Келіншектау. Қазақстанның Патагониясына саяхат

354

Түркістан облысындағы Келіншектауды жұрт «Қазақстанның Патагониясы» деп атайды. Мұндағы көкке шаншылған сүйір шыңдар, көз ұшына созылған кеңістік, көрінісі жарықтың түсуіне қарай сан құбылатын тау сілемі – пейзаж фотографтары үшін ерекше тартымды әрі жетуі қиын орындардың бірі.

Әйгілі фотограф, физика-математика ғылымдарының кандидаты, National Geographic Qazaqstan экспедицияларының тұрақты қатысушысы Фархат Қабдықайыров бұл жерге жиі табан тірейді. Ол Келіншектаудың ақ ұлпа қарға оранған көрінісін де, аспанында найзағай ойнаған сұсты сәтін де, гүл көмкерген көктемгі бейнесі мен Құс жолы жарқыраған түнін де таспаға тартып үлгерген.

National Geographic Qazaqstan-ға берген осы сұхбатында фотограф бұл тауды неліктен «небәрі бес пайыз ғана таныдым» деп есептейтінін түсіндіреді. Ұйқысыз түндердің өтеуіне айналған кадрлар қалай түсірілетінін, цифрлық камераның мүмкіндігі қанша жерден мол болса да, не себепті табиғатқа деген шынайы сүйіспеншіліктің орнын баса алмайтынын да осы сұхбатында айтады.

Фотограф Келіншектау сілеміндегі айнала анық көрінетін құздардың бірінде National Geographic Qazaqstan-ның туын ұстап тұр. Оның арт жағында экспедиция мүшелері суретке түсіру үшін тік беткейлерді өрлеп, бірнеше сағат жаяу жүріп жететін сүйір шыңдар жатыр.

Сіздің қорыңызда Келіншектаудың әр мезгілдегі, жарық түрліше түсіп, ауа райы тосын мінез көрсеткен сәттердегі суреттері өте көп. Бұл таудың сізді қайта-қайта өзіне тартатындай қандай құдіреті бар?

Келіншектауды бес пайыздай ғана таныдым деп ойлаймын. Әр сапарымда тауға тереңірек үңіліп, жаңа қырынан ашуға тырысамын. Әсіресе жотаның арғы бетінде не бар екені қызықтырады. Мен үшін Келіншектау – табиғаттың тылсым мекені, Қазақстандағы ең көрікті жерлердің бірі. Сүйір шыңдары кейде Швейцариядағы Маттерхорнды, кейде Патагонияның гранит мұнараларын еске салады. Бұл таудың кез келген туриске бірден ашыла қоймайтын мінезі де бар.

Алғашқы екі сапарымызда тауды мүлде көре алмадық. Наурызда, туристік маусым енді басталған кезде барған едік, бірақ шатқалды қалың тұман басып қалыпты. Алғашқы түсірілімдерден еш нәтиже шықпады. Алайда қайта оралуға итермелейтіні де осы – оның жұмбақтығы мен қолжетімсіз болғаны.

Таңсәріде күннің сәулесі енді-енді түсе бастаған сәтті таспалау үшін жотаның басында түнеуге де тура келеді. Күннің алғашқы сәулелері гүлге оранған алқап пен жотаның шығыс беткейлерін нұрға бөлегенде, тау мүлде басқа қырынан ашылады.

Дәл осы таңғы арайды көру үшін тау жотасында түнеп шығуға тура келеді. Күннің алғашқы сәулелері гүлге оранған аңғар мен қырқаның шығыс беткейін нұрға бөлеп тұр.

Бұл өлкенің ландшафты жыл мезгіліне қарай қандай кейіпке енеді? Келіншектаудың барлық табиғи болмысын таспаға тартып үлгердіңіз бе?

Келіншектау көктем кезінде, бөктеріне Грейг қызғалдақтары қаулай өскен сәтте ерекше сұлу болады. Жалпы алғанда, табиғаттың ең бір көз тартар шағы – мамыр айы. Бұл кезде жауын-шашын мол түседі, ал жаңбырдан кейінгі таңсәріде ауа тап-таза болып, жарық пен көлеңкенің қайталанбас үндестігі пайда болады.

Ал біздің қыспен «әңгімеміз» тіпті бөлек. Қар мардымсыз түскен бір жылдары ақпан айын сарыла күттік. Алғашқы қар түсе сала, Алматыдан қар басқан жолдармен тартып кеттік. Алайда біз жеткенше тау беткейлеріндегі қар күрт ери бастаған еді. Менің арманым – тау сілемі тұтасымен, тым құрығанда тең жартысы ақ көрпеге оранып тұрған сәтін таспаға тарту. Мінсіз қысқы кадр әлі алда, сол бір сәт үшін ол жаққа міндетті түрде қайта жолға шығамын.

Тік құздардың етегіндегі тіршілік. Көк майсалы жайлауда жайылған құлынды биелер. Аңғар күн шуағына бөленіп жатса, әріректегі Келіншектаудың шыңдарына қара бұлт төніп тұр.

Ал табиғаттың тосын мінезіне тап болған немесе бір ғана қайталанбас сәтті сарыла күткен кездер болды ма?

Пейзаж фотографиясы – ең алдымен, төзім мен табандылықты талап ететін өнер. Бірде кешқұрым тау сілемінің етегіне жеткенімізде, қатты найзағай ойнай бастады. Шатыр тігіп, найзағай жарқылдаған түнгі көріністі түсіруге дайындалдым. Бірақ ақыры табиғат бізді аяған жоқ: нөсер астында қалып, киімім малмандай су болды.

Жылыну үшін дереу балық сорпасын пісірдік. Серіктерім шатырға ұйықтауға кетті. Ал мен құрғақ киімім қалмаған соң көлікке кіріп, ұйықтайтын қапқа жалаңаш күйі кірдім.

Таңертең көзімді ашсам, таңның рауандап атқан көрінісі ғажап болып тұр екен! Жанымда бес-алты фотоаппарат болған. Қолыма іліккенін алдым да, айналада жан баласы болмағанына шүкір, үстіме ештеңе киместен сыртқа жүгіре шықтым. Әуелі штатив орнатып, кадрды реттедім де, таң шуағын суретке түсіруге кірістім. Бірнеше кадрдан соң ғана киінуге жүгірдім.

Сосын орта форматты, 100 мегапиксельді Phase One жүйесін құрдым. Ол өте баяу қосылады әрі мінсіз, асқан дәлдікпен баптауды қажет етеді. Басында бұлттардың қозғалысын жекелеген кадрлармен ұстауға тырыстым, кейін секундына бір кадр түсіретін жылдамдықпен таймлапс қосуды ұйғардым. Әріптестерім мұны көрсе: «100 мегапиксельді орта форматты камерамен таймлапс түсіріп, Фараның есі ауысқан ба!?» дер еді. Бірақ бұл шешім композициясы жағынан мінсіз, тұп-тұнық статикалық кадрды таңдап алуға мүмкіндік берді, ал жарықтың жартас бойымен сырғып бара жатқан видеосы нағыз кинодағыдай әсерлі болып шықты.

Ауыр қара бұлттар Қазақстанның Патагониясына жауын-шашын әкеле жатыр.

Келіншектау негізінен солтүстікке қараған. Бұл фото түсіретін нүкте мен композицияны таңдауға қалай әсер етеді?

Оптика мен жарық тұрғысынан алғанда, Келіншектау – өте күрделі тау. Беткейі солтүстікке қарағандықтан, қарсы беттен түскен жарық тау сілемін көбіне жадағай етіп көрсетеді. Күн сәулесі бізге қажет бұрыштан таңғы сағат 8–9-дар шамасында ғана түседі. 21–22 маусым – жазғы күн тоқырауы кезінде күн барынша солтүстік-шығысқа қарай ойысқанда, жарық дәл маңдайына түседі. Ал сағат 9-дарға таман сәуле солға қарай сырғып, таудың әрбір шыңы мен қырқасын, тас қатпарларын контрастпен ерекшелеп көрсете бастайды.

Құс жолы көрінетін түнгі панорамаларға келсек, оны түсіру үшін ондаған шарттың орындалуы шарт. Мінсіз таза ауа, тау рельефін жұмсақ нұрмен көлеңкелеп, бірақ жұлдыздардың жарығын басып тастамауы үшін тура ширегіне жеткен ай фазасы және желсіз тымық түн болуы шарт.

Абай ауылы жағынан да, Қорған жағынан да түсіретін ракурстар сансыз көп. Біз сол жердің әр соқпағын беске білетін Айбек есімді жергілікті жолбасшымен таныстық. Аңғарға биіктен көз тастау үшін тіп-тік жартастарға өрмелеп, тіпті соңғы метрлерде тасқа құр қолмен жармасып жүріп шыңды бағындырдық.

Ал Келіншектау маңындағы ел туралы бөлек айтқым келеді. Олар ақ ниетті, сондай кеңпейіл жандар. Бірде түнгі аспанды түсіру үшін тауға бір тәулікке кетіп бара жатып, асығыста экспедиция көлігіміздің есігін айқара ашық қалдырып кетіппіз. Көлік ішінде миллиондаған теңге тұратын бірегей аппараттар жатты. Бір тәуліктен соң таудан түсіп, көлік есігінің ашық тұрғанын көргенде, бойымыз мұздап сала берді. Бірақ ешкім бірде-бір затқа саусақ ұшын да тигізбепті. Ал National Geographic Qazaqstan-ның басқа бір экспедициясында бірдей шатырларды шатастырып алып, күртешемізді таппай қалғанда, жергілікті шопан: «Қонақтардың алдында масқара ғой, ұят болады!» – деп, бүкіл ауылды аяғынан тік тұрғызған еді. Сөйтсек, күртеше көрші шатырда жатыр екен. Келіншектаудың өзіне де, оның тұрғындарына да ғажап бір тектілік тән.

Тауда бірнеше тәулік сарыла күтуге тұрарлық мінсіз кадрлардың бірі. Келіншектаудың ара тістеріндей өткір қырқасының үстінен көрінген жаңа туған ай. Ұясына еніп бара жатқан күн аспанды қызыл-қоңыр түске бояса, ымырт уақытындағы жұмсақ та шашыраңқы жарығы көне тау жыныстарының қиғаш қатпарлары мен тік жарықшақтарын айшықтай түскен.

Түсірілімнен кейін суретті өңдеу кезеңі басталады. Түпнұсқа фотосуретті қаншалықты өзгертесіз?

Суретті өңдеу – сол күнгі ішкі жан дүниеңнің, көңіл күйіңнің көрінісі. RAW-файл шикі ет іспетті. Оны қытырлатып қуыруға, жұмсақ етіп пісіруге немесе одан мейрамхана деңгейіндегі таңдаулы тағам жасауға да болады.

Бұрын маған контраст, тым қанық түстер ұнайтын – кадрдың бірден көзге ұрып, жарқырап тұрғанын қалаушы едім. Уақыт өте келе талғамым өзгеріп, ұстамды бола түстім. Қазір тұманды күннің романтикасы болсын, көз қарықтырар таңғы шуақ болсын, табиғаттың сол бір сәтін қаз-қалпында сақтау үшін кадрды барынша аз өңдеуге тырысамын. Кейде осыдан 15 жыл бұрын түсірген суреттерімді ашып, оларға жаңа көзбен қараймын да, әлдеқайда салмақты әрі ұстамды мәнерде қайта өңдеп шығамын. Дәл сол жерде табиғаттың тылсым күшін қалай сезінсең, суретің де соны жеткізе білгені абзал.

Айсыз қараңғы түндегі шайдай ашық аспан. Ұзақ экспозициямен түсірілген астрофотография.

Сіз өңірдегі фототехника қоры ең бай фотографтардың бірісіз. Әйтсе де еңбек жолыңызды іргелі ғылымнан, Мәскеу мемлекеттік университетінің механика-математика факультетінен бастағансыз. Математиктің фотографқа айналуына не себеп болды?

Бала кезімде көбелек жинауға қатты әуес едім. Кәмпит қораптарына Кеңес Одағында кездесетін көбелектердің түр-түрін жинап қоятынмын: махаондар, тауыскөзді көбелектер… Бірде ұзақ уақыт үйде болмаған едім. Қайтып келгенімде нәзік қанаттардың мақта үстінде шаңы ғана қалыпты. Жойылып кеткен сұлулыққа жаным ашыды. Сол кезде: «Суретке түсірер болсам, бұл сұлулық мәңгіге сақталып, бірде-бір тіршілік иесі зардап шекпес еді», – деген ойда қалдым.

Алматыда түрлі түсті фотопленканы шығаратын жер табылмады. Алғашқы қарапайым фотоаппаратымды тіпті қатты ашуланып, сындырып тастағаным бар. Кейін Мәскеу мемлекеттік университетінің механика-математика факультетіне оқуға түстім. Бірде жатақханадағы көршім камера алу үшін менен қарызға 300 рубль сұрады. Бұл дегеніңіз ақылға сыймайтын көп ақша еді, инженердің жалақысы 120 рубль болған заманда фотоаппарат 650 рубль тұратын! Ол алғашқы түрлі түсті слайдтарды көрсеткенде, суреттің құдіреті мені арбап алды. Содан өзіме отыз рубльге кең таспалы «Любитель» аппаратын сатып алдым. Алғашқы саналы кадрымды 1983 жылы Қайыңды көлінде түсірдім. Ол кезде көлдің суы әлдеқайда мол еді, тура бір айдан кейін сел жүріп, көлдің арнасы тартылып қалды. Осы суретім үшін «Мәдениет және тұрмыс» журналы маған 25 рубль қаламақы төледі. Сол кезде ғылыммен де, сүйікті ісіммен де қатар айналыса алатынымды түсіндім.

Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасында оқып жүргенде жанталасып, бірнеше жұмысты қатар атқардым: кандидаттық диссертация жаздым, сыпырғыш ұстап аула да сыпырдым, жүк тасушы болдым, телефон коммутаторында отырдым. Мұның бәрі сапалы оптикаға ақша жинау үшін еді. Түнде жатақханадағы тар бөлмемде отырып, университеттегі шетелдік студенттердің талайына суреттерін басып бергенім бар.

Диссертациямның ғылыми деңгейі жоғары еді. Тіпті менен үш жыл бұрын оның бір тармағы бойынша докторлық диссертация қорғалғаны бар. Математикадан сабақ беріп, әлемнің кез келген еліне баруыма болар алар едім. Бірақ табиғатымнан кабинетке қамалып отыра алмайтын адаммын. Ақыры фотографияны таңдадым. Туған жеріме оралып, Қазақстанның табиғатын суретке түсіруді армандадым.

Фархат Қабдықайыров Келіншектаудың етегінде түсірілімге сақадай сай тұр.

Сіз репортаж түсіруге арналған камералардан бастап, Швейцарияда жасалған кәсіби фототехника сияқты түрлі құрылғыны қолданасыз. Экспедиция кезінде қайсысы қажет екенін қалай анықтайсыз?

Әр міндетке сай құрал таңдаймын. Экспедиция кезінде уақыт тығыз болып, топтың қозғалыс кестесіне ілесу қажет болса, жинақы орта форматты Fuji мен Hasselblad камералары немесе шапшаң түсіретін Sony мен Nikon камералары таптырмас құралға айналады.

Ал Келіншектауға жалғыз барып, бір сәуленің түсуін бірнеше күн бойы күтуге мүмкіндік болса, ең күрделі жабдығымды пайдаланамын. Оның ішінде Швейцарияда жасалған дәлдігі жоғары Alpa камерасы, Rodenstock объективтері және 150 мегапиксельді Phase One IQ4 цифрлық фотомодулі бар. Бұл техника суреттің аса айқын әрі терең шығуына мүмкіндік береді. Тіпті көрмелерге арналған бірнеше метрлік алып кенептерге басып шығарғанда да сапасы жоғалмайды.

2011 жылы құс ұшар биіктіктен түсірілген фотосуреттерден альбом шығарсам деп, орасан зор тәуекелге бардым. Камераларға 160 мың доллар, ал шағын ұшақ жалдауға 90 мың доллар жұмсадым. 60 мегапиксельді Hasselblad камерасымен еліміздің түкпір-түкпірін әуеден түсіріп шықтық. Бұл файлдар өз құндылығын әлі де жоғалтқан жоқ. Өмір қысқа, ал табиғаттың бірегей құбылыстары қайталана бермейді

«Отты сағым». Күн батып бара жатқанда тау бөктері қанық қызыл-қоңыр түске боялып, сүйір жартастар қабат-қабат болып көрінеді. Жарық пен көлеңкенің үйлесімі тау көрінісіне графикалық айқындық пен тереңдік беріп, оны минималистік панорамаға айналдырады.

Пейзаж фотографиясына енді қадам басып, Қазақстанның әлі ашыла қоймаған көрікті мекендерін суретке түсіруді армандайтындарға қандай кеңес берер едіңіз?

Бүгінде фотография өнері барынша қолжетімді бола түсті, техниканы бөліп төлеп алуға болады. Бірақ камера сатып алатындар көп болғанымен, нағыз фотограф атанатындар аз. Бұл салаға оңай олжа іздеп келген болсаңыз, тауыңыз тез шағылады.

Пейзаж түсіру – өте бейнетті жұмыс. Малмандай су болған ұйықтайтын қапта түнеуге де, арқаңызға ондаған келілік жолдорба асып сан шақырым жаяу жүруге де, жел өтінде түнеуге де, жарықтың оңтайлы түскенін апталап күтуге де дайын болуыңыз керек. Осының бәрі – фотография өнерінің ажырамас бөлігі. Осы салада өз орныңды табу үшін тәулігіне 24 сағат өз ісіңе жан-тәніңмен берілу қажет әрі өзің таспаға тартып жүрген жерді шексіз сүюің керек. Келіншектау адамды сабырға үйретеді: ол мықты техникаға бағынбайды, тек төзімділерге сырын ашады.

Тік жартастардың бер жағында оқшау өскен ағаш.

Сұхбаттасқан: Ділдар Сердалы

Келіншектауға қалай жетуге болады?

«Қазақстанның Патагониясы» атанған Келіншектауды өз көзіңізбен көріп, оның тылсым сырын танып-білу бүгінде сіз ойлағаннан да оңай. Қаратаудың көне шыңдарына сапар оңтүстікке қарай ұшудан басталады. Ол үшін Түркістан (HSA) немесе Шымкент (CIT) халықаралық әуежайларына жетіп, одан әрі тау бөктеріне жол талғамайтын көлікпен баруға болады.

Қазақстандық алғашқы лоукостер FlyArystan жолаушыларға тиімді бағада тікелей рейстер ұсынады:

Түркістанға: Астана мен Алматыдан тікелей рейстер бар.

Шымкентке: Астана, Алматы, Ақтау, Атырау және Қазақстанның басқа қалаларынан тікелей рейстер қатынайды.

Airbus A320 ұшақтарынан тұратын заманауи әуе флоты, түрлі тарифтік ұсыныстар мен сапарға қажет туристік әрі фото жабдықтарын алып жүру мүмкіндігі жолды әрі жылдам, әрі үнемді етуге көмектеседі.

Келіншектаудың тылсым шыңдарына сапарыңызды алдын ала жоспарлаңыз. Билеттерді тиімді сатып алу үшін FlyArystan әуе компаниясының ресми сайтына кіріңіз немесе мобильді қосымшасын пайдаланыңыз.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ