Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы микробтардың антибиотикке төзімділігін адамзатқа төніп тұрған он негізгі қауіптің қатарына қосты. The Lancet журналындағы болжам бойынша, 2050 жылға қарай микробтардың дәріге бой бермеуінен жыл сайын 10 миллионға жуық адам көз жұмуы мүмкін. Бұл қазіргі таңдағы ең үлкен індеттердің бірі саналатын темекі шегуден болатын өлім көрсеткішінен де жоғары.
Медицина ғылымдарының кандидаты, Nazarbayev University-дің ассистент-профессоры Юлия Семенова бастаған зерттеу тобы Орталық Азия елдеріндегі дәрігерлердің антибиотик тағайындау әдеті мен халықтың осы мәселеден қаншалықты хабардар екенін зерделеп жүр. Ғалым National Geographic Qazaqstan-ға осы саладағы түйткілдер жөнінде айтып берді.
National Geographic Qazaqstan: Профессор, сіз жылдар бойы практик-дәрігер ретінде қызмет еттіңіз. Практикалық саладан зерттеу жолына қалай ауысқаныңыз жөнінде айтып беріңізші. Микробтардың антибиотиктерге төзімділігін зерттеуге не түрткі болды?
Юлия Семенова: 1996 жылы медицина институтын бітірдім. Содан бері үзіліссіз осы салада еңбек етіп келемін, яғни отыз жылдық тәжірибем бар. Негізгі кәсіби жолым Семейде басталды. Сол жақта клиникадағы тәжірибемді ғылыммен ұштастырып, бакалавриат, магистратура және докторантура студенттеріне дәріс бердім. Назарбаев Университетінің Медицина мектебінде 2022 жылдан бері жұмыс істеймін, оған дейін Семей медицина университетінде қызмет еттім.
Ал енді бұл тақырыпқа, яғни бактериялардың антибиотикке төзімділігін зерттеуге қалай келгенімді айтып берейін. Біз дәрігер ретінде антибиотиктерді әдетте қалай тағайындаймыз? Көбіне әріптестеріміздің, сарапшылардың кеңесіне сүйенеміз. Олар бір препаратты ұсынады, біз соны жазып береміз. Жаңа дәрі шықса, «жақсы екен» деп, оны да қолдана бастаймыз. Біраз уақыттан кейін сол дәрінің әсері азайып, көмектеспейтінін көреміз. Ондайда «өндіруші компания өнімін нашарлатып жіберген екен» деп ойлап, басқасын іздейміз. Бірақ ол да күткеніміздей әсер етпейді. Ал бұл жағдай менің немесе өзге әріптестерімнің антибиотиктерді тым көп тағайындауы, пациенттердің оны бей-берекет қолдануынан пайда болған резистенттілік (төзімділік) екеніне бас қатыра бермейміз. Ғылыми әдебиеттерді оқи бастағанымда, мұның бәрі антибиотикке деген төзімділік екеніне көзім жетті.
National Geographic Qazaqstan: Сонда бактериялардың антибиотикке төзімділігі күннен-күнге тек күшейе бере ме?
Юлия Семенова: Егер антибиотикті жөн-жосықсыз пайдалансақ, иә. Дегенмен бұл қасиет (резистенттілік) қалай пайда болса, солай жоғалуы да мүмкін. Яғни, бактериялар өте бейімделгіш келеді. Олар белгілі бір дәріге қарсы тұра алатын күшке ие болады, бірақ сол препаратты қолдануды тоқтатсаңыз, уақыт өте келе оған қайтадан сезімтал бола бастайды. Бактериялар антибиотик қолдануға да, қолданбауға да икемделе алады.
National Geographic Qazaqstan: Рахмет, түсінікті. Ал енді Қазақстандағы жағдайға көшелік. Елімізде антибиотикке төзімділік мәселесі қаншалықты зерттелген және оны бақылауда қандай мәселелер бар?
Юлия Семенова: Қазақстанда бұл мәселе мүлдем зерттелмеген деп айта алмаймын. Жасалып жатқан жұмыстар баршылық. Мәселен, Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы осы мәселемен айналысады. Елімізде 20-ға жуық стационар антибиотик терапиясын бақылау жүйесін енгізген. Бірақ бұл аздық етеді, жүйе ірі 20 орталықпен ғана шектелмей, бүкіл елді қамтуы қажет. Әр клиникада дәрігерлердің антибиотик таңдауын реттейтін немесе дәрігерлерге бағыт көрсететін арнаулы бағдарламалар болуы керек. Дәрігер өз бетінше емес, нақты негіздемесі болғанда ғана әрі әріптестерімен ақылдаса отырып қана дәрі тағайындауы қажет.
Әрине, бұл шешімдер сол ауруханадағы бактериялардың қандай антибиотикке сезімтал екені туралы мәліметтерге сүйенуге тиіс. Бұл бізге ауадай қажет. Негізі жағдай онша мәз емес деуге болмас, бірақ, өкінішке қарай, алғашқы медициналық-санитарлық көмек (МСАК) деңгейінде бұған аз көңіл бөлініп жатыр. Қазір негізгі назар стационарларға аударылған. Ал МСАК деңгейінде бұл жүйе санаулы жерде ғана енгізілген. Негізгі тұтынушылар мен пациенттер ағыны дәл осы емханаларда екенін ескерсек, жүйені сол жаққа да енгізуіміз керек.
National Geographic Qazaqstan: Қазақстанда антибиотиктерді тұтыну көрсеткіші өзге елдермен салыстырғанда қандай? Сіздің зерттеулеріңіз нені анықтады?
Юлия Семенова: Антибиотикті тұтыну көрсеткішіне тоқталмас бұрын, әуелі ол қалай есептелетінін түсініп алғанымыз жөн. Антибиотиктердің де, өзге де дәрілердің шығарылу түрі мен дозасы әртүрлі. Мысалы, бір қорапта 5, 7 немесе 10 таблетка болуы мүмкін, грамдары да әрқилы. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Defined Daily Doses немесе «Белгіленген тәуліктік доза» (БТД) деп аталатын арнайы әдістеме жасап шығарған. Олар әрбір белсенді зат үшін стандарт мөлшерді бекітіп берді. Сосын осы тәуліктік дозаның халықтың әр мың адамына шаққандағы санын есептейді. Яғни бұл көрсеткіш халық санына тікелей байланысты.
Біздегі мәліметтер бойынша, 2024 жылы халықтың әр мың адамына шаққанда 19 тәуліктік дозадан келді. Қолымызда 2025 жылғы мәліметтер де бар, бірақ оны әлі талдап үлгермедік. Екі жыл бұрын көрсеткіш 2023 жылғымен салыстырғанда ұлғайған, бірақ жалпы алғанда көршілес елдермен деңгейлес. Осы сұхбатқа дайындалған кезде Еуропалық Одақтың мәліметтерін де қарап шыққан едім. Оларда 2023 жылы бұл көрсеткіш 20 болған. Бізде 2024 жылы – 19. Демек, біз Еуроодақ елдеріндегі орташа деңгей шамасындамыз. Жаман көрсеткіш емес сияқты, Қазақстанда тек 2024 жылы өсім байқалды. Бірақ Еурпалық Одақтың өзінде деректер әралуан екенін естен шығармауымыз керек. Солтүстік Еуропа мен Скандинав елдерінде бұл көрсеткіш 10-ның айналасында. Ал Оңтүстікте – Испания, Италия, Балқан елдері мен Грекияда 40-тан асып кетеді.
Негізі антибиотиктерді мүмкіндігінше аз қолданған жөн. Мәселе жалпы мөлшерде ғана емес, біз Access (Қолжетімді) тобындағы дәрілерді көбірек пайдалануымыз керек.
National Geographic Qazaqstan: Ол қандай топ? Оған қандай дәрілер енеді?
Юлия Семенова: Бұл топқа төзімділік тудыру қаупі төмен препараттар жатады. ДДСҰ антибиотиктерге төзімділіктің алдын алып, оларды тиімді пайдалану мақсатында AWaRe (Access, Watch, Reserve) классификациясын әзірлеген. Access (Қолжетімді) тобына инфекцияларға қарсы қолданылатын негізгі дәрілер кіреді. Олар тиімді, қауіпсіз әрі бактериялардың оларға үйреніп кету қаупі басқаларына қарағанда төменірек. Watch (Бақылау) тобына бактериялардың тез мутациялануына себеп болуы мүмкін күшті препараттар жатады, сондықтан оларды тек басқа дәрі көмектеспегенде немесе ауыр жағдайларда ғана сақтықпен тағайындау керек. Ал Reserve (Резерв) тобы – өте қауіпті инфекцияларға арналған «соңғы үміт» дәрілері. Олардың күшін жоғалтпас үшін қолданысын барынша шектеп, тек аурухана ішінде қатаң бақылауда тағайындалады.
ДДСҰ елде тұтынылатын антибиотиктердің 60 пайызы осы «қолжетімді» топқа жатуы керек деген кеңес береді. Бізде бұл көрсеткіш 40 пайыздан сәл ғана асады. Демек, біз әлі ДДСҰ межесіне жете қоймадық. Мұнда тек сан емес, сапа, яғни дәрінің құрамы да маңызды. Осы бағытта жұмыс істеуіміз керек. «Қолжетімді» топтың үлесін арттыру қажет. Дәрі тағайындағанда бірден үшінші буынның цефалоспориндерінен бастамай, төзімділік тудыру ықтималдығы аз, мәселен, пенициллин қатарындағы антибиотиктерден бастаған дұрыс.
National Geographic Qazaqstan: Жоғарыда Қазақстандағы БТД көрсеткіші 19 болғанын айттыңыз. Бұл статистика қаншалықты шынайы? Мысалы, пациенттердің дәріні рецептісіз-ақ сатып алған жағдайлары ескерілді ме?
Юлия Семенова: Қазақстанда мұның заңсыз екенін білетін боларсыз? Осыған қатысты нақты бұйрықтар бар, антибиотиктер рецептімен ғана берілуге тиіс. Астана қаласында бұл процесс негізінен реттелген. Ал аймақтарда әлі де заңбұзушылықтар кездесетінін білемін. Өйткені дәріханалар – жеке бизнес. Олар мемлекеттік емес, жекеменшік болғандықтан, өз жоспарларын орындағысы келеді. Сондықтан өңірлерде бір дәріхана бермесе, екінші не үшіншісіне барсаңыз, сатып алуға мүмкіндік бар. Кейде мұңыңды шақсаң, біздің халықтың кеңпейілдігі де рөл ойнап кетеді: жаны ашып, сатып жіберуі мүмкін. Немесе антибиотикті интернет арқылы, мәселен, Kaspi дүкен арқылы да сатып алып жатады.
Фотосурет: Бьярте Реттедал, Getty Images
Әйтсе де біз кейінгі кездері Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығымен тығыз жұмыс істей бастадық. Қазір Астанада антибиотикті рецептісіз алу мүлдем дерлік мүмкін емес. Облыстарда жағдай сәл күрделірек.
Адамдардың өз бетінше антибиотик тағайындауы – өте қауіпті құбылыс. Медициналық білімсіз өз-өзіңді емдеу, әсіресе антибиотикті ойланбай ішу – үлкен қателік. Біз халық арасында сауалнама жүргізгенде, адамдардың антибиотикті не үшін ішетінін сұраймыз. Сөйтсек, біздің жұрт басы ауырса да, белі сыздаса да, тіпті қарапайым тұмау тисе де антибиотик ішуге бейім екен. Ал тұмаудың көбі вирустан болады, оған мұндай дәрінің еш қажеті жоқ. Сондықтан да оған қолжетімділікті қатаң бақылау керек.
National Geographic Qazaqstan: Қатаң бақылаудың болмауы неге әкеп соғады?
Юлия Семенова: Біз оны қажетсіз жерде іше берсек, кейін шындап ауырып ауруханаға түскенде, айталық, буын ауыстыру отасы немесе онкологиялық ауру салдарынан химиотерапия алу керек болса, үлкен мәселе туындайды. Құдай бетін аулақ қылсын, бірақ кез келген ота немесе химиотерапия кезінде міндетті түрде антибиотикпен «қалқалау» (профилактика) жасалады. Себебі мұндай ем кезінде ағза инфекцияға тым ашық болады. Ал бұған дейін антибиотикті бей-берекет ішкен болсаңыз, олар әсер етпей қалады. Содан барып іріңді асқынулар шығады, ал оны емдеу өте қиын, өйткені бактериялар төзімді болып алған. Соның кесірінен отаның нәтижесі нашарлап, тіпті сепсис болып, адам өміріне қауіп төнуі мүмкін. Неліктен? Себеп – сол баяғы резистенттілік. Сондықтан бұған өте байыппен қарау керек.
Фотосурет: Фабрицио Бенш, Reuters/Redux
National Geographic Qazaqstan: Ал дәрігерлер жақсы пікір жинау үшін антибиотик тағайындаған жағдайлар кездесе ме? Мәселен, антибиотик асқынулардың алдын алуға көмектеседі, тезірек айығуға себеп болады дегендей.
Юлия Семенова: Иә, ондай жағдайлар да бар. Бірақ, негізінен, дәрігерлер бұлай істемейді. Жақында ғана біздің бір зерттеуіміз жарияланды. Онда біз дәрігерлердің білімін және рецепт бойынша берілетін дәрілерді тағайындауға деген көзқарасын зерттеген едік. Пациенттің көңілін табу үшін немесе ризашылығын алу үшін антибиотик жазатындар өте аз. Яғни науқас сұрады екен деп немесе «тезірек жазылып кетсінші» деген оймен тағайындайтындар көп емес.
Меніңше, біздегі басты мәселе «антибиотикті кейінге қалдырып тағайындау» деген ұғымның дұрыс қалыптаспауында. Мысалы, салқын тиген науқасты қабылдадыңыз делік. Оның сізге әрең келіп отырғанын түсінесіз: кезекке тұрды, жұмыстан сұранды, уақытын бөлді. Егер ол кісінің жағдайы бір аптадан кейін нашарлап кетсе, қайта келуге мүмкіндігі болмай қалуы мүмкін. Сондайда дәрігер рецепт жазып беріп тұрып: «Мен саған рецепт беремін, бірақ дәріні әзірге сатып алма. Тек мынадай, мынадай белгілер пайда болып, жағдайың расымен қиындаса ғана сатып алып, іше бастайсың. Оған дейін бұған тиіспе. Саған екінші рет келіп әуре болмауың үшін алдын ала жазып беріп тұрмын», – деп түсіндіруі керек. Зерттеу барысында анықтағанымыз, біздегі дәрігерлердің 26 пайызы мұндай әдіс туралы мүлдем естімеген, тіпті білмейді де. Оны іс жүзінде қолданатындар да некен-саяқ. Міне, осындай заманауи тәсілдерді белсенді енгізуіміз керек.
National Geographic Qazaqstan: Түйткіл тек дәрігерлердің білместігінде емес шығар?
Юлия Семенова: Әрине. Тағы бір мәселе – біздің дәрігерлердің жүктемесі өте жоғары. Қабылдауға адам өте көп келеді. Пациентпен сөйлесіп, бәрін түсіндіруің керек қой. Мен өзім Семейде жұмыс істеп, кейін осы Астанаға көшіп келдім. Ол жақта күніне орта есеппен 30-дан астам науқасты қабылдайтынмын. Шынын айтсам, мұндайда артық сөйлесуге мұршаң да болмайды. Осындай жұмысбастылықтың салдарынан дәрігерлер маңызды дүниелерді түсіндіріп үлгермейді, уақыты жетпейді. Пациентті қарап, онымен сөйлескеннен кейін, үйіп-төгілген құжаттарды толтыруы керек. Мәселе, осында жатыр. Сондықтан антибиотикті кейінге қалдырып тағайындау әдісі бізде тиісті деңгейде қолданылмай отыр.
National Geographic Qazaqstan: Қазақстандағы жағдайды түбегейлі өзгерту үшін жүйелі деңгейде тағы не істеу керек?
Юлия Семенова: Білесіз бе, денсаулық сақтау саласына қатысты жұмыстар жаман емес. Біріншіден, Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан қолдау бар. Біз ұсынған бастамаларға олар әрқашан құлақ асады. Мысалы, қазір антибиотикті рецептісіз сатып алу әлдеқайда қиындады, бұл да сол министрліктің атқарған жұмысының нәтижесі. Нақты фактілерді көрсетіп, мәселені айтсақ, тиісті шаралар қабылданады. Сондықтан денсаулық сақтау секторы бұл бағытта жақсы жұмыс істеп жатыр деп айта аламын. Бізде Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы, «Астана» медицина университетінің бастамашыл тобы секілді өте белсенді жұмыс топтары бар. Жалпы, Астана ғана емес, көптеген өңірлік университетте антибиотик терапиясын бақылаумен айналысатын дәрігерлер тобы құрылған.
Бірақ бізде ветеринария мен ауыл шаруашылығы секторы ақсап тұр. Біз адамдарды емдегенде де, мал шаруашылығында да антибиотиктердің бірдей кластарын қолданамыз. Өкінішке қарай, бізде «Біртұтас денсаулық» (One Health) қағидаты әлі жүйелі жолға қойылмаған. Денсаулық сақтау министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі, ветеринарлар мен агрономдар арасында тығыз байланыс жоқ. Өсімдік шаруашылығында да антибиотиктер қолданылады, дегенмен бізде негізгі мәселе – мал шаруашылығы. Онда қанша мөлшерде антибиотик қолданылып жатқанын білмейміз. Олар дәріні тек емдеу үшін пайдалана ма, әлде өсуді жеделдеткіш (growth promoters) ретінде ме – ол жағы да беймәлім.
Фотосурет: Уильям Уидмер, The New York Times/Redux
National Geographic Qazaqstan: Сонда антибиотиктер ағзаның өсуін жеделдете ме?
Юлия Семенова: Бұл былай: бізде көп адам «қазіргі еттің бәрі гормонмен өсірілген» деп жатады. Негізінде олар гормонның емес, антибиотиктердің көмегімен өсіріледі. Мысалы, тетрациклин тобының төмен дозасы малдың жемді аз жеп-ақ, тез қоң жинауына ықпал етеді. Оның механизмі әлі күнге дейін толық зерттелмеген. Бәлкім, тар қорада немесе құс фабрикасында бір-бірімен тығыз жанасып тұрған жануарлар үнемі қандай да бір инфекциямен ауырып, антибиотик оны басып тастайтын болар. Сондықтан бұл профилактика сияқты әсер етеді. Әлем бойынша тетрациклиндер ауыл шаруашылығында ең көп қолданылатын антибиотик тобына жатады. Бізде мұндай деректер жабық екенін айта кеткім келеді. Тетрациклиндер малдың сүйек тінін қатайтып, жылдам өсуіне көмектеседі.
Жем-шөпке аз мөлшерде антибиотик қосу кәсіпкерге өте тиімді: жемді аз жұмсап, мал тез қоңданады. Ал кейін етпен бірге ағзамызға антибиотикті ғана емес, оған бейімделген бактерияларды да енгіземіз. Мысалы, адамдар әлі күнге дейін тауық етін жууға әуес, бірақ бұлай істеуге болмайды. Етті жуған кезде су жан-жаққа шашырайды, сол су тамшыларымен бірге бактериялар да бүкіл ас үйге тарайды. Оларды көзбен көре алмайсыз. Асүй шұңғылшасының айналасына, үстелге немесе пісірілмей желінетін нан сияқты өнімдерге сол тетрациклинге төзімді бактериялар жұғуы әбден мүмкін. Сіз оны жейсіз. Мәселе мұнымен бітпейді: бактериялар генетикалық материалмен өте жақсы алмасады. Яғни олар төзімділік қасиетін ұрпағына ғана емес, басқа бактерияларға да бере алады. Мұндай генетикалық ақпарат плазмида мен транспозон деп аталатын ДНҚ бөліктері арқылы таралады. Соның салдарынан тіпті бір-біріне туыстығы жоқ бактериялардың өзі антибиотикке төзімді бола бастайды.
Енді қараңыз, жануар тетрациклин көп ортада өсті делік. Ал тетрациклиндер – үлкен топ. Оның ішінде «соңғы үміт» дәрісі саналатын тигециклин де бар. Бұл – басқа ешбір дәрі көмектеспегенде ғана тағайындалатын өте күшті препарат. Егер сіз ет арқылы, мысалы, TetX сияқты төзімділік генін жұқтырсаңыз, онда сіздің ағзаңыздағы бактериялар осы топтың барлық антибиотигіне, соның ішінде әлгі «соңғы үміт» дәрісіне де дес бермейтін болады. Сондықтан ауыл шаруашылығы мен медицина арасындағы байланысты нығайтып, мұның бәрі «Біртұтас денсаулық» екенін түсінуіміз қажет.
Фотосурет: repinanatoly, Getty Images
Адамдар табиғаттан тыс емес. Біз бактерияны да, инфекцияны да, антибиотикті де ас-сумен бірге қабылдаймыз. Осы бағыттағы жұмыстар бізде кенже қалып тұр. Айтпақшы, БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO) антибиотиктерді өсуді жеделдеткіш ретінде пайдаланбауға кеңес береді. Олар барлық мүше елге жемнің құрамында антибиотик болмауы керектігін қатаң ескертеді. Бізде бұған қатысты мәліметтер болмағандықтан, жағдайдың қандай екенін білмейміз. Бірақ ауыл шаруашылығындағы антибиотиктер – өте өзекті тақырып.
National Geographic Qazaqstan: Антибиотикті рецептісіз сатып алып қойдым делік. Енді оған не істеуім керек?
Юлия Семенова: Қоқысқа тастаңыз! Антибиотиктерді сақтаудың мүлдем қажеті жоқ. Сақтауға болмайды демеймін, бірақ оның зияны көп. Ол үйде тұрса, әдетте адамдар не істейді? Мерзіміне қарайды да: «Әттеген-ай, уақыты өтіп бара жатыр екен, ақшам кетті ғой, іше салайын» дейді. Немесе көршісіне, туысына бере салады: «Мынау менде артық тұр еді, жақында мерзімі бітеді екен, саған көмектеседі, ішіп ал» дейді. Сондықтан антибиотикті артығымен сатып алудың да, үйде сақтаудың да қажеті жоқ. Өйткені түбінде оны бәрібір ішіп қоямыз.
National Geographic Qazaqstan: Қоқысқа лақтыру қоршаған ортаға қауіпті емес пе?
Юлия Семенова: Негізі, антибиотиктерден құтылудың ең дұрыс жолы – оларды өртеу. Фармацевтикалық компаниялар, дәріханалар мен ауруханалар мерзімі өткен дәрілерді арнайы пештерде жағып жібереді. Бірақ қарапайым адам мұны қалай істемек? Үйіңізде өрт шығармайсыз ғой. Ампуланы ашып не таблеткаларды езіп, қолжуғышқа немесе дәретханаға төгуге де болмайды. Олай істесеңіз, дәрі қалдықтары ортақ су жүйесіне түседі. Өртейтін мүмкіндігіңіз болмаса, ең дұрысы – сыртын ашпай, сол күйі қоқысқа тастау. Бірақ, әрине, ең абзалы – әу бастан-ақ оны орынсыз сатып алмау.
National Geographic Qazaqstan: Антибиотикке төзімділік мәселесін шешу үшін қазір әлемде қандай зерттеулер жүргізіліп жатыр? Ғалымдар микробтармен антибиотиксіз күресудің жолын таба алды ма?
Юлия Семенова: Антибиотиктерден мүлдем бас тарту мүмкін емес деуге болады. Өйткені антибиотик – адамзат ойлап тапқан туынды емес, табиғаттың заңдылығы. Тіпті Александр Флемиң де пенициллинді қолдан жасап шығарған жоқ, оны кездейсоқ ашты. Флемиң микробиолог ретінде зертханада жұмыс істеп жүріп, зерттеп жатқан бактерия штамдарының көзін жоюды ұмытып кетеді. Демалыс күндері жұмыс үстелінде қалып қойған үлгілерге зең саңырауқұлақтары түседі. Кейін қараса, әлгі саңырауқұлақтар айналасындағы бактериялардың өсуін тоқтатып тастаған. Ол: «Мәссаған, мынау қызық екен!» – деп, осы бағытта зерттеуді бастайды. Сөйтсе, бұл Penicillium туысына жататын саңырауқұлақтар екен. Осылайша, әлемдегі ең алғашқы антибиотик – пенициллин бөлініп алынды.
Бактерияларға қарсы тұратын күш табиғатта әуелден бар, оны түрлі саңырауқұлақтар бөліп шығарады. Кейін адамзат антибиотикпен танысқан соң, оның дайын молекулаларын жетілдіріп, түрлендіріп, жаңа химиялық қосылыстар жасай бастады. Заманауи фармацевтикада R&D pipeline (зерттеулер мен әзірлемелер тізбегі) деген ұғым бар. Бұл саладағы инновациялардың негізгі қозғалтқышы – фармацевтикалық компаниялар. Бір жаңа дәріні молекула күйінен бастап дәріхана сөресіне жеткізу үшін шамамен 1 миллиард доллар шығын кетеді.
Ал жаңа антибиотиктерді ойлап табу компанияларға тиімсіз. Неге? Өйткені антибиотиктер 5–7 күндік қысқа курспен ғана тағайындалады. Жұмсалған орасан зор шығынды ақтау өте қиын. Содан соң тағы бір мәселе бар: жаңа антибиотикті нарыққа шығарғанмен, оны жиі қолдану төзімділікті тез қалыптастырады. Салдарынан ол дәрі аз тағайындалатын болады да, шығынды өтеу тіпті мүмкін болмай қалады. Сондықтан қазір ғалымдар жаңа дәрі іздеуден гөрі, бар дәріні тиімді қолдану стратегиясына көшті. Өйткені бізде резерв тобындағы дәрілердің «резерві» қалмады, қалса да, ол өте аз.
National Geographic Qazaqstan: Дәріні қалайша тиімді пайдаланамыз?
Юлия Семенова: Қазіргі зерттеулердің бір бағыты – бұрыннан бар антибиотиктерге жаңа бөлшектер қосу. Бұл бактерияның әлгі дәріге сезімталдығын қайта оятады. Мысалы, амоксициллин – өте ескі дәрі. Оған клавулан қышқылын қосқанда Амоксиклав, Аугментин сияқты тың күш алған дәрілер пайда болды. Яғни осы қоспаның арқасында бактериялар ескі дәріге қайтадан бой алдыра бастады.
Сондай-ақ, өздігінен антибиотик болмаса да, антибиотиктің әлеуетін арттырып, төзімділікпен күресуге көмектесетін химиялық заттар зерттеліп жатыр. Нанобөлшектерді және дәріні нысанаға дәл жеткізудің түрлі жолдары да қарастырылып жүр. Мұндағы мақсат – дәрінің бактериялармен орынсыз жанасуын азайтып, олардың бой үйретіп үлгермеуін қадағалау. Ал жаңа антибиотиктер класы соңғы рет нарыққа 1994 жылы шыққан. Содан бері жекелеген түрлері қосылғанымен, тұтас бір жаңа топ пайда болған жоқ. Бұл – үлкен мәселе әрі алдағы уақытта жағдай жеңілдей қоймайды, өйткені бизнеске тиімсіз.
Антибиотиксіз өмір сүре алмаймыз, өйткені бактериялар әрдайым бізбен бірге. Біз бактериялар әлемінде өмір сүріп жатырмыз. Әрі кейбір бактерияларда туабітті (генетикалық) төзімділік болады, бұл – олардың ерекшелігі. Жануарларда кездесетін кейбір аурудың адамға жұқпайтыны сияқты, бактериялардың да кей дәрілерге әуелден иммунитеті бар. Сондықтан антибиотиксіз күніміз қараң.
Сұхбаттасқан – Оразай Қыдырбаев







