Әлемдегі дала қыраны популяциясының басым бөлігі қазақ даласын мекендейді. Әйтсе де кейінгі жылдары ашық электр тораптары, азық қорының азаюы салдарынан бұл түрдің саны күрт азайып кеткен. Ғалымдар дала экожүйесінде аса маңызды рөл атқаратын жыртқышты сақтап қалу үшін жанталаса жұмыс істеп жатыр. Шілде айында National Geographic Qazaqstan журналының тілшісі Нұржауған Мұқан дала қыранын зерттеуге арналған ғылыми экспедициялардың біріне қатысты. Ол орнитолог мамандардың жұмыс барысын, балапандарға сақина салған сәтін көріп қайтты. Автордың Жетісу облысындағы экспедиция жөніндегі материалын назарыңызға ұсынамыз.
Фотосурет: Дмитрий Доценко
Таңғы салқын әлі сейіле қоймаған. Жетісудың жусан иісі аңқыған кең даласында жол талғамайтын қуатты көліктер тізбегі алға жылжып келеді. Дөңгелек астынан көтерілген ақшыл шаң көкжиектегі мұнарға сіңіп жатыр. Сағат таңғы алты жарым. Күн Жетісу Алатауының арқасынан енді ғана сығалап, көк жүзіне арайын шаша бастаған. Біздің бағытымыз – адам аяғы сирек басатын, сырт көзге өзгелерінен еш айырмасы жоқ жартас сілемдерінің бірі. Дәл сол жартастардың бірінде Азия құрлығының айбынды жыртқышы, ұлан-ғайыр даланың қожайыны – дала қыранының (Aquila nipalensis) ұясы бар. Бүгінгі мақсатымыз – сол ұяны тауып, балапандарын сақиналау және осы түрді зерттеу мен қорғауға бағытталған ғылыми жұмыстың бір күніне куә болу.
Аты айтып тұрғандай, дала қыраны көбіне ашық дала мен шөлейтті мекендейді. Алайда Жетісудағы кей жұптар балапандарын қауіпсіз өсіру үшін ұяларын биік жарқабақтарға салады. Біз дәл сондай ұялардың біріне бет алып келеміз.
Toyota қолдау көрсеткен экспедицияның құрамында Зоология институтының тәжірибелі орнитологтері, National Geographic Qazaqstan командасы, фотографтар мен блогерлер бар. Бізге бағыт беру үшін жолай «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мамандары мен инспекторлары да қосылған. Мұны жай ғылыми сапар дегеніміз жөн болмас, бұл – әйгілі автобрендтің гранттық қолдауымен және медиа өкілдерінің қатысуымен жүзеге асып жатқан, табиғатты қорғаудың жаңа ғылыми-коммуникациялық кезеңі.
Дала сөйлейді
Мен отырған көліктің іші кең, ұзақ жолға жайлы. Ал жүксалғышы түрлі жабдыққа толы: дүрбілер, далада түнеуге арналған шатырлар, төсек-орындар мен басқа да құрал-саймандар. Рөлде – шаңды жолдардың қыр-сырын жақсы білетін жүргізуші, ал алдыңғы орындыққа сапардың әр сәтін таспаға түсіруге дайын мобилограф жайғасқан. Автокеруендегі бес көліктің әрқайсына бір-бірімізбен байланысу үшін бір-бір рация берілген. Кейде одан экспедиция мүшелерінің бағытты нақтылап, жолдың жай-жапсарын бөліскен дауыстары естіледі.
Көліктер жүйіткіп келеді, бір сағат бұрын ғана даланы алтын шуағына бөлеген күннің жүзін бірте-бірте қалың бұлт торлап, айналаны бозғылт жарық жайлады. Біз іздеген құс әлі көзге шалынған жоқ. Бірақ орнитологтер үшін экспедиция қыранды көрген сәттен емес, жолға шыққан мезеттен басталған. Терезеден сырғып өткен әр жота, әр жартас, әр құс пен ұсақ жануар қатысушылардың қызу талқысына арқау болуда. Әсіресе зерттеушілер мен фотографтардың көзі қырағы: қыбырлағанды қалт жібермейді.
Фотосурет: Дмитрий Доценко
Фотосурет: Фархат Қабдықайыров
Рациядан «Анау жалаңаш жартастың кертігінде қонақтап отырған құсты қараңыздаршы, – деген Зоология институты, Орнитология және герпетология зертханасының ғылыми қызметкері Екатерина Акентьеваның даусы естілді. – Ол – Қызыл кітапқа енген бақалтақ бүркіт (Hieraaetus pennatus). Ал арғы жағында, сайдың жиегінде сарышұнақ іннен басын шығарып тұр».
Көлік терезесінен көз салсаң, осынау шөлді-далалы зонаның қатал да сұлу келбеті ашылады. Құмдауыт беткейде баяу қозғалған дала тасбақасы көзге түссе, келесі сәтте тас арасынан кесіртке зу ете қалады. Алғаш қарағанда қаңырап жатқандай көрінетін бұл өңірдің әр бұтасы мен тасы тіршілікке толы.
«Қазір айналамыздан көріп тұрғанның бәрі – дала қыраны өмір сүретін экожүйенің бір бөлігі, – деді Екатерина. – Дала қыраны қоректік тізбектің ең жоғарғы сатысында тұрған жыртқыш. Сондықтан оның жағдайы осы экожүйенің саулығына тікелей байланысты. Мұнда көріп жүрген бүркіт, тазқара, құмай сияқты жыртқыш құстар да, сарышұнақ, үлкен құмтышқан мен басқа ұсақ кеміргіштер де бір-бірімен өзара байланысқан. Егер негізгі қорек қоры азайса, оның салдары ең алдымен дала қыранына әсер етеді. Сондықтан біз тек қыранның өзін емес, оның бүкіл тіршілік ортасын бақылаймыз».
Екатеринаның сөзінен соң көз алдымыздағы меңіреу дала мүлде басқа сипатқа ие болды. Бір қарағанда жусан мен жалаңаш жоталар ғана көрінетіндей. Бірақ ғалымның көзімен қарасаң, бұл – мұндағы әр ін, әр жартас пен бұта өзара шырмалған тұтас тірі ағза. Дала қыранын табу осы күрделі жүйені танудан басталады.
«Дала қыраны аспанда ұзақ қалықтап аң аулайтын құс емес, – деп сөзге араласты орнитолог Бекжан Бердіқұл. – Ол көбіне жерге қонып, іннің аузын аңдиды немесе жер бауырлай ұшып, олжасына тұтқиылдан тап береді. Негізгі қорегі – осы сарышұнақ, суыр мен басқа да ұсақ сүтқоректілер. Сондықтан мұндай жануарлардың саны қыранның көбеюіне тікелей әсер етеді».
Зоология институтында Орнитология және герпетология зертханасының меңгерушісі болып жүрген Бекжанның айтуынша, қорегі мол жылдары дала қыраны екі, кейде тіпті үш балапан өсіре алады. Ал азық тапшы маусымда табиғаттың қатал заңы үстемдік етеді. Ұядағы балапандардың бәрі бірдей аман қалмайды: әлсізі көбіне қорексіз қалып, ең мықтысы ғана есейіп ұшуға мүмкіндік алады.
Тағы бірнеше шақырым жүргенде рациядан: «Әріптестер… Анау жотаның ортасындағы жартасты көріп тұрсыздар ма?» – деген бастырмалата шыққан дауыс естілді.
Бәріміз жалт қарадық. Жалаңаш жартастың қия бетінде алып құстың сұлбасы көрінеді деп жатты басқалар. Мен «қарусыз» көзбен ештеңе де көрмедім. Қимылсыз отырған құстың кейпі дала қыранына ұқсайды десіп, осы жерге тоқтауға бекіндік. Фотографтар мен видеографтар көліктен асығыс түсіп, объективтерін әлгі бағытқа бұрды. Бірнеше минут бұрын ғана үнсіз жүйткіп келе жатқан топ әп-сәтте қызу жұмысқа кірісті. Бірі штативін құрып жатса, енді бірі дүрбімен құсты бақылап, оның әр қимылын қалт жібермеуге тырысты. Бірақ бірнеше минуттан кейін орнитологтер үмітімізді үзді.
Фотосурет: Владислав Ким
«Жоқ, дала қыраны емес екен. – Екатерина дүрбісін көзінен алмай тұрып түсіндіре бастады: – Алыстан қарағанда ірі жыртқыш құстарды шатастыру оңай».
Оның айтуынша, дала қыранының өзіне тән белгілері бар. Оның дене бітімі мығымдау келеді, басы салыстырмалы түрде ірі, мойны қысқалау. Ал сары езулігі көзінің астына дейін созылып жатады. Қос қанатын жайғанда астынан өзіне тән ақшыл жолақ көрінеді. Осындай ұсақ белгілерге қарап жыртқыш құстарды ажыратуға болады.
Ұядағы үміт
Қайтадан жолға шықтық. Біраз жүрген соң көліктер аласа дөңнің басына тоқтады. Үш орнитолог пикаптан түсіп, жабдықтарын реттей бастаған. Фотографтар мен видеографтар да объективтерін дайындап, түсірілімге қамданды.
Осы кезде Бекжан: «2026 жылдың мамыр–маусым айларында Toyota Kazakstan компаниясының қолдауымен біз – Зоология институтының ғалымдары Алматы, Ақмола, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында бір ай бойы ауқымды далалық жұмыстар жүргізген едік. Сол экспедиция барысында дала қыранының 6 ұясын тапқанбыз. Қазір келіп тұрғанымыз – солардың бірі», – деп, неліктен дәл осы жерге тоқтағанымыздың себебін айтты.
Экспедиция мүшелері жан-жаққа тарап кетпей тұрып, Екатерина бәрімізді бір жерге шақырып алып, дала қыранының ұясына жақындау мен түсірілім жасау тәртібін түсіндірді.
«Жыртқыш құстар ұя маңындағы кез келген қозғалысты қауіп ретінде қабылдауы мүмкін. Егер бәріміз бір уақытта жақындайтын болсақ, ересек құс ұясын уақытша тастап кетуі ықтимал. Сондықтан ұяға қажетті адамдар ғана барады, қалғандары белгіленген қашықтықтан бақылап, контентін кезекпен түсіреді. Мұндай этика ғылыми зерттеулерде де, табиғатты түсіруде де өзгермейтін қағида».
Нұсқаулық аяқталысымен орнитологтер алға қарай адымдады. Біз де үнсіз соңдарынан ердік.
Он шақты метр жүргеннен кейін өзіміз тұрған дөңнің шеті күрт үзіліп, тік жарқабаққа ұласты. Төменде, сол жақта, қураған ағаш үйіндісі жатыр. Бұған дейін ірі құстардың ұясын көрмеген мен оны тіпті байқамағандай екенмін. Обьективпен жақындатып қарағанда ғана оның үлкен, диаметрі бір метрден асатын, бұтақтар мен құрғақ шөптен салынған, ішінде бір балапан жатқан ұя екенін ұқтым.
Фотосурет: Артем Орлянский
Орнитолог Игорь Шмыгалев тік жарқабақпен ақырын төмен түсіп, балапанды абайлап көтеріп, жоғары – біз тұрған тегіс алаңқайға алып шықты. Балапанда үркудің белгісі жоқ, жайбарақат жатыр. Орнитологтер тұмсығы мен тырнағының ұзындығын, қанат құлашы мен массасын өлшеді.
«Бұл балапанның жасы шамамен 35 күн, – деді Екатерина, құстың қанатын мұқият ашып қарап. – Қауырсындары әлі толық жетілмеген, мамықтары бар. Салмағы 2 килограмм. Денсаулығы өте жақсы, паразиттер байқалмайды».
Фотосурет: Артем Орлянский
Өлшеп болған соң, орнитолог Игорь балапан сирағына жеңіл, бірақ берік алюминий сақинаны бекітті. Бұл сақинада оның өлшемі мен қайталанбас халықаралық сериялық нөмірі және Kazakhstan, Almaty деген сөз ойып жазылған.
«Сақина – құстың төлқұжаты, – деп түсіндірді Бекжан Бердіқұл. – Бұл – орнитологиядағы ең сенімді классикалық әдіс. Егер осы балапан күзде оңтүстікке ұшып кетіп, бірнеше айдан соң Араб түбегінде, Суданда немесе Үндістанда байқалса, жергілікті зерттеушілер біздің деректер базамызға хабарлайды. Осылайша біз құстың қанша жыл өмір сүргенін, қай жолмен миграция жасағанын нақты біле аламыз».
Экспедицияның тағы бір маңызды жоспары балапандарға GPS/GSM трекерлерін орнату болатын. Бұл құрылымдар нақты уақыт режімінде құстың әрбір қозғалысын, ұшу биіктігі мен жылдамдығын спутник арқылы штабқа жіберіп отырады. Жоба аясында кемінде алты дала қыранын осындай заманауи спутниктік бақылауға алу көзделген-ді. Бірақ дәл осы балапанға ғалымдар трекер орнатпауға шешім қабылдады.
Фотосурет: Владислав Ким
Фотосурет: Владислав Ким
Фотосурет: Артем Орлянский
«Бұл балапанға GPS-трекерді дәл қазір тағуға болмайды, – деді орнитолог Бекжан, құстың арқа бұлшықетін тексеріп. – Этикалық және ғылыми қатаң ереже бар: трекердің салмағы құс салмағының 3 пайызынан аспауға тиіс. Екіншіден, балапан әлі ұшуға дайын емес, қауырсыны толық өспеген. Егер қазір тақсақ, трекер оның қанатының қалыптасуына бөгет жасауы мүмкін. Біз үшін жануардың қауіпсіздігі бірінші орында».
Оның бұл сөзі экспедицияның мақсаты тек жаңа дерек жинау емес екенін тағы бір мәрте аңғартты. Әр шешімнің негізінде ғылыми жауапкершілік пен тұмса табиғат тіршілігіне деген терең құрмет жатыр.
Бірінші ұядағы жұмыс аяқталған соң, экспедиция келесі нүктеге қарай жол тартты. Бұл – ғалымдар мамыр айындағы экспедиция кезінде анықтаған Алтын-Емелдегі екінші ұя.
Биік төбенің бел ортасындағы жартаста орналасқан ұя алыстан көзге бірден түсе қоймайды. Көліктен түскен орнитологтер дүрбілерін кезек-кезек көтеріп, жартасты мұқият шолып тұр.
«Сіз де қарап көріңіз», – деп Екатерина дүрбісін ұсынды.
Қанша үңілсем де, ол көрсеткен ұяны бірден ажырата алмадым. Екатерина оның қай тұста тұрғанын бірнеше рет түсіндіргенімен, көзіме тек жалаңаш жартас пен шашылып жатқан тастар ғана көрінеді. Бірнеше күн бойы осы өңірді зерттеп жүрген орнитологтердің көзі мен қарапайым адамның көзі бір пейзажға қарағанымен, мүлде екі түрлі дүниені көретіндей.
Олар мамыр айында келгенде ұя мен қыранды ғана байқағанын, балапанды көрмегендерін айтты. «Бәлкім, мұндағы балапан GPS-трекер тағуға жарап қалған шығар», – деді Бекжан.
Дәл осы сәтте таудың жоғары жағынан қалықтап жүрген ересек дала қыраны көрінді. Қанатын кеңге жайып, асықпай төбені айнала ұшады. Қою қоңыр қауырсындары жылтырап, кең құйрығының астынан сары шеңгелі көрінеді. Ол біздің келгенімізді сезген сияқты. Бірақ үрейлене қашқан жоқ, шабуыл жасауға да ұмтылмады. Биіктен үнсіз бақылап, өз иелігін күзетіп жүргендей.
Фотосурет: Артем Орлянский
Көп ұзамай үш орнитолог ұяға көтеріле бастады. Фотографтар мен операторлар болса, обьективтерін арқалап ғалымдардың жұмысы мен балапанды басқа қырынан алыстан суретке түсіру үшін келесі дөңге қарай кетті.
Мен төменде қалып, «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аға ғылыми қызметкері Әсет Әлімбековпен әңгімелестім.
«Алтын-Емел ұлттық паркінде дала қыранын жиі көруге болады. 2022 жылдан бері бұл түрге жүйелі ғылыми бақылау жүргізіп келеміз. Былтыр тапқан ұямыздағы екі балапанға Зоология институтының мамандарымен бірге сақина салдық. Ал мынау – паркімізден биыл табылып отырған екінші ұя. Паркте дала қыраны көбіне осындай жартастарға ұялайды. Айналасындағы жазықта қоян, кірпі сияқты жемтіктері жеткілікті. Азық қоры мол болғандықтан, бұл жер қыран үшін қолайлы мекен. Ұя салатын орын мен қоректің жақын орналасуы өте маңызды, – дейді Әсет Әлімбеков.
Біршама уақыттан кейін мен де ұя басына көтерілдім. Ғалымдар жұмысты аяқтап, бізді күтіп тұр екен. Жартас қуысына орналасқан бұталы ұяда алғашқы балапаннан мүлде өзгеше, аппақ мамыққа оранған кішкентай ғана қыран жатыр. Шамамен 20–25 күндік. Қазақ құсбегілері мұндай кезінде балапанды ақүрпек деп атайды.
Фотосурет: Владислав Ким
Бұл балапанға да GPS-трекер тағуға әлі ерте екенін бірден түсіндім. «Ештеңе етпейді, – деді Бекжан. – Біз мұнда трекерді тамыз айында, балапан 60–65 күндік болып, ұядан ұшуға дайындалғанда келіп орнатамыз».
Мен жұмысын аяқтаған фотограф-видеографтармен бірге төмен түстім. Алдымда кетіп бара жатқан Екатерина «Мына жерден айналып өтіңіздер», – деп ескертіп тұр екен. Ол нұсқаған тұста қауырсындары желбіреп өлі қыран жатыр. Бір сәтке бәріміз іркіліп қалдық.
«Дала қыраны. Неден өлгенін кім білсін, – деді Екатерина жай ғана. Ол құстың денесін аударып-төңкеріп қараған жоқ. Тек бірнеше сурет түсіріп, орналасқан орнын белгіледі. – Кейде құстар электр желілерінен тоқ соғып өледі, кейде уланған жемтікке тап болады. Аурудан немесе жарақаттан да қырылуы мүмкін. Себебін тек зерттеу ғана анықтайды».
Бұл бізге жаңа ғана өзіміз көрген, популяциясын сақтап қалсақ деп жүрген қыран балапандарының тағдыры қаншалықты осал екенін еріксіз еске салды.
Қауіп қайдан?
Ғалымдар мен түсірілім тобы төменде тұрған көліктердің жанына жайғасып, тыныққан сәтте әңгіме ауаны дала қырандарының бүгінгі жай-күйіне бұрылды.
Дала қыраны (Aquila nipalensis) Қазақстан үшін айрықша маңызды түр. Дүниежүзілік популяцияның шамамен 70–80% (2018 жылғы бағалау бойынша 20 950-ден 31 570 жұпқа дейін) дәл осы біздің кең-байтақ даламызда ұялайды. Қазақстан – осы түрдің жер бетінде аман қалуының басты кепілі. Алайда, 2015 жылдан бері Халықаралық табиғатты қорғау одағы (IUCN) бұл түрге «Жойылып кету қаупі төніп тұр» (Endangered) мәртебесін берді. Себебі кейінгі 30 жылда олардың саны күрт азайып кетті.
«Өткен жылы дәл осы өңірде сақиналанған екі балапанның тағдыры бізді қатты қапаландырды, – деді Екатерина мұңайып. – Екеуі де оңтүстікке бет алған алғашқы айда, орта кернеулі электр желілеріне қонып, тоқ соғудан мерт болды. Бұл – қазіргі таңда дала қыраны үшін ең үлкен, ең қатал шектеуші фактор».
Ашық далада биік ағаштар сирек. Сондықтан қырандар мен басқа да ірі жыртқыш құстар айналаны бақылау үшін адам салған электр желісі бағаналарын демалатын немесе аң аулайтын орын ретінде пайдаланады. Қорғанысы жоқ электр желілеріне қонған құстың қанаты тоқ өткізетін бөліктерге тиіп кетсе, әп-сәтте жан тапсырады.
Ғалымдардың айтуынша, мұндай қайғылы жағдай Қазақстанда ғана емес, құстардың миграциялық жолындағы өзге де елдерде кең етек жайған. Сауд Арабиясындағы Шобрак пен оның әріптестері жүргізген 2022 жылғы зерттеу жан түршігерлік деректерді көрсетті: Әл-Қассим аймағындағы үлкен қоқыс алаңының маңындағы бағаналарда бір маусымда жүздеген дала қыраны электр тоғынан қаза тапқан. Есептеулерге сәйкес, тек 14.4 шақырымдық бір өндірістік электр желісінің бойында жыл сайын 94-тен 240-қа дейін дала қыраны өледі. Бұл – әлемдік популяцияның 0.3%-ын бір ғана нүктеде жою деген сөз.
Дала қыраны – шекара танымайтын кезбе құс. Жаз аяқталып, Қазақстан даласы салқындай бастағанда, ол мыңдаған шақырымға созылатын ұзақ та қауіпті сапарға аттанады. Кацнер мен оның әріптестерінің GPS/GSM-трекерлер арқылы жүргізген 2022 жылғы зерттеуі Қазақстанның солтүстігінде ұядан ұшқан жас дарақтардың басым бөлігі Каспий теңізінің шығысымен оңтүстікке қарай қоныс аударатынын, ал аз бөлігі батыс бағытты таңдайтынын анықтады.
Дегенмен түрдің жалпы миграциясын сипаттайтын зерттеулер дала қыранының қоныс аудару жолдары Батыс Палеарктикадағы екі ірі дәлізге шоғырланатынын көрсетеді. Батыс дәлізімен ұшатын құстар Каспий теңізін айналып өтіп, Кавказ, Таяу Шығыс және Суэц аймағы арқылы Арабия түбегі мен Шығыс Африкаға дейін жетеді. Ал шығыс дәлізін пайдаланатын дарақтар Орталық Азия арқылы Пәкістан мен Үндістанға қоныс аударады.
Бұл жолда құстар Израильдегі Эйлат, Мысырдағы Суэц және Йемендегі Баб-эль-Мандеб бұғазы сияқты табиғи «тар қақпалардан» өтеді. Мыңдаған жыртқыш құс осы өткелдерге шоғырланады. Қыста олардың бір бөлігі Сауд Арабиясы мен Шығыс Африкадағы ірі қоқыс полигондарына барып, өлекселермен қоректенеді. Алайда дәл осы аялдамаларда оларды уланған жемтік, қорғалмаған электр желілері және адам әрекетінен туындайтын өзге де қауіптер күтіп тұрады. Осы ауыр жағдайды өзгерту үшін ғылыми мақалалар жазу жеткіліксіз. Бүгінде табиғатты қорғау ғылыми зерттеу, бизнестің қолдауы және қоғамның назарын аудартатын медиа жұмысы қатар жүруі қажет.
Биыл Қазақстанда дәл осындай серіктестік қалыптасып отыр. National Geographic Qazaqstan сүйемелдеуімен Toyota Kazakhstan мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Зоология институты күш біріктіріп, дала қыранын зерттеу мен қорғауға бағытталған ауқымды жобаны жүзеге асырып жатыр.
Сонымен бірге 2026–2035 жылдарға арналған Дала қыранын қорғаудың жаһандық іс-қимыл жоспары (SEGAP) аясында мемлекеттік органдарға қауіпті электр желісі бағаналарына құсқорғау құрылғыларын орнату, электр желілерін оқшаулау және қорғалатын табиғи аумақтардың ауқымын кеңейту бойынша нақты ұсыныстар дайындалып жатқаны да көңілге үміт ұялатады.
Қайтар жол
Қас қарайып, Жетісу даласына қараңғы түсе бастады. Даланың аңызақ ыстығы басылып, таудың салқын лебі соқты. Экспедиция мүшелері құрал-жабдықтарын жинап, көліктерге қайта жайғасты.
Біздің бүгінгі сапар аяқталғанымен, бұл – ондаған жылға созылатын үлкен ғылыми зерттеудің бір ғана эпизоды. Бәлкім, бүгін біз сақина таққан осы екі балапан тамыз айында арқасына кішкентай GPS-трекер асып, Алатау бөктерінен көкке көтерілер. Олар Каспийді айналып, Арабия шөлдеріне немесе Африка саванналарына аман-есен жетер. Ал бірнеше жылдан соң, басқа бір қиырдағы орнитолог олардың сақинасын дүрбімен оқып, Қазақстандағы ғылыми штабқа «Сіздердің қырандарыңыз аман-есен жүр!» деген қуанышты хабар жіберер.
Фотосурет: Артем Орлянский
Дала қыранының тағдыры бір ғана түрдің тағдыры емес. Ол – Қазақстан даласындағы экожүйе саулығын көрсететін өлшем. Сондықтан әр сақиналанған балапан, әрбір сәтті миграция және аман қалған әрбір ұя – ғалымдардың ғана емес, табиғатты сақтауға ортақ жауапкершілік арқалаған бәріміздің ортақ жетістігіміз.
Автор: Нұржауған Мұқан







