Иттердің агрессив мінез-құлқын түсінуге бағытталған зерттеу төрт аяқтылардың ызақор болуына екі гормон ықпал етуі мүмкін екенін көрсетті.
Автор: Кәрри Арнольд
Фотосурет: Джоул Сартори, Nat Geo Image Collection
«Ит – адамның айнымас серігі», «ит – адамның досы» дейміз. Әйтсе де бұл достықтың өз қиындықтары да бар. Кейде еркелеп құйрығын бұлғаңдатып, тілін жалаңдатқанының соңы шәуілдеп үруге, ырылға, тіпті қауып алуға ұласып жатады. Неліктен иттердің кейбірі агрессияға бейім келеді? Аризона университетінің психологі әрі антропологі Эван Маклин осыны зерттеп көрді. Ғалым иттердің мінез-құлқындағы мұндай өзгешеліктің сыры гормондарда болуы мүмкін деп есептейді.
Frontiers in Psychology журналында жарияланған зерттеуде Маклин мен оның әріптестері окситоцин мен антидиурездік гормонның (вазопрессин) деңгейі иттердің әлеуметтік мінез-құлқы мен агрессиясына тікелей әсер ететінін анықтады. Мінезінің жуастығына қарай арнайы сұрыпталған қызметтік иттердің қанындағы окситоцин мөлшері кәдімгі иттермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары екені белгілі болды. Ал өзге иттерге айбат шегіп, агрессия танытатын төрт аяқтылардың бойында, керісінше, антидиурездік гормон көбірек болған.
«Бұл – иттердегі агрессия мен антидиурездік гормон арасындағы байланысты зерттеген алғашқы жұмыс. Оның нәтижелері мінез-құлықты түзетудің мүлдем жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады», – дейді зерттеу авторларының бірі, Индиана университетіндегі Кинси институтының биологі Сью Картер. Бұл гормондарды зерттеу ісімен ғалым ондаған жылдан бері айналысып келеді.
Белгілі бір жағдайда кез келген ит агрессия танытуы мүмкін. Әдетте бұған тамаққа талас немесе бейтаныс адамды яки итті кезіктіру себеп болады. «Бұл – ит иелері жиі ұшырасатын мәселе», – дейді Миннесота университетінің кинолог-маманы Джулия Мейерс-Манор. Ол кезінде Twin Cities жануарларды қорғау қоғамында иттерді жаттықтырумен айналысқан, бірақ бұл зерттеуге тікелей қатыспаған.
«Курсымызға жазылушылардың қарасы қалың, бос орын болмайтын», – дейді ол.
Мейерс-Манордың айтуынша, кейбір итке қарғыбаумен жүру алғашында өте ауыр соғады. «Олар тығырыққа тірелгендей әрі ешқайда қаша алмайтындай сезімде болады. Сондықтан мұндай сәтте олар үшін ең тиімді қорғаныс – бірінші болып шабуылдау», – дейді маман.
АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) мәліметінше, елде жыл сайын ит қабуына қатысты 4,5 миллион жағдай тіркеледі. Сонымен қатар, агрессия – иттерді панажайға өткізуге мәжбүрлейтін басты себептердің бірі. Сондықтан иттердің неліктен ашуға мінетінін түсіну әрі оның алдын алу – адамның да, жануардың да өмірін сақтаудың бірден-бір жолы.
Мәселенің түп-төркініне үңілу
Көптеген мінез-құлық ерекшеліктері секілді агрессия да туабітті болмыс пен сыртқы ортадан берілетін тәрбиенің тоғысуынан қалыптасады. Иттің күшік кезіндегі көрген-түйгені оның есейгендегі мінезіне айтарлықтай әсер еткенімен, жануардың темпераментін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Ал темперамент – гормондар арқылы ішінара реттелетін қасиет.
Картер ғылымдағы жолын Солтүстік Америкада мекендейтін дала тышқандарының (Microtus ochrogaster) өмір бойы жұбын жазбай тіршілік етуіне окситоцин гармонының қатысы қандай екенін зерттеуден бастаған. Окситоцин ана мен бала арасындағы байланысты нығайтып, босану кезінде маңызды рөл атқарады. Шынында да, бұл тышқандар ұя салып, жұптаса бастағанда ағзадағы окситоцин деңгейі күрт көтеріледі екен. Алайда, Картер тағы бір қызық жайтты байқады: жұптасқаннан кейін еркек тышқандар өз серігінен өзгелерге айбат шегіп, агрессия таныта бастайды. Кейінгі зерттеулер мұндай мінез-құлыққа антидиурездік гормон себепкер екенін дәлелдеді. Ал осы гормон бұғатталар болса, еркек тышқандар агрессиядан арылып, бастапқы жуас қалпына қайта оралады.
Өзге зерттеушілер әртүрлі жануардан осыған ұқсас заңдылықты тапқанымен, мұндай зерттеу қолға үйретілген иттерге бұған дейін жүргізілмеген еді. Маклин ғылыми әдебиеттерді саралай келе, агрессияның төркінін түсіндіретін өзге нақты себепті таба алмаған соң, окситоцин мен вазопрессиннің (антидиурездік гормон) әсерін зерттеуге бел буды. Осыған дейін зерттеушілер агрессияның басты себепкері ретінде тестостеронның жоғары деңгейін алға тартып келген-ді. Алайда, піштірілген иттердің мінезі піштірілмегендерге қарағанда әрдайым жуас бола бермейтіні ортаға шықты. Тіпті, үрей пен депрессияға жауап беретін серотонин гормонына қатысты зерттеулер де қайшылықты нәтиже көрсеткен. Ал окситоцин мен вазопрессиннің көптеген түрге бірдей әсер еткені Маклинге зор үміт ұялатты.
Фотосурет: Джоул Сартори, Nat Geo Image Collection
Тың жауап – соны сауал
Ғалым ең алдымен өзге иттерге себепсіз агрессия танытатын төрт аяқтыларды іріктеп алды. Содан соң оларды салыстыру үшін жасы, жынысы және тұқымы жағынан толық сәйкес келетін момын иттермен жұптастырды. Тәжірибені бастамай тұрып, жануарлардың бойындағы вазопрессин мен окситоцин деңгейін анықтау үшін зерттеушілер олардың қан үлгілерін алды.
Артынша Маклин олардың қожайындарынан өз жануарын иттердің қолдан жасалған үш түрлі ит муляжының жанынан алып өтуді тапсырды. Осыдан соң олардан қайтадан қан үлгілерін алды. Болжам расталды: агрессивті иттер момын иттерге қарағанда муляждарға көбірек үріп, ырылдап, тап берді. Сонымен қатар, олардың қанындағы вазопрессин мөлшері де айтарлықтай жоғары болып шықты.
Келесі бір жекелеген сынақ барысында Маклин мен оның әріптестері арнайы үйретілген көмекші иттердің алдынан сес көрсеткен бейтаныс адамды немесе басқа бір бөтен итті шығарады. Екі стрестік жағдайда да «кәсіби» иттер кәдімгі үй иттеріне қарағанда әлдеқайда сабырлы болып шыққан әрі олардың қанындағы окситоцин деңгейі әлдеқайда жоғары болған.
«Агрессияны төмендету шараларына кіріспей тұрып, әуелі оның биологиялық табиғатын жете түсінуіміз қажет. Осы уақытқа дейін бұл гормондардың рөліне ешкім мұншалықты ден қоймаған еді», – дейді Маклин. Зерттеу нәтижелері бұл саладағы ізденістерге тың бағыт бергенімен, ғалым бір жайтты ескертеді: вазопрессин агрессияның тікелей себебі ме, әлде соған жауап ретінде бөлінетін гормон ба – ол жағы әлі де жұмбақ.
Бұл жұмыс «сөз ұғатын» иттің қандай болатынын тап басып айтпағанымен, Ақтөс пен Құтжол неге «шатақ» мінез шығаратынын түсінуге көмектесуі мүмкін.







