Ауыл адамы неге ерте қартаяды?

288
Фотосурет: Джанлука Колла, Nat Geo Image Collection

Жыл сайын 1 қазанда әлем жұртшылығы қарттар күнін атап өтеді. Бұл күні қарт кісілерге құрмет көрсету насихатталып, ұрпақтар сабақтастығын сақтау дәріптеледі. Егде жастағы адамдар тап болатын әлеуметтік, медициналық және тұрмыстық мәселелер де осы күні көбірек көтеріледі. 

Кейінгі жылдары Қазақстанда қарттардың саны да, олардың жалпы халық құрамындағы үлесі де тұрақты өсіп келеді. Бұған «қартаю индексі» айқын дәлел. 15 жасқа дейінгі әр 100 балаға шаққанда неше қариядан келетінін көрсететін бұл көрсеткіш 2021 жылы 26,7 болса, 2025 жылға қарай 32,9-ға жеткен. Яғни қазір еліміздегі әр үш балаға бір егде кісіден келеді. Өмір сүру ұзақтығының артуы мен бала туу қарқынының бәсеңдеуін жаһандық үрдіс десек, бұл Қазақстанның да демографиялық картинасын өзгертіп жатыр.

Осы орайда National Geographic Qazaqstan еліміздегі қарттарды және қарттық феноменін зерттеп жүрген әлеуметтанушы, PhD Әйгерім Жақыпбекпен әңгімелесті. Ол Нархоз университетіндегі «Әлеуметтік жұмыс» білім беру бағдарламасының ассистент-профессоры, Қазақстандағы ата-әжелердің ерекше сәттері мен тарихын баяндайтын Eldergram медиа-жобасының авторы.

Әйгерім, бірер жыл бұрын TEDx алаңындағы баяндамаңызда «Қарттық кезеңнің бақыты неде?» дейтін сұрақ сізді ғылымға алып келгенін айтқаныңыз бар. Зерттеуші ретінде осы сұраққа бүгін не деп жауап берер едіңіз?

Иә, мен бұл сұрақты қарттардың өздеріне де қойдым. Қызығы, ешкім бақытты ақшамен немесе байлықпен өлшеген жоқ. Біреуі «денсаулығың болып, елмен жақсы араласып өмір сүрсең, сол бақыт» деді. Біреуі үшін бақыт ол тыныштық, ешкім көңіліңе тимейтін, жаман сөз айтпайтын өмір. Біреуі «өз отбасыңда тұру» деп жауап берді. Бір ақын ата: «Бақытты болу үшін біреуді бақытты етуің керек, бақытты адам өзін-өзі құрастырады» – деді. Ал бір апа бақытты жан күйі деп атады: ол сыртқы жағдайға емес, адамның дүниеге қалай қарайтынына байланысты.

Зерттеуші ретінде осы жауаптардың бәрін жинақтасам, қарттықтың бақыты үш нәрседен тұрады деп айтар едім. Біріншісі, өзіңді біреуге, бір іске қажет сезіну. Мен көрген ең ауыр жағдай – аштық та, ауру да емес, «ешкімге керек емеспін» деген сезім.

Екіншісі, өз өміріңе өзің ие болу, яғни біреудің қолына қарамай, өз шешіміңді өзің қабылдау. Көп қарт өлімнің өзінен гөрі біреуге тәуелді болудан көбірек қорқады. Үшіншісі, сенетін, сөйлесетін адамның болғаны. Айналаңда адам толып жүруі мүмкін, бірақ нағыз бақыт – қиналғанда арқа сүйейтін бір жанашырыңның жаныңда болуы.

Қазақ қоғамында «әдемі қартаю» деген түсінік бар. Мұндай ұғым бала-шағаның, немерелердің ортасында ойнап-күліп отыру дегенді білдіреді. Әрине, бұл – әдемі идеал, оған қарсы ештеңе айтпаймын. Бірақ зерттеу барысында балалары бола тұра жалғыз қалған адамдарды да, баласы жоқ, бірақ өмірінің мағынасын тапқан адамдарды да кездестірдім. Сондықтан бақыттың кілті отбасының бар-жоғында ғана емес, адамның рөлі мен қадірінің сақталуында деп ойлаймын.

Жуырда осы тақырып аясында докторлық диссертация қорғадыңыз. Зерттеуіңіз нені анықтады? Қазақ қоғамында қартаюға, егде жастағы адамдарға қатысты қандай жаңсақ көзқарастар кең тараған?

Менің зерттеуімнің басты тұжырымы – қарттық шақтағы әлеуметтік оқшаулану бір күнде, бір себептен пайда болмайды. Ол адамның бүкіл өмір жолында жинақталады. Балалық шақтағы жетімдік, білім ала алмау, тұрақсыз жұмыс, ажырасу, жесірлік, көші-қон – мұның бәрі жылдар бойы жиналып, қартайған шақта бір мезгілде «шоғырланып» шығады. Бір салада пайда болған қиындық екіншісін тартады, мысалы, денсаулық әлсіресе, қозғалыс азаяды; табыс азайса, қоғам өміріне араласуы азаяды; жақындарымен байланыс үзілсе, жалғыздық күшейеді. 

Екіншіден, қарттықтың гендерлік бет-бейнесі бар. Әйелдер көбіне баласыздықтан, жесірліктен және өмірін өзгелерге арнап, қартайғанда ол еңбегінің қайырын көрмеуден зардап шегеді. Ер адамдардың әлсіз тұсы басқа: олардың күнделікті тұрмысы көбіне әйеліне, ал мәртебесі жұмысына байланған. Сондықтан зейнет пен жесірлік ер адамның өмірін күрт өзгертеді. 

Үшіншіден, қала мен ауыл арасында үлкен айырмашылық бар, ал цифрлық сауатсыздық бүгін оқшауланудың жаңа түріне айналды. Қазір осы тақырыпта зерттеулер саны көбейіп келеді. Сондай-ақ келешекте ЖИ-дің дамуына байланысты эксклюзия болуы ықтимал, бәлкім, ол біздің қарттығымыздың негізгі мәселесіне айналатын шығар. 

Бір айта кетерлігі, менің зерттеуім Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы қарттарды қамтыды. Жоғарыда айтылған тұжырымдар осы өңірдегі қарияларға қатысты жүргізілген зерттеу нәтижесінде шығарылған. Яғни, менің зерттеуім жалпы елдегі қарттардың жағдайын, ой-көзқарасын көрсете бермеуі мүмкін.    

Ал жаңсақ көзқарастарға келсек, мен бірнешеуін атар едім. Бірінші – «қарт адам әлсіз, тәуелді, пассив» деген түсінік. Халықаралық құжаттарда 2002 жылдан бері-ақ қарттарға енжар адам ретінде қарамау керек деген ой тұжырымдалып, саясатқа айнала бастады.

Біздің Eldergram жобасындағы кейіпкерлер сол жаңсақ түсінікті толық жоққа шығарады: зейнеттегі адамдар кәсіп ашып жатыр, волейбол ойнайды, жастарға ұлттық аспап үйретеді, әлеуметтік желіде тәжірибесін бөліседі. Қарттардың қоғамдағы рөлі біз ойлағаннан әлдеқайда кең.

Екінші – «балалары бар қарттың жағдайы жақсы» деген ой. Шын мәнінде, балалармен байланыс сақталуы мүмкін, бірақ күнделікті көмек пен жақындық әлсіреген. Ұлттық зерттеулерде «Балаларыммен жылы қарым-қатынасымын» дейтін қарттар көбейген, бірақ олардан күнделікті көмек алатындар азайған.

Үшінші – «қарттар үйіндегілерді балалары тастап кеткен» деген пікір қоғамда кең тараған. Менің кейстерімде көп адам мекемеге өз шешімімен, кейде балаларына айтпай келген. Олардың уәжі: біреуге масыл болмау, дербестігін сақтау, ұятқа қалмау.

Төртінші – «қарттар үйі қазаққа жат, бізде ондай болмайды» деген сенім. Қоғам мұндай мекемелердің қажет екенін мойындайды, бірақ «онда ешқашан бармаспын» дейтіндер көбейіп келеді. Ал шындығында кейінгі жылдары қарттар үйіне оңтүстіктегі қазақ және өзбек отбасыларының егде жастағылары да келе бастады. Отбасылық дәстүр ең берік сақталған өңірдің өзінде де осындай өзгерістер болып жатыр. 

Бесінші – «қарт адам тек алғанды біледі» деген түсінік. Қарттар үйінде тұратындардың өзі қолына тиетін аз ақшаның едәуір бөлігін немерелеріне, туыстарына береді. Қарт адам өмірінің соңына дейін отбасына бір нәрсе беріп отырады.

Біз қарттықты көбіне жаспен өлшейміз. Ал сіздің зерттеуіңізде қала тұрғыны қарттықты 70 жастан кейін, ауыл тұрғыны 50 жастан бастап сезінетіні байқалған. Бұл айырмашылықты қалай түсінгеніміз жөн? Адамның өзін қарт сезінуіне қандай факторлар әсер етеді? 

Нақтырақ айтсам, біздің зерттеуде қала тұрғындары қарттықтың басталуын көбіне 65–70 жаспен байланыстырса, ауыл тұрғындары өзін 50–55 жастан бастап қарт сезінеді. Бір өңірдің өзінде 10–15 жыл айырмашылық. Бұл қарттықтың сезілуі тек биология мен жаста емес, адамның қандай жағдайда өмір сүргенінде екенін көрсетеді. Сол себепті мен ғылыми жұмысымда қарттықты 55 жастан бастап қарастырдым.

Ауыл адамы неге ерте қартаяды? Біріншіден, ауыр еңбек. Ауылда адам жас кезінен малмен, жермен айналысады, аз демалып, көп шаршайды. Екіншіден, медицина  мәселесі. Дәрігер жетіспейді, емхана алыста, көлік сирек жүреді, дәрі қымбат, ауру кеш анықталады. Оның үстіне, адамның қоғаммен дұрыс араласуы үшін, дұрыс тамақтануы үшін тістің де саулығы маңызды. Ал стоматологиялық қызмет орталықта ғана. Үшіншіден, жастардың кетуі. Балалар қалаға, шетелге көшкен сайын қарт адамның күнделікті тірегі азаяды.

Төртіншіден, ауылда қарттықтың өз нышаны бар. Адамдар қарттықты тістің түсуімен, ұзын көйлек киюмен, немерелердің көбеюімен, үй шаруасын келінге тапсырумен байланыстырады. Ауылда адам ерте үйленіп, ерте ата-әже атанады, ал немерелі болған адам өзін «үлкен кісі» сезіне бастайды. Қалада керісінше, жұмысты жалғастыруға, клубқа, спортқа баруға мүмкіндік көп, сондықтан адам 65 жаста да өзін қарт санамайды.

«Жалпы адамды не қартайтады?» десеңіз, байқауымша, бұған денсаулықтың сыр беруі, жұмыстағы ауыртпалық, отбасындағы орны, қоғамдағы қалыптасқан түсінік және ең бастысы – адамның өзін өзгелерге керексіз сезінуі тікелей әсер етеді.

Әйелдер үй шаруасы, бала-шаға мен немеренің қамы, оған қоса эмоциялық шаршауы бәрі бірден қабаттасатындықтан, 50–55 жаста-ақ өзін кәрі сезініп жатады. Ал өмірдегі бұрынғы орнын жоғалтып, жаңа белеске бейімделе алмаған адам жасы нешеде болса да «бәрі біттіге» салады. Бір апаның: «Қазір өмірдің еш мәні қалмады. Ішесің-жейсің де, ұйықтайсың», – дегені бар. Демек, адамды жасы емес, өзін ешкімге қажетсіз сезінуі ерте қартайтады.

Қазақстанда жүзден астам белсенді ұзақ өмір сүру орталығы қызмет етеді. Мұндай орталықтар қарттардың сұраныстарын, қажеттіліктерін өтей ала ма? 

Иә, бүгінгі таңда республика бойынша көптеген белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді. Бұл дұрыс бастама, ДДСҰ-ның Белсенді қартаю тұжырымдамасы әлемде біршама өзгерістер жасады. Біздің елде де бұрын болмаған орталықтар ашылып, өңірлерге тарап, тіпті аудан орталықтарында да ашылып жатыр. Бұл орталықтар қарттардың әлеуметтік, мәдени, цифрлық белсенділігін арттырады. Бірақ олар барлық қарттың қажеттілігін қамти алады деп айта алмаймын. Себебі бұл орталықтарға өз аяғымен келе алатын адамдар келеді. Кейде тіпті мынадай болжам жасауға болады: орталыққа келетін адамдар мен келмейтін адамдар арасында алшақтық пайда болып, ол да теңсіздік мәселесіне әкелуі мүмкін. Тағы бірқатар кемшілігіне тоқтала кетсем деймін.

Алматы қаласында үй ауласында шахмат ойнап, бірге уақыт өткізіп жатқан бір топ қарт.
Фотосурет: Джоэл Хёрд, Unsplash

Біріншіден, орталықтар елде біркелкі таралмаған. Ірі қалаларда бағдарламалар көп, ал ауылдық және шалғай аймақтарда мүмкіндік шектеулі. Екіншіден, олар «адам өзі келеді» деген қағидаға сүйенеді. Ал үйден шыға алмайтын, ауылда жалғыз тұратын, ақпараты жоқ, қазақша не орысша білмейтін адам ол есікке жетпейді. Нәтижесінде мүмкіндікті көбіне онсыз да белсенді қарттар пайдаланады. Үшіншіден, қарттардың қажеттілігі тек бос уақытын белсенді өткізу мәселесі емес. Зейнетақы номиналды түрде өсіп жатқанымен, бағамен салыстырғанда оның нақты құны 2019 жылдан бері шамамен 11%-ға төмендеген. Денсаулық, баспана, күтім, жалғыздық мәселелерін бір орталық шеше алмайды.

Мемлекеттің қарттарға қатысты ұстанымына, қарттар саясатына қандай өзгерістер қажет?

Мемлекеттік саясатта не өзгеруі керек? Бүгінгі жүйе негізінен зейнетақы мен төлемдерге құрылған. Мемлекет ақша береді, бірақ адамның қоғамнан шеттеп бара жатқанын байқай бермейді. Менің ойымша, бірнеше өзгеріс қажет.

Бірінші – «адам бізге келсін» тәсілінен «біз адамға барамыз» тәсіліне көшу. Мен ғылыми жұмысымда «Әлеуметтік ауыл» технологиясын ұсындым: ауылдағы мәдениет үйі, кітапхана, мектеп қарттардың кездесу орнына айналады, жергілікті координатор ауылдың әлеуметтік картасын жасап, кім жалғыз, кімге не керек екенін анықтайды. Жастармен байланыс орнатады. Қарттар мен жастардан құралған комьюнити туындаған мәселені бірге шешуге тырысады. Аудан деңгейінде «Әлеуметтік ресурс орталығы» (ол бүгінгі «Жастар ресурстық орталығымен» біріккен орталық), әр адамды қажетті қызметке жеткізіп, жеке сүйемелдейді. 

Екінші мәселе – отбасыларға қолдау көрсету. Қариялардың көпшілігі қарттар үйіне қарайласатын адамның жоқтығынан емес, үйдегілердің оларды бағуға шамасы келмей, шаршағандықтан немесе арадағы кикілжіңнен кейін барып жатады. Сондықтан қарттарды күндіз уақытша қарайтын орталықтарды көбейтіп, үйге барып қызмет көрсету жүйесін жолға қою маңызды. Оған қоса, үйдегі қарт кісіні күтіп-бағып отырған жақындары сәл де болса тынығып алуы үшін оларды қысқа мерзімге орналастыратын уақытша орындар қажет.

Үшінші – нәтижені дұрыс өлшеу. Қазір көбіне «қанша іс-шара өтті, неше адам келді» деп есептейміз. Ал сұрау керегі басқа: жалғызбасты қарттар азайды ма, оқшау қалып қойған адамға жеттік пе? Төртінші – стационар мекемелердегі мәселелерді шешу: қарт тұрғындарды мүгедектігі бар жас адамдардан бөлек орналастыру, зейнетақыдан стационар мекеме ұстап қалатын 70%-ды әділірек ету. Бесінші – балалары шетелде тұратын қарттардың мәселесін ескеру және мекемелер туралы ашық статистика жариялау.

Елеусіз қалып жүрген тағы бір түйіткіл – мүгедектігі бар балаларын асырап, үйде жұмыссыз отырған қазіргі жас аналардың қарттығына қатысты мәселе. Өткен жексенбіде Түркістан облысы бойынша мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналармен фокус-топ өткіздім. Сол жерде бір кісі «үш жақты ауыртпалық» мәселесін көтерді. Көбіне бір адамның әрі балаға, әрі қарияға, әрі тұтас отбасының қамына жегілуі бірте-бірте қажытып, қартайған шақта ол өз зардабын тигізбей қоймайды. 

Мысалы, баланы тәрбиелеп отырған жанұяларда көбіне әкесі жұмыс істеп, ақша тауып, зейнетақы қорын жинап, отбасын асырайды. Ал үйде отырған әйелдерге мүгедектігі бар адамды күтуші ретінде жәрдемақы төленеді, бірақ одан әлеуметтік аударымдар ұсталмайды. 

Бұл кісілердің қазіргі уайымы мынау: «Мемлекетке рақмет, осындай әлеуметтік жәрдемақы беріп жатыр. Дегенмен бізде зейнетақы жинақталып жатқан жоқ. Қартайған кезде зейнетақы қорымыз болмағандықтан, тағы да екінші рет эксклюзияға, яғни қоғамнан оқшаулануға ұшырауымыз мүмкін», – дейді. Бұл мәселе тек мүгедектігі бар балаға қарайтын емес, жалпы жұмыс істемейтін, үй шаруасындағы әйелдерге де қатысты.

Бұл – баяғыдан келе жатқан теңсіздіктердің бірі. Дегенмен бұл мәселе мемлекеттің қолында, сондықтан оны көтеріп, шешімін табу керек. Мысалы, мүгедектігі бар адамды күтушіге төленетін жәрдемақы көлемін көбейте отырып, сол адамның зейнетақысына ең төменгі мөлшерлемеде болса да жарна аударылуы қажет.

Себебі, анасы өмір бойы, мысалы, бала 18-ге толғанша күтім жасайды. Балалардың церебральды сал ауруы (ДЦП) сияқты дерті бар балаға 18 жыл бойы қарау өте қиын. Ол онсыз да психикалық тұрғыдан қажып, физикалық тұрғыдан шаршайды. Бала өскен сайын оны көтеріп жүру қиынға соғады. Бұдан да басқа көптеген қиындықты бастан кешіріп, теңсіздікпен бетпе-бет келеді, ал қартайған кезде жинағы болмағандықтан, тағы бір теңсіздікке ұшырайды.

Біздің қоғамда «қартайғанда баласы асырайды» деген түсінік қалыптасқан. Алайда бұл жағдайда баласы науқас болғандықтан, ол ата-анасын асырай алмайды.

Қарттардың білімін, тәжірибесін қоғам игілігіне тиімді пайдаланудың жолдары қандай?

Алдымен көзқарасты өзгертуіміз керек: қарт адам тек көмек алушы емес, қоғамның ресурсы. Біздің Eldergram жобасындағы кейстер қарттардың қоғамға бес түрлі жолмен үлес қосатынын көрсетті: біреулері зейнетте де кәсібін жалғастырып, шағын шаруашылық, кәсіпкерлік жүргізеді; біреулері өнер мен шығармашылық арқылы дәстүрді сақтайды; біреулері қоғамдық бастамаларды ұйымдастырады; біреулері білімі мен тәжірибесін жастарға үйретеді; енді біреулері әлеуметтік желі арқылы өз тәжірибесін бөліседі.

Осыдан бірнеше нақты жол шығады. Бірінші – тәлімгерлік. Аға буын жастарға мамандық таңдауда, кәсіп үйренуде кеңесші бола алады. Кейбір әлеуметтік кәсіпорындар қарттарды кеңесші, тәлімгер, қолөнер шебері ретінде жұмысқа тарта бастады. Бұл қарт адамға табыс та, мәртебе де береді.

Екінші – ұрпақаралық алаңдар. Біз ұсынған «Әлеуметтік ауыл» моделінде мектеп оқушылары мен студенттер қарттарға телефон, интернет үйретеді, ал қарттар оларға өмірлік тәжірибе, салт-дәстүр, ауылдың тарихын үйретеді. Бұл екі жаққа да пайдалы: жастар кеңес алады, қарттар өзін қажет сезінеді. Шетелде де осындай тәжірибе бар: Сингапурда қарттар үйі, күндізгі орталық пен балабақша бір кешенде болады, Оңтүстік Кореяда зейнетке енді шыққандардың қоғамдық белсенділігін қолдайтын арнаулы қор бар екен. 

Үшінші – «үшінші жастағы университеттер», мәдени клубтар, өлкетану жобалары. Қарттар мұнда тыңдаушы болып қана қоймай, өздері де сабақ бере алады.

Төртінші – қарттар үйінде де егде жастағылардың тәжірибесін іске асыру. Мекемеде бұрынғы медбикелер, мәдениет қызметкерлері, ақындар, шеберлер тұрады. Бір апа отыз жыл медбике болған, мекемедегі медбикелерге кеңес бергісі келеді, бірақ «араласпайын» деп үндемейді. Мұндай адамдардың машығын еріктілік пен өзара көмек бағдарламаларында пайдалануға болады. Бұл – бейімделудің ең жақсы жолы, себебі адамды жаңа рөл тірілтеді.

Қысқасы, қарттың тәжірибесін пайдаланудың ең маңызды шарты – оған рөл беру. Адам өзін қажет сезінсе, қоғамға да пайдасы тиеді, өзі де бақытты болады.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ