Hilton Garden Inn Astana: Сарыарқа төріндегі армандар тоғысқан мекен

Hilton Garden Inn Astana ұсынған

Hilton Garden Inn Astana қонақүйінің нөмірі

Астананың сол жағалауында, болашаққа ұмтылған заманауи ғимараттар мен шексіз көкжиек астасқан кеңістікте Hilton Garden Inn Astana бой көтеріп тұр. Бұл – халықаралық Hilton қонақүй желісінің Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы нысаны. Мұнда заманауи қонақжайлық, экологиялық жауапкершілік пен қызмет көрсетудің әлемдік жоғары сапа стандарты тоғысқан.

Hilton Garden Inn Astana қонақүйінің лоббиі

Hilton Garden Inn Astana меймандарға жайлы орын болумен қатар, орнықты даму қағидатын ту еткен экологиялық жауапты кеңістікке айналып отыр. Қоршаған ортаға деген жанашырлық қонақүйдің әрбір бөлшегінен байқалады. Экологиялық бастамалар аясында мұнда бір реттік пластик бұйымдарды пайдалану барынша шектелген. Мәселен, қонақтарға арналған жуыну құралдары қайта толтырылатын диспенсерлерге ауыстырылған. Пластикалық кілт-карталарды ағаштан жасалған экологиялық таза кілттер алмастырған. Мұндай шешімдер пластик қалдығын азайтып, экологияны сақтауға септігін тигізеді.

Қонақтарға икемділік саясаты да ескерілген. Қонақүй Pet Friendly тұжырымдамасын ұстанып, үй жануарларына қолайлы жағдай жасаған. Мейман қонақүйге төрт аяқты досымен бірге орналасып, Астанада алаңсыз қыдыра алады. Қонақүй ұжымы жануардың жайлылығы мен қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөледі, өйткені олар үшін қонақжайлылық ұғымы адаммен ғана шектелмейді, оның шекарасы әлдеқайда кең.

Hilton Garden Inn Astana қонақүйіндегі бар

Тағдырлар тоғысқан мекен

Hilton Garden Inn Astana – адамдар тағдыры тоғысатын, армандар бастау алатын орын. Өз арманын жұмысымен байланыстырып, қонақүй қызметін дамытуға зор үлес қосып келе жатқан сондай жанның бірі – Аяулым. Ол қарапайым қызметтен сату және маркетинг директорына дейін көтерілген жас басшы.

Hilton Garden Inn Astana сату және маркетинг директоры Аяулым
Аяулым – Hilton Garden Inn Astana қонақүйінің сату және маркетинг директоры

«Мен мұнда келгенде мүлде басқа адам едім», – деп еске алады Аяулым. Оның Hilton-дағы жолы қажырлы еңбек пен табандылыққа құрылған.

– Алғашқы жұмыс күніңіз есіңізде ме?

Аяулым сәл жымиып, ойланып барып жауап берді: «Ол кезде небәрі 20 жаста едім. Қонақтарды тіркеп, орналастыратын Front Office-те қызметкер ретінде жұмысқа кірістім. Сол кездегі алғашқы қобалжу сезімі, «Hilton-ға қош келдіңіз» деп, алғаш рет қалай айтқаным әлі есімде. Әр күні жаңа елден, жаңа мәдениеттен келген адамдар. Мен олардың жүзінен шаршау мен қуаныш, үміт пен толқуды қатар көретінмін. Сол кезде түсінгенім, қонақүй жай ғана ғимарат емес екен. Ол – өмір жолдары қиылысатын нүкте».

Аяулымның айтуынша, тіркеу бөліміндегі жұмыс адамды ерекше байқампаздыққа үйретеді. Қонақ ештеңе айтпаса да, көзқарасынан, дауыс ырғағынан не қажет екенін аңғаруға тура келеді. Осылайша, адамды танудың үлкен мектебінен өтесіз.

Мансап баспалдағы: шешім мен жауапкершілік

Аяулымның бойындағы ерекше қабілет пен жауапкершілікті басшылық тез байқады. Бір жыл ішінде ол супервайзер қызметіне көтерілді. Ал 2023 жылы оның өмірінде үлкен бетбұрыс болып, сату және маркетинг бөліміне үйлестіруші болып ауысты. «Бұл кезең менің көзқарасымды түбегейлі өзгертті. Бұрын мен қонақты есік алдында қарсы алсам, енді сол қонақтың бізге келуіне, оның сапарын жоспарлауға себепші болдым. Сату мен маркетинг дегеніміз тек жарнама емес, бұл – стратегия, терең талдау және болашақты болжау өнері», – дейді ол.

2024 жылы, небәрі 23 жасында Аяулым бөлім директорының міндетін атқарушы болып тағайындалды. «Жасым мен тәжірибеме қатысты күмәнданған сәттер аз емес. Бірақ басшылықтың «Біз сенің әлеуетіңді байқап отырмыз» деген сенімі маған қанат бітірді». 2025 жылдың қыркүйегінде ол ресми түрде сату және маркетинг директоры лауазымына бекітілді.

«Біздің философиямыз – түзде жүрсең де, өзіңді үйдегідей сезіну, – дейді Аяулым. – Қонақтар мұнда маңызды келіссөзге, халықаралық форумға не жаңа жоба бастауға келеді. Біз олардың сенімді тірегіне айналуды мақсат етеміз».

Hilton Garden Inn Astana қонақүйіндегі фитнес зал

Көшбасшылық және сенімділік

– Жас басшы ретінде қандай кедергіге кезіктің?

«Іштей күмәндану, – дейді ол ашығын айтып. – Жауапкершілік жүгі артқан сайын өзіңе деген талап та күшейеді. Бірақ мен бір ақиқатты түсіндім: көшбасшылық құжаттағы жасқа байланысты емес екен. Ол – қиын сәтте шешім қабылдай білу, командаңның әрбір мүшесіне тірек болу және ортақ мақсатқа жұмылдыру».

Ол өз ұжымы жайлы айтқанда, бойын ерекше мақтаныш кернейді: «Біз бірге өсіп келеміз. Әрбір табысты өткізілген іс-шара, әрбір риза қонақ – біздің ортақ еңбегіміздің жемісі».

Астана – самал жел мен еркіндіктің, болашақ пен батыл шешімдер қаласы. Мұндағы әрбір ғимарат өзгерістің куәсі сияқты. «Бұл қала мені батыл болуға, тәуекел етуге үйретті. Сарыарқаның даласы қандай кең болса, дәл солай кең ауқымда ойлауды, шектелмеуді үйретті», – дейді терезеден ашылған көрініске көз тіккен Аяулым. Қонақүй де сол батыл рухтың бір бөлшегі іспетті. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген мәдениеттер мен идеялар осы шаңырақтың астында тоғысады.

Hilton Garden Inn Astana қонақүйінің интерьері

«Кейде тіркеу бөлімінің жанынан өтіп бара жатып, 20 жастағы өзімді еске аламын. Сол қыз армандаудан қорықпады. Қазіргі мен де қорықпаймын. Өзімді әлі де үлкен жолдың басында тұрмын деп есептеймін», – дейді Аяулым.

Бұл – қонақүйдің ғана емес, қазақстандық жаңа буын көшбасшылардың еңбегі мен оларға деген сенімнің де тарихы. Сарыарқаның даласындай кең мүмкіндіктер мекенінде басталған бұл жолдың әлі талай белестерге жетелері сөзсіз.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ