Табиғи апат. Қаланың қайта түлеуі

410

Дауыл, тасқын, өрт және басқа да табиғи апат жиілеген шақта әлемнің әр түкпірінде қияметтің арасынан да тың мүмкіндік көре білетін жаңа бір мамандар легі қалыптасып келеді.

Автор: Джефф Уайз

Хонсю, Жапония. 9,1 магнитудалық зілзала мен цунами. 2011 жылы Хонсю аралының шығыс жағалауында болған жойқын зілзала биіктігі кей жерлерде 40 метрге жететін цунами туғызды. Ол Рикудзентаката (суретте) сияқты жағалау бойындағы қалаларды тып-типыл етіп, Фукусимадағы АЭС апатына себеп болды. Осы оқиғадан соң үкімет жағалауды қауіпсіз ету үшін шамамен 12 миллиард доллар жұмсады: бүтіндей ауылдарды биік жерге көшіру, сондай-ақ 435 километрге созылған жағалауда биіктігі 15 метрлік теңіз бөгеттерін тұрғызу сияқты шаралар қолға алынды.
Фотосурет: Наоя Хатакэяма / Taka Ishii Gallery

2023 жылғы 6 ақпан. Таң атардан үш сағат бұрын 29 жастағы кондитер Нури Имрен қарындасының жан түршігерлік шыңғырған даусынан оянып кетті. Түркияның Антакия қаласындағы көпқабатты үйде орналасқан олардың пәтері қатты шайқалып жатыр екен – ғимарат әуелі теңселіп, артынша жоғары-төмен секіре бастады. Ауыр шкаф қарындасының үстіне құлап, қолы мен иығын сындырыпты.

Әуесқой ауыр атлет Имрен дереу оның бөлмесіне жүгіріп кіріп, шкафты тізесімен тірей көтерді. Бір минуттан соң діріл басылды. Ол қарындасын суырып алып, сосын ата-анасын ілестіріп, он қабат баспалдақты бойлап далаға шықты. Сыртта көзге түртсе көргісіз қараңғы әрі суық еді, жаңбыр сіркіреп тұр. Қала түгел жарықсыз қалған. Сол түнектің өзінде-ақ айналаның жермен-жексен болған сезіліп тұрды: төңіректегі сегіз-тоғыз қабатты біраз үй қисайып, сырғып, опырылып құлаған. «Қатты есеңгіреп қалғандықтан, суықты да сезбедік», – дейді Имрен. Ол жол жиегінде тұрған жүк көлігін көріп, жақындарын соның үстіне мінгізіп, жан сауғалай тұратын орын жасады.

Сол түні Имрендердің басқаларға қарағанда қайта жолы болған екен. Таң алагеуімде апаттың ауқымы анығырақ көрінді: магнитудасы 7,8 болған жер сілкінісі Антакияның қыруар бөлігін үгілген бетон мен ирелеңдеген темір үйіндісіне айналдырыпты. Қала сейсмикалық аймақта орналасқанымен, жосықсыз жобаланып, сапасыз салынған үйлер көп еді. Қираған ғимарат ішінде қалғандардың бірлі-жарымы ғана аман шықты. Небәрі 85 секундта мыңдаған жанның өмірі қиылды. Сол құрбандар қатарында Имреннің сүйіктісі мен сегіз адамнан тұратын ағайын-туысы да бар. Таңсәрідегі алғашқы дүмпуден аман қалған Имреннің үйі бірнеше сағаттан соң екінші сілкініске де шыдағанымен, қатты зақымданып, кейін жоспарлы жарылыс арқылы толықтай құлатылды. Ал Имреннің өзі 50 күн бойы ескі шаһардағы базар ішінде орналасқан дүкенінде паналаған, кейін ол да сүріліп тынды.

Антакья, Түркия. 7,8 және 7,7 магнитудалық жер сілкіністері. 2023 жылғы ақпанда бірінен соң бірі болған екі зілзала тарихы терең Антиох қаласын жермен-жексен етті: ғимараттардың шамамен 80 пайызы қирады. Түркиядағы 50 мың адамның жартысына жуығы дәл осы өңірде опат болды. Қасірет қанша ауыр болса да, бұл оқиға Антакьяны заманауи құрылыс талаптары мен урбанистикалық шешімдер негізінде қайта жобалап, қаланы әлдеқайда төзімді әрі тұрғындарға қолайлы етуге мүмкіндік берді.
Фотосурет: Ибрагим Өнер, Sopa Images / Zuma Press Wire

Мен Имренмен қыркүйектің аптап, шуақты күндерінің бірінде, зілзаладан екі жарым жыл өткенде жүздестім. Дүкені салынып біткенше, ол уақытша құрастырмалы ғимаратта жұмыс істейтін. Бұл орын ескі шаһардың шетінде, Асий (Оронт) өзені үстінен өтетін орталық көпірден небәрі бірнеше қадам жерде орналасқан. Имрен күнефе дайындап жатыр, бұл – жұқа фило қамырын ұсақтап турап, ірімшік пен пісте қосып жасалатын пицца пішіндес тәтті. Сыртта жүздеген метрге созылып жатқан шаңды құрылыс алаңында зәулім крандар қозғалып жүр. Осы аумақтағы жұмысшылар тобы Антакияның үйсіз қалған тұрғындарына арнап қайта жобаланған қала орталығын жылдам аяқтауға күш салуда.

Антакияны күйреткен қасіреттің көлемі де, оның халық жүрегіне салған жарасы да тым ауыр еді. Бірақ сол апаттан кейін қайта аяққа тұруға деген зор талпыныс та таңғалдырмай қоймайды. Қаланы қалпына келтіру ісі жаңаша тәсілмен жүзеге асып жатыр, ол тұрғындармен, жергілікті құрылыс компанияларымен әрі халықаралық үздік сәулет компанияларымен жүргізілген кең көлемді талқылау нәтижесінде қалыптасқан көзқарасқа негізделген. Ұлыбританиялық Foster + Partners компаниясы жетекшілік ететін бас жоспар көне қаланың жаңарған келбетін ұсынады: онда Антакияның ерекшелігі саналатын базарлар, дүкендер, тіршілігі қыж-қыж қайнаған көшелер, аулалардағы жып-жылы атмосфера ескеріліп қана қоймай, шаһарды одан әрі жақсартудың сан түрлі жолы қарастырылған.

Жаңа жоспар бойынша тарихи аймақтағы ғимараттар үш қабаттан, ал орталықтағы құрылыстар бес-алты қабаттан аспайды. Өзен мен тау көрінісін сақтау үшін осындай шешімге келген. Өзен жағалауындағы жасыл аймақ кеңейтіліп, жүргінші және велосипед жолдары қосылады. Үйлер ішкі аула төңірегіне топтастырыла салынады, ал кеңейген тротуар көршілердің аралас-құраластығын арттыруға жағдай жасайды. Жер сілкінісіне төзімді болу үшін ғимараттар іргетасы қалың бетон тақталарға, қадалардың үстіне орналастырылады, мұндай тәсіл топырақ сұйылып кеткен жағдайда да ғимаратқа қосымша тұрақтылық береді. Осылайша, жаңарған Антакия жер сілкінісіне берік, тұрмысқа жайлы қалаға айналмақ.

Антакиядағы жағдай әлемде кең таралып келе жатқан үрдістің бір бөлігі ғана. Архитекторлар мен урбанистер арасында «жер сілкінісі, өрт, цунами секілді табиғи апаттар қаланы қайта жобалауға мүмкіндік береді» деген пікір күшейіп келеді. Климаттың өзгеруінен дауылдар мен басқа да апаттар жиілеп, зардабы тереңдеген сайын бұл мәселе одан әрі өзекті бола түсті. Бұған қоса, Африка мен Азиядағы халық санының күрт өсуі миллиардтаған адамның инфрақұрылымы тозған қалаларға ағылуына себеп болмақ. Тарихта 1666 жылғы Лондондағы Ұлы өрт және 1906 жылғы Сан-Францискодағы жойқын жер сілкінісі тәрізді талай табиғи апат қаланың ең әлсіз тұстарын әшкерелеп берген, ал бүгінде қалалардың ондай осал қырлары бұрынғыдан да күрделі. Алайда бәрі дұрыс жасалса, апаттан кейін қаланы бұрынғыдан да қауіпсіз, әділетті әрі экологиясы жақсы ортаға айналдыруға болады.

«Алдыңда аппақ кенеп қана қалғанда, бәрін жаңаша елестетуге жол ашылады», – дейді Bjarke Ingels Group (BIG) халықаралық компаниясының сарапшысы, Антакия жобасына кеңесші болған Джереми Ален Сигел. – «Дағдарысты мүмкіндікке айналдыруға болады».

Жобада көрсетілгендей, Антакьяның жаңа орталығындағы кең даңғылдар бойында дүкендер мен дәмханалар орналасады, тұрғындар онда демалып, әңгіме-дүкен құра алады.
Көркем жоба: Foster + Partners
Асий өзені жағасында бұрын су жиегін бөгеп тұрған әрі сейсмикалық жағынан осал ғимараттар орнына көпшілікке қолжетімді жасыл демалыс аймағы пайда болады.
Көркем жоба: Foster + Partners

Анығында бұл оңай шаруа емес. Қайнаған қала тірі ағза іспетті: ол көрші-қолаң, отбасы мен дос-жаран, сатушы мен тұтынушы, мемлекеттік қызметкер мен тұрғындар арасындағы күнделікті сансыз қарым-қатынастан құралады. «Қаланы қала қылатын ғимараттар емес, сонда өмір сүретін адамдар!» – дейді Антакияның орталық ауданын картаға түсірген KEYM компаниясының урбанисі, ыстамбұлдық Джем Йылмаз. – «Нағыз естелік – адамдарда. Сен жақсы көрген, сөйлескен жандар, ішкен ас-ауқат – сен үшін бәрінің өз мәні бар».

Йылмаз бастаған жұмыс тобы тұрғындардың бұрын қайда тұрғанын анықтау үшін меншік құжаттарын зерттеген. Ондағы мақсаты – адамдарды үйіне жақын маңға қайта орналастырып, бұрын көрші болған жандарды қайта табыстыру еді. «Біз сол адами қарым-қатынасты сақтағымыз келеді, байланыс тізбегі үзілмесе екен дейміз», – дейді ол.
Дүкенде Имрен маған жаңа піскен күнефеден бір тілім ұстатып, жергілікті үлгідегі, тұтқасыз, құмсағат пішінді стақанмен кофе берді. Кейін ол менімен бірге жүз метрдей жүріп, жолдағы құрылыс қалдықтары мен ауыр техниканы айналып өтіп, жер сілкінісіне дейін оның дүкені орналасқан орынды көрсетті. Дәнекерленген арматуралар тізбегінен әріректе шаң басқан алып шынар ағашы тұр. Оның жайыла өскен бұтақтары көненің көзіндей ескі құдықты да, жаңадан салынған мешітті де саясына алады.

«Мен осы ағаштың түбінде өстім», – дейді Имрен. Оның атасы базарда киім сатқан, кейін әкесі аяқкиім саудасымен айналысқан. Имреннің айтуынша, өзін сол маңдағы саудагерлер мен олардың жақындары тәрбиелеп өсірген. Антакияның бас жоспарына сай базар қайта салынады, бірақ Имреннің өзіне бұрынғы орны қайта беріледі деген нақты хабар әлі жетпеген. «Өмірден күтер жалғыз үмітім – сол дүкен», – дейді ол. – «Соны қайта ашсам арманым болмас еді. Менің тиісті орным – сол жер».

Қаланы қайта жобалау сәтті болуы үшін ең алдымен жергілікті халықтың мұқтажын, қалауын, тұрмыс салтын ескеру қажет. Алайда сәулетшілер мен урбанистер көбіне ғимараттар мен инфрақұрылымға көңіл бөліп, сол кеңістікті пайдаланатын адамды назардан тыс қалдырып жатады. Адам факторын елемеудің қандай қате екенін Жапониядағы Хонсю аралының шығыс жағалауындағы жағдай айқын көрсетті: 2011 жылғы 11 наурызда бұл өңірді магнитудасы 9,1 балдық, тарихтағы төртінші ең қуатты жер сілкінісі тас-талқан етті. Алайда артынша болған цунами бұдан да ауыр зардап әкелді: 40 метрлік теңіз толқыны жағалауды басып, тұтас аудандарды шайып, 20 мыңдай адамның өмірін жалмады.

Апаттан соң ел үкіметі жүргізген қайта құрылымдау жобасы Хонсюдің осы бөлігін болашақтағы цунами қаупінен қорғауға бағытталды. Заманауи тарихтың ең қымбат азаматтық инженерлік жобалардың бірі ретінде бағаланған бұл бастамаға 12 миллиард доллар бөлініп, биіктігі 15 метрге, ұзындығы 435 шақырымға жететін алып теңіз бөгеттері тұрғызылды. Рикузентаката секілді қалаларда (онда 1 700 адам қаза тауып, ғимараттардың 80 пайызы қираған) шаһар деңгейін 10 метрге көтеру үшін орасан көлемде топырақ тасымалданды. «Үкіметтің көзқарасынша, бұл бастама айтарлықтай табысты болды, өйткені олар өздерінің 10 жылдық жоспары аясында жаңа нысандардың басым бөлігін аяқтап үлгерді», – дейді апат кезінде сол аймақта тұрған Тохоку университетінің цунами зерттеушісі Анават Суппасри.

Бұл аймаққа келген жалғыз сынақ цунами емес еді. Жылдар бойы демографиялық дағдарысты бастан кешіп келе жатқан елдің ауылдық аймағы – солтүстік Хонсю өңірі (тарихи атауы Тохоку) жастардың жаппай ірі қалаларға көшіп кетуінен әлсірей түскен. Шенеуніктер апаттан соң аймаққа ауған жаһандық назар туризмді түлетеді деп үміттеніп, Токатамацубара цунамиден кейінгі қалпына келтіру мемориал паркі сияқты нысандарға миллиондаған доллар құйды. Бұл кешенде апат пен одан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына арналған музей бар. Экономиканы әртараптандыру үшін үкімет басқа салаларға да инвестиция салды. Солардың бірі – бірнеше миллиард долларлық Фукусима инновациялық жағалау жобасы: ол күн мен жел қуатын, сутегі технологиялары мен ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталды.

Жапонияда жағалау аймақтарын қорғау мақсатында суға еркін шығуға мүмкіндік беретін қозғалмалы қақпалары бар, биіктігі арттырылған теңіз бөгеттері салынды.
Фотосурет: Николя Датиш, AFLO/Alamy
Экономикалық өсімді ынталандыру мақсатында Жапония үкіметі бұрынғы гольф алаңында орналасқан мына күн электр станциясы сияқты жергілікті ресурстарға инвестиция құйды.
Фотосурет: The Asahi Shimbun, Getty Images

Алайда қайта қалпына келтіру жұмыстарын 2014 жылдан бері зерттеп келе жатқан италиялық географ, Болонья университетінің өкілі Аннаклаудия Мартинидің айтуынша, жапон үкіметі бұл іске жергілікті халықты толыққанды тартпаған. Ауылдық кеңес мүшелерінің бірі оған қоғамдық тыңдаулардың барлығы жастар сабақта, ал балықшылар жұмыста болатын уақытқа жоспарланғанын айтып шағымданған. Соның салдарынан жергілікті тұрғындар бұл жоспарды ешқашан толық қолдаған емес. Мәселен, балықшылар өздерін негізгі күнкөріс көзінен – теңізден оқшаулаған алып бөгетті жек көрді. «Жергілікті тұрғындардың атсалысуы адамдарды шын мәнінде қатыстырудан гөрі, «орындалды» деген құсбелгі қою үшін жасалған формальды шараға көбірек ұқсады», – дейді Мартини. Ең сорақысы, қайта құрудан кейін қауымдастықтардың тұтастығын сақтауға аз күш жұмсалды. Үкімет жаңа тұрғын үйлерді салып бітірген соң, әділдік принциптерін желеу етіп, оларды лотерея арқылы таратты. «Бұл шешім адамдардың бұрын белгілі бір аудандарда тұрғанын, достары болғанын және жақын адамдарымен көршілес өмір сүргенін ескермеді», – дейді Мартини. Тұрғындардың көбі 60 жастан асқандар еді, олар ақыр соңында бұрынғы көршілерінен алыс, мүлдем басқа аудандарда тұруға мәжбүр болды. «Бұл әлеуметтік байланыстарды тас-талқан етті», – деп қорытындылады ол.

Алапат апаттан кейінгі осы бір қалпына келтіру жұмыстары көп жағдайда «қолдан сусып кеткен мүмкіндік» ретінде бағаланады. Орын қалпына келтірілгенімен, ол жер адамдарды өз жеріне қайтып орала алмайтын етіп жобаланды. Әйтсе де бәрін бұлай етпеуге де болар еді. Азғантай ғана шығармашылық пен қоғамның белсенді қатысуы болса, кез келген істі оңтайлы шеше аламыз.

Жапонияда залалсыздандырылған топырақ (қапқа салынған) жаңа жол құрылысы мен жағалаудағы бөгет секілді қоғамдық нысандарды тұрғызу жұмыстарында пайдаланылды.
Фотосурет: Джонас Гратцер, LightRocket via Getty Images

Жаздың аптап ыстық күндерінің бірінде Нью-Йорк қаласының төменгі Манхэттен ауданындағы Ист Ривер жағаcында орналасқан Джон В. Линдсей атындағы Ист Ривер саябағын аралап келемін. Бұл орын маған бұрыннан таныс. Ондаған жыл бұрын өзеннің Бруклин жағында тұрғанымда, осында жиі келіп, теннис ойнайтынмын. Бірақ бүгін саябақтың келбеті мүлде бөлек. Бұрын доп алаңдары мен веложолдары бар тегіс жағалау енді жасыл төбешіктері бар кеңістікке айналған. Ескі ағаштар жоқ, олардың орнын көк шөп арасынан қылтиған жас шыбықтар басқан. Төртбұрышты етіп дөрекі өңделген кесек тастар баскетбол алаңын айнала қоршап тұр. Бейне бір шағын амфитеатрды еске түсіреді.

Бір қарағанда, бұл жай ғана қала тұрғындарының игілігіне арналған жаңа саябақ сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ оның мәні әлдеқайда тереңде: бұл иректелген ландшафттың астында қала тарихындағы ең қаралы кезеңдердің біріне жауап ретінде салынған табиғи апаттардан қорғайтын берік бекіністер жасырылған.

Сэнди дауылы 2012 жылғы 29 қазанда құрлыққа жетті. Кариб теңізінен III санаттағы дауыл ретінде басталып, солтүстікке қарай салқын сулар арқылы қозғалғанда ол біраз әлсіреген еді. Әйтсе де тропиктен кейінгі циклон деңгейіне дейін төмендегеніне қарамастан, жылдамдығы 130 км/сағ болатын жел Манхэттеннің төменгі бөлігіне биіктігі 4 метрлік толқынды айдап әкелді. Бұл тасқын метро станцияларын суға толтырып, электр қосалқы станцияларын істен шығарды. Саябаққа таяу маңдағы орамдарда 3 500-ден астам отбасы тұратын мемлекеттік тұрғын үй кешендері бар, бұл үйлер тасқын қаупі бар жерде салынғандықтан, дауыл кезінде бүкіл аудан белуардан келетін суға толды; 44 адам қаза тапты, ал сегіз миллионнан астам жан жарықсыз қалды. Нью-Йорк қаласы 19 миллиард доллар шығынға ұшырады.

Апаттан кейін Обама әкімшілігі тығырықтан шығарға жаңа жол іздеді. 2014 жылы Тұрғын үй және қалалық даму министрлігі Rebuild by Design (Қаланы қайта жобалау) атты байқау өткізіп, қираған шаһарды қалпына келтіріп қана қоймай, болашақ апаттарға төтеп бере алатындай жүйе құруды тапсырды. Байқауда жас дат сәулетшісі Бьярке Ингельстің жобасы көзге түсті, оның BIG фирмасы дәл сол жылы Нью-Йоркте өз филиалын ашқан еді. Олардың BIG U деп аталған жобасы тасқын қаупі төніп тұрған 16 шақырымдық жағалауды теңіз бөгеттері, жасанды үйінділер мен жылжымалы тосқауылдар арқылы қоршауды ұсынды. Бұл жүйе алып толқынды тоқтатуға арналған және климат өзгерісі күшейген сайын биіктете беруге болатындай етіп жобаланған.

Бүгін мен BIG жобасын жасаған топтың жетекшісі Джереми Ален Сигелмен серуендеп келемін. Талдырмаш бойлы, сымбатты келген жігіт ағасының шашын ақ шалса да, бойынан жастық қуаты кетпегені байқалады. Қасына досының құйтақандай аустралиялық овчаркасы Зиггиді ертіп алған.

Kейін Dryline (Манхэттеннің атақты High Line саябағына ұқсастыра атаған) деген атауға ие болған BIG U жобасының мақсаты тек су басу қаупін азайту ғана емес еді. BIG Манхэттеннің тарихи жағалауын жаңғыртып, оны көрікті, заманауи және көршілес аудандардың тұрғындарына қолайлы кеңістікке айналдыруды көздеді. Жоба аясында көгалданған жаяу жүргіншілер көпірі мен өзенді бақылауға мүмкіндік беретін суасты терезелері бар аквариум тәріздес нысандар салу жоспарланды.

Өткенге көз жүгіртсек, BIG тобының Нью-Йорк саяси жүйесіндегі тәжірибесіздігі маңызды артықшылық болып шықты: олар тәжірибелі мамандар «мүмкін емес» деп мұрнын шүйіре қараған талай тың идеяны алға тартты. «Бізде сәл аңқаулық бар еді, – дейді Сигел. – Сол аңқаулықтың арқасында ойымыз да еркін, арманымыз да көп болды».

BIG жалпы схеманы әзірлеу байқауында жеңіске жетіп, әрі қарай оның бірнеше компонентін жобалауға келісімшарт алды. Солардың бірі – Ист Ривер өзені бойындағы 3,5 шақырымдық аумақты қамтитын East Side Coastal Resiliency (ESCR) жобасы. Оның құрамына Джон В. Линдсей Ист Ривер саябағы кіреді.

Көркем жоба: Bjarke Ingels Group (BIG)

760 миллион доллар көлеміндегі қаржыландыру қолға тиген соң, BIG түрлі тараппен – тұрғындармен де, Парктер департаменті сияқты қалалық органдармен де пікір алмаса бастады. «Бұл жұмыс – толықтай бірлесе атқарылатын іс», – дейді Сигел. – «Біз дизайнер ретінде көбіне бәрін өзіміз сызатын жалғыз маман болуға үйренгенбіз. Бірақ мұнда, керісінше, тыңдай білу, келісу, ымыраға келу маңызды. Бәрін бақылау тізгінінен бір сәт болса да бас тартуға дайын болу қажет».

Нью-Йоркте құрылыс жүргізу қаншалықты қиын екені белгілі. Мэр кеңсесі жоба құнын екі еседей арттыратын түзету енгізуді талап етті, ал жергілікті жұрт жаңартылған жоспар жайлы пікірі ескерілмегенін айтып шағымданды. Дегенмен барлық мәселе реттеліп, құрылыс жұмыстары 2020 жылы басталды. ESCR-дің алғашқы бөлігі 2023 жылы пайдалануға берілді. 2025 жылы East River Park саябағының алғашқы секциялары іске қосылды, ал қалған бөліктері 2027 жылы ашылады. Жоба толықтай 2030 жылдары аяқталады деп жоспарланып отыр.

BIG U жобасының бастапқы нұсқасындағы ең қызық идеялардың көбі жүзеге аспады. Аквариум да, жүргіншілер көпірі де ақырында тиімсіз деп танылды. Бірақ жобаға басқа тың шешімдер енгізілді: қажет кезде бүйірге қарай жылжып ашылатын 23 метрлік су қақпалары соның бір мысалы. Ең бастысы, жобаның жаңашыл тынысы өзгерген жоқ.
Берманың төбесіне таяған сәтте, Зигги қылтиып тұрған бұтаның түбіне аялдап, «міндетін» атқарып алды. Төбемізде Вильямсбург көпірі арқылы пойыз гүрсілдеп өтіп жатыр. Италияда жасалып, бір-ақ түнде орнатылған, саябақты қаламен жалғайтын жүргіншілер көпірінде екі жеткіншек велосипедпен зулап келеді. Төменірек тұста екі ер адам грильге көмір салып жатыр; айналасына жасыл шатырлар тізілген. Әріректе өзен беті күн сәулесімен шағылысып, жылт-жылт етеді. Осы көрініске қарап тұрып, мұның бәрі тасқыннан қорғайтын инфрақұрылым екенін ұмытып кетесің.
Антакья мен Dryline – әлемдегі ең өршіл қайта құру бастамаларының бірі. Олардың бастамашылары бұл жобалардың шұғыл қажеттілік жағдайында да жоспарлаушылардың үлкен армандарға ұмтыла алатынына мысал болғанын қалайды. Дегенмен қазір жер-жерде елеулі инвестиция тартпай-ақ, болашаққа бағытталған ықпалды жобаларды іске асырып отырған талай қауымдастық бар. «Дүниенің әр түкпірінде таңғаларлық іс тындырып жүрген шағын топтар аз емес», – дейді АҚШ ландшафт сәулетшілер қоғамының президенті Кона Грей. Бұл ұйым 2025 жылы АҚШ-тың әр аймағында апаттан кейінгі қалпына келтіру мәселесіне арналған конференциялар өткізген.

Парадайс қаласын алып қарастырайық. 2018 жылы Солтүстік Калифорнияда 620 шаршы км аумақты шарпыған Camp өртінің ең ауыр зардабын осы қала тартты. Өртке дейін мұнда 26 500 адам тұратын. Орманды тау жотасының үстіне орналасқан Парадайс түгелдей дерлік қирап қалды: үйлердің 85 пайызы өртеніп, 85 адам қаза болды.

Апаттан кейін қала Питтсбургте орналасқан Urban Design Associates сәулет фирмасын қалпына келтіру жоспарын әзірлеуге тартты. Бұл жоспар апаттың қайталануын болдырмауға ғана емес, сонымен қатар экономикалық тұрғыдан төзімдірек әрі өмір сүруге жайлырақ мекен құруға бағытталды. Фирма басшысы Барри Лонг өрттен кейін бір ай өтпей Парадайсқа барған. Қала ол кезде әлі жабық еді. «Ішке кіру үшін қауіпсіздік тексерісінен өттік, – дейді ол. – Бұлай күйреген жерді алғаш рет көруім. Ғимараттардың басым бөлігі жермен-жексен болған. Көше бойында өртенген көліктер тізіліп тұрды. Айналаның бәрі қап-қара. Әр-әр жерде асқабаққа ұқсас ашық қызғылт түсті заттар көзге түседі. Кейін білдік, олар бояуы күйіп кетіп, жаңбырдан тот басқан пропан баллондары екен».

Қайта құру процесін өз қолында көп ресурсы жоқ қала үкіметі басқарды. Антакьядағыдай бүкіл қаланы қайта салуға үкімет қаржы бөлген жоқ. Парадайста үйлерді қалпына келтірудің негізгі жауапкершілігі жер иелеріне жүктелді, ал олардың көпшілігі сақтандыру ақшасын ұзақ күтті. Қала билігінің бар қолынан келгені – бағыт-бағдар беретін жаңа ережелер қабылдау және штат пен федералды биліктен инфрақұрылым жобаларына қаражат сұрау болды.

Ник Кури, AP Photo
Болашақтағы өрт қаупін азайту мақсатында Парадайс қаласындағы жаңа үйлер тез тұтанғыш өсімдік жамылғысынан арылған «қорғаныс кеңістігімен» қоршалуы керек және үйлердің өзі өртке төзімді материалдардан соғылуға тиіс. Бұған қоса, велосипед және жаяу жүргінші жолдарын салу тұрғындардың өмірін жеңілдетеді.
Фотосурет: Джейсон Генри, The New York Times / Redux

«Біз үлкен қоғамдық кездесулер өткіздік, – дейді Лонг. – Көпшіліктен «Қаламыздың болмысын өзгертіп жібермесеңіздер екен. Бізге тек сол таныс қаламыздың жаңарған, жақсырақ кейпі керек» деген өтінішті көп естідік».

Қаланың өртке төзімділігін арттыру мақсатында жоспар мынадай бірнеше маңызды қадамды – эвакуация бағыттарын кеңейту үшін көше құрылымын ұлғайту; өрт тудыру қаупі бар электр инфрақұрылымын жер астына көшіру; қайта салынатын үйлерге өртке төзімді материалдарды міндетті ету; сондай-ақ ғимараттар аумағын жанғыш ағаштар мен қалдықтардан тазартуды қамтыды. Бұдан бөлек, жаяу жүргіншіге қолайлы орталық аймақ қалыптастыру, жасыл кеңістікті көбейту және жүргінші мен велосипед жолдары желісін салу арқылы баршаға қолжетімді әрі сапалы орта құру көзделді.

Жоспар тек ішінара орындалды. Қала әкімдігі жаңа кәріз жүйесін қаржыландыру мәселесін шеше алмай келеді, ал қазіргі халық саны өртке дейінгі көрсеткіштің жартысына да жетпейді. Бұл жайт орталық аймақты қайта жандандыру ісін тежеп тұр. Әйткенмен қалпына келу процесі басталған: кейінгі бірнеше жыл қатарынан Парадайс – Калифорниядағы ең қарқынды дамып келе жатқан қауымдастықтар қатарында. «Қала қайта қалпына келіп жатыр, жергілікті халықтың бойын зор мақтаныш сезімі кернейді», – дейді Лонг.

Кентукки штатындағы Хазард қаласында орналасқан бұл қауымдастық – бұрын тау-кен өндірісі мақсатында пайдаланылған жерлерде жаңа баспаналар тұрғызуға бағытталған мемлекеттік бастаманың бір бөлігі.
Фотосурет: Кентукки губернаторы Энди Биширдің кеңсесі

Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қаншама шағын қауымдастық табиғи апаттармен күресу немесе оның алдын алу мақсатында инновациялық шешімдерге жүгінуде. 2022 жылы Кентуккидің шығыс және Вирджинияның оңтүстік-батыс аймақтарындағы су тасқыны жүздеген үйді қиратып, 45 адамның өмірін қиды. Осыдан кейін Кентукки билігі биік аумақтарда сегіз жаңа аудан, жалпы саны 500 үй салуға жүздеген миллион доллар бөлді. Олардың жартысы бұрыннан бері «көзге қораш» әрі қолайсыз деп саналған жергілікті ерекшелікті пайдаланбақ. Ол – көмірді ашық әдіспен өндіру кезінде тегістеліп қалған тау төбелері. Жоспар бойынша үйлер тау төбелеріне топтасқан түрде салынбақ; Хазард қаласындағы Skyview Estates ауданындағындай, үйлердің осылайша өзара жақын орналасуы көрші-қолаң байланысын күшейтуге көмектеседі. Үйлердің көпшілігі қуатты үнемдеп, күн энергиясын тұтынады, бұл энергия қолжетімділігін және экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Кейбір жерлерде қайта құру мүмкін болмаған жағдайда, «жоғалған мұраны қалай ұлықтаймыз» деген мәселе туындайды. Италияда бұған ерекше мысал бар: 1968 жылы Сицилияның Беличе аңғарында болған бірқатар жер сілкінісі жүздеген адамның өліміне және Джибеллина ауылының толық жойылуына әкеп соқты. Билік жаңа елді мекенді сегіз шақырым жердегі, жол торабына жақын маңда қайта салуды ұйғарды. Алайда ескі Джибеллина ескерусіз қалған жоқ: суретші Альберто Бурри ондаған жыл бойы ауылдың бұрынғы көше құрылымын сақтай отырып, бүкіл аумақты бетон монументке айналдырды. Бұл жоба 2015 жылы аяқталды, енді ол жерге ешкім бейберекет құрылыс салмайды.

Фото: ELCURAD, iStock / Getty Images Plus

Бүгінде көптеген өңір ықтимал табиғи апаттарға алдын ала қамданып, қорғанысын бекемдей бастаған. Исландияда 2023 жылы Гриндавик қалашығына жанартау қаупі төнгенде, билік лава ағынын бөгеп, басқа жаққа бұру үшін бірнеше шақырымдық бөгеттер салды. Бірақ магма жер астымен ағып, қауіпті жарықтар пайда болды. Тұрғындар дер кезінде эвакуацияланғанымен, лава үш үйді жалмап, ауыр техника операторы жердегі жарыққа құлап, қаза тапты. Жуырда Исландияда бұрын-соңды болмаған деңгейде кешенді геологиялық зерттеу жүргізілген соң, билік қаланы қайта қоныстандыру жоспарын әзірлеуге кірісті. Жоспар бойынша ондаған үй сүріліп, қауіпті аймақтарда құрылысқа тыйым салынады. Дегенмен, Гриндавик тұрғындарына ұзақ уақыт сақ жүруге тура келеді: геологтердің пайымдауынша, бұл жердегі жанартау әлі бірнеше ғасыр бойы атқылауы мүмкін.

Шығыс Хонсюдегідей емес, Чилидің Конститусьон қаласы бірнеше қауіпке қарамастан, қаланы ыңғайлы әрі тартымды жолмен қайта салуға болатынын дәлелдеді. 2010 жылы жер сілкінісі мен цунами шаһардың көп бөлігін қиратып кеткеннен кейін, чилилік сәулетші Алехандро Аравена жергілікті тұрғындармен бірге табиғатты да, адамдардың жеке қажеттіліктерін де ескеретін жоспар жасады. Тасқынға тосқын ретінде бетон қорған салудың орнына, өзен жағалауындағы жаңа саябаққа орман отырғызылды, бұл тасқын судың қарқынын азайтып, толқынның бетін қайтарады. Ал жаңа үйлерді қолжетімді ету үшін тұрғындарға жартылай дайын баспаналар берілді: оларды әркім қолда бар материалымен әрі өз бетінше аяқтады. Қазір олардың көбі толыққанды үйге айналған.

Фото: Джон Мур, Getty Images

Солтүстік Каролина штаты университетінің ландшафтық сәулет профессоры Энди Фокстың пікірінше, табиғи апаттан кейін жаңа серпінмен қайта бой көтерген шағын қауымдастықтар басқаларға Dryline секілді ірі әрі қымбат бастамалардан көрі анағұрлым жақсырақ үлгі бола алады. «Егер мұндай тәсілдер ресурсы тапшы шағын жерлерде нәтиже берсе, оларды әлдеқайда мүмкіндігі мол ірі қалаларға да оңай бейімдеуге болады. Сонда оның көлемі де, әсері де арта түседі», – дейді ол.

Антакьяда Имрен жаңадан қазылған екі іргетастың арасын бөліп тұрған тар топырақ жолдың бойымен өз дүкеніне қарай аяңдап келеді. Ол құрылысы аяқталмаған дүкендер қатарынан өтіп бара жатып, сауда нүктелерін бірінен соң бірін көрсетті. «Мына дүкеннің иесі қаза тапты, – дейді ол. – Ана дүкеннің де иесі қайтыс болды. Одан арғы жердегінің де. Тек иелері ғана емес, олардың бүкіл отбасылары: балалары, ата-аналары, ата-әжелері. Бәрі кетті».

Бұл – тұрғындарының түгелге жуығы ауыр психологиялық соққы алған қала. Мұнда жақынынан айырылмаған жан жоқ. Кейбіреулерінің қайғысының тереңдігі соншалық, өмірін қайта жалғастыруға күш таба алмай қалғандай. «Бұдан ары қалай өмір сүремін?» деп түңілгендер де бар. Мен бір түрік сәулетшісімен сөйлестім. Ол бір жыл бойы қаланы қайта құру жобасына бар күш-жігерін жұмсағанымен, қазір Антакьяға келуден қашатынын айтты. Себебі адамдардың тағдырын, мұңды хикаяларын тыңдау оған тым ауыр.

Фото: Фелипе Диас Контардо

Имрен өз дүкенінде отырып, көз жұмған достары мен туыстарының суреттерін көрсетті. Ол бір суретке келгенде кідірді: бұл оның үзеңгілес серігі, ауыр атлет, тәлімгері әрі жақын досы еді. Жер сілкінісінен кейін Имрен оны апталап іздеді. Ақыры, апаттан 52 күн өткенде оның денесін спорт залының үйіндісі астынан тауыпты.

Осындай орны толмас қасіреттен кейін қала қалайша қайта аяққа тұра алады? Йылмаздың ойынша, керісінше, осыншама босап қалған кеңістік – Антакьяны мүлде жаңа, қауіпсіз, зілзала ешқашан қайталанбайтын мекенге айналдыруға бір себеп. Мұндай көзқарас әлемнің талай жеріне керек-ақ. Табиғи ғана емес, техногендік апаттардан келген шығын да көп. Қауіпсіз әрі тұрақты кеңістікке айналуға тиіс орындар жеткілікті. «Көп нәрсені іске асыруға болады, – дейді ол. – Өзгертетін дүниелер одан да көп».

Йылмаз бен оның әріптестерінің Антакьяда істеп жатқаны – бір жағынан үлкен тәжірибе. Егер ол сәтті шықса, оны басқалар да қайталай алады деп үміттенеді. Негізгі мақсат – адамдар қауіпсіз өмір сүретін, қауым болып бір-бірін демейтін кеңістік қалыптастыру. «Бұл – осыған зәру кез келген қалаға үлгі бола алатын жол», – дейді ол.

Йылмаздың ойынша, Антакьяның жаңадан салынған бөлігіндегі алғашқы дүкендер ақпан айында ашылады, ал содан кейін көп ұзамай тұрғындар жаңа баспаналарына кіреді. Осынша қиындыққа қарамастан, оның болашақтан күтер үміті үлкен. «Жоба толық аяқталғанда бұл аймақ адамды адаммен байланыстыратын жайлы, бақытты орынға айналады», – дейді ол.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ