Жеңіс саябағында биыл кімдер қыстады?

294

Көктем білдірмей келіп, біртіндеп өз билігін жүргізе бастады. Күн ұзарып, шуағы да молая түсті. Маусым ауысқаны анық сезіледі. Күзде саябақ тұрғындары туралы жазғанымда, алдағы уақытта қысқы қызықтарды да айтып беремін деп уәде берген едім. Енді, міне, сол уәдемді орындап, қыс бойғы бақылауларымның нәтижесін бөлісіп отырмын.

Биылғы қыс бар мінезін көрсетті. Сақылдаған сары аяздан бастап, қалың жауған қардың, тіпті жылымық күндердің де куә болдық. Кейінгі кездері еліміздің батыс өңірі үшін мұндай қаһарлы қыс қалыпты құбылыстан гөрі, таңсық дүниеге айналып бара жатқаны бар. Десе де, табиғаттың құбылмалы мінезіне қарамастан, қыстап қалған құстарға қала ішіндегі жем-шөп қоры жеткілікті болды. Содан ба екен, небір аязды күндерде де саябақ іші құстардың сан алуан әуеніне бөленіп тұрды.

Сонымен, мұнда кімдер қыстап шыққанына зер салайық.

Үлкен тоқылдақ

Ең алдымен, Жеңіс саябағының тұрақты қонағы – тоқылдақ ойға оралады. Ол күз түсісімен-ақ саябақтағы зәулім теректерді мекендей бастайды. Жаз айларында қала сыртындағы тоғайларды паналайтын бұл құстар күн суыта адамдарға жақындап, қала ішіне қоныс аударады. Оны өзіне тән ырғақты тоқылынан бірден тануға болады.

Тоқылдақ ағаш діңіне қиғаштай қонып, төменнен жоғары қарай айнала жылжи отырып, қабық астын жіті тексереді. «Орман дәрігері» өз міндетін адал орындап, ағашты толық «емдеп» жазбайынша оны тастап кетпейді.

Ементұмсық

Көзге көп түсе бермейтін, бірақ назар аударуға тұрарлық, ерекше қызық тұрғындардың бірі – кәдімгі ементұмсық. Қыс бойы оны Жеңіс саябағында жиде жеп отырған жерінен кездестіруге болады.  Бұл өңірде ементұмсықтар ұя салмайды,олар көбіне жеміс бақтарының маңайын мекендегенді жөн көреді. Күз бен қыста тұмсығы ақшыл сарғыш тартса, жұптасу маусымы таяған шақта көкшіл сұр металл түсіне боялады. Қуатты тұмсығымен жидек сүйегін оп-оңай шағып, ішіндегі нәрлі дәнін қорек етеді.

Сырттай қарағанда бұл құс сұсты әрі «тілге сараң» болып көрінеді, шынында да оның дауысы онша қатты емес. Қыста оның маңайда жүргенін әйнекке металл үйкегенде шығатын жеңіл сызаттың үніне  ұқсас «шиқылдаған» дыбысынан ғана білуге болады. Ал қазір күн жылына түскен шақта аталықтары ән сала бастады. Олардың даусы бұрынғыдан гөрі жұмсақ, созылыңқы әрі әлдеқайда әуезді шығып жатыр.

Таңшымшық

Таңшымшық – сайрауықтар тұқымдасына жататын титімдей құс. Дөңгелек денелі әрі қарапайым көрінетін бұл құс қыста адамға жақын жерде мекендесе де, көзге көп іліге бермейді. Саябақтағы бұталардың арасынан немесе өзен жағасындағы нудан шығатын өзіне тән шықылықтаған дыбысын талай рет естіген боларсыз. Таңшымшықтың қыс бойғы негізгі азығы – ұсақ жидектер.

Көкшымшық

Көкшымшықтардың үнінен көктемнің лебі сезіле бастады. Олар орманға оралмас бұрын өзіне тән сыңғырлаған «махаббат әніне» салып, жаттығып жүргендей. Қыс бойы біз жемсалғыштарға қуырылмаған күнбағыс дәнін салып, олардың қытымыр аяздан аман шығуына септігімізді тигіздік. Ал енді күн жылып, қар еріп, жәндіктер оянған шақта, құстар қайтадан өздерінің табиғи қорегіне көшеді.

Таған

Таған – саябақтың қысқы тіршілігіндегі маңызды құстардың бірі. Тоқылдақ ағаш басында «еңбек етсе», таған – «жер санитары» деген атаққа лайық. Ол көгал үстінде өзіне тән теңселе басқан жүрісімен маңғаз адымдап, топырақ арасынан дернәсілдерді, жәндіктерді, кейде тіпті ұсақ кеміргіштерді де тауып жейді. Адамнан қалған тамақ қалдықтарымен де қоректене береді. Дегенмен, Жеңіс саябағы ұзақтарға тек қыста жайлы. Көктем шыға олар үлкен топқа бірігіп, солтүстікке қанат сермеп, ұя салатын тұрақты жерлеріне қоныс аударады.

Шетен сайрағы

Биылғы қыста шетен сайрағы әдеттегіден әлдеқайда кеш көрінді. Бұрындары олар қыркүйек пен наурыз айларының аралығында жиі кездессе, биыл олардың тобы тек қаңтар-ақпанда ғана көзге шалынды. Олар қазір самырқұстармен бірге аршаның былтырғы жидектерін талғажау етіп жүр. Бұл құстардың қалаға ат басын бұруының басты себебі – осы арша жидегіне деген «құштарлық» болса керек.

Қара сайрақ

Бүгінгі шолуымызды Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының (ҚБСҚ) мүшелері дауыс беру арқылы 2026 жылдың құсы деп таныған қара сайрақпен түйіндейміз. Ол – өте сақ, бірақ сырт келбеті көз тартарлық сүйкімді құс. Адамнан аса үрке қоймайтын, топтасып жүретін шетен сайрақтарына қарағанда, қара сайрақ оқшау тіршілік еткенді ұнатады. Көбіне арша немесе жиденің қалың бұтақтарының арасында бой тасалап отырады.

Біздің өңірде бұл құс тұрақты қыстамайды, сондықтан оны жиі кезіктіре бермейсіз. Оны табудың өзі оңай емес, ал суретке түсіру тіпті қиын. Әйтсе де жиырмасыншы талпынысымда оның қоректеніп жатқан сәтін кадрға алудың сәті түсті.

Бір айдан соң саябақ тіршілігі мүлдем өзгереді. Қысқы қонақтар солтүстікке бет алып, олардың орнын қанаттылардың өзге түрлері басады. Жеңіс саябағы тағы да құстардың әніне – бұл жолы нағыз көктем сазына толады. Ал мұндай ғажап хор табиғатта жаңа тіршілік кезеңінің басталғанынан хабар береді.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ