Біздің заманымызға дейінгі 138 жылы Қытай императоры У Ди батысқа арнайы елшілік аттандырады. Арада 13 жыл өткен соң олар беймәлім өлкелер жайлы мол мәліметпен оралады. Дәл осы құнды деректер императорды батыс елдерімен тығыз қарым-қатынас орнатуға итермелеп, Ұлы Жібек жолының ашылуына негіз болды. Жалпыға ортақ көзқарас бойынша, Шығыс пен Батысты жалғаған ұлы сауда-мәдениет дәлізінің тарихы осылай басталған.
Ұзындығы 6400 шақырымнан асатын бұл ежелгі сауда желісі Шығыс Азияны Еуропамен байланыстырды. Теңіз жолдары ашылып, құрлықтағы сауда құлдырағанға дейін, ол 1500 жыл бойы адамзатқа үздіксіз қызмет етті. Тарихшылар Жібек жолын әлемдегі жаһандану мен мәдени алмасудың ең алғашқы әрі ең жарқын үлгісі ретінде қарастырылып келді.
Өзбекстандағы қола дәуіріне тән қоныстан табылған пілләлер
Ұзақ уақыт бойы сол заманның ең бағалы тауары – жібек матасын өндіру технологиясы Жібек жолы ашылғаннан кейін ғана Қытайдан әлемге таралды деген түсінік үстемдік етті. Алайда Өзбекстандағы қола дәуіріне жататын Сапалли-Тепе қонысынан табылған айғақтар аталған көзқарасты түбегейлі өзгертті. Сапалли-Тепе – Сұрхандария бассейніндегі ең көне әрі танымал Окс өркениетінің (Бактрия-Маргиана археологиялық кешені) басты орталықтарының бірі. Ол Әмудария өзенінің солтүстік жағалауынан шамамен сегіз шақырым қашықтықта орналасқан.
Археологтер осы қазба орнынан жібек құртының 3 пілләсі мен тұт ағашының көмірленген қалдықтарын тапты. Осынау олжа жібек өндірісінің Орталық Азияға Ұлы Жібек жолы салынғанға дейін әлдеқайда ерте жеткенін дәлелдейді. Зерттеу қорытындысы шілде айында беделді Science Advances журналында жарияланды.
Зерттеу қалай жүргізілді?
Қытай және өзбек зерттеушілерінен құралған топ Өзбекстанның оңтүстігіндегі Сұрхандария өзенінің бойында орналасқан үш қола дәуірі ескерткішінде (Сапалли-Тепе, Джаркутан және Моллели) қазба жұмыстарын жүргізді. Ғалымдар шөгінділерден микроскопиялық қалдықтар – тұқымдар, ағаш көмірі, пілләлерді бөліп алу үшін флотация (сумен жуу) әдісін қолданды. Барлығы 63 сынама өңделіп, нәтижесінде 3295-тен астам дән мен жеміс фрагменттері табылған. Солардың ішінде Сапалли-Тепеден үш піллә анықталды.
Зерттеу тобы скандаушы электронды микроскопия (SEM) және жарық микроскопиясы арқылы осы үш пілләнің талшықтық құрылымы мен көлемін зерделеді. Олардың құрылымы қазіргі және жабайы жібек құрттарымен салыстырылды. Сондай-ақ Сұйықтықты хроматография-масс-спектрометрия (LC-MS/MS) әдісі арқылы піллә құрамындағы ақуыздар (фиброин, серицин) зерттелді. Бұл әдіс жәдігерлердің дәл қай түрге жататынын анықтауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде қалдықтардың жабайы жібек құрты емес, қолда өсірілген тұт жібек көбелегі – Bombyx mori-ге тиесілі екені белгілі болды. Ал радиокөміртек талдаулары пілләлердің біздің заманымызға дейінгі 1940 және 1765 жылдар аралығына жататынын анықтады.
Сурет Science Advances журналынан алынды.
Ғалымдар пілләлердің сыртқы келбеті жабайы түрлерге ұқсағанымен, ақуыздық құрылымы қолға үйретілген Bombyx mori-мен толық сәйкес келетінін атап өтті. Ондай ерекшелік қазып алынған жәндіктердің қазіргі формаларды емес, жібек құрттарын қолға үйрету тарихындағы бастапқы, өтпелі кезеңді көрсететінін айғақтайды.
Дегенмен тек пілләлердің табылуы аймақта толыққанды жібек өндірісі болғанын дәлелдеуге жеткіліксіз еді. Сондықтан мамандар қола дәуірінің үш ескерткішінен жиналған 1200-ден астам ежелгі ағаш көмірінің қалдықтарын қоса талдады. Олардың арасынан қолда өсірілетін жібек құрттарының жалғыз қорегі – тұт ағашының (Morus) көмірге айналған қалдықтары шықты. Бұл – Орталық Азиядан табылған тұт ағашының бүгінге дейін белгілі ең ежелгі археологиялық дәлелі.
Тұт ағашының көмірі үш қоныста да кездескен әрі уақыт өте келе олардың үлесі арта түскен. Яғни жібек құрты Орталық Азияда кездейсоқ пайда болмаған. Жергілікті тұрғындар мата өндіру мақсатында көбелектерді өсіріп, арнайы тұт ағаштарын еккен. Оған қоса, қазба орнынан жүзім, інжір, цитрус, арпа, бидай, тары және зығыр сияқты басқа да мәдени өсімдіктердің қалдығы шықты. Демек ол дәуірдің адамдары тек санаулы дақылмен шектеліп қалмай, өте бай әрі алуан түрлі ауылшаруашылық жүйесін қалыптастырған.
Жаңалықтың маңызы
Әлбетте, ғалымдар жібек өндірісінің ең алғаш Қытайда пайда болғанын жоққа шығармайды. Қытайдың шығысы – жібек құртын қолға үйретудің тарихи ошағы. Ол аймақтан 5 мың жыл бұрынғы жібек талшықтары табылған, ал кейбір археологиялық және геномдық айғақтар ол жақтағы шаруашылықтың бастауын 8500 жыл бұрынғы кезеңге дейін апарады.
Зерттеушілерді таңғалдырған басты жайт – жібек өндіру құпиясының әлемге Ұлы Жібек жолы қалыптаспай тұрып-ақ таралып үлгеруі еді. Осынау жаңалық құрлықаралық алыс-берістің Жібек жолынан әлдеқайда ерте басталғанын дәлелдеп, ежелгі өркениеттердің бізге беймәлім тұстары әлі көп екенін көрсетеді.
Мақала авторларының бірі Шиньи Лю (Xinyi Liu) ConnectSci News басылымына берген сұхбатында: «Бұл жаңалық Жібек жолының пайда болу мерзімін ғана емес, жалпы оның қандай дәліз болғаны туралы түсінігімізді де өзгертеді», – дейді. Оның айтуынша, бұрынырақта археологтер шамамен 4 мың жыл бұрын Еуразияда бидай мен арпаның – шығысқа, тарының батысқа қарай тарағанын, сондай-ақ мал шаруашылығы мен металл өңдеу технологияларының ұлан-ғайыр аумаққа жайылғанын тарихқа дейінгі жаһанданудың үлкен кезеңі ретінде құжаттаған еді.
«Дәлелдердің көпшілігі егін мен жануарларға қатысты болғандықтан, бұл алғашқы желілер кейде «Астық жолы» деп сипатталып келді. Біздің зерттеу нәтижелеріміз жібек пен тұт жібек көбелегі шаруашылығы туралы білімнің де осы өте көне алмасу әлемінің бір бөлігі болғанын көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, Астық жолы тарихи құжатталған Жібек жолынан шамамен 2 мың жыл бұрынғы қола дәуірінен бастау алатын ертедегі Жібек жолына ұқсай бастайды» – дейді зерттеуші.
Міне, осылайша кішкентай ғана үш піллә мен тұт ағашының көмірге айналған қалдықтары ежелгі өркениеттер арасындағы мәдени алыс-берістің беймәлім қырларын ашып берді.







