Бүгін Қазақстан ғылымы үшін қаралы күн. Қазақтан шыққан тұңғыш антрополог ғалым, еліміздегі антропология мектебінің негізін қалаушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Оразақ Смағұлов 96 жасында өмірден озды. Қаралы хабарды Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов жеткізді.
200-ден астам ғылыми мақаланың авторы Оразақ Смағұлов қазақ халқының 4–5 мың жылдық биологиялық тарихы мен генофондының біртұтастығын ғылыми тұрғыда негіздеді. Осылайша қазақ тарихы Қазақ хандығы кезеңінен әлдеқайда тереңде екенін алға тартты. Ғалым еліміздегі антропологтердің бірнеше буынын тәрбиелеп шығарды, өмірінің соңына дейін қазақ ғылымына қызмет етті. Жақында жарыққа шыққалы жатқан «Қазақстан тарихы» жеті томдығының авторларының бірі әрі бас редакциялық алқаның мүшесі болды.
National Geographic Qazaqstan журналы ғалымның жақындарына, шәкірттеріне, барша қазақ халқына көңіл айтады. Назарыңызға Оразақ Смағұловтың 2023 жылы сайтымызда жарияланған сұхбатынан үзінділер ұсынамыз.
Ғылым нақтылықты сүйеді
Ғылым да математика сияқты, нақтылықты сүйеді. Жай әншейін долбар, болжам деген дүние оған жүрмейді. Ғылымның нақ осы саласына (антропологияға – ред.) бар өмірімді арнадым. Еуразияның әртүрлі этникалық топтарының арасында қазіргі қазақтардың өзіндік біртектілігін, антропологиялық мәртебесінің бар екенін анықтау үшін біз алдымен антропологиялық белгілердің бес жүйесі – яғни соматология, одонтология, серология, дерматоглифика мен краниология бойынша кешенді зерттеуіміздің нәтижелерін қарастырамыз. Дәл осындай кешенді ізденістер қазақ халқының антропологиялық бет-бейнесінің қалыптасуының күрделі де дербес жолын айқындауға мүмкіндік беріп отыр.
Қаныш ағаның батасы
Негізі, ғылымның осы саласына мамандануыма Қаныш Имантайұлы Сәтбаев себепкер болды. Өз бетіммен дайындалып, Мәскеуге антропология саласына емтихан тапсырдым. Сәтін салып өттім. Кандидаттық диссертация тақырыбын белгілер тұста мәскеулік мамандар Қазақстан бойынша материал жоқтығын, тақырып та табыла қоймайтынын алға тартты. Қысқасы тақырыпты басқа халықтан аласың деген уәждерін айтты. Оны естіген Әлкей Марғұлан бастаған зиялылар араға түсіп, «ізденушіге стипендияны біз төлейміз, қалайша қазақ халқын зерттей алмайды» деп үлкен мәселе көтерді. […]
Мен Қаныш Имантайұлына бұл тақырыпта үлкен зерттеу жүргізуім үшін бүгінгі заман қазақтарының қаңқа сүйектері керек екенін айттым. Өйткені ол сүйектерді қолда бар көне заманның сүйектерімен салыстыруға тиіс едік. «Қытай айтты», «парсы айтты» деген болжамдардан арылып, нақты жанашыр көзқараспен зерттейтін тұс келгенін де ескерттім. Қазақ даласынан табылған ең көне сүйектен бастап, бүгінге дейін зерттесек, бұл нағыз биологиялық зерттеу болатынын түсінген Қаныш аға ойымды құптап, Орталық Қазақстандағы кен орындары маңайына барып, зерттеу нысанын дәл сол жерден бастасаң деп жөн сілтеді.
Көп ұзамай Қаныш ағаның қолдауымен қасыма төрт жігіт ертіп экспедицияға жолға шықтым. Жұмысшыларға, көлік пен қажетті құрал-жабдықтарға толық қаражат бөлінді. Бұл 1958 жыл болатын. […] Зерттеу барысында статистикалық нақтылық үлкен рөл ойнайтындықтан, сүйектердің барынша көп болғаны жақсы. Сондықтан Беғазының өзінен әйел-еркегі бар, 70-80 ересек адамның сүйегін алдық. […]
Келесі сапар Баянауылда жалғасын тапты. Қысқасы, әр сүйекті жеке дара нөмірлеп, жәшіктерге орналастырып, Ленинградқа жібердік. Өйткені ол тұста бізде ешқандай лаборатория, қажетті құрылғылар болған жоқ. Тіпті салаға қатысты кеңесетін бірде-бір маман болмады. […] Бүгінгі таңда бұл сүйектердің көпшілігі сонда – Кунсткамерада, ал бірқатары Алматыдағы Ғылым академиясы ғимаратының жертөлесінде сақтаулы тұр.
Елу ғасырлық тарих
Кез келген қоғамдық ғылым салалары тарихты зерттегенде көне заманнан бастайды. Ал нақты тұжырым шығару үшін алдымен бүгінгі халықтың ерекшелігін зерттеп-зерделеп алуың қажет. […]
Жалпы алғанда, морфофизиологиялық анықтамалардың бес жүйесі бойынша жүргізілген бірегей талдау «қазақ халқы антропологиялық тұрғыдан қарағанда ажырамас, тұтас» деп мәлімдеуге мүмкіндік береді. […] 50 ғасырлық тарихы бар қазақ популяциясының антропологиялық дамуын негіздеу – үлкен ізденістердің жемісі.
Сүйек те тарих айтады
ҚазМУ-дың тарих факультетінде оқып жүргенімде археологиялық қазба жұмыстарына барудың сәті түсті. Археологтер қазба жұмыстары барысында табылған заттық артефактілерге мұқият мән беріп, адам сүйектерін шашып-тастап кете береді екен. Бұл жайт мені қынжылтты. Неге адам сүйектерін зерттемейді деген ойға қалдым. Өкінішке қарай, Қазақстанның ешбір жоғары оқу орнында антропологияға қатысты сабақ берілмейді. Ғылым саласы үшін бұл үлкен кемістік. […] Дамыған мемлекеттер мұны әлдеқашан жолға қойған. […] Кез келген экспедиция құрамында археологтермен қатар антропологтер де жүреді.
Өртелген кітап және бір жұбаныш
1977 жылы қазақ халқының біртектілігін генетикалық маркерлермен айқындаған «Этническая геногеография Казахстана» атты кітабым «КПСС-тің ұлт саясатына қарсы» деген желеумен баспадан шыға сала өртелді. Осы тұста маған араша болып, қолдағандар шетелдік ғалымдар еді. Біздің кешенді зерттеулерімізде Мәскеу мектебінің антропологтерінің зор көмегін еске алғанымыз жөн. Олар еңбектеріміздің ондаған жыл бойы Италия, Германия, Үндістан, АҚШ т.б. сол сияқты алыс шетелдерде жариялануына септесті.
[…] Көңілімізге жұбаныш болатын бір нәрсе – 60 жыл бойы жүргізген зерттеуіміздің нәтижесі. Біздің жанкешті еңбегіміз қазақ халқы тарихының ешқашан бұлтартпайтын темірқазығы болып қала беретіні хақ.
Бұл – ғалымның 2023 жылы National Geographic Qazaqstan-ға берген сұхбатынан үзінділер. Сұхбаттасқан – Арман Октябрь. Сұхбаттың толық нұсқасы: https://archive.nationalgeographic.kz/2023/02/13/orazaq-smaghulov-ghylym-naqtylyqty-suejedi/







