Бұл титімдей жәндік келесі індеттің алдын алуы мүмкін

205

Қарапайым көк шыбынның нәжіс пен өлексені қорек ететіні көпке мәлім. Бір батыл зерттеуші бұл жәндіктерді ауру қаупінен хабар беретін биологиялық ескерту жүйесі ретінде пайдалануды көздеп отыр.

Автор: Жаклин Деууайлер Джордж

Чэрити Оуиңс Теннесси университетінің Ноксвилдегі зертханасында өсірілетін көк шыбын колонияларын зерттейді. Мақсаты – оларды ауру қоздырғыштарының таралуын бақылау құралы ретінде пайдалану жолдарын анықтау.
Фотосурет: Николас Конзоне

Аппалачи тауларындағы Грейт-Смоки-Маунтинс ұлттық паркінің кең шалғынында екі ғалым құжынаған қара шыбынды бақылап тұр. Күз басында бұғының күйек кезеңін тамашалауға келген туристерден айырмашылығы, Теннесси университетінің доценті әрі National Geographic зерттеушісі Чэрити Оуиңс пен оның магистранты Махали Восс парктің ірі жануарларын көруге аса қызықпайды. Олар бұрынырақ осы жерге шіріген тауық бауыры салынған шағын пластик ыдыс қойып кеткен. Мультфильмдегі бәліштен шығатын будақтаған бу секілді аңқыған иіс шыбындарды бірден өзіне тартады. Жәндіктердің үстінен торды тарс жапқан Восс жылдам қимылдап, шыбынның бәрін түбіне жинап алады.

Оуиңс пен Восс өлексе мен нәжісті қорек ететін, жұмыртқа салатын көк шыбындарды зерттейді. Детектив хикаяларды ұнататындар бұл жәндіктердің ғылым үшін қаншалықты пайдалы екенін жақсы біледі. Сот энтомологтері мәйіттегі шыбын жұмыртқалары мен дернәсілдерінің даму кезеңдерін зерттеу арқылы адамның қашан қайтыс болғанын анықтай алады. Алайда Оуиңс пен оның командасы шыбындарды басқа құпияларды ашу үшін пайдаланып жүр. Бүгінгі зерттеудің мақсаты – Echinococcus granulosus деп аталатын таспақұрт паразиті Грейт-Смоки-Маунтинстегі бұғылар арасында таралып жатыр ма, соны анықтау.

Көк шыбын асқазанында қоршаған орта туралы көптеген дерек бар. Олардың ішінде жанасқан жануарлардың ДНҚ-сы да, сол жануарлар ұшырасқан химиялық заттардың ізі де болуы мүмкін. Оуиңс пен оның әріптестері ғалым аспирантурада оқып жүргенде бірлесіп әзірлеген жаңа әдісті қолданып, шыбын асқазанындағы бактериялар, вирустар мен паразиттердің ДНҚ-сын анықтайды. «Біздің басты мақсатымыз – ауру қоздырғыштарын бақылауды барынша жылдам әрі оңай ету», – дейді Оуиңс. Ауру жануарларды іздеп тауып, тексеруге уақыт пен қаражат жұмсаудың орнына, зерттеушілер жақын маңдағы шыбындарды жинап алып, сол жерде-ақ талдау жүргізе алады.

Кейбір биологтердің пікірінше, эхинококк гранулозус паразиті бұл аймаққа Канададан әкелінген бұғылармен бірге келген болуы мүмкін. Түрді қайта жерсіндіру кезінде таспақұрттың жергілікті табиғи ошағы қалыптасқанға ұқсайды. Ғалымдарды алаңдататыны – жүрек, өкпе және бауырда ірі кисталар түзетін бұл паразиттің койот пен ит сияқты тасымалдаушыларға, кейін адамдарға да жұғу қаупі.

Бірнеше сағаттан кейін Солтүстік Каролина штатындағы Мэгги-Вэлли кентіндегі шағын мотельде Восс өз бөлмесіндегі үстелді Оуиңстің бөлмесіне әкеліп, уақытша зертхана құрады. Ғалымдар шыбындардың құрсағын қайшымен және үшкір қысқашпен кесіп алып, ДНҚ бөлетін бірнеше тамшы сұйықтық езіп, үлгілерді Bento Lab аталатын ақ-сарғыш түсті, ноутбуктей ғана құрылғыға салады.

Көк шыбындар қонған жерінен қоршаған ортаға қатысты түрлі іздерді, соның ішінде кездескен жануарлардың ДНҚ-сын және химиялық заттардың қалдықтарын жинайды. Грейт-Смоки-Маунтинстегі зерттеушілер оларды пластик тұзақтармен ұстап, дала жағдайында талдайды.
Фотосурет: Николас Конзоне

Bento Lab – әдетте зертханада ғана жүргізілетін күрделі генетикалық талдауды дала жағдайында істеуге мүмкіндік беретін тасымалды ДНҚ-зертхана. Ғалымдардың теңіз суын қайықта талдау үшін осы құрылғыны пайдаланғанын оқыған Оуиңс оның шыбын асқазанын зерттеуге таптырмас құрал екенін бірден түсінген. Оуиңс пен Восс сыртта жүргенде, Bento Lab шыбын құрсақтарындағы үлгілерге ПТР (полимераз тізбекті реакция) талдауын жүргізеді. Құрылғы эхинококке тән ДНҚ тізбектерін бірнеше рет көбейтіп, оларды гельді электрофорез арқылы анық көрінетін деңгейге жеткізеді. Зерттеушілер үшін бұл – үйреншікті жұмыс.

Келесі күні таңертең алынған бастапқы нәтижелер эхинококк паразитінің бар екенін көрсетті. Қосымша тексерулерден кейін Оуиңс пен командасы бұл туралы Теннесси тұмса табиғат ресурстары агенттігіне хабарлап, паразиттің таралуын шектеу жоспарын бірге әзірледі. Олар денсаулық сақтау органдарына, жергілікті ветеринарлар мен тұрғындарға қауіп туралы ескертеді, бірақ жұқтырған бұғыларды емдеу мүмкін емес.

Ертеңінде Оуиңс пен Восс Грейт-Смоки-Маунтинс ұлттық паркінің Оконалуфти келушілер орталығы маңынан тағы шыбын жинауға барды. Сол жерде олар зерттеуге жаңа бағыттар ұсынуға көмектескен әріптесі, ветеринарлық паразитолог Ричард Герхолдпен кездесті. «Шыбындарды экологиялық құрал ретінде пайдалануда бізді тек қаржы мен қиялымыз ғана шектейді», – дейді ол. Қазірдің өзінде Оуиңс пен әріптестері көк шыбындар арқылы химиялық қару жасауға қолданылатын кейбір заттардың ізін анықтаған. АҚШ-тың Қорғаныс саласындағы озық зерттеу жобалары агенттігі (DARPA) қолдаған жоба болашақта қақтығыс аймақтарында қолданылуы мүмкін. Оуиңс шыбындарды жоғалған туристерді ДНҚ арқылы іздеу, ғылымға белгісіз жануар түрлерін анықтау секілді мақсаттарға пайдалануға болатынын айтады.

Жердің ғажайыптарын танытып, қорғауды мақсат еткен бейкоммерциялық ұйым – National Geographic Society зерттеуші Чэрити Оуиңстің осы мақаладағы жұмысын қаржыландырды. Бұл мақаланы National Geographic Qazaqstan журналының 2026 жылғы шілдедегі санынан оқи аласыз.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ