Айға сапар

363
Артемида II экипажы Айдың адам баласы бұрын-соңды көрмеген тұстарын тамашалай алады. Олар Айдың арғы бетінен көретін көріністердің 60 пайызына жуығы мүлдем жаңа, бірегей болуы мүмкін.
Фотосурет: Бабак Тафреши, Nat Geo Image Collection

Санаулы сағаттардан кейін NASA-ның Artemis бағдарламасы үшін арнайы жасалған Space Launch System (SLS) атты аса ауыр жүк көтергіш мега-зымыраны сапарын бастайды. Ауа райы оңды болып, барлығы жоспарға сай жүзеге асса, екінші сәуірге қараған түні Астана уақытымен 3:24-те Artemis II миссиясы ғарышқа аттанғалы тұр. Бұл тарихи сәтті NASA-ның әлеуметтік желідегі тікелей эфирінен де көруге болады.

Осылайша, араға 54 жыл салып NASA Айға алғашқы экипажын ұшырғалы отыр. Бүгінгі оқиғаның ауқымын көрсету үшін мынадай дерек келтіргіміз келеді: адамзат Айға соңғы рет табан тірегенде, қазіргі Жер халқының 75%-ы әлі дүниеге келмеген де еді.

Неге жарты ғасыр бойы Айға адам қонған жоқ?

Айға жарты ғасыр бойы адамның қонбағанына бірнеше фактор әсер етті. Бұлар техникалық мүмкіндіктен бөлек, саяси және экономикалық жағдайлар еді.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары АҚШ пен КСРО арасында ғарышты игеріп, Айға бірінші болып адам қондыру жолында қызу бәсеке жүрді. Бұл жарыс қалай аяқталғанын білеміз. Дегенмен NASA-ның Айға адам қондырып, АҚШ-тың туын тігуді мақсат еткен Apollo жобасы экономикаға айтарлықтай салмақ болды. Көпшілік Құрама Штаттардың туын қайта-қайта желбірету үшін зор шығынға батудың қажеті жоқ деп есептеді. Айға қону – КСРО мен АҚШ арасындағы жарыстың бір бөлігі еді. АҚШ Айға бірінші болып қонып, өз басымдығын дәлелдегеннен кейін, оның саяси маңызы төмендеді.

Оның үстіне тірі адамды мұндай сапарға аттандырудың қаупі де тым жоғары еді. Сондықтан ғарыш агенттіктері ғарышкерлердің орнына роботтарды ұшыра бастады. Сонымен қатар мамандар Айды қоя тұрып, Жерге жақын ғарышты игеруге көңіл бөлді. Соның арқасында Халықаралық ғарыш айлағы тұрғызылған.

Айға қайта аттанудағы мақсат не?

Apollo дәуірінде негізгі мақсат – Айға ту тігу болса, қазіргі Artemis жобасының мақсаты – Айды игеру және онда орнығу. Осыған дейін 2022 жылы жобаның алғашқы кезеңі – Artemis I миссиясы сәтті аяқталған еді. 25 күнге созылған миссия кезінде экипажсыз ұшқан SLS зымыраны мен Orion кемесі сынақтан өтті. Енді, міне, сол зымыран мен сол кеме төрт ғарышкерден құралған экипаж тобын космосқа алып ұшқалы тұр. Бір айта кетерлігі, Artemis II Айға қонбай, Айды айналып ұшуды мақсат етеді. Алдағы жылдарға жоспарланған тек келесі миссиялар Айға қонуды, онда станса тұрғызуды көздейді.  

Artemis жобасының алға қойған мақсаты өте ауқымды: мамандар Ай кратерлерінен су қорын іздеп, Айдың топырағы – реголитті құрылысқа пайдалану технологиясын сынақтан өткізбек. Жерден Айға материал жеткізудің құны өте қымбат. Мәселен, бір литр су жеткізгенге 25 мың доллардан бастап  миллион долларға дейін қаражат керек болады. Айдағы ресурстардың өзін пайдаланып құрылыс жүргізу мүмкін болса, көп қаржы үнемделер еді.

Ең маңыздысы, экипаж мүшелері Айдың арғы бетіндегі ландшафттың 60%-ын алғаш рет өз көзімен көргелі тұр. Ғалымдардың айтуынша, адам жанары түстер мен текстураның ең нәзік реңктерін кез келген заманауи камерадан әлдеқайда дәл қабылдайды. Яғни ғарышкерлер осыған дейін роботтар бере алмаған ақпаратқа қол жеткізіп, топырақ құрамындағы елеусіз өзгешеліктерді байқай отырып, соның нәтижесінде Ай туралы түсінігіміз мүлдем жаңа деңгейге көтерілуі мүмкін.

Сонымен қатар, ғалымдар ғарыштағы радиацияның адам ағзасына әсерін 1972 жылдан бері алғаш рет зерттеуге мүмкіндік алғалы тұр. Бұл да адамзаттың әлемді тереңірек танып-білуіне үлес қосатыны анық.

Apollo миссиясынан тағы бір ерекшелігі, Artemis-тің экипаж құрамына алғаш рет әйел ғарышкер мен афроамерикан ғарышкер еніп отыр. Жарты ғасыр бұрын Айға барған 12 адамның барлығы ақ нәсілді ер адамдар еді.

Экипаж мүшесі, ғарышкер Кристина Кох жаттығу кезінде Orion ғарыш кемесінің макетінен шығып барады.
Фотосурет: Марк Соуа, NASA/JSC

Айтпақшы, Айға қонуды көздеп отырған тек NASA емес. Қытайдың ұлттық ғарыш агенттігі де 2030 жылы өз ғарышкерлерін жібермекші. Ал Үндістан Ай топырағын Жерге әкелу миссиясын жоспарлап жатыр. Алдағы алты жылда Айға қонуды мақсат ететін миссиялар саны өткен алпыс жылдағыдан көп. Яғни Жердің серігіне деген қызығушылық та, оны зерттеп білуге деген қызу бәсеке де өте жоғары. Бір кездері АҚШ пен КСРО арасындағы текетірес енді АҚШ пен Қытай арасында қайта басталғандай әсер қалдырады. Бұл бәсекеге алпауыт мемлекеттерден бөлек Blue Origin, SpaceX секілді жеке компаниялар да қосылып отыр. Тіпті зерттеушілер қазірдің өзінде Жерде «Ай экономикасы» қалыптасқанын айтады: Айды зерттеу мен оның бетіне қонуға бағытталған технологияларды әзірлейтін миллиардтаған долларлық кластер дүниеге келген. Ол салада мыңдаған инженер жұмыс істеп жатыр.

Айда станса тұрғызудың не мағынасы бар?

Ұзақ жылдарға созылатын Artemis жобасы Айға қоныстануды, Айда бекет тұрғызуды мақсат ететінін айттық. Бірақ мұның не қажеті бар?

Айда мүлгіген тыныштық орнаған, оның мүлдем дерлік атмосферасы жоқ деуге болады. Ал Жер түрлі техникадан шығатын радиошуға толы, одан бөлек қалың атмосфера қабаты телескоптардың анық көруіне кедергі келтіреді. Айда орнатылған радиотелескоптар ғаламның ең алғашқы жұлдыздары мен қара құрдымдарын зерттеуге мүмкіндік берер еді. Сөйтіп «біз қалай жаралдық?» деген сұрақтың жауабын табуға бір табан жақындай түскелі тұрмыз.

2022 жылы Artemis I миссиясы аясында NASA-ның Space Launch System (SLS) зымыран тасығышы мен Orion экипаж капсуласы алғашқы сынақтан өтті. Суретте олар Флорида штатындағы Кеннеди ғарыш орталығының зымыран құрастыру ғимаратында (VAB) тұр. Зымыранның биіктігі 91 метрден асады, ал ол тасымалдайтын төрт адамға арналған Orion капсуласының көлемі бір көлік сыятын гараждың көлеміндей.
Фотосурет: Дән Уинтерс, Nat Geo Image Collection

Айдың орбитасында күн мен түн ауыспайды әрі бұлт болмайды. Сондықтан күн панельдері онда Жердегіден жеті есе тиімді жұмыс істейді. Олар климатқа еш зиян келтірместен орасан зор энергия өндіруге мүмкіндік берсек. Ал өндірілген энергияны Жерге микротолқын арқылы кедергісіз жеткізуге болады.

Сонымен қатар, Айдағы станса Марсқа және басқа да алыс планеталарға баратын кемелер үшін «жанармай бекеті» рөлін атқарады.

Айды зерттеудегі жауапкершілік

Айда атмосфера болмағандықтан, ондағы әр материал, әр із миллиондаған жыл бойы сол күйі жата береді. Осыған дейін Айға қонған зымыранның будағындағы газ молекулалары Айдың өзінде бұрыннан бар газ молекулаларынан көп. Яғни біздің Айды зерттейміз деген кез келген талпынысымыз оны ластап, ондағы тепе-теңдікті бұзып жатыр. Сондықтан Айға қонбай тұрып оның «табиғатын» қорғау туралы келісімдерге келіп алғанымыз жөн.

Ай – көптеген мәдениет үшін қастерлі символ. Санта-Клара университетінің философы әрі ғарышты игерудің этикасын зерттеуші Брайан Грин: «Жер бетінде өмір сүретін көзі көретін әр адам Айды көрген. Бала кезіңнен өміріңнің соңына дейін  оған тамсанып өтесің. Ондай қастерлі дүниемен ойнауға болмайды», – дейді.

Бүгін сапарға аттанғалы жатқан Artemis II миссиясы сәтті аяқтала ма, алдағы жылдары Айда адамзат қонысы пайда бола ма – ол уақыт еншісіндегі дүние. Дегенмен Айға қайта оралу ғылыми мүмкіндіктермен бірге зор жауапкершілік те жүктейді: мыңдаған жыл бойы қаз-қалпында жатқан Жер серігін біз түбегейлі өзгерткелі жатырмыз.

Бұл мәтінді жазу барысында National Geographic Qazaqstan журналының өткен жылғы қыркүйектегі санында берілген «Айға талас басталды» мақаласындағы деректер пайдаланылды.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ