Біраз бұрын Арал теңізінің тартылуы бүкіл әлем үшін табиғаттың тозып, күйреуінің нышанына айналған еді. Ал бүгінде бұл өңірден көшпей қалып қойған адамдар үшін аймақ орнықты әрі төзімді болашақ қалыптастыру жолындағы маңызды тәжірибе алаңына айналды.
Фото: Ануш Бабаджанян
Мәтін: Джефф Уайз
Бұл – осы дәуірде адам қолымен жасалған алғашқы экологиялық ірі апат.
1960 жылы Арал теңізі көлемі жағынан әлемдегі төртінші көл болатын. Ол сазан, табан және басқа да балық түрлеріне бай, аса өнімді экожүйе еді. Бір дерек бойынша Кеңес Одағында тұтынылған балықтың алтыдан бірі осы теңізден алынған. Тереңдігі шамамен 70 метрге жетіп, жүздеген шақырымға созылған бұл айдын жағасында өмір сүріп, балық аулаған жұрт үшін де, оны кесіп өткен теңізшілер үшін де өз алдына бір бөлек әлем болатын.
Алайда өзгеріс таяп қалған еді. 1968 жылы Кеңес Одағының ресми газеті – «Правда» таңғаларлық болжам жариялады. Онда сол әлемнің жуырда жоғалатыны айтылған-ды. Су деңгейі әлдеқашан төмендей бастаған, әрі қарай да төмендей береді, жағалауы балықшы қалашықтардан алыстап, теңіз табаны шөлге айналады делінген. Ғасыр соңына қарай «Арал теңізі іс жүзінде жойылады» деп жазылды.
Бұл болжам аспаннан түскен ақпар емес, есепке сүйенген долбар еді. Бұған дейін кеңестік билік Арал теңізін қоректендіріп келген Әмудария мен Сырдария өзендерінің ағысын мақта өндірісіне бұрып жіберген болатын. Сол себепті буланып жоғалған судың орны толмай, Арал тез тартылды. Біраз уақыт өңір балық пен мақтаның игілігін қатар көргенімен, өзендер бұрылған сайын теңіз кішірейіп, ХХ ғасыр ортасындағы көлемінің 10%-ынан да азы ғана қалды. Орнында тұзды шөл пайда болды.
Осылайша, Арал теңізі бұрынғы қалпында өмір сүруін тоқтатты. «Экологиялық тұрғыдан бұл орасан зор қателік болды», – дейді Орталық Азиядағы су ресурстары мәселелерімен ондаған жыл айналысқан сарапшы Болат Есекин. Бүгінде Арал теңізі жаһандық апаттың символы ғана емес, сонымен қатар тұщы су дағдарысының алғашқы «құлаған доминосы» саналады. Кейінгі жарты ғасырда Урмия көлі де 90 пайызға дейін тартылып қалды, дәл сол сияқты Орталық Африкадағы Чад көлі де күрт кішірейді. Мұның бәрі адам санының өсуі мен климат өзгерісі қысымымен тығыз байланысты.
Алайда кейбір табиғат қорғаушылар қазір Арал теңізінің тағдырына басқаша көзбен қарап, жаңа сұрақ қоя бастады: егер адамзат экологиялық апатты өзі жасай алса, оны қайта қалпына келтіруге де қабілетті ме? Қысқа жауап – әзірге нақты білмейміз, шешім табу уақытты талап етеді. Әрине, бәрі бірдей үміт артып отырған жоқ, әйтсе де кейбір экологтер осы мүмкіндікті теориялық тұрғыдан да, нақты тәжірибелік шаралар арқылы да зерттеп жатыр. Мұндай қадамдар болашақта осы өңірде әлі де өмір сүріп жатқан адамдарға жағдайдың едәуір жақсарғанын көруге мүмкіндік беруі мүмкін.
«Жүйені өзгертуге болады, – дейді сарапшы Болат Есекин. – Орнықсыз әрекеттерді тоқтатып, биоалуантүрлілік үшін суды көбірек сақтауға мүмкіндік бар. Сонда Арал теңізін қалпына келтіру үдерісін бастауға болады». Негізінде, Арал теңізі апатының шешімі оның себебі сияқты қарапайым: оны қоректендіріп тұрған өзендердің ағысын бұруды тоқтатса, көл біртіндеп қайта қалпына келе бастайды. Арал алабының климаты құрғақ әрі қоңыржай болғанымен, шын мәнінде ол Шығыстағы Памир таулары мен Тянь-Шань тауларындағы қар мен мұздықтардың еруінен пайда болатын суға бай. Жыл сайын осы таулардан келетін су бұрын Арал теңізіне құятын өзендерді толтыратындай мол, егер олардың табиғи ағысына кедергі жасалмаса, ғасыр соңына дейін теңізді қайта қалпына келтіруге де жеткілікті болуы мүмкін.
Алайда бұл суға Орталық Азияның бес мемлекеті экономикалық тұрғыдан тәуелді. Тәжікстан мен Қырғызстандағы су электр стансалары үйлерді жылытып, өндірісті энергиямен қамтамасыз етеді. Ал Өзбекстан, Түрікменстан және Қазақстан аумағындағы суару арналары жұмыс орындары мен шетел валютасын әкелетін мақта өндірісін асырап отыр. «Теңізді толық қалпына келтіру үшін кем дегенде 30–40 жыл бойы алаптағы барлық экономикалық қызметті толық тоқтату қажет болады, – дейді Арал теңізін құтқару халықаралық қоры ұйымының өкілі Вадим Соколов. – Бірақ бұл мүмкін емес».
Алайда осы экономикалық қызметтің шынайы құны орасан. Көл жоғалған соң, аймақтың климаты да өзгерді: температураның ауытқуы күшейді, жауын-шашын азайды, ал жыл сайын құмды дауылдар ауаға 100 миллион тоннадан астам тұзды, тыңайтқыштар мен пестицидтерді көтеріп таратады.
«Арал теңізінің қазіргі жағдайы соншалық күрделі мәселе болып көрінгендіктен, бүгінде экожүйені бұрынғы қалпына қалай келтіруге болатыны туралы әңгіме де сирек айтылады», – дейді Ануш Бабаджанян. Кейінгі алты жылда ол бұрынғы ұлан-ғайыр теңіздің орнында қалған өңірлерде өмір сүріп жатқан халықтарды суретке түсіріп келеді. «Адамдардың бәрі теңіздің қайта оралғанын қалайды, – дейді ол. – Бірақ олардың оны қайта келеді деп айтқанын ешқашан естіген емеспін. Меніңше, олар үміттерін үзген».
Оның орнына олар бейімделіп, өмір сүруін жалғастырып келеді. Бұрынғы Арал теңізінің батыс бөлігінде, қазір Оңтүстік Арал теңізі деп аталатын аймақта су соншалық тұзданып кеткендіктен, барлық балық қырылып қалған. Дегенмен адамдар мұнда тіршілік ету үшін артемия шаяндарының уылдырығын жинаумен айналысады. Тұз мөлшерінің жоғары болуына байланысты суда қалқып тұру оңай болғандықтан, бұл жер туристерді де тартады. Ал кеуіп қалған теңіз табанының бір бөлігінде жер астынан геотермал жылумен қызған тұзды бұлақ атқылап жатыр. Жергілікті тұрғындар оны шипалы деп санап, жиі барады. «Бұл адамдар ғасырлар бойы далада өмір сүріп келеді, – дейді Ануш Бабаджанян. – Олар қатал жағдайларда қалай тіршілік етуді біледі, бұл жерді тастап кетпейді де».
Төзімділік пен бейімделгіштік – әрине, құптарлық қасиет. Бірақ өмір сүру үшін қоршаған орта мұншалықты ауыр болмағаны әлдеқайда жақсы болар еді. Шөлейттенудің салдарын болдырмауға бағытталған жұмыстар теңіздің көп бөлігі тартылып үлгермей тұрып-ақ басталған. Қазақстан аумағында ұзындығы 13 шақырымдық бөгет салу арқылы солтүстік Арал теңізі деңгейін тұрақтандыру мүмкін болды. Бастапқы көлемінің аз ғана бөлігі қалса да, мұнда шағын балық шаруашылығы сақталған.
Көрші Өзбекстанда үкімет үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, бұрынғы теңіз табанына миллиондаған сексеуіл ағашын отырғызуды қаржыландырды. Бұл – тұзға төзімді, шөлде өсетін сирек өсімдіктердің бірі. Оның тамырлары топырақты бекітіп, құмды дауылдарды азайтуға көмектеседі деген үміт бар. Жаңа идеялар туындайтын орталықтардың бірі – Өзбекстанның Нүкіс қаласындағы Арал теңізі алабының халықаралық инновациялық орталығы. Мұнда ғалымдар өсімдіктердің, жануарлардың және адамдардың қазіргі экологиялық жағдайға бейімделуін зерттейтін шамамен 20 тәжірибелік жобаны іске асырып жатыр. Жобалардың бірі гидропоника әдісі арқылы микрожасылдар өсіруді зерттейді. Бұл технологияға топырақ қажет емес, сондықтан жері қатты тозған аймақтарда да көкөніс өсіруге мүмкіндік береді. «Мақсат – осы тәсілді ауылдық қауымдастықтарға үйретіп, олардың өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттыру», – дейді зертхана жұмысымен танысқан Ануш Бабаджанян.
Орталық сондай-ақ тамшылап суарудың жетілдірілген түрі – жерасты диффузор әдісін зерттеп жатыр. Бұл тәсіл дәстүрлі, су көп жоғалтатын арықтардың орнына өсімдік тамырына суды дәл мөлшермен жеткізетін жер астындағы құбырлар жүйесін қолданады. Арналарды пластикпен немесе цементпен қаптаумен бірге бұл технология егіншілік тиімділігін айтарлықтай арттыра алады. 2021 жылдан бері Өзбекстан су үнемдеу шараларын белсенді енгізіп, елдегі су пайдалану тиімділігін 25 пайызға жақсартты. «Біз суаруға жұмсалатын суды сегіз миллиард текше метрге қысқарттық, – дейді Вадим Соколов. – Бұл – орасан ілгерілеу».
Алайда оның айтуынша, бұл шаралар экономикалық тұрғыдан пайдалы болғанымен, әзірге экожүйеге қайтарылатын су көлемін арттырған жоқ. Аймақтың басты экспорттық дақылдары – мақта мен күріш суды өте көп қажет етеді. Жүйе тиімділігі артқанымен, өндіріс көлемінің өсуі бұл жетістіктерді жоққа шығарып отыр. 2020 жылдан бері Өзбекстандағы мақта өнімі 50 пайызға артқан.
Бұл пікірді Болат Есекин де қолдайды. Ол Қазақстан үкіметінде экологиялық мәселелер бойынша он жыл жұмыс істеп, Арал апатын кері қайтару ұзақ мерзімде суды көп қажет ететін дақылдардан бас тартудан басталуға тиіс деп санайды. «Бір килограмм күріш өсіру үшін алты тоннаға дейін су қажет болуы мүмкін, – дейді ол. – Суды көп қажет ететін қазіргі өндірісті тоқтатуымыз керек. Ал көкөністер мен жемістер бірнеше есе аз су талап етеді».
Мұндай өзгеріс үлкен қадам болар еді, бірақ бір ғана бастама аймақтық экологиялық апатты толық шешуге жеткіліксіз – мәселенің ауқымы тым кең. Арал теңізінің тағдыры оның құрғаған табанында емес, су бастау алатын алыс таулы аймақтарда және сол судың жол-жөнекей ысырап болатын кең алқаптарында жатыр. Бұл ресурсты тиімді пайдалану үшін барлық мүдделі тарап суды қалай дұрыс пайдалану керегін нақты түсініп, соған сай әрекет етуі қажет.
Келесі қадам ретінде Есекин дағдарысты кешенді түрде зерттеп, міндетті аймақтық жоспар әзірлейтін халықаралық комиссия құруды ұсынып отыр. Бұл жоспар табиғи ресурстарды шамадан тыс пайдалануды тоқтатып, «өзендер, ормандар және басқа да экожүйелердің әрі қарай бұзылуына жол бермеуге» бағытталуға тиіс. Әрине, мұның бәрі оңай жүзеге аспайды және жақын арада нәтиже бере қоймайды. Бірақ егер Арал теңізі экологиялық апаттың алғашқы мысалдарының бірі болса, ол табиғатты қайта қалпына келтірудің де үлгісіне айналуы мүмкін. «Егер осы бағытта әрекет етсек, бұл бүкіл адамзат үшін болашақта қалай өмір сүру керегінің тамаша үлгісі болар еді, – дейді Вадим Соколов. – Мен оптимиспін. Бір шешімін табатынымызға сенемін».
Әлем ғажайыптарын таныту мен қорғауға бағытталған National Geographic Society бейкоммерциялық ұйымы осы материалдағы National Geographic зерттеушісі, фотограф Ануш Бабаджанянның жұмысын қаржыландырды.







