Ғылымның сұлулығын паш еткен фотосуреттер

530

Ғылым десе, көз алдымызға бірден күрделі формулалар мен зертханадағы бітпейтін, бірсарынды жұмыс келеді. Алайда ғылымның біз байқай бермейтін асқан сұлулығы мен эстетикасы бар. Мұны Wiki Science Competition халықаралық ғылыми фотография байқауына ұсынылған жұмыстар дәлелдейді.

Nazarbayev University (NU) ұйымдастырған беделді Wiki Science Competition халықаралық ғылыми фотография байқауының ұлттық кезеңі биыл зерттеушілерді ғана емес, саяхатшылар мен натуралистерді де біріктіріп, еліміздің түкпір-түкпірінен 517 өтінім жинады. Олардың ең үздіктерін назарыңызға ұсынамыз.

Қысымды көруге бола ма?

Ғылыми әлемнің талай сыры көзімізден таса, көңілімізден жырақ жатыр. Оның бәрін көріп, тануға жай ғана көз жанарымыз жеткіліксіз. Nazarbayev University-дің тактильді роботтар зертханасында Димаш Мұқашев кішкентай мөлдір сфераны қысып тұр. Бір қарағанда мұнда ерекше ештеңе жоқ — робот қол кәдімгі пластик бөлшегін қысып тұрғандай ғана көрінеді.

Бірақ Димаш объективтің алдына жарықты тек бір бағытта өткізетін сызықтық поляризация сүзгісін қойған сәтте, бұрын көрінбейтін құбылыс байқалады. Роботтың қысымы артқан сайын сфера бетінде шытырман әрі құбылмалы жарық өрнектері ойнай бастайды — осылайша, қарапайым физикалық қысым қас-қағым сәтте нақты бейнеге енеді.

Жарықты дифракциялап (шашыратып), тек поляризацияланған сәулелерді өткізетін мөлдір шарды ұстап тұрған робот-қол. Lightcloud.

«Фотосерпімділіктің негізгі мәні — кез келген затқа күш түскенде, оның жарық сыну қасиетінің өзгеруі, — деп түсіндірді зерттеуші. — Біз адамның жанасуды сезіну қабілетін ұғынып, соны қайта жаңғырту үшін роботтарға арналған түрлі сенсорлар әзірлеп жатырмыз. Бұл — күнделікті өмірде біз мән бермейтін, ал ең озық технологиялардың өзі әлі күнге дейін толық қайталай алмай келе жатқан дүние».

Димаш өз еңбегін Sense of Light («Жарықты сезіну») деп атады. Оның айтуынша, бұл кадр құрғақ ғылыми мақалаға қосу үшін тым әдемі болып шыққан. Ал осы байқау адам қолының ептілігін технология қалай бейнелеуге тырысатынын көпшілікке паш етуге таптырмас мүмкіндік берді.

Микро әлемнің құпиясы

Ғылымның асыл қазынасы ешқашан беткі қабатта жатпайды. Біз көз үйренген шеңбердің тарлығынан экологиялық терең процестер мен микроәлемнің тылсым құбылыстарын аңғара бермейміз. Бүкіл дүние тек біз көріп тұрған көкжиекпен ғана шектелетіндей көрінеді. Алайда Wiki Science Competition жеңімпаздары үшін фотосурет — осы қалыптасқан шекараны бұзып өтудің кілті. Олардың кадрлары — жай ғана сәттілік емес, көрінбейтін дүниені нақты айғаққа айналдыратын қажырлы еңбек, күрделі есеп пен сағаттап сарыла күтудің жемісі.

Мәселен, өзіміз жұтып жүрген ауаны алайық. Астана желді қала болғандықтан, ауасы таза секілді көрінеді, дегенмен шындық мүлде басқаша. Зерттеуші Ақмарал Ағыбаева мен оның командасы адамдардың нақты қандай ауаны жұтып жүргенін дәлелдеу үшін екі жыл бойы сынама жинаған. Ажыратымдылығы жоғары микроскоппен түсірілген суреттер экологиялық мәселенің нақты бет-бейнесін ашып берді. Кадрдан көлік түтінінен, жағылған көмір мен қала шаңынан пайда болған түрлі көлемдегі өткір, бұдырлы бөлшектерді көруге болады. Бұл көрініс — көзге ілінбес қауіптің әсіресе қыс мезгілінде денсаулығымызға қалай зиян тигізетінін еске салатын айқын дәлел.

Астана қаласындағы ауадан жиналған қатты бөлшектердің микрофотографиялары. Ақмарал Ағыбаева.

Асқан дәлдікті талап ететін тағы бір жұмыс — Нұргүл Даниеваның туындысы. Ол Escherichia coli (ішек таяқшасы) бактериясын зерттеу үшін қуатты Auriga Crossbeam 540 скандаушы электронды микроскопын пайдаланған.

«Биологиялық үлгілермен жұмыс істеу қатаң бақылау мен үлкен тәжірибені қажет етеді, — дейді Даниева. — Оларды барынша табиғи, тіршілікке қабілетті күйде сақтау өте маңызды. Дайындық барысындағы кішкентай ғана қатенің өзі нысанның құрылымын бұзып немесе оны жойып жіберуі мүмкін. Мұнда әрбір ұсақ-түйек маңызды».

Зерттеуші үшін бұл микроорганизм — бүкіл әлем ғалымдары жиі қолданатын, бірақ дәл осындай жақыннан сирек көретін молекулалық биологияның негізгі тірегіне деген құрмет. «Әдетте бактерия десе көз алдымызға әдемі дүниенің елестемейтіні рас, бірақ микроскоп астындағы көрініс ондай емес, — дейді ол. — Микродүниеге терең бойлау таңғажайып көріністі ашады. Белгілі бір сәтте бұл көріністің баурап алатыны сонша, уақыттың қалай өткенін де байқамай қаласың».

Скандаушы электронды микроскоп арқылы түсірілген E. coli (ішек таяқшасы) бактериялары. Нұргүл Д.

Мифті жоққа шығару: 50-параллельдегі шұғыла

Ғылыми фотографияның қаншалықты машақаты көп іс екенін байқаудың бірден үш номинациясы бойынша жеңімпаз атанған Евгений Бондарьдың жұмыстарынан көруге болады. Оның ең қызықты туындыларының бірі — Қазақстанның орталық ендіктеріндегі солтүстік шұғыласының таймлапсы.

«Біздің ендікте поляр шұғыласын суретке түсіру — бес жылдан бергі арманым еді , — дейді Евгений. — Ғылыми әдебиеттерді зерттей келе, бұл құбылыс бізде сирек ұшырасқанымен, ғылыми тұрғыдан алғанда әбден мүмкін дүние екенін түсіндім».

50 градус солтүстік ендіктегі аса қуатты Солтүстік шұғыласы. Astrobond

Бондарь Қазақстанда шұғыланың жиі көрінуін климаттың өзгеруімен байланыстыратын жаңсақ түсінікті жоққ шығарады. Оның пайымдауынша, мәселе табиғаттың құбылуында емес, фототехниканың қарыштап дамуында жатыр. Солтүстік ендіктің 50-параллеліндегі шұғыла — өте әлсіз құбылыс. Адамның көзі оны көбіне байқай алмайды. XIX ғасырдағы күшті магниттік дауылдар кезінде адамдарда қазіргідей аса сезімтал камералар мен әлеуметтік желілер болмағаны анық.

«Бүгінде бізде көрінбейтін дүниені көрсететін құралдар бар, — деп түсіндіреді Евгений. — Ошағанды шатқалындағы бұл кадр — сарыла күтудің және Күн циклдерін табандылықпен зерттеудің нәтижесі. Бұл табиғи ғажайып әрдайым болған, тек оны көре алатын мүмкіндікке біз енді ғана қол жеткіздік».

Сарыла күткен оңтайлы сәт

Евгений Бондарьдың басқа жұмыстары да темірдей төзімділікті талап еткен. Оның Маңғыстаудағы Қарынжарық ойпатында түсірген суреті — он жылдық жоспарлаудың жемісі. Айнадай жарқыраған су бетіндегі таң шапағаты мен «Үш ағайынды» тауларының мінсіз үйлесімін кадрға түсіру үшін ол өркениеттен жырақ, табиғаты қатал аймаққа жол тартқан. Бұл ғажайып пейзаж — мезозой дәуіріндегі ежелгі Тетис мұхитының сақталып қалған табаны. Сол күні таңертең қою бұлттар, күннің алғашқы шапағы мен сор алқабының айнадай тегіс беті бір-біріне сәйкес келе қалды.

Маңғыстау облысындағы Үстіртте орналасқан Қарынжарық ойпаты. Astrobond

Қарынжарықта түсірілген пейзаж үшін негізгі қиындық — ұзақ экспедиция болса, Халықаралық ғарыш стансасының Ай фонынан өту сәтін суретке түсіру мінсіз есеп пен дәлдікті талап етті.

«Сырттай қарапайым көрінгенімен, мұның дайындық барысы өте күрделі», — дейді Бондарь. Арнайы бағдарламалар болғанымен, бұл кадрды жоспарлауға жарты жыл уақыт кеткен. Бірде Айдың фазасы сәйкес келмесе, бірде қолайлы нүкте тым алыс болып қалады немесе екеуі де үйлескенімен, бұлтты ауа райы кедергі болады.

Ақыры, 2021 жылғы 10 қаңтарда, аязды түні Қарағанды маңындағы шағын ауылға барып, жабдықтарын орнатып, дәл 1,54 секундқа созылатын сәтті күтті. Оқиғаның көзді ашып-жұмғанша өткені сонша, камераның кішкентай экранынан ол ештеңе байқай алмады. Евгений түсірілім сәтсіз аяқталды деген көңіл-күймен үйіне қайтқан еді. Алайда үйіне барып, жоғары жылдамдықтағы бейнені кадр-кадр бойынша талдаған сәтте ғана Айдың бетін кесіп өткен стансаның нақты сұлбасын көріп қуанды. Автордың айтуынша, астрофотографияда ең керемет көріністер көбіне шикі деректердің ішінде жасырынып, өз уақытын күтіп жатады.

Зертханадан тыс ғылым

Халықаралық ғарыш стансасының Ай дискісінен өту сәтінің жоғары жылдамдықты түсірілімі. Astrobond.

Ғылыми фотографтардың объективіне тек микродүние немесе ғарыш қана емес, адам әрекетінен туындаған экологиялық зардаптар да ілігеді. 2024 жылдың 2 наурызында Арал теңізінің тұз басқан табанында Игорь Улитин эколог Мария Заднепровскаяны суретке түсіріп алған. Аралдың кеуіп кеткен топырағында тұрып, ол жергілікті орманшымен бірге теңіз түбіндегі улы құмды ұстап тұра алатын жалғыз өсімдік — сексеуіл көшеттерін отырғызып жатыр.

Бұл кадр Аралды құтқару халықаралық қорының қатысуымен өткен AlmaU университетінің жобасы аясында түсірілген. Акция барысында Мария еріктілерге бағыт-бағдар беріп, Аралқұмның топырағында тамыр жаюы үшін сексеуілді қалай дұрыс отырғызу керектігін көрсеткен.

«Мен бұл суретті ғалымдардың жұмысы тек жайлы кабинеттер мен зертханалармен шектелмейтінін көрсету үшін таңдадым, — дейді Улитин. — Бұл — шөл, тау, орман немесе климаты қатал басқа да жерлердегі нағыз «дала» еңбегі».

Аралдың құрғаған табанына сексеуіл отырғызып жатқан ғалым Мария Заднепровская. Игорь Улитин.

Ең таңғажайып құбылыстар көбіне назарымыздан тыс қалады. Олар түнгі аспанның қойнауында, жасушаның көзге ілінбес құрылымында, жерсеріктің қас-қағым сәттік ұшуында немесе тартылған теңіздің шаңында жасырылған. Wiki Science Competition байқауының қатысушылары бір маңызды шындықты дәлелдейді: әлемнің тереңдігін түсіну үшін қолыңа камера ұстап, қажет жерде болу жеткіліксіз. Нағыз ғылыми фотография — бұл зерттеушілік көрегендік, мінсіз есеп және ешкім ештеңе байқамайтын жерден тылсымды көре білудің асқан шеберлігі.

Бұл таңғажайып сәттер көпшіліктің игілігіне айналуы үшін ғалымдар, креаторлар мен журналистерден құралған тәуелсіз қазылар алқасы жұмыстарды тек визуал сапасы үшін ғана емес, сонымен қатар ғылыми маңыздылығы мен сараптамалық толықтығы үшін де бағалады.

Астрономиядан микроскопияға дейінгі жеті санат бойынша ұсынылған байқау жұмыстары Wikimedia Commons платформасында еркін лицензиялармен жарияланған. Бұл оларға жаһандық қолжетімділікті қамтамасыз етеді: суреттер Wikipedia білім қорын толықтырып, бүкіл әлемде ғылыми-көпшілік және білім беру мақсаттарында пайдаланылады.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ