Қаладан пана іздеген жыртқыштар

390

Қыс – жыртқыш құстарға нағыз сынақ. Қорек тапшылығы, сақылдаған сары аяз бен күндізгі уақыттың қысқарғанынан олар үйреншікті бағыт-бағдарын өзгертуге мәжбүр болады. Осындай уақытта қала жыртқыш құстар үшін өзінше бір панажайға айналып, жемтік аулауға да, тынығып алуға да мүмкіндік береді. Кейінгі үш аптада маған екі түрге жататын бірнеше жыртқыш құсты кезіктірудің сәті түсті. Оларды сырт көзден тасалайтын ағаш жапырақтары баяғыда-ақ түсіп қалған, алайда азық тапшылығы қанаттыларды сақтықты ысырып қойып, қорек іздеуге итермелейді.

Құлақты жапалақ

Жапалақтарды жылдың екі мезгілінде жиірек байқауға болады. Бірі – жаздың басы, бұл шақта балапандары есейіп, белсене дыбыс шығара бастайды, олардың айқайы алысқа естіледі. Екіншісі – қыс кезі, бұл уақытта жапырағынан айырылып, жалаңаш қалған ағаштағы жапалақты көру әлдеқайда оңай.

Құлақты жапалақ (Asio otus)

Осы өңірге бауыр басқан төл жапалақтарымыздан бөлек, мұнда қыс кезінде солтүстік өлкелерден де жыртқыш құстар қоныс аудара бастайды. Әдетте түнде «жорыққа шығатын» жапалақтар бұл шақта күндіз де белсенді болатынын байқаймыз. Бұған, сірә, қорек тапшылығы себеп болса керек: азықтың аздығы жыртқыш құстарды көбірек уақыт «саят құруға» мәжбүрлейді.

Менің алғашқы олжам – Тұрғындар саябағынан кезіктірген жұп құлақты жапалақ.

Бұл құстардың бүркемелену қабілеті ерекше жетілген: қимылсыз отырғанда олар ағаштың жуандау келген бұтағына немесе діңінің бір бөлігіне ұқсап қалады. Шұбарланған сұрғылт түсті қауырсындары өзі қонақтап отырған қарағаштың қабығымен тіпті тұтасып кетеді. Дегенмен мұндай керемет мимикрияның (қорғаныш рең) өзі жапалақты қырағы көзден жасыра алған жоқ. Құстар еш мазасызданбай, сәтті ракурс іздеген әрекетімді қызығушылықпен бақылап отырды.

Құлақты жапалақ – Атырау облысында кең тараған жапалақ түрі. Ол қаладағы саябақтарда, бұтақтары жан-жаққа жайылған ағашы бар аулаларда, сондай-ақ Жайық өзенінің жайылмасындағы тоғайлар мен сирек орман алқаптарында тіршілік етеді. Негізгі қорегі – тышқан тәрізді кеміргіштер. Биыл күзде Атырау облысында кеміргіштердің саны ерекше көп болды: тіпті олардың күрт артқаны туралы хабарлар жаңалықтарда да айтылды. Осы себепті құлақты жапалақтар ауыл шаруашылығының негізгі көмекшісі саналады.

Бұл түрдің атауы басындағы өзіне тән қауырсынды «құлақтарына» байланысты қойылған. Әйтсе де мұндай шоқ қауырсындардың есту мүшесіне еш қатысы жоқ – олар бүркемелену мен эмоциялық сигналдар беру үшін қызмет етеді. Ұшу кезінде қауырсындар басына жабысып, тіпті еш байқалмай қалады, содан құстың басы дөңгелек болып көрінеді. Ал шынайы есту саңылаулары басының екі жағына, қалың қауырсынның астына жасырын орналасқан.

Алғашқы кездесуден бірнеше күн өткенде мен Жеңіс саябағында құстарды бақылау экскурсиясын өткізген едім. Он шақты қатысушымен бірге біз құлақты жапалақты жақыннан бақылау бақытына бөлендік: ол терек бұтағында, жерден небәрі екі метр биіктікте, тротуардың дәл жанына қонақтап отыр екен. Бұл көрініс ересектерге де, балаларға да қатты әсер етті. Көпшілігі жапалақты табиғи ортада алғаш көрген еді. Біз фотоға түсіріп алдық та, құсты мазаламас үшін біз қысқы орнитофаунамен танысуды әрі қарай жалғастырдық.

Қырғи

Қыстың суығы бірте-бірте күшейе түсті. Сондай аязды күндердің бірінде Тұрғындар саябағына тағы да жолым түсті. Саябаққа кірген бойда бұл жерге тән емес ерекше тыныштықты байқадым. Саябақ бейне бір қатып қалғандай, демін ішіне тартып тұрғандай көрінді. «Сарышымшықтар мен шұбар шымшықтар қайда кеткен?» деген сұрақтың «жауабы» бірден көзге шалынды.

Қырғи (Accipiter nisus)

Жерде, ағаштардың ішінде сұр түсті жыртқыш құс бірдеңені шоқып отыр екен. Басқа құстардың безіп кеткенінің себебі осы болып шықты.

Бұл айбатты жыртқыш қаршыға тұқымдасынан екен. Бастапқыда біз жақта сирек кездесетін тұйғын (Accipiter gentilis) болар деп ойладым, өйткені дене тұрқы тым ірі көрінді. Бірақ мұқият қарап, көлемін шамалай келе, бізде жиі ұшырасатын қырғидың (Accipiter nisus) ұрғашысы екенін түсіндім. Шамасы, аштық оны сақтықтан айырған болса керек: құс тіпті маған тіке қарап тұрса да, ұзақ уақыт бойы ұшпай отыра берді. Ол мені әлдеқашан-ақ байқап қойғанына күмәнім жоқ – қырғидың көзі қырағы, ал реакциясы найзағайдай жылдам.

Қырғи басқа бір құстың қалдығымен қоректеніп жатыр екен. Алыстан қарға немесе ұзақтың өлексесіне ұқсаттым. Үркітіп алмайын деп, жақынырақ бармадым. Әдетте өлексемен қоректену қаршыға тұқымдас құстарға тән емес. Мұндай құбылыс өте сирек кездеседі. Олар – ұсақ құс пен аңдарды аулайтын белсенді жыртқыштар. Дегенмен кей жағдайда қаршығалар осындай бейімделгіш мінез-құлыққа бара алады: бұл амал энергия шығынын азайтып, қатал қыс жағдайында аман қалуға көмектеседі.

Ағаш бұтасына қонақтаған торғай. Құлақты жапалақ негізінен тышқан аулауға маманданған болса, қаршыға тектес қырғи құстар ұсақ құстарды аулағанды жөн көреді. Көбіне күндіз белсенді жүретін торғайларды, сарышымшықтарды, шұбар шымшықтарды олжа етеді.

Қырғи біршама уақыт жерде отырды да, кенет бірдеңеден секем алғандай, қарағаштың бұтағына қонып алды. Сөйтіп өзіне тән тік қалпына енді. Ағашта отырған жыртқышты осы белгісі арқылы оңай ажыратуға болады: оның денесі қарғалар сияқты көлбеу емес, өзі қонған бұтаққа перпендикуляр, яғни тіп-тік бағытта орналасады. Мәселен қарға көбіне бұтаққа сәл еңкейіңкіреп отырады.

Мұндай бақылаулардан түйетініміз, жабайы жануарлардың мінез-құлқы әрдайым біз үйренген «қалыпқа» сыя бермейді. Қыста белгілі бір олжаға маманданған жыртқыштардың өзі қоректену стратегиясын өзгертіп, қолжетімді азық көзін пайдалануы мүмкін. Бұл – ауытқу белгісі дегеннен гөрі, жоғары бейімделгіштіктің көрінісі деген жөн болар. Дәл осы қасиет түрлердің құбылмалы әрі қатал табиғи ортада аман қалуына мүмкіндік береді.

Ал мынау – жас қырғи. Қоңырқай жауырыны мен қауырсындарындағы ақшыл теңбілдеріне қарап-ақ, осы көктемде дүниеге келгенін байқауға болады. Оның бойында ересек құстарға тән сақтық сезімі әлі толық қалыптасып үлгермеген.

Мен оны Жайық жағалауындағы жаяу жүргіншілер көпірінің қасынан жолықтырдым. Оның тік сұлбасы сонадайдан-ақ көз тартты: қырғи қозғалмастан отырып, маған қызыға қарап қалды, тек анда-санда басын оңды-солды бұрып, төңіректі шолып қояды.

Жас қырғиларды байқау әлдеқайда оңай. Олар ағаш бұталарының арасына бүркемеленуді әлі жақсы меңгермеген, өзін бақылап тұрған адамды да «бақылап», бір орында ұзақ отыра береді. Бұл жас қырғи да сондай еді. Сәл әріректегі бұталар арасында ұсақ құстар ары-бері ұшып жүрді. Шамасы, ол мені көргенге дейін соларды аңдып отырса керек.

Торғай мен сарышымшық – қырғидың тырнағына ең жиі ілігетін олжа. Бұта ішіндегі кішкентай құс мүлт кетіп, шамалы бөгеліп қалса болды, жыртқыш атылған оқтай зу етіп, «қырғидай тиіп», әп-сәтте қанжығасына басып алады. Қыста құстарға жем шашып, қоректендіріп жүретін адамдар жем салғышқа қырғидың да жиі келе бастайтынын байқап жатады.

Бірнеше минут көзбен «тілдескеннен» кейін, қаршыға тұқымдас құс қалықтай көтеріліп кетті. Дегенмен бұл жерден жүз метрдей ғана ұзап шыққанымда оны қайта жолықтырдым – ол маған қайтадан «модель» болып, суретке түсіріп алуыма мүмкіндік берді.

Қалада жыртқыш құстардың болуы – экожүйе жағдайының маңызды көрсеткіші. Қаршығалар мен жапалақтар мекендеген жерде қорек қоры мен биологиялық алуандық сақталады. Мұндай қанатты жыртқыштармен аз ғана уақытқа кездесудің өзі қала әлі де тірі табиғаттың ажырамас бөлігі екенін дәлелдейді.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ