Табиғаттағы ерекше жаратылыстың бірі құс екеніне көпшілігіміз келісетін шығармыз. Олардың алуан түске құлпырып түрленетін әдемілігін, нәзіктігін айтпағанда, ұша алатын қабілетінің өзі адамзат қиялын көк жүзіне самғатып, армандарға жетеледі, шығармашылық шабыт берді. Қай халықты алсаңыз да фольклорында құстармен байланысты аңыз-әпсана, мақал-мәтел, теңеулер мен есімдердің кездесетіндігі сондықтан болар.
Тіршілігі табиғатпен үйлесімге құрылған байырғы қазақтың тұрмыс-салтында да құспен байланысты ұғым-түсініктер баршылық. Ертеден жеткен аңыз-ертегілерімізде алып самұрықтан бастап, кіп-кішкентай қарлығашқа дейінгі аралықта бүркіт, сұңқар, қаршыға, бөктергі, қарға, байғыз, қырғауыл, бөдене, торғай сияқты талай құс кездеседі.
Фото: Ерболат Шадрахов
Фото: Ерболат Шадрахов
«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Бөдене туралы аңыз», «Кім күшті?», «Қырғи мен бөктергі», «Сүлеймен патша мен байғыз», «Аяз би» ертегілері бәрімізге бала күннен таныс. Бұл ертегілер біздің табиғат пен ондағы тіршілік иелері туралы таным-түсінігімізді кеңейтті. Қиялымызды өрістетті.
Фотосурет: Ерболат Шадрахов
Ата-анамыздан, айналамыздан естіген «ұя бұзған оңбайды», «торғайдың жұмыртқасын жарсаң, бетің шұбар болып қалады», «аққуды атпайды», «сарыала қазды атпайды» дейтін нақылдар мен тыйымдар тіршілік иесіне қиянат қылуға болмайтынын, обал болатынын санамызға сіңірді.
Бала күнімізде жаттаған тақпақтың:
«Кіп-кішентай торғай да,
Балапанын қорғайды» , –
дейтін жолдары да ақиқаттың өзі екенін, торғай да балапаны үшін ажалдың аузына түсуден қаймықпайтынын талай көрдік және жақынымызға жанашыр болу табиғатымыздан бар қасиет екенін түйдік.
Мұның бәрін не үшін айтып жатырмыз?
Бүгін, 1 сәуір – халықаралық құстар күні. Ал Атырау мен Алтайдың арасында көсіліп жатқан байтағымызда тұрақты тіршілік ететіні бар, қар көбесі сөгіле ұшып келіп, қара күзде қайтып кететіні бар, ұзақ сапарында күш-қуат жинап алуға аялдайтыны бар – ұзын саны шамамен 500-ден аса құс түрі кездеседі екен. «Қазақстан құстары. Далалық анықтағыш» (авторлары В.К. Рябицев, А.Ф. Ковшарь, В.А. Ковшарь, Н.Н. Берёзовиков) деп аталатын кітапты қарасаңыз, бәрінің түр-сипаты жазылған. Қалада кездесетін 3-4 құстан өзгені танымауға айналған заманда өте пайдалы кітап.
Фотосурет: Ерболат Шадрахов
Кезінде Ілияс Жансүгіров «Жетісу суреттері» деп аталатын әйгілі жырының «Жетісу жәндігі» деген бөлімінде:
«…Тазқара, балтажұтар, ақбас құмай,
Бұлақта отырғанын көрем ұдай,
Жарғақ бас, жұртшы, саржақ су бүркіттер,
Құмайдың қоғамында құдасындай.
Лашын, тұйғын, тұнжыр, тынар, мықи,
Ителгі, бәрпі, қырғи, құр, тұрымтай.
Бидайық шыңда ғана болады деседі,
Бүркітпен барымталы ел ала жаздай.
Тағанақ, үкі, ақсары, құладындар
Сықылды толып жатыр мөжен-томпай.
Албандар атын атап түстейтұғын,
Мінеки Алатауға біткен торғай:
Қара, боз, суық, бұқбас, сипті, шымшық;
Шақшақай, майлық, маубасбұқа, шөже,
Тоқылдақ сан-сапалақ атаулысы
Айтарға сай-салада жүр лықсып,
Тас жарып, балақ біткен шыңға шықсаң,
Күй тартар той қылғандай торғай сыңсып» — деп жырлаған екен.
Одан беріректе ақын Есенғали Раушановтың «Құстар – біздің досымыз» деген жақсы кітабы бар.
Иә, расында да құстар ежелден-ақ адамзаттың досы. Қыран құстарды қолға үйретіп, саят құрдық. Кейбір түрін тауық, үйрек-қаз, түйетауық сияқты үй құстарына айналдырып, азық-түлік ретінде пайдаланып келеміз. Сән-салтанамызды асыру немесе әншейін қызығушылық үшін асырайтын құс түрі де көп. Тіпті жабайы, өз бетімен жүрген, не азықтық, не шаруашылық мақсатқа пайдаланылмайтын құстардың да адамға жанама пайдасы жетіп артылады. Олар табиғаттағы экожүйелердің тепе-теңдігін сақтап, адамның егінін зиянкестерден қорғайды.
Фотосурет: Ерболат Шадрахов
Өкінішке қарай, кейбір құстар табиғатта азайып барады. Бұған, бірінші кезекте, адамның тұрмыс-тіршілігі ықпал етіп жатқаны белгілі. Урбанизацияның, егіс алқаптарының ұлғаюынан табиғи мекендері тарылып, азық қорының азаюы, заңсыз аулау сияқты қаскөйлік себептерден көптеген құстың тағдыры қыл үстінде тұр. Жоғарыда айтылғандай, ел аумағында кездесетін 500-ден аса құс бар болса, соның 57-сі «Қазақстанның қызыл кітабына» енгізілген.
Фотосурет: Ерболат Шадрахов
Табиғатта бір кішкентай тіршілік иесі жойылып кетсе, оның салдары тұтас экожүйеге әсер ететінін, сайып келгенде ол адамның да тіршілігіне зиянын тигізетінін ғалымдар айтып та, дәлелдеп те жүр. Бір ғана National Geographic журналының өзінен бұған дәлел бола алатын қаншама зерттеу мен көрнекі материал табуға болады.
Ендеше, достарымызға адал болайық, құстарымызды қорғайық. Олардың ғажайып сұлулығын, бітім-болмысын бізден кейінгі ұрпақ та көруге хақылы.
Біздің құстарға қатысты таңдаулы материалдарымызды оқи отырыңыз:







