Барсакелмес – бір кездері Арал теңізінің ортасында жатқан, картада белгіленгенімен, ұзақ уақыт жұмбақ болып келген арал. Мұнда 1939 жылы мемлекеттік қорық ұйымдастырылып, сирек кездесетін аң-құстар мен өсімдіктерді сақтап қалу жұмысы басталған. Арал тартылғанға дейін мұнда құлан, қарақұйрық, ақбөкен секілді жануарлар қисапсыз көп еді. Құстың жүздеген түрі ұялап, аралдың даңқы бүкіл әлемге жайылған. Бірақ Арал трагедиясы Барсакелместің де тағдырын басқа арнаға бұрып жіберді. Бүгінде құрлықпен бірігіп кеткен мекеннің кейінгі жетпіс жылдағы тарихын баяндаймыз.
Автор: Жанболат Аупбаев
– 1952-1962 жылдары, – деді, Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының бұрынғы басшысы, бүгінде Аралды құтқару ұйымы директорының орынбасары қызметін атқарып жүрген Зәуреш Әлімбетова, – осы Барсакелмеске Н.Д.Журавлев деген кісі директор болған екен. Міне, сол қорық басшысы өзінің жүргізген жұмыс күнделігіне төмендегідей сирек эпизодты жазып қалдырыпты. Жоғарыда айтылған 1953 жылы мамандар Мургаб маңындағы Бадхыздан өзіміз тұрған мына жерге сегіз құланды әкелмей ме?! Алғашқы күні неше тәулік бойы кеме үстіндегі темір торда қамалып, тербелмелі теңіз толқынындағы жолдан шаршаған бұл жануарлар жағаға есеңгіреп түседі. Содан тырп етпей жатып алады да келесі күні ғана бастарын көтеріп жайылымға беттейді. «Арада біраз уақыт өткенде, – дейді Н.Д.Журавлев біз сөз етіп отырған жазбасында, – әбден естерін жинап болған құландар теңіздің оңтүстік батысындағы соққан желге мұрындарын тосып тықырши бастады. Сөйтті де бір мезетте өздерін әкелген Қарақалпақстанның Мойнақ жағындағы айдынға қойып кетіп, теңізге жүзе жөнелді. Мұны көрген біздер жағаға жетіп, моторлы қайыққа отырғанша, «қашқындар» біраз жерге ұзап та кеткен болатын. Ақыры бүйірлеп барып, олардың алдын ораған қорық қызметкерлері құландарды қайтарып үлгеріп, қайта әкелді. Содан кейін бұл жануарлар қашуды қойып, ондай мінез көрсетпеді. Мұны біз: «Табиғаттың бұл арда перзенттерінің теңізді кесіп өте алмайтыны бесенеден белгілі. Сөйтсе де бойларындағы тумысынан бар бостаншыл бұлқынысы-ау. Бұл да болса мына түз жануарларының өзіміз білмейтін көп ерекшелігінің бірі шығар», – деп ойладық.
– Ал менің есіме зоолог ғалым Л.Сотниковтың күнделігіндегі мынадай жазба түсіп отыр, – деді қорық мекемесінің бөлім меңгерушісі, қызықты әңгімені әрі қарай жалғауға тырысқан Арман. – Аралға алғаш әкелінген құландардың біреуі еркек, қалған жетеуі ұрғашы екен. Аталық мәртебеге ие әлгі түз жануары жалқау, бойкүйез болып шығады да аналықтарға қарамай қояды. Сөйтіп 1954 жылы Барсакелместегі құландар құлындамайды. Артынша баяғы Бадхыз қорығынан басқа еркек құлан алдыртады. Содан соң, яғни, 1957-1958 жылдардан бастап мұндағы түз жануарларының басына бас қосылып, көбейе бастайды.
Барсакелместің алтын кезеңі
Осыны айтқан серіктерім бір сәтке сәл үнсіз қалды. Содан соң әңгімелерін қайта жалғады. Ол сөздерден аңғарғаным, Барсакелместегі 60-жылдардың басы мен 70-жылдардың аяғына дейінгі кез ерекше бір жақсы, мамыражай уақыт болыпты. Бұл кезеңді сөз етіліп отырған қорықтағы тіршіліктің нағыз жанданып, жаңарған кемел шағы еді десек, еш қателеспейтін сияқтымыз. Оған аталмыш уақыт аралығында қорықтағы ақбөкендердің 1946 жылғы алапат қыстан соң қайтадан өсіп 1500-ге, қарақұйрықтардың да одан кейінгі 1948 жылғы жұттан кейін ес жиып 370-ке, ал құландардың 1957 жылдан бері 220-ға жеткені анық дәлел. Сондай-ақ аралды мекендейтін 95 құс түрінің ғылыми сипаттамалық паспорты жасалып, көктем мен күзде оларға сақина салу жұмысы жүргізілгені, 256 түрлі гүлді өсімдіктің толық зерттеліп, республикалық биокаталогқа енгізілгені де міне, осы кез. Бұған тағы да сол 60-70-жылдардағы қорық радиусындағы атмосфера мен жер рельефі және және климаты, жыл мезгілдеріндегі температуралық шкалалар жөнінде атқарылған жүйелі жұмыстарды қосайық. Міне, сонда бұлар өзіміздің Ғылым академиясы жанындағы Зоология, Ботаника институттары мен Ленинградтағы А.Герцен атындағы университеттің жаратылыстану кафедрасы ғалымдарының Барсакелместегі тиянақты да табанды жұмыстарын айқындай түсері анық.
Алтын дәуірдің соңы
Өкінішке қарай 1975 жылдан кейін біз сөз етіп отырған аймақтағы жағдай күрт өзгере бастады. Ол Арал теңізіндегі «SOS» белгісі деп айтарлық экологиялық апаттың білінуі болатын. Ондағы қауіптің негізгілерін атап айтсақ, бұлар 1975-1980 жылдар аралығындағы теңіз деңгейінің алдымен 10, одан соң 12 метрге төмен түсіп кетуінен оның құрғап қалған жер табандарынан ұшқан тұзды тозаңдардың аталмыш өңірдің егіндіктері мен шабындықтарын өсірмей, тақырға айналдыра бастағандығы еді. Солардың ішіндегі ең қиын жағдай теңіз суындағы тұз мөлшерінің қалыпты жағдайдан 2,5 есе артып, бір литр су құрамындағы концентраттың 18 грамға жетуі болатын. Бұл Барсакелместегі құландарға зауал боп тиді. Зауал емей немене, олар бауыр цирозына ұшыраса. Бейкүнә жануарларды құтқару үшін сол кездегі Үкімет шұғыл шешім қабылдай білді. Соның нәтижесінде құландар 1981 жылғы желтоқсанда Арал аймағынан 1050 шақырым қашықтықтағы Алматы облысының Кербұлақ өңіріне әкелініп, жерсіндіріле бастады.
Бірақ мәселе мұнымен бітпеді. 1985-1995 жылдар аралығында Арал аймағындағы экологиялық апат өзінің апогейінен де асты. Сөйтіп ондағы теңіз акваториясы екі есе кеміп, бұрынғы айдын шалқар су бес есе азайды. Қорықтағы қауіпті ең алдымен осындағы құстар сезген. Шеңгел, дүзген және сексеуіл жапырақтары мен дәндерінің сиреп, сондай-ақ қалың қау, қордалы мия түбіндегі құрт-құмырсқаның азаюына байланысты олар аралды тастап, жағалауға ұшып кеткен. Содан соң… Бұрын Барсакелмеске аңдарға шөп әзірлеп, қыста соны вольерге шашумен шұғылданатын қосалқы шаруашылық болған. Соңғы уақытта мұнда қар мен жаңбыр жаумағандықтан шабындықтардан шалғыға ештеңе ілікпей, бригада тарап, Кербұлақтағы көшке ілесе алмаған кәрі құртаң құландар мен ақбөкен, қарақұйрықтар нәпақасыз қалған.
Қорықтың қайта тірілуі
Сол уақытта, яғни, 1997 жылы Барсакелместің солтүстік-шығыс жағы құрлыққа қосылып, түбекке айналған еді. Ал 2000 жылы оның төрт жағында да су қалмай, енді түбек қана емес, арал атауынан да айырылған болатын. Кезінде «Аргументы и факты» апталығында жазылғанындай, республика Үкіметінің: «Қаржы көзінің жетімсіздігінен бұл қорық жұмысының қызметі тоқтатылды», – деген шешім шығаруы да міне, осы кез. Содан бұл жердегі тіршілік тек 2005 жылдан бастап қайта жанданған. Оған дәлел, өзіміз сөз етіп отырған нысанның Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы деген атқа ие болып, қайта құрылуы.
Содан кейін ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттары әлемдік жүйесіне енуі, USAID-тың табиғат аномалиясынан шөлге айналған жерлерге жан бітіру жобасындағы грантты жеңіп алып, Барсакелместің теңіз суы қашқан маңайындағы 500 гектар телімге сексеуіл өскіндерін отырғызу, Жапония үкіметі тарапынан ұсынылған «Шөптер тамыры» бағдарламасы конкурсына қатысып, 80 мың долларлық қаржыға ие болу арқылы құм тоқтататын сары сазан, бұйырғын, ақ сораң мортықты олардан дәні негізінде егу. Осы және одан басқа да көптеген жұмыстардың арқасында қорық еңсесін қайта тіктеп, қайтадан жақын және алыс шетел ғалымдары танитын дәрежеге жеткен жайы бар.
Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының міне, кешегі өлара шақ, өтпелі кезеңдегі тар жол, тайғақ кешуден өтіп келіп, қайтадан еңсесін көтеруі қуанышты жәйт. Мұнда осы аномальды резерватта 2003-2021 жылдары алдымен аға маман, бөлім меңгерушісі, содан кейін директордың орынбасары, директор қызметтерін атқарып, көп қиындықтарды мойымай көтере білген, кезінде еліміздегі осындай 10 табиғи қорықтары арасында жалғыз әйел жетекші болған Зәуреш Әлімбетованың еңбегі зор.
Зерттеушілердің ізі қалған жер
– Жүріңіз. Енді етекке қарай түсейік, – деді өздерінің төбе басында тұрып кезе-кезек айтқан әңгімелеріндегі керек мәліметтерді қойын дәптеріме жазып бола берген маған Арман. – Анау мүйіс пен жазыққа жақындайық. Өйткені онда сіз көретін көп нәрсе бар.
Расында да солай екен. Жағадағы жол бұрылысына жақындай бергендегі көзімізге түскені, шынжыр баулы шағын кеме зәкірі болды. Оның жанындағы жұқа қақылтырға ойып жазылған анықтамадан білгеніміз, бұл 1848-1849 жылдары Арал теңізін зерттеп, осы Барсакелместі картаға түсірген А.И.Бутаковтың құрметіне қойылған символдық белгі екен. Мұны 2008 жылы Ресейдің Орынбор облысынан келген энтузиастер әкеп орнатыпты. Бұлар атақты теңізшінің ұрпақтары немесе жақын-жұраттары-ау шамасы…
Осылай деп ой түйген біздер жазықтағы жаңбыр көрмеген құрғақ шөпті күтірлете басып, алыстағы ескі үйлерге қарай бет алдық. Жақындағанда байқадық, бұл баяғы артель басшысы Петька негізін қалаған факторияның орны екен. Содан кейін қайта салынған кеңседе 1953-1991 жылдары Алматы мен Ленинград ғалымдары жұмыс істеп, өз зерттеулерін жүргізген. Ал оларға ілесіп, өндірістік тәжірибеден өтуге келген студенттер анау шағын клубта кешкі концерттерін қойып, осындағы орманшы, күзетші, вольер жұмысшыларының көңілдерін көтерген. Мына тұрған ұзын барак бәрінің жатын орны болған. Қазір осы мекенжайларда ешкім жоқ. Қаңырап бос тұр. 1998 жылдан кейін тіршілік уақытша тоқтап, үйлер де, олардың ауласындағы жүк машинасы мен К-700 және ДТ-75 тракторлары да тұра-тұра тот басып, ешкімге керексіз боп қалған. Қарап тұрсаң көңілсіз көрініс. Аянышты жағдай. Мұңды елес…
Қатар жатқан үш қабірдің тарихы
– Ал анау жол жиегіндегі топырақ үйінділері. Ол не нәрсе? – дедім мен серіктеріме алдымыздағы тоғай тұсына таянғанда.
– Зират қой, – деп іле жауап берді бұған Зәуреш. – Онда үш өзге ұлт өкілі мәңгілікке дамылдап жатыр. Алғашқысы, яғни, бергі бейіт… Соғыстан кейін мұнда Антон Скоруцкий деген ғалым отбасымен келіп, зерттеу жұмыстарымен айналысқан екен. Кейін ғалым отбасын тастап, Ташкентке кетіп қалады. Аралда қалған жалғызілікті ана қосалқы шаруашылықта кеңсе сыпырушы, дүкен күзетшісі боп жүріп, ұлын өсіріп, ержеткізеді. Содан соң өмірден озып, осында жерленеді. Бұл 60-жылдар шамасы. Ал баласы Валентин қорықшы болады. Осы жерге деген іңкәрлігі соншалық, өмір бойы қорықтан ұзап шықпайды. Ешқайда да көп бара бермейді. Рас, еңбек демалысы кезінде Арал қаласына бет алып, аз-кем уақытын сонда өткізіп қайтады екен. Қалған жыл он екі айда осында болып: «Барсакелместен басқа еш жер мені өзіне тартпайды», – деп айтатын болған. Сол азамат кешегі жерұйық боп тұрған қорықтың өлара шақ, өтпелі кезеңдегі астаң-кестеңі шыққан метаморфозалық өзгерісіне түсінбейді. Уайым-қайғыдан ішқұса кейіпте 1998 жылы дүние салып, денесі анасының жанына қойылады.
Енді үшінші бейіт жөнінде аз-кем әңгіме. Мұнда Ресей ғалымы Давыд Пирюлин жатыр. Жоғарыда біз кезінде Ленинградтағы А.Герцен атындағы университеттің оқытушылары осы Барсакелмеске әр жаз сайын келіп, 25 жыл бойы зерттеу жүргізген дедік қой. Давыд Давыдович міне, солардың бірі. 70- жылдардың соңында тіпті оның маусымдық жұмыстарды аяқтап, Ленинградқа оралған әріптестерінен бөлініп қалып қойып, жыл бойы мұнда еңбек еткен кездері де болған. Сөйтіп жүргенде әйелі басқа біреуге тұрмысқа шығып кетіп, отбасы бақытынан айырылады. Жылдар өткенде сырқатқа ұшырап, Мариупольдегі жалғыз анасына да бара алмайтын халге жетеді. Сонда досы, Ресей Ғылым академиясы жанындағы Зоология институтының жетекші қызметкері Николай Аладинге: «Өмірімнің ең бір мәнді, мағыналы өткен жері ол Барсакелмес. Онда барған кезде өзімді бақытты адам ретінде сезінетінмін. Егер дәм-тұзым таусылса, сонда апарып қоярсыңдар», – деп өтініш айтады. 2008 жылы ғалым бақилыққа аттанғанда, Николай Александрович әріптесінің тірі кезіндегі сол сөзін есіне алып, денесін осында әкеліп жерлейді. Сөйтіп марқұм бұл күнде өзі іңкәр көңілмен шын сүйген қазақ жерінің бір нүктесінде осылайша дамылдап жатыр.
Барсакелмес туралы аңыз-әпсана қайдан шыққан?
Жоғарыдағы жәйттерді айтқан Зәуреш пен Арман сәл үнсіз қалды да маған барлай қарады. Жүздерінде: «Бұл жер туралы бізден тағы не сұрайсыз?» – дегендей ой бар. Сағатыма қарадым. Циферблат тілі түскі 12-ге барып қалыпты. «Мұнда бес сағаттай жүргеніміз бе, сонда?» – дедім ішімнен. Сөйттім де уақыт оздырмайын деген оймен екі-үш сұрақты жеделдете қойдым. Оның біріншісі, бұл аралды бұрыннан бері кезіп жүрген неше түрлі елес пен аңыздар еді. Ал екіншісі жазушы Ілияс Есенберлиннің «Ғашықтар» романындағы: «Алапеске ұшырағандарды Барсакелмеске апарып тастайды екен. Сол жерде оларды емдейтін аурухана бар», – деген сияқты әңгіме. Осыдан кейінгі үшінші білейін дегені нәрсем, интернеттегі орыс, өзбек қаламгерлерінің өзіміз сөз етіп отырған арал туралы өмірге келтірген көркем дүниелері жөніндегі ақпарат. Сонда олар оны Барсакелмеске келіп, көріп жазған ба, жоқ әлде бұлар жай қиялдан туған шығармалар ма?
– Осы аралға байланысты сіздің бізге қойған сұрақтарыңыздың алғашқысы, – деді Арман, – ол мұнда белгісіз бір сыртқы күштердң әсері бар немесе өзіміз сөз етіп отырған жерге өзге планета адамдары мінген кеме келіп, кетеді, сондай-ақ кей кезде аралды ақ тұман басып, оның ішінде қалып қойған адамдар үшін уақыт тоқтап қалады деген секілді аңыздар ғой. Мұның бәрі ойдан шығарылған әңгімелер. Бос сөз, құрғақ қиял. «Неге?» – дейсіз бе?! Бізде Қамза Тынышбаев деген ағамыздың «Остров моей памяти» атты кітабы бар. Ол кісі 1936 жылы осы Барсакелместе туған. Әке-шешесі қорықтағы жұмысшылар екен. Жеткіншектің Арал қаласындағы мектепте білім алған әр жарты жыл сайынғы оқуы болмаса, балалық, кәмелеттік шағының бәрі Барсакелместе өткен. 1955 жылы Алматыға аттанып, политехникалық институтқа түседі. Оны бітірген соң Балқаштағы кен-металлургия комбинатында инженер мамандығы бойынша жұмыс істейді. Қолы бос уақытында 30-40-50-жылдардағы өзі өмірге келген арал, ондағы қорық, сол жерде жұмыс істеген адамдардың басынан өткен неше түрлі жағдай және басқа жәйттерді жіпке тізгендей етіп жазады. Мұнда бос сөз жоқ. Қамтылған тақырыптардың бәрі нақты. Сенімді дерек пен фактіге құрылған. Айтайық дегеніміз, ағамыздың міне, сол еңбегінде Барсакелместегі ел сөз етіп жүрген қиял-ғажайыптардың бірі де жоқ. Алыпқашпа әңгімеге саяды оны автор. Өйткені, сол кездегі жеткіншек ол онда тұрған 19 жыл ішінде қорыққа тән күнделікті тіршілік ырғағынан басқа бөтен ештеңені байқамаған. Көрмеген. Осы жерде екінші бір назар аударатын нәрсе мынау. Жоғарыда біз 60-70-80-жылдары мұнда республика Ғылым академиясы мен А.Герцен атындағы Ленинград университетінің ғалымдары жұмыс істеді дедік қой. Олар да жұрт аузында жүрген әлгіндей жағдайларға кездеспеген. Тіпті: «Мына нәрсе қалай өзі?» – дейтіндей күмән, күдікті бірде-бір жәйтке ұшыраспаған. Енді осында көптен бері еңбек етіп жүрген мына өзімізді алайық. Жоғарыдай жағдайларға еш уақытта жолыққан емеспіз.
– Сонда ол алыпқашпа әңгіме неден туындаған өзі?
– 1950 жылы республикалық «Ленинская смена» газетінде Қаратау қойнауындағы бір көлде ұйықтап жататын айдаһар бар, ол ара-тұра оянғанда айдындағы су дөңбекшіп, астаң-кестең күйге түседі деген мазмұндағы мақала жарық көреді. Одан кейін Барсакелместегі сыртқы мистикалық күштердің әсерінен пайда болатын ақ тұман туралы материал шығады. Редакция басшылығы оларды баспасөзге жазылу науқаны кезінде жариялайды. Мақсат – түсінікті. Ол – жоғарыдағыдай сенсациялық дүниелер арқылы оқырмандарды газетке көптеп жаздырту. Мұны Мәскеудегі екі-үш газет-журнал іліп әкетеді. Содан бері Барсакелместі осындай елес кезіп жүр.
– Ал менің осының алдындағы: «Мұнда алапестер ауруханасы болған дейді. Сол сөз шын ба?» – деген екінші сұрағым… Оған не дейсіздер?
– Бұл да жоғарыдағыдай жағдайға ұқсас нәрсе. Бос сөз. Қауесет. Рас, сонау патша заманынан Кеңес өкіметінің алғашқы ширек ғасырлық уақытына дейін Арал аймағы мен Сырдария бойында аталмыш ауру түрі болған. Оны XVIII-XIXғасырлардағы орыс әскерлері экспедициясындағы дәрігерлер байқаған. Сөйткен де: «Бұл мал сүті мен балық етін қатар пайдаланудың салдары. Суға пісірілген не қуырылған балықты жеген соң кемінде жарты күнге дейін айран, шұбат, қымыз ішпеу керек. Бұлай болмаған жағдайда олар бір-бірімен қарсы реакцияға түсіп, тері пигментіне залал келтіреді», – деп ескерткен. Бірақ қара халық оған қарай ма? Жағдай Кеңес өкіметі орнағаннан кейін ғана қолға алынып, оңалған. Атап айтқанда, ел арасында газет, радио арқылы «Дәрігерлік кеңес» бағдарламасы бойынша пәрменді насихат жұмыстары жүргізіліп, адам терісінің ала-құла ауруын емдейтін арнаулы диспансер ашылған. Ол емдеу орталығы Барсакелместе емес, Сырдария бойындағы Талдыарал деген жерде болған. Осындай кешенді, жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Қызылорда облысындағы аталмыш ауру жойылып, түп тамырымен үзілген. 80-жылдардан бері ондай жағдай Сыр бойында жоқ дейді дәрігерлер.
…Қайтып келеміз. Барсакелместің төңірегінен теңіз суы кетіп қалды демесе, ол ана бір жылдарғы жағдайдан кейін қайта қалпына келгендей. Олай дейтініміз, қорықтың өн бойы қалың тоғай. Көз тартарлық көкжасыл әлем. Өзіндік тіршілігімен жандана құлпырып тұрған жаңа ұғымдағы жер. «Өзіндік тіршілігі» демекші… Мұны бұдан біраз бұрын осында болған журналист әріптесім Ержан Байтілестің сөзімен айтқанда: «Міне, сыңсыған сексеуіл бұталары арасын салдырлатып қарақұйрық жүгіріп шықты. Түс қайта көлеңкелеп жатқан оны көлігіміздің даусы үркітсе керек. Алдымызға түсіп алып құйғытты-ай дерсіз. Қарабарқынның қалтарысынан қоян селтиіп қарайды. Сарысазан шөбі түбінен сарышұнақтар ін қазып жатыр. Әлден уақытта қапталымыздан бұрқыраған шаң шықты. Құйын шығар дегенбіз. Құландар екен. Екпіндері тау құлатарлықтай. Олардың дүбірінен құмға ирек-ирек із қалдырып түлкі қашты. Ал бір белеске бұрыла бергенімізде, бармақтай ғана бұлдырық құс бұрқ етіп көкке көтерілді. Төбеде дала бүркіті қалықтай ұшып, бозторғай ән салуда».
Бүгінгі Барсакелмес келбеті міне, осындай. Бар бол, картада жоқ арал! Тіршілігінің нәрі үзілмесін табиғи қорық! Жұмбағы әлі де мол жерұйық жер!
Қызылорда облысы,
Арал ауданы,
Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы.







