«Жылдың үздік тұмса табиғат фотографы» (Wildlife Photographer of the Year) байқауында жеңіске жеткен фотосуреттердің кейбірін назарыңызға ұсынамыз. Олардың қатарында бассейнде рақаттанып жатқан қара аю да, түнде жарқырағаны адам көзіне көрінбейтін саңырауқұлақтар да бар.
«Жылдың үздік тұмса табиғат фотографы» атанған Федерико Веронези Намибиядағы Хуаб өзенінің аңғарында пілдерді бақылап жүріп, жүрек ауыртатын көрініске куә болған. Аналық піл жансыз төлді көтеріп бара жатыр. Зерттеушілердің бір тобы жануардың бұл әрекетін өлімнің мәнін ұғынуға талпынысы деп түсіндірсе, енді бірі мұны аза тұтудың белгісі санайды. Фото: Федерико Веронези
Бір таңсәріде Федерико Веронези Намибиядағы Хуаб өзенінің аңғарындағы алдыңғы күнгі сафариде байқаған пілдер үйірінің ізіне қайта түспек болып жолға шықты. Тартылып қалған өзен арнасына жеткенде, ол құм бетінде бірдеңені сүйрегеннен қалған оғаш ізді байқаған. Әуелде ол күшін көрсеткісі келген аталық піл бөрене сүйреп өткен болар деп топшылайды. Бірақ үйірді қуып жеткенде, нақты не ізі екенін түсінді: бір аналық піл өліп қалған төлдің аяғын өзінің ұзын тұмсығы мен азу тістерінің арасына қыстырып, жерге сүйрете көтеріп бара жатыр екен.
Веронези осы қасіретті сәтті The Aftermath (Оқиғадан кейін) деп атаған туындысына арқау етті. Фотосурет Лондон Жаратылыстану музейі табыстайтын «Жылдың үздік тұмса табиғат фотографы» байқауының биылғы жеңімпазы атанды. «Бұл сондай бір оңаша, тым жеке сәт еді. Тіпті мұны суретке түсірмей-ақ қойғаным дұрыс шығар деп те ойладым, – дейді Веронези. – Бірақ кейін бұл осы бір тіршілік иелерінің жан дүниесіне үңілуге мүмкіндік беретін терең де ғажайып көрініс екенін ұқтым».
Биылғы байқауға 121 ел мен аумақтан 65 403 өтінім түсіп, рекордтық көрсеткіш тіркелді. Байқау барысында жеңімпаздар тұмса табиғаттағы қайталанбас сәттерді паш ететін бірнеше санат бойынша марапатталды. Бас жүлде Веронезиге бұйырды. Қазылар алқасы бұл туындыны жануарлардың күрделі болмысын ұғынуға септігін тигізетін, жүрекке ауыр тисе де терең мағынаға ие фотосурет деп бағалады.
«Фотожурналист хикаясы» (Photojournalist Story Award) санатының жеңімпазы атанған фотосурет. Американ фотограф Лорен Эллиотт Сан-Францискодағы Бернал-Хайтс саябағындағы соқпақпен жалғыз жортып бара жатқан койотты таспаға тартқан. Эллиотт жұртшылық арасында түрлі жаңсақ пікір қалыптасқан осы жануарлардың тіршілігін баяндайтын «Сан-Францисконың айлакер койоттары» (Wily Coyotes of San Francisco) атты фототоптама әзірлемек болады. Ол үшін осы койоттың саябақтағы өзге де қандастарымен бірігіп кеміргіштерді қалай аулайтынын ұзақ уақыт бақылаған. Койоттар кейде үй жануарларына шабуыл жасағанымен, кеміргіштердің санын реттеп, экожүйеге орасан зор пайдасын тигізеді. Фото: Лорен Эллиотт
«Бұл туынды адамға сан қилы әсер сыйлайды, – деді қазылар алқасының төрайымы Кэти Моран баспасөз мәслихатында. – Сезім тұрғысынан алғанда, бұл ауыр көрініс көкіректі қарс айырады. Ал ақылға салып қарасақ, бұл – жануарларда да сана-сезім бар екенінің айқын дәлелі. Бір ғана фотосурет осының бәрін айтып тұр!»
Африка пілдері де, Азия пілдері де өлімге реакция ретінде өте күрделі мінез-құлық көрсетеді. Өз үйіріндегі пілдің ғана емес, бейтаныс пілдердің де өлексесін күзетіп, тұмсығымен көтеретіні немесе мұқият тінтіп-иіскейтіні жиі байқалады. Мұндай тосын әрекеті ғалымдарды «пілдер де аза тұту рәсімін жасай ма» деген ойға жетелеген. «Олардың өлімнің мәнін ұғынуға талпынысы – өте күрделі құбылыс, ал мына жансыз төл сол тылсым байланыстың бір бөлшегі болғаны анық», – дейді Веронези.
Кадрды түсіріп алғаннан кейін Веронези ұрғашы пілдің өлі төлді тастақ төбешікке көтеріп бара жатқанын, анда-санда ғана кішігірім бұталармен қоректену үшін оны жерге қойып, кейін қайта көтеріп алып жүргенін бақылаған. Бір қызығы, бұл аналық піл жақында төлдегенге ұқсамады. Толығырақ білмек болған фотограф пілдерді зерттеу жобасының жергілікті мамандарымен байланысқа шығады. Олар бұл пілдің осыдан бірнеше жыл бұрын өз төлінен айырылып қалғанын айтқан. Содан бері оның басқа да өлі төлдерді көтеріп жүргені бірнеше рет тіркеліпті. «Бәлкім, бұл оның бастан кешкен ауыр жағдайды іштей қайта сезінуге деген талпынысы шығар, – дейді Веронези. – Осы оқиға олардың жан дүниесі мен сезім-түйсігі әлдеқайда жоғары әрі күрделі деңгейде дамығанын көрсетеді».
Веронези туындысы арқылы пілдердің адамзат әлі толық ұғына қоймаған ішкі жан дүниесі қаншалықты терең екенін көпшілікке жеткізгісі келеді. «Сезім мен эмоция тұрғысынан алғанда, оларға өзіміз ойлағаннан да көбірек ұқсайтынымыз айдан анық», – дейді ол.
Веронезидің айтуынша, кадрды түсіру оңай болмаған: сәтті дер кезінде аңғарып, тез қимылдау керек әрі әдеттегіше камера қол астында дайын тұруы қажет. «Мен кадрға алатын оқиға мен оны суретке түсіру сәтін барынша жедел әрі кедергісіз қылуға тырысамын. Таспаға тартуға тұрарлық сәттердің бәрі де көзді ашып-жұмғанша өтіп кетеді», – дейді ол.
Веронезидің айтуынша, суретті ақ-қара түсте берудің өзі жануар мен көрермен арасындағы байланысты тереңдете түседі. Фотограф осы байланыс арқылы адамдардың пілдерді дербес тіршілік иесі ретінде қабылдауына ықпал еткісі келеді. Бұл оларды қорғауға қатысты шешімдерге де оң әсер етуі мүмкін. «Түптеп келгенде, бұл біздің жан-жануарлармен және табиғатпен қарым-қатынасымыздың қандай болмағын айқындайды», – деп түйіндеді ол.
Үндістандық фотограф Ситарам Раулдың Раджастхандағы Тар шөлінің құм шағылдарында ін қазып жатқан Buthacus шаяны бейнеленген осы бір динамикалық суреті «Мінез-құлық: Омыртқасыздар» (Behavior: Invertebrates) аталымында топ жарды. Сам ауылының маңында түнделетіп жемтік аулауға шығатын сарышаяндарды Ситарам талай мәрте бақылаған. Күн көтеріле бастағанда, шаяндар аптап ыстықтан қашып, құмға кіріп, ін қаза бастайды. Ситарам экспозиция уақытын дәл есептеп, шаянның өткір қысқыш-аяқтары сыртқа лақтырған құмның ауада қалықтап тұрған сәтін дер кезінде түсіріп алған. Фото: Ситарам Раул
Қытайлық фотограф Лян Фу Филиппин суларында інжу асшаян жұбының тіршілігін бір жыл бойы бақылап, суретке түсірген. Бұл жәндіктер көбіне інжу өндіретін шаруашылықтарда жаппай өсірілетін қара жиекті інжу устрицасының ішінде тіршілік етеді. Фото: Лян Фу
15–17 жастағы жасөспірім фотографтар санатында Конрад Гретердің «Жарық өрнектеген құс әні» (Birdsong Painted in Light) атты туындысы топ жарды. Ол Германияның Баден-Вюртемберг өңіріндегі тік беткейлі жүзімдікте тасада бұғып жатып, сәуірдің ерте таңында бар даусымен сайрап тұрған аталық қара сайрақты суретке түсірген. Фото: Конрад Гретер
Грек фотографы Агорастос Папацанис ультракүлгін сәуленің көмегімен Олимп тауының бөктеріндегі ағаштың шіріген діңінде өсіп тұрған мицена саңырауқұлақтарын таспаға тартқан. Суреттен олардың сабақтары сап-сары болып нұр шашып тұрғанын байқауға болады. Жалаң көзбен қарағанда ультракүлгін сәуле адамға көрінбейді, оны флуоресценция құбылысының арқасында ғана байқай аласыз. Бұл физикалық құбылыс кезінде нысан жарықты бір толқын ұзындығында сіңіріп, басқа толқын ұзындығында қайта шығарады. Миколог ғалымдар саңырауқұлақ түрлерін өзіне тән флуоресцентті жарқырау ерекшелігіне қарай ажырату үшін осы әдіске жиі жүгінеді.
Мажарстандық фотограф Бенце Мате «Алтын үйір» (Flock of Gold) деп атаған мына туындысында мыңдаған құстың бір мезетте бірдей қанат қаққан қайталанбас көрінісін паш еткен. Автордың өзі бұл ғажап көріністі «таңғажайып» деп сипаттайды. Кениядағы Шығыс Цаво ұлттық паркінде таспаланған кадрда шөл қандыру үшін шағын суатқа топтаса қонып жатқан қызылтұмсық квелея құсының қалың үйірі бейнеленген.
Норвегиялық фотограф Аудун Рикардсен Шпицбергендегі Арктика мұзында итбалықтың тыныс алатын тесігіне үңіліп тұрған ақ аюды бейнебір итбалықтың көзімен көргендей ракурста суретке түсірген. Биолог әрі фотограф Рикардсен ойықтың маңынан ақ аюдың ізін байқаған соң, суасты камерасын бекіту үшін сол маңнан жаңа бір тесік бұрғылайды. Ол мұз бетіне қозғалыс сенсорын орнатқаннан кейін сегіз сағат бойы тапжылмай күтіп, ақ аюдың осы бір ерекше сәтін фотоға түсіре алған. Алексис Тинкер-Цавалас әлемдегі ең кішкентай тіршілік иелерін егжей-тегжей бейнелеген фотосуреттер топтамасы үшін биылғы «Жас дарын» (Rising Star) жүлдесін жеңіп алды. «Жарып шыққан жұлдызқұрт» (Caterpillar Breakout) атты фотосуретінде ол жұмыртқаның қабығын кеміріп, сыртқа шығып жатқан кішкентай құрттарды көрсеткен. Фотограф оларды Ирландияның Белфаст қаласындағы саябақта шие ағашының жапырағының астынан тапқан. Қара аюлар да кейде бой сергітіп, суға шомылып алғанды жақсы көреді. Лорен Эллиотт «Бассейндегі демалыс» (Pooltime Pastime) атты фотосуретінде дәл сол мезетті түсірген. Ол үшін фотограф Лос-Анжелес округіндегі аюлар жиі кездесетін аймақтағы тұрғын үй терезесінен бірнеше сағат бойы бақылау жүргізген. «Маған бұл фотосуреттің тұмса табиғат пен адамдардың күнделікті тұрмысы қаншалықты жиі тоғысатынын көрсететіні ұнайды», – дейді Эллиотт.
Оңтүстік африкалық фотограф Дьюалд Тромп Намибиядағы Намиб шөлінде жел күшейіп, айналаны құм басқан сәтте тыныс алудың өзі қиындағанын еске алады. Ол шаңды дауылдың ортасында жүріп, арпалысып жатқан намибиялық хамелеонды суретке түсіріп үлгерген. Шөлдің қатаң климатына әбден үйренген бұл бауырымен жорғалаушылар суды тікелей ауадан алады: олардың терісіне жиналған шық тамшылары микроскопиялық арналар бойымен тікелей ауыз қуысына ағады.
Польшалық фотограф Михал Михальский жапырағы түсіп қалған қайыңдардың фонында дүркірей ұшқан құстар легінің қозғалысын бұлдыратып бейнелеу үшін ұзақ экспозицияны пайдаланған. Осы бір ерекше тәсілдің арқасында ағаштар әлі де күзгі жапырағын төкпегендей көз арбайтын көрініс шыққан. Дәл осы туынды Михальскийге «Табиғаттың өнер туындысы» (Natural Artistry) аталымында жеңіс сыйлады.
Үндістандық Криттика Мукерджи бақшасында сары аралардың ұя салғанын қызыға бақылап, осы сәтті суретке түсірген. Оның жұмысы 11–14 жастағы фотографтар санатында жоғары бағаланды. Ол ұяны пайда болған сәтінен бастап жіті қадағалаған. Ал құрылысқа қажет материалды ұясына әкеле жатқан араны қауіпсіз қашықтықтан түсіру үшін ұзын фокусты телеобъектив қолданған.
Американ фотографы Антон Сорокин мына суреті үшін «Жануарлар жосығы» (Behavior: Animals) аталымында жеңімпаз атанды. Кадрда уылдырық шашып жатқан калифорниялық тритонның басқа бір тритонның уылдырығы жабысқан су өсімдігіне жармасып тұрған сәті бейнеленген. Тоған суы сүңгуге тым лай болғандықтан, Сорокин жағалауды бойлай су кешіп жүріп, тритонның ұрпақ өрбіту кезіндегі осы бір ерекше сәтін таспалау үшін камера мен жарық құрылғыларын суға асқан ептілікпен батырған.
Челси Майердің «Дельфин-қызғалдақ» (Dolphin Tulip) деп аталатын фотосуретінде үшеуі қатар жүзгенде қызғалдаққа ұқсайтын дельфиндердің ерекше көрінісі бейнеленген. Автор бұл сирек кадрды «Солтүстік Американың Галапагосы» саналатын Калифорниядағы Чаннел-Айлендс ұлттық теңіз қорығында түсіріп алған.
Неміс фотографы Бритта Спринглер түнгі түсірілім кезінде шатырша саңырауқұлаққа ту сыртынан қолшаммен жарық түсіріп, ауада самал желмен иіріле ұшқан спораларын объективке іліктірген. Кейбір ғылыми зерттеулер әлемнің түкпір-түкпірінде тағам ретінде жиі тұтынылатын осы жабайы саңырауқұлақтың бактерияға және депрессияға қарсы емдік қасиеттері болуы мүмкін екенін айтады.
Ричард Кемени – Лондонда тұратын тәуелсіз автор. Ол National Geographic басылымына жаратылыстану тарихы тақырыбында тұрақты түрде мақалалар жазады. Кемени 2024 жылы UniPress баспасынан жарық көрген Navigating Biodiversity (Биоалуантүрлілік әлемінде) кітабының авторы.
Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз.
САТЫП АЛУ