-қонды сақтап қалу. Кейде бейбіт кезең табиғат үшін соғыстан да қауіпті болуы мүмкін. Оңтүстік Суданда жолдар салынып, мұнай барлау жұмыстары жүріп жатыр, аң аулау да көбейген. Аңшылықты мүлде тоқтатуға тырыспай, табиғи ортаның тұтастығын бұзбай жүргізуде. Бақылау болмаса, бұл қауіптер көші-қон дәлізін үзіп жіберуі мүмкін. Сондықтан біз Оңтүстік Судан қауымдастықтарымен бірге үйірлерді қорғауға кірістік. Жергілікті халық жануарлардың қадірін біледі. Біз қорық аймақтарын құруға және браконьерлікке қарсы патрульдерді ұйымдастыруға көмектесіп жатырмыз. Жергілікті жұртпен бірлесіп, төлдеу аймақтары мен су көздерін аң аулауға тыйым салынған аумақ ретінде белгілеп, жануарлардың еркін өтуіне арналған дәліздерді сақтап қалуға күш салып жатқан жайымыз бар.

Бұл жерді қайтадан «жабайы табиғатқа айналдырудың» қажеті жоқ деп үнемі айтып отырамын. Ол онсыз да жабайы. Мәселе – оны жойылып кетпей тұрып дұрыс басқаруда. Мені алаңдататыны – өзгерістің қарқыны: бақылаусыз жер игеру, мұнай, жолдар. Ландшафт бір бөлшектенсе, оны қайта қалпына келтіру өте қиын. Бірақ әзірге жануарлар осында, көші-қон жалғасып жатыр. Демек, бәрін дұрыс жасауға әлі мүмкіндік бар.

1970 жылдары бұл өңірде 133 мыңға жуық піл тіршілік еткен. Заңсыз аңшылық олардың санын 95 пайыздан астамға азайтты, бұл адам әрекетінің жануарларға ықпалы қаншалықты зор екенін көрсетеді.

Табиғат пен даму мүддесін ұштастырған шенеунік

ДЕНАЙ ЖОК ЧАГОР


Оңтүстік Суданның жабайы табиғатты қорғау және туризм министрі

Мен мал шаруашылығымен айналысатын өңірде өстім. Онда тағы жануарлар бізге бөтен емес еді – біз олармен қатар өмір сүрдік.

Ұзақ уақыт бойы көші-қон еленген жоқ, өйткені өңірге мемлекет назар аударған жоқ. Оңтүстік Судан тәуелсіз ел болмай тұрған кезде, мұнда даму мәселесіне көңіл бөлінбеді. Ауылдар бір-бірінен оқшау орналасты, ал кең дала бос жатқандай көрінді.

«ҰЗАҚ УАҚЫТ БОЙЫ БҰЛ КӨШІ-ҚОН НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛДЫ, ӨЙТКЕНІ ӨҢІРГЕ МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН НАЗАР АУДАРЫЛМАДЫ»

Тұмса табиғат ветеринарлары Ричард Харви мен Сара Фергюсон 2023 жылы бір редункаға белгі тақты. Сол жылы зерттеушілер Оңтүстік Суданда 12 түрдің көші-қонын бақылады.

2020 жылы губернатор болып, African Parks ұйымымен жұмыс істей бастағанда, табиғатты қорғау мен дамуды ұштастыру жолын ойлай бастадым. Оңтүстік Судан экономикасы негізінен мұнайға тәуелді, минералдық ресурстар да бар. Бірақ біздің тағы бір үлкен байлығымыз тұмса табиғат еді. Егер оны дұрыс сақтай алсақ, бұл көші-қон әлемнің түкпір-түкпірінен адам тарта алады. Туризм – табыс көзі. Сондықтан осы іске құлшынысым зор.

Бұл оңай болған жоқ. Қорық маңындағы қауымдастықтар бұрыннан аңшылықпен күн көрген, сондықтан тыйымға қарсылық білдіреді. Балама табыс көзі болмаса, жағдай өте қиын. Сол себепті біз түсіндіру жұмыстарын бақылаумен қатар жүргізіп, кәсіптік браконьерлікке қарсы шараларды күшейтіп отырмыз.

Ричард Харви мен Сара Фергюсон жануарларға браконьерлер мен арыстан мен қабылан сияқты жыртқыштар қауіп төндіріп тұрғанын анықтады.

Жерді пайдалану – тағы бір күрделі мәселе. Біз ұлттық парктер арқылы өтетін кейбір жол құрылысы жобаларын тоқтаттық, өйткені олар көші-қон бағыттарын бұзар еді. Қазір парк шекараларын нақтылап, осы қорғау шаралары кейін өзгертілмейтіндей заңдар қабылдап жатырмыз. Сондай-ақ бұрынғы қателіктерден сабақ алдық. Мысалы, Судан билігі кезінде басталған, бірақ аяқталмаған ірі дренаж жобасы – Джонлей каналы. Садд батпақтарының маңында жүргізілген бұл жоба маусымдық су тасқындарын өзгертіп, Оңтүстік Судан әлі тәуелсіз ел болмай тұрып-ақ жануарлардың көші-қон жолдарына әсер еткен.

Бұл жұмысты тек үкіметтің күшімен жүзеге асыру мүмкін емес. Туристік инфрақұрылымды дамыту үшін сырттан инвесторлар қажет. Жақында Катардан келген бір инвесторды бірнеше ұлттық паркке апардым. Қаржы құятындар шешім қабылдамас бұрын, бұл жердің шынайы күйін түсінгенін қалаймын.

Уақыты келгенде өңірді туристерге толық ашамыз. Бірақ туризм аса мұқият ұйымдастырылуы тиіс. Қауіпсіздік 99 емес, 100 пайыз болуы керек. Әзірге толық дайын емеспіз, бірақ дайындық жүріп жатыр. Бұл – ұзақмерзімді жоспар. Бейбітшілік пен заң үстемдігі нығайса, инфрақұрылымды дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашамыз. Адамдар әлемдегі құрлық жануарларының ең ірі көші-қоны осы жерде екенін білгенде, оны қорғауға ұмтылады. Ал біз оның ел игілігіне де үлес қосуын қамтамасыз етуге бел буып отырмыз.

Көші-қон кезінде жануарлар әдетте халық тығыз қоныстанған жерлерден аулақ жүреді, алайда Бома ұлттық паркінің шетінде орналасқан Кассангор – олардың қозғалыс жолындағы шағын елді мекендердің бірі. Бұл өңірдегі жергілікті тұрғындардың көпшілігі отбасын асырау үшін жабайы аң аулайды.

Көзден таса көші-қон жолдарын тіркеп жүрген картограф

ИНГЕ ВАН ДЕН МЕЙРАККЕР


African Parks ұйымының Оңтүстік Судан бойынша деректер жинау менеджері

Бұл көші-қон иен далада өтіп жатқан жоқ. Жануарлар ауылдарды айналып, егістік жағалап, су көздеріне қарай бет алып, қауіптен бой тасалайды. Мен географиялық ақпараттық жүйелер (GIS) деп аталатын бағдарламаларды пайдаланып, олардың қозғалысын, ауа райын және адам әрекетін бір картаға біріктіріп, көзге бірден түспейтін заңдылықтарды анықтаймын.

Белгі тағылған жануарлардан алынған деректер, әуеден жүргізілген бақылау, жерсеріктік суреттер мен далалық зерттеулер арқылы біз жануарлардың әр маусымда қайда баратынын, қаншалықты жылдам қозғалатынын және жыл сайын қай жерлерге қайта оралатынын түсініп келеміз. Олардың бейімделу қабілеті қайран қалдырады. Жауын-шашын мен адам әрекетіне қарай бағыттарын өзгертіп отырады.

Пибор мен Бор қалаларын жалғайтын жол бөкендердің негізгі көші-қон бағытын қақ жарып өтеді. Табиғат жанашырлары жол жақсарып, жануарларға қолжетімділік артқан сайын браконьерлік те күшеюі мүмкін деп алаңдайды.

Көші-қон аймағының солтүстігінде – канал бойында елді мекендер мен жолдар көбейіп жатқан жерде мен қазіргі және бұрынғы қозғалыс бағыттарын инфрақұрылым карталарымен салыстырдым. Нәтижесінде кейбір көші-қон дәліздерінің ені небәрі бірнеше шақырым екені анықталды. Кей жерлерде жануарлар түнде тар өткелдер арқылы жолды кесіп өтіп, суға жетеді. Бұл дәліздерді қазір қорғап қалмасақ, олар мүлде жойылып кетуі мүмкін. Сондықтан қазір жерді пайдаланудың ресми жоспарын әзірлеумен айналысып жатырмыз. Бұл – өте маңызды, бірақ аса күрделі шаруа.

Бұл аумақта миллиондаған адам тұрады. Жерді пайдалану жоспары көші-қон жолдары, төлдеу аймақтары, ауылдар, мен инфрақұрылымды бір жүйеге біріктіріп, олардың қатар өмір сүруіне жағдай жасайды.

Браконьерлік мұнда кең таралған. Біз деректер арқылы заңсыз аңшылықтың негізгі ошақтарын анықтаймыз. Бірақ бақылау шараларын жүргізу оңай емес: кей жерде жергілікті құқық жүйелері бар. Сондықтан қорғау шаралары қауымдастықтармен келісімге және нақты дерекке сүйеніп жүргізілуге тиіс.

Мінсіз ғылыми дәлелді күтуге уақыт жоқ. Карталар мәселені шешпесе де, қай жерде шұғыл әрекет қажет екенін көрсетеді әрі үміттің әлі бар екенін аңғартады.

«БҰЛ ДӘЛІЗДЕРДІ ҚАЗІР ҚОРҒАП ҚАЛМАСАҚ, ОЛАР МҮЛДЕ ЖОЙЫЛЫП КЕТУІ МҮМКІН».

Бома ұлттық паркі құстар үшін маңызды аймақтардың бірі саналады: мұнда шамамен 140 түр тіршілік етеді, соның ішінде киттұмсық бар.

Суды сағалаған көш

Оңтүстік Судан аумағында алты миллион антилопа бір қарағанда ретсіз көрінетін алып көшпен қозғалады. Бірақ Коб 8121 деп белгіленген аққұлақ кобтың жолына қарасаң, бұл қозғалыстың бәрі сумен қалай байланысты екені анық көрінеді. Құрғақ маусымда олар Ніл мен басқа өзендердің батпақты алқаптарын жағалайды. Жаңбыр басталғанда, бұл жерлерді қалың шөп басып, өту қиындаған соң, жануарлар жазықтағы жаңа өскен шөпке қарай жылжиды. Коб 8121 бағыты өңір дамыған сайын жануарларға төнетін қауіптерді де айқын көрсетеді.

Табиғатты қорғау жолында жүздеген шақырымды жаяу еңсеріп жүрген маман

ОЛЕЙО КОКО


African Parks ұйымының жергілікті қауымдастықтармен жұмыс істейтін топ мүшесі

Қауымдастықтармен жұмыс істейтін 54 маман тоғыз топқа бөлінген. Біз күн сайын бір мал өрісінен екіншісіне, бір ауылдан келесісіне ауысып жүреміз. Кейде қоныстардың арасы жаяу бір күннен артық уақыт алады. Өткен құрғақ маусымда шамамен 600 шақырым жолды еңсердік.

Қауымдастыққа барған кезде, ең алдымен ауыл басшысын шақырамыз, халықты жинайды. Бәріміз бірге отырып, өзімізді таныстырамыз. Сосын табиғатты қорғау, жабайы жануарларды сақтау туралы әңгіме бастаймыз. Егер оны қорғамасақ, бір күні бәрі жоғалып кететінін түсіндіреміз. Балалармен де тілдесіп, жануарларды қумауға, босқа өлтірмеуге үндейміз. Ет керек болса, алдымен отбасыңмен кеңес дейміз.

Жұмысымыздың тағы бір маңызды бағыты – шығыстағы мурле қауымдастықтарына қолдау көрсету. Олардың тұрмыс-тіршілігі маусымдық мал көші-қонына негізделген. Біз ветеринарлық көмек көрсетеміз: мал ауырса, емдейміз. Мұның себебін де түсіндіреміз – малдарың аман болса, тіршіліктерің соған сүйенеді, жабайы жануарларға тәуелді болмайсыңдар дейміз. Мал сау болса, адамдар аң аулауға да аз барады.

Ясир Кеньи Ладу – Бадингило ұлттық паркінің қорықшысы. Ол қауымдастықпен жұмыс істейтін «танго» деп аталатын мамандармен бірге көші-қон дәліздерін бақылап, күзетеді.

Адамдар бізді тыңдайды, өйткені біз бөтен емеспіз: бір қауымнанбыз, бір руданбыз. Олар біздің отбасымызды таниды, бізге сенеді, сөзіміздің шын екенін біледі. Біз бұл іске кіріспей тұрып, адамдар жабайы жануарларды көп аулайтын. Қазір олар табиғаттың қадірін түсіне бастады. Олар браконьерлік күшеймей тұрған кезде зебра, піл, коб сияқты жануарлардың айнала толып жүргенін біледі. Бүгінде олардың көбі жоқ. Олар табиғаттың мүлде жоғалып кеткенін қаламайды.

Алайда кейде адамдармен жай ғана сөйлесіп, түсіндіру жеткіліксіз болып жатады. Біз бар кезде кей адамдар келісіп, бас изегендей болады. Бірақ біз кетісімен, бәрі баяғы қалпына түсіп, аңшылық қайта жалғасады. Сондықтан дәстүрлі құқықтың маңызы зор деп санаймыз. Ауыл басшылары мен ақсақалдар бізбен бірге сол дәстүрлі ережелердің сақталуын қадағаласа, адамдар шынымен өзгере бастайды, өйткені ондай жағдайда әркім өз ісі үшін жауап беретінін сезінеді.

Бұл жұмыс оңай емес. Ұзақ жол жүреміз, ас-сусыз қалатын кездер де болады. Бірақ соған қарамастан тоқтамаймыз, өйткені бұл өз халқымыз үшін істеліп жатқан іс екенін білеміз. Егер біз тоқтасақ, жабайы табиғаттың неге маңызды екенін түсіндіретін ешкім қалмайды.

Болашаққа бағыт беріп отырған патша

АКВАЙ АГАДА АКВАЙ ЧАМ


Батыс Эфиопия мен Оңтүстік Судандағы Анюак патшалығының 24-патшасы

Бала кезімде мен де аң ауладым. Ол кезде бәрі солай өмір сүретін. Ет үшін, тері үшін, күнделікті қажет үшін аңшылық жасайтынбыз. Далаға шығып, осыншама көп жануарды бірге көрген көріністі ұмыту мүмкін емес. Кейін бұл көші-қон Жер бетіндегі ең ірі құрлық жануарларының көші деп саналатынын білгенде, мені таңғалдырғаны тек атауы ғана болды. Өйткені жануардың көп екенін біз онсыз да білетінбіз.

Бірақ мен браконьерліктің салдарын өз көзіммен көрдім. Бұрын зебралар жайылған жерлерде қазір олар жоқ. Көп піл қырылып, қалғандары басқа жаққа ауып кетті. Мұның бәрі – заңсыз аңшылықтың салдары. Әсіресе зебраларды ойласам, көңілім құлазиды. Кобтарды да дәл осындай тағдыр күтіп тұр ма деп алаңдаймын.

Тиангтар бұл өңірде бұрыннан күнкөріс үшін ауланып келген. Алайда соңғы уақытта оларды заңсыз ет саудасы үшін көптеп қыра бастады.

Коб біздің мәдениетіміз үшін маңызды. Біз оларды әртүрлі мақсатта пайдаланамыз – етін азық етеміз, терісін төсеніш ретінде қолданамыз. Кейде адамдар аң аулап, оны сатып, балаларын оқытуға ақша табады. Егер кобтар жоғалып кетсе, бұл біздің қауымдастық үшін ауыр соққы болар еді.

Бұрын жануарларды қорғаудың нақты жүйесі болмады, адамдар еркін аң аулайтын. Бірақ қазір жағдай өзгерді: бұрын адам саны аз еді, аңшылық та шектеулі болатын. Қазір халық көбейді, соған қарай аңшылық та артты. Бұл – қауіпті үрдіс.

Қауымдастықтар зерттеушілермен бірігіп, төлдеу аймақтары мен су көздерін аң аулауға тыйым салынған аумақтар ретінде белгілеп жатыр. Егер жануарлардың еркін өтуіне арналған дәліздер де сақталса, бұл ғажайып көші-қонның аман сақталуына үміт бар.

Менің ағам менен бұрын патша болды. Ол дүниеден өткенде, мені оның орнына шақырды. Сондықтан мен халқым үшін елге оралдым. Патша болған сәттен бастап, табиғатты қорғау бірден маңызды мәселеге айналды. Кобтар анюак халқының болашағымен тікелей байланысты.

Мен адамдардың не себепті браконьерлікке баратынын түсінемін. Оларға балаларын оқыту үшін ақша керек. Бірақ үкімет тарапынан, әсіресе бақылаусыз аң аулайтындарға нақты ережелер мен қатаң жаза болуға тиіс. Мен аңшылықты толық тоқтату керек демеймін, бірақ аңға қару мен итсіз шығу дұрыс болар еді. Дегенмен бұл – күрделі мәселе. Қорықшылар аз болса, адамдар шектен шығып, жануарларды жаппай қыра бастайды.

Алда әлі кобтар емін-еркін тіршілік ететін, бейбітшілік орнап, туризм дамитын кезең келеді. Адамдар мен қауымдастықтар оның игілігін көреді, мемлекетке де табыс түседі. Жолдар, мектептер, ауруханалар, таза су арқылы өміріміз жақсарады.

Бұл мақаланы National Geographic Qazaqstan журналының мамыр айындағы санынан оқи аласыз.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ