Жайыққа мұз қатпай тұрғанда…

489

Алуан түрлі бояуға малынған қазан айы аяқталып, сұрғылт түсті нағыз қара күз келді. Жайық едәуір ортайып, ағысы баяулағандықтан, кей тұсында су тына қалып, беті айнадай тегіс болып жатыр. Дегенмен мұнда қызу тіршілік еш бәсеңсімегенін байқауға болады.

Жылдың осы мезгілінде тіршілік біртіндеп саябырситындай көрінеді. Бірақ орталық жағалауда керісінше жаңа «қоныстанушылар» пайда болып, табиғат қайта жанданды! Күннің суытуы қала ішіндегі жағалауға жаңаша өмір лебін сыйлағандай әсер қалдырады.

Бір апта бойы өзен жағасына күнделікті серуенге шықтым. Жағалау қашан да тіршілікке толы еді, айналамнан әрдайым көңілді дыбыстар естіліп тұрды.

Күннің қай мезгілі болса да, бұл жерде шағалалардың саңқылын естімей серуен құру мүмкін емес. Мұнда шағаланың кем дегенде үш түрі ұшырасады: өгізшағала, көл шағаласы және қарабас өгізшағала.

Мына фотосуретте кішкентай болып көрінгенімен, өгізшағаланың (Larus cachinnans) көлемі үйрек-қазбен шамалас.

Өгізшағала – ірі құс, қанатының құлашы 100 сантиметрге жуықтайды. Ауа температурасы нөлден жоғары болып тұрған шақта олардың суға тұмсығымен шаншыла сүңгіп балық аулағанын, су бетінде жүзіп жүргенін, кейде олжаға таласып, бір-бірімен қырқысқанын тамашалауға болады. Олар өзен бетін мұз құрсауы жапқанға дейін осында қала береді де, ең соңғылардың бірі болып қыстауға ұшады. Ал ерте көктемде жер жібіп, сең қозғала бастаған шақта олармен қайта қауышып, жаңа табиғи цикл басталғанын білдіретін, шағылысу кезінде шығаратын өздеріне тән «қарқылдап күлген» дыбысын естиміз.

Көл шағаласы (Larus ridibundus)

Көл шағаласы қазір қыстық әппақ «шапанын» киіп алған, сондықтан түр-тұлғасындағы өзіне тән қара дақ бұл мезгілде көрінбейді. Ал қанық қызыл-қошқыл реңкті сирағы мен тұмсығы – бұл түрдің тағы бір айрықша белгісі.

Көл шағаласының (оны кәдімгі шағала деп те атайды) ерекше қызыл түсті тұмсығы көзге оттай басылады.

Өгізшағалалардың алысқа ұзап ұшпайтынындай бұл құстар да шалғайға қоныс аудармайды. Бар болғаны Каспийдің қатпайтын бөлігіне барып, 3-4 айдан соң қайтып оралады. Ал әзірге өзеннің төменгі ағысында осы мезгілде молынан кездесетін балықпен тоя қоректеніп жүр.

Қарабас өгізшағала (Ichthyaetus ichthyaetus)

Ал, міне, Қызыл кітапқа енген шағаламыз – қарабас өгізшағала! Бұл құс елімізде сирек кездескенімен, Атырауда оларды табу соншалықты қиын емес. Мәселен, Каспий теңізіндегі аралдарда осы қанаттылардың тұтас колониялары ұя салады. Олар қала маңында үлкен үйір құрмайды, көбіне жеке-жеке жұп болып ұялайды. Көл шағалалары сияқты қарабас өгізшағалалар да күзге қарай жылы, қалың, ашық түсті мамық «киеді». Енді олардың басы қара емес, сұрғылт түсті. Ал ерте көктемде қалаға қайтып оралғанда, өгізшағалалар қайтадан қарабас кейіпке енеді.

Үлкен сұқсыр (Podiceps cristatus)

Алыстан қарағанда бұл су құсы ірі үйрекке ұқсайды. Бірақ дүрбімен үңіліп көрсеңіз, оның мойны – ұзын, тұмсығы – үшкір, басында қара айдары бар екенін байқап, үйрекке онша ұқсамайтынын аңғарасыз. Тағы бір ерекшелігі – ол жиі сүңгіп, біршама алыс қашықтықтан, еш күтпеген жерден қайта су бетіне шығады. Осы бір ерекше қонақты үлкен сұқсыр деп атайды. Дәл қазіргі шақ – оны қаланың қақ ортасынан көруге болатын ең оңтайлы уақыт. Ал жылдың қалған мезгілінде сұқсырлар облысымыздағы баяу ағатын, жағалауын қалың қамыс пен қоға, басқа да су өсімдіктері көмкерген өзендерде тіршілік етеді. Дәл сол жерлерде қалқымалы ұя салып, ұрпақ өрбітеді.

Үлкен сұқсырдың балық аулаған сәті.

Сұқсырлар негізінен шөппен емес, «етпен» қоректенеді: ұсақ балықтар, жәндіктер, шаянтәрізділер, бақа мен моллюскілерді аулайды. Бұл жолы оны тұмсығындағы олжасымен бірге фотосуретке түсіру бақыты бұйырды!

Қазақстандағы үлкен сұқсырлар «отырықшы» өмір салтын ұстанады. Олар жылы жаққа ұшйып кетпей, ұя салған жеріне жақын маңайдан қатып қалмайтын су айдындарын іздейді.

Қарамойын сұқсыр (Podiceps nigricollis)

Үлкен сұқсырмен кездескен соң арада бірер күн өткенде, жағалауда қарамойын сұқсыр бой көрсетті! Бұл расында да күтпеген кездесу болды. Мен бұл құс түрі қаладан аулақ жүреді, тек тек қала сыртындағы су айдындарында ұшырасады деп ойлайтынмын. Бірақ, сірә, кез келген тіршілік иесі үшін ең маңыздысы – тірі қалу, демек олардың қорек мол жерден табылуы заңды. Оның қауырсынына қарасаңыз, ғалымдар неге оны «қарамойын» деп атағанын түсіне қоймайсыз, өйткені қазір оның мойны әппақ. Бірақ көктем таяғанда бұл құстар қара-алтын түсті өзгеше «костюм киеді». Сонда біз қазір көрген құс дәл өзі екеніне тек ерекше қызыл көздері ғана иландырады.

Жайықта еркін жүзіп жүрген бір топ бейнарық (Mergus).

Жыл сайын күн суыта бастаған сәтте Тұрғындар қалашығы (Атыраудағы шағын аудан – ред.) маңындағы жағалауда пішіні мен көлемі үйрекке ұқсас бір топ су құсы пайда болады. Бейнарықтар келгенін бірден түсінемін! Биыл да бұл дәстүр жалғасын тауып, бейнарықтар күздің ортасына қарай көріне бастады. Оларды да, сұқсырларды да мұнда суық пен аштық айдап әкелген. Қала іші әрдайым жылылау әрі осында балық қоры да молырақ.

Су құстары қауырсынына ерекше күтім жасап, оны майлап жүреді. Соның арқасында мамығына мүлде су жұқпайды.

Міне, дәл осы жерде «қаздан су тамғандай» дейтін орыс тіліндегі сөз тіркесі қайдан шыққанын анық түсінуге болады. Бұл сөзді, сірә, көпшілік естіген де шығар. Ол ешқандай жағымсыз әсердің тимеуін, адамға еш әсер етпей өтіп кетуі деген мағынаны білдіреді. Қаздың мамығына су тамшылары еш жабыспай, сырғып түскені секілді. Бірақ мұндай су өткізбейтін «қорғаныс» қаздарға ғана емес, басқа да көптеген су құсына тән екенін екінің бірі біле бермейді.

Құстың қанаттарындағы су тамшыларына зер салыңызшы: олар дөңгеленіп, моншақтай тізіліп жатыр әрі қауырсындарының арасына еш сіңбейді. Құс кенет ұша жөнелуі керек болса, су тамшылары ұшуға мүлде кедергі келтірмейді. Оның сыры қарапайым: құстардың құйрығының түбінде құйымшақ безі болады. Бейнарық та қаз сияқты тұмсығымен сол без бөліп шығаратын майды қауырсындарына мұқият жағады, сөйтіп мамығын су жұқпайтын етеді. Сол себепті суға сүңгіп шыққаннан кейін тамшылар қауырсынынан сырғып түсіп, құсты бұрынғыдай құрғақ әрі жеңіл күйінде қалдырады. Табиғаттың өзі осылай бәрін қарастырып қойған! Бейнарықтар да басқа су құстары секілді мұнда мұз қатқанға дейін жүре алады, ал «балық ұстау» мүмкін болмай қалған сәтте суы қатпайтын өзге су айдындарына қоныс аударады.

Аққұйрық субүркіт (Haliaeetus albicilla)

Қаланың қақ ортасына тағы кім «ат басын бұрғанын» қараңыз! Аққұйрық субүркіт өзі келіпті. Ол Қазақстанның Қызыл кітабына енген, сондықтан бұл құспен әр кездесу ерекше қуаныш сыйлайды. Біздің жағалауда көксерке жақсы ауланатыны жөніндегі «ақпарат» осы қыранды да айналып өтпеген сияқты. Оның негізгі азығы – балық. Ал балық болмай қалса, ол үйрек, шағала, сұқсыр сияқты су құстарына да шапшаң шабуылдай алады. Өкінішке қарай бұл жыртқыштың дәл қай тұста «балық аулайтынын» әлі анықтай алмай жүрмін. Фотосурет жағалауға қатарласа жатқан Азаттық даңғылынан түсірілген, қыран сол маңда ұшып бара жатқан еді.

Өзен жағасында соңғы гүлін беріп тұрған сортаң ақкекіресі (Aster tripolium).

Биыл Жайықтағы күз ерекше берекелі өтті. Ұлы өзен адамды да, құстарды да, аңдарды да асырап келеді. Жақында ауа суытып, оның толқындарын мұз қабаты біраз уақытқа көзден жасырады. Ал біз келесі көктемді, өзен арнасының қайта толуын және табиғатымыздың тағы бір түрленіп, жаңаратын сәтін асыға күтеміз!

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ