Атбасар даласына фото-жорық

321

Тіршілік қайта түлеп, өмір жанданып жатқан шақта демалысты қалада өткізген жарамас дедік. Көктемгі кең дала бізді өзіне қарай тарта берді. Тұмса табиғатты тамашалап, тамашалап қана қоймай, суретке түсіріп алсақ деп шағын саяхатқа аттандық.

Сенбі күні түске қарай Астанадан шығып кеттік. Бағытымыз – Ақмола облысының Атбасар ауданы. Мақсат – киіктердің төлдеу маусымын көріп үлгеру. Бұл тіршілік иелері мамырда төлдеп, құралайы 1-2 апта ішінде ширайды. Осы сәтте фотоға түсіріп үлгермесеңіз, күш жиып алған жануарлар бір орында тұрмай, таспаға тарту тым қиын болады. Атбасардан кейін оңтүстікке бұрылып, Новомариновканы артқа тастаған соң, Сепе ауылына келіп жеттік. Одан әрі даланың қара жолымен ілгерілей отырып, кезіккен жан-жануар, жүгірген аң-құсты суретке түсірдік.

Біз сәл кешігіп қалған екенбіз. Құралайдың салқыны өтіп, төлдеу науқаны артта қалғандықтан, киіктер үйірін бұзып, құралайларын ерткен күйі үшеу-төртеуден бытырап кеткен екен.
Киіктің құралайы. Дүниеге келгеніне санаулы күн болса да, лақ әжептәуір ширап қалған. Әдетте мамыр айында фотографтар дәл осы нәзік тіршілік иесін фотоға түсіру үшін Торғай мен Арқаға ағылады.
Сайын даланың көркі – киіктер (Saiga tatarica). Халқымыз қыста жүні қалыңдап, ақ түске өзгерген кезін «ақбөкен» деп атаса, жазғы дала түстес мынадай кейпін «киік» деп атаған.
Дала мен орман-тоғайдың тағы бір көрікті жануары – елік (Capreolus pygargus).
Бір емес, бірнеше елікті көрудің сәті түсті. Даланың шүйгін шөбіне тойған жануарлар тосын келген қонаққа таңдана әрі үрейлене қарап тұрғандай.
Жол-жөнекей суырлар (Marmota) да жиі ұшырасты.
Қызыл кітапқа енген құс – безгелдекті (Tetrax tetrax) де көру бақыты бұйырды. Мойнындағы ақ сызығы мен қара мамығынан аталық құс екенін білуге болады. Қазақстанда 2 түршесінің біреуі – O.t. orientalis кездеседі.

Сепе ауылынан әрі қарай жүріп, күн еңкейе Қайрақты өзенінің жағасына аялдадық. Қайрақтының суы жазда азайғанымен, толық тартылмайды екен. Арнасын бойлай қалың қамыс өскен. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» демекші, бұл маңда да тіршілік қайнап жатыр. Бір қызығы, өзен аумағы қорғалатын табиғи аумаққа немесе қорыққа жатпайды, қарапайым ғана егістік алқабы мен ашық дала. Десе де, табиғаты неткен бай десеңізші!

Жалпақтұмсық үйрек (Anas clypeata)
Жыртқыш құс – құладынның екі түрін байқадық. Мынау — саз құладыны (Circus aeruginosus).
Ал мынау – дала құладыны (Сircus macrourus).
Сарыбас наурызек (Motacilla citreola)
Кәдімгі сарытұңғиық (Nuphar)
Күтпеген кездесуге толы саяхатымызды Қайрақты жағасында қызара батқан күнді бақылаумен қорытындыладық.

Сапарымыздың сәтті өтуіне «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Атбасар филиалының инспекторлары зор үлес қосты. Бізге жолбасшы болып, табиғаттың көрікті тұстарын тамашалауға мүмкіндік бергені үшін инспекторларға алғыс айтамыз. 

Фотоcуреттерді Ерболат Шадрахов түсірген
Фотографтың әңгімесінен жазып алған – Оразай Қыдырбаев

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ