Қазақстандық Sandyq Group мейрамханалар желісі 25 қазанда Шанхайда жаңа жоба – Camelccino by Sandyq заманауи кофеханасын іске қосты. Бұл – компанияның Бейжіңдегі Sandyq мейрамханасынан кейін Қытайда ашқан екінші нысаны. Мұнда түйе сүті қосылған кофе мен қазақтың ұлттық тағамдары, халықаралық мәзір бір шаңырақ астында тоғысқан.
Жаңа жоба Орталық Азияның бай аспаздық мәдениеті мен заманауи мегаполис тынысын үйлестіре отырып, компанияның шетелдегі қызмет аясын кеңейтті, кәсіпке мүлде жаңа бағыт қосты.
Бұған дейін Бейжіңде қазақтың ұлттық тағамдарын ұсынатын дәстүрлі Sandyq мейрамханасы ашылған. Шанхайдағы жоба сол бастаманың жалғасы болғанымен, форматы өзгеше: мәзірде түйе сүтінен жасалған кофемен қатар, ұлттық тағамдар мен әлемге әйгілі халықаралық дәм түрлері де ұсынылады.
Camelccino by Sandyq Шанхайдың Хуанпу ауданында, Дунмэнь көшесі, 168 мекенжайында орналасқан.
Ұлттық дәмнен – халықаралық кофехана форматына
Түйе сүті – Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің төл өнімі әрі дәстүрлі сусыны. Жаңа жобада кофеге сүттің осы түрі қосылып, ұлттық дәм қала тұрғындарына заманауи үлгіде ұсынылады. Camelccino атауының өзі ағылшын тіліндегі «camel» (түйе) және «cappuccino» (капучино) сөздерінің бірігуінен шыққан. Жобаның басты идеясы да осыған саяды.
Кофехана мәзірі сусындармен шектелмейді: мұнда бешбармақ, түйе мен жылқы етінен жасалған қуырдақ, нан салма, бауырсақ, қаттама мен мыжыма сияқты қазақтың төл тағамдарынан да дәм татуға болады. Сонымен қатар таңғы ас, сорпа, түрлі салаттар, авторлық бургерлер мен десерттер де бар. Осының арқасында қазақтың ұлттық дәмі шетелдіктерге етене таныс тағамдармен бір мәзірде тамаша үйлесім тапқан.
Sandyq Group халықаралық нарықта
Бейжің мен Шанхайдан бөлек, Sandyq Group жобалары АҚШ-тың Чикаго қаласында да жұмыс істеп тұр. Осылайша қазақстандық бренд Азия мен Солтүстік Америка нарығын қатар бағындырып жатыр.
Шанхайдағы Camelccino by Sandyq-тың ашылуы компанияның Қытайдағы ауқымын кеңейтіп, бизнеске жаңа формат қосты. Бейжіңдегі нысан ұлттық дастарқанды дәріптесе, Шанхайдағы жоба түйе сүті қосылған кофе мен түрлі халықтың бай мәзірін біріктірген жаңа концепцияны ұсынып отыр.
Бұл бастама – отандық мейрамханалар желісінің ұлттық тағам дәстүрін сақтай отырып, шетелдік нарықта түрлі форматты қатар дамыта алатынының айқын көрінісі.







