Кашалоттар да адам секілді сөйлейді

349

Алып сүтқоректілердің жұмбақ дыбысы шын мәнінде ерекше күрделі екенін жаңа зерттеу анықтап отыр.

Автор: Камилл Бромли

Үнді мұхитында бірге жүзіп бара жатқан кашалоттар тобы (Physeter macrocephalus). Жылдар бойы Project CETI зерттеушілері осы түрдің коммуникациясын, яғни «не айтып жатқанын» түсінуге талпынып келеді.
Тони Ву, NATURE PICTURE LIBRARY

Бүкір киттер (Megaptera novaeangliae) ерекше әуендете ән салады. Олардың үні жылдар бойы сәбилерді әлдилеп ұйықтатып келді әрі киттерді жойылып кетуден қорғайтын қозғалыстардың дүниеге келуіне түрткі болды. Бүкір китпен салыстырғанда, кашалоттардың үнінде еш әуезділік жоқ. Олар  үздік-үздік қатты шығатын шыртылдар арқылы өзара «тілдеседі». Кашалоттың үні тырнағыңызбен металл тарақтың тістерін сырғытқанда немесе су астында балғаны дүрсілдеткенде шығатын дыбысқа көбірек келіңкірейді. Бұл киттің үніне музыкалық «көркемдік» жетіспесе де, мазмұны айтарлықтай терең. Оларға жануарлар әлеміндегі ең күрделі коммуникация жүйелерінің бірі тән екеніне ғалымдар күннен күнге көз жеткізіп келеді.

Зерттеушілер ашқан тың жаңалық – олардың дыбысындағы кей элементтер адамның дауысты дыбысы секілді жасалады. Бұл дегеніміз олардың қарым-қатынасы бұрын ойлағанымыздан да күрделі әрі нәзік екенін білдіреді. Ең қызығы, осы жаңалықтың ашылуына күтпеген дереккөз – пілдер көмектесті.

Өткен аптада Open Mind журналы Гашпер Бегуш бастаған топтың кашалоттардың дыбысына қатысты зерттеуін жарияланды. Гашпер Бегуш – Берклидегі Калифорния университетінің лингвисі әрі кашалоттардың коммуникациясын түсінуге бағытталған көпсалалы ғылыми жоба Project CETI-дің мүшесі. Аталған жоба кейінгі бес жылда Кариб теңізіндегі Доминика аралы жағалауында жүздеген кашалоттың өмірін бақылап, жердегі ең жұмбақ жаратылыстардың бірі саналатын түрдің «тіліне» қатысты таңғаларлық жаңалықтар ашты. Ғалымдар осы зерттеу  бұл биологиялық түрді қорғауға арналған жаңа бастамаларға қозғау болады деп үміттенеді.

Құрлықтағы піл мен мұхиттағы кашалотқа ортақ нәрсе

Бегуштің айтуынша, кашалоттардың «дауысты дыбыс» құпиясын ашуға екі жыл бұрынғы оқиға түрткі болған. Бірде Project CETI жобасының өкілделері пілдерді зерттейтін ғалымдар –  Майкл Пардо мен Джойс Пулмен кездесіп, олардың баяндамасын тыңдайды. Бегуш осы баяндамадан қатты әсерленіп, кашалот дыбыстарын талдау тәсілін түбегейлі өзгертеді. Сол кездесуде Пардо пілдер өз есімін естігенде кейде бірнеше минуттан кейін ғана жауап қайтаратынын айтқан. Пардо: «Олар біз сияқты бірден әрекет етпейді», – деп аудиторияға түсіндірген еді. Бегуш сол сәтте: «Бәлкім, киттер де уақытты адамнан гөрі пілге ұқсас қабылдайтын шығар?» – деп терең ойға берілген. Шынында да, киттер – Жер бетіндегі ең ірі жануарлар. Олар ұзақ уақыт буаз болады (14-16 ай), төлін ұзақ емізеді (орта есеппен 2 жыл, кейде 8 жылға дейін) әрі ұзақ өмір сүреді (шамамен 70 жыл). Ал мұхиттың тереңінде олардың жүрегі минутына небәрі екі рет соғады. Олардың коммуникациясы да соншалықты баяу болса ше?

Осы сұраққа жауап іздеп, Бегуш пен оның тобы Project CETI жобасының теңіз биологі әрі National Geographic зерттеушісі Шейн Геро жинаған мыңнан астам аудиожазбаны мұқият зерттеді. Олар дыбыстар арасынан ерекше үлгілерді табуға көмектесетін арнаулы жасанды интеллект моделін пайдаланды. Сол арқылы қызық вокализациялар анықталып, кейін егжей-тегжей талданған. Ғалымдар «кодалар» деп аталатын дыбыстық үлгілерден құралған бұл «сөйлесулердің» жылдамдығын арттырып, адамның сөйлеу ырғағына жақындатқанда, бұрын-соңды естілмеген дыбыстар ортаға шықты.

Қалыпты жылдамдықта тыңдағанда, кодалар екілік шыртыл (binary clicks) тізбегі сияқты ғана естіледі. Алайда жазбалардың жылдамдығын арттырған сәтте Бегуш кодалардағы жаңа акустикалық сипатты байқады – адам сөйлескенде шығаратын дауысты дыбыстарға ұқсас үндер естілді. «Бір қарағанда, олардың шыртылы біздің дауысты дыбыстарға еш ұқсамайды, – дейді Бегуш. – Бірақ бұл олардың шыртылы баяу, ал біздің дауысты дыбыстарымыз өте жылдам екеніне байланысты. Олардың әуеніндегі үзілістерді алып тастап, жылдамдығын арттыра түссек, біздің дауыстыларға ұқсас үндер естіледі».

Кашалоттар дыбысты қалай шығарады?

Бегуштің зерттеу тобы алып сүтқоректілер пайдаланатын екі дыбыс түрін анықтады. Олар біздің «а» және «и» дыбысымызға ұқсайды. Ғалым қосымша талдау нәтижесінде келешекте басқа да дауысты дыбыстар табылып қалуы мүмкін екенін айтады. Кодаларда дауысты дыбыстардың болуы кашалоттардағы дыбыс жүйесінің алуандығы мен икемділігін айтарлықтай арттырады. Бұл адамдардың дауысты дыбыс арқылы шексіз дерлік дыбыс комбинациясын жасау қабілетіне ұқсас. Алып кит пен адам арасындағы ұқсастық мұнымен ғана шектелмейді: кашалоттар адам секілді ауызбен «сөйлемесе» де, олар да адамдыкіне ұқсас анатомиялық құрылым арқылы дыбыс өндіреді. Кашалоттардың бассүйегінің ішінде «дыбыстық еріндер» мен үн шығаруға арналған ауа қапшығы (air sac) орналасқан – алып сүтқоректілер осы құрылымдар көмегімен дыбысты дәл басқарады. Біз адамдар «а» немесе «и» дыбыстарын шығару үшін ауыз қуысымызды қалай қимылдатсақ, олар да осыған ұқсас әрекетті орындайды.

Зерттеу тобы сондай-ақ кодалардан дифтоң деп аталатын ерекшелікті тапқан. Бұл – дыбыстардың бір дауыстыдан екіншісіне, мысалы, «ми [мый]» сөзін айтқандағыдай «жылжып» өтуін білдіреді. Дифтоңдар кашалоттардың шыртылы тек екілік жүйеден тұрмайтынын көрсетті; керісінше, бұл тақылдаған үн реттегіш тетікке (dimmer switch) көбірек ұқсайды – көптеген айнымалы сипаты бар, бәрі де әдейі жасалған әрі, шамасы, мағыналы болса керек. «Бұл жүйе таза да өткір әрі дәл, – дейді Бегуш. – Дәл осылай керемет құрылымданған және әдейі жасалған жүйені бұрын-соңды көрген емеспін».

Аналық кашалот Доминика маңында төлдерімен бірге жүзіп жүр. Осы жерде ғалымдар ондаған жылдан бері кашалоттардың коммуникациясын зерттеп келеді.
Фотосурет: Аманда Коттон

Дауысты дыбыстар жөніндегі бұл зерттеу жұмысы Project CETI жобасының кашалоттар вокализациясындағы нәзік айырмашылықтарды анықтауға бағытталған бұрынғы еңбектеріне негізделген. Былтыр Project CETI құрамындағы MIT зерттеушілері Nature Communications журналына мақала жариялады. Онда кашалот кодаларының төрт жаңа қасиеті музыка тілі арқылы сипатталады. Бұл қасиеттер – темп, ырғақ, рубато және өрнектеу. Осы сипаттардағы болмашы айырмашылықтар түрлі кодалардан құралған «фонетикалық әліпбиді» құрайды. Зерттеу барысында шамамен 9 000 жазба талданып, анықталған кодалар саны 21-ден 156-ға дейін ұлғайды. Кодалар қорының бұлай кеңеюі – кашалоттардың ақпаратты «айта алу» әлеуеті әлдеқайда жоғары екенін білдіреді.

Project CETI жобасының негізін қалаушы әрі президенті, National Geographic зерттеушісі Дэвид Грубердің айтуынша, аталған жаңалық бұрынғы нәтижелерді жаңа деңгейге шығарды: «Бұл серпіліс олардың үніндегі күрделілік пен нәзіктіктің мүлде жаңа қырын ашады», – дейді ол.

Әзірге Project CETI ешбір коданың нақты мағынасын анықтауға тырысқан жоқ.

Кодаларды түсіну мүмкін бе?

Кашалоттар бір-біріне нақты не айтып жатқанын түсіну әзірше мүмкін болмай тұр. Мұны жүзеге асыруға қосымша деректер мен есептеу қуаты ғана емес, сонымен қатар олардың өзара тілдесуімен қатар жүретін жосық ерекшеліктерін де әлдеқайда терең зерттеу қажет.

«Бір жануардың басқа жануарлармен әрекеттесу контексін түсіну өте маңызды», – дейді Бегуштің әріптесі, Бостон университетінің салыстырмалы таным бойынша профессоры Айрин Пепперберг. «Мұндай коммуникация жүйелерінің қайсысын алсақ та, оларды зерттеу кезіндегі келесі қадам – жоғарыда айтқанымдай жосық контексіне назар аудару», – дейді ол. Пепперберг –  әйгілі ғалым, ол Африка сұр тотысы – Алекс арқылы жануарлардың ойлау және қарым-қатынас қабілеттерін 30 жыл бойы зерттеген. Пепперберг өз тәжірибесінің алғашқы кезеңіндегі қиындықтарды еске алып, былай дейді: «Біз зерттеуді бастағанымызда, құс әнін түсіне аламыз, оны жазып алып, не деп тұрғанын анықтаймыз деп ойладық. Бірақ бұл олардың коммуникация жүйесін үйренудің тек бастамасы болып шықты. Ондай жүйе біз ойлағаннан әлдеқайда күрделі еді», – дейді ғалым.

Бегуш пен Project CETI-дің жаңа зерттеуі кашалоттардың қарым-қатынасын түсінуге арналған ондаған жылдық еңбектерге сүйенген. Осы бір аса әлеуметтенген сүтқоректілер өзара тығыз байланысқан шағын үйірде өмір сүреді. Олар бірге аң аулайды, бірге ұйықтап, төліне бірге қамқорлық жасайды. Кашалоттардың бәрі кодаларды өз үйірінен үйренеді: жас төл мағыналы «шыртылдауды» үйренбей тұрып, бір-екі жыл бойы «былдырлап» «сөйлейді». Әр өңірдегі кашалот үйірінің өз диалектісі бар, әр үйір өзін айқындайтын ерекше кодасы арқылы танылады. Сондықтан мұндай күрделі әлеуметтік құрылымға ие жаратылыстардың күрделі коммуникация жүйесі болуы таң қаларлық емес. Дегенмен ғалымдар бір нәрсені мойындайды: осы шыртылдардың бәрі не білдіретінін түсіну үшін әлі ұзақ жол күтіп тұр.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ