National Geographic Qazaqstan командасы Орталық Азиядағы су тақырыбын зерттеп жүрген фотограф Ануш Бабаджанянмен бірге еліміздің оңтүстік-шығыс өңіріне экспедицияға аттанды. Үш бөлімнен тұратын репортажымыздың қорытынды бөлігін назарыңызға ұсынамыз. Тұйықсу мұздығы жайындағы алғашқы жолжазбаны мына жерден, ал Асы жайлауындағы обсерватория туралы репортажды мына сілтемеден оқи аласыз.
Автор: Айбын Шағалақ
Фотосуреттер: Ерболат Шадрахов
ТҰЙЫҚСУ – АСЫ – ҚАПШАҒАЙ экспедициясы
Ертеңінде таңғы астан кейін тезірек жиналып, күн жаумай тұрғанда Бартоғайға жетіп алуды ұйғардық. Өйткені, күн райы бұлтты, күндіз жаңбыр жаууы ықтимал деген болжам бар. Алайда біз асыққанымен, ауыр жүк артқан көлігімізге жайлаудың ойлы-қырлы жолы жылдам жүруге мүмкіндік бермеді.
Қазір өзеннің екі қапталын жағалай 2-3 шақырым сайын малшылар отыр. Кілең ақ үйлер. Бәлкім, кеңестік заманда әр совходан әрі кетсе, екі отар қой, екі табын сиыр, екі-үш үйір жылқы ғана жайлауға шыққан болар. Қазір ғой, малы бардың бәрі шамасы жетсе, жазды жайлауда өткізеді. Бұл да болса, ауылдарда мал басы көбейгенін айғақтайды, әйтпесе бір жылдары жайлау тұрмақ, ауыл маңындағы өріске шығатын мал сиреп қалғанын да көргенбіз.
Ақырын аяңдап, 40 жыл бұрын біз жайлаған жерге де келген сияқтымыз. Әлбетте, жадымызда сақталып қалған көріністей емес. Ол кезде дәл осы тұста екі-үш киіз үй, сосын бір ғана ақ там бар еді. Малшыларға арналған дүкен болатын. Ал қазір мұнда бір-екі киіз үйден бөлек, кәдімгі ағаштан не кірпіштен қаланған бірнеше үй тұр. Оның бірі Шелек орманшылығының үйі екен. Тіпті мешіт те салып қойыпты.
Біз отырған жұрт дәл осы жер екенін мына өзен ғана жадымда жаңғыртып тұр. Анық есімде, ағам екеуіміз киіз үйден шыға салып, сол жағымыздағы сайға жүгіріп түсіп, осы өзеннен ұсақ шабақ аулайтынбыз. Сондай бір күні көрші Болат деген қойшы 2-3 жігітпен бірлесіп, өзенге екі атпен ау салды. Сөйтіп, небәрі 10-15 минутта ауға жыпырлап түскен балықты жағаға сүйреп шығарғанда, сонша көп балықты алғаш рет көрген едім. Ал бүгін сол өзеннің арнасы ғана жатыр…
Фотограф Анушпен осы экспедицияның жай-жапсарын, барар жерлерімізді алдын ала талқылаған кезде «бір малшының тұрмысымен таныссам» деген тілегі болған. Бартоғайға даңғыл жолмен емес, Асы жайлауын көктей өтіп келе жатуымыздың да негізгі себебі сол еді. Сондықтан өзеннен жоғары, тау қойнауына қарай сұғына қонған бір малшының үйіне соғуды жөн көрдік.
Құрманбек пен Шамсияның қонысы. Балаларынан ең кенжесі – бес жасар Раяна ғана қастарында екен. Үлкен қызы мен ұлы қалада, бірі – студент, бірі – мектепті енді бітірген талапкер.
Жайлауда да малшылар негізінен мотоциклмен жүруді қолай көретінін жолшыбай байқаған едік. Бұл үйде де мама ағашта бір ат байлаулы тұрғанымен, Құрманбек те мотоциклмен жүр. Біз келген соң, «Сіздер үйге кіре беріңіздер, мен су алып келейін» деп, «темір атына» міне салды да сайға түсіп кетті. Дәл үйдің іргесіндегі сайдың жоғары жағында бұлақ бар екен.
Құрманбектің әйелі Шамсия да ақжарқын, қонақжай. Дереу шай қойып, дастарқан жаюға кірісіп кетті. Біздің тосыннан келіп, өзінің дайындықсыз болып қалғанына қысылып жүр.
«Асықпай, қонып кетіңіздер, – дейді. – Алыс елден келген қонаққа шай ғана бергеніміз ұят қой. Бір мал сойып, құрметтеп күтейік». Біз ыңғай берсек болды, Құрманбек те бір қойын сойып тастағалы тұр.
«Атай көрмеңіз, діттеген жерімізге күн батпай жетіп алуымыз керек. Осы ниетіңізге, жайған дастарқаныңызға рақмет» деп, көңілдерін зорға демдедік.
Шай үстіндегі әңгімеде Құрманбек пен Шамсия отбасы Қазақстанға Қытайдан 2019 жылы көшіп келгенін білдік. Азаматтығын алып, Еңбекшіқазақ ауданындағы Ақши ауылына орнығыпты. Ал жайлауда жылқы мен сиыр бағып отыр.
«Тамыздың ортасынан ауып қалса да, шөп жақсы сияқты ғой. Айнала түгел жап-жасыл, – дедім Құрманбекті әңгімеге тартып. – Біздің ауылдың адамдарынан естуімше, кейінгі жылдары жайлаудағы жайылым тамызға жетпей сарғайып , тықырланып қалады екен».
«Иә, биыл жаз жаңбырлы болып, шөп жақсы өсті, – деді Құрманбек. – Әйтпесе, көктемде көшіп келгенде, мамырдың аяғы болатын, жер тықыр, шөп қалың емес-тін».
Құрманбектің отбасымен қимай қоштасып, жолымызға қайта түстік. Бағытымыз – Бартоғай. Сол араға қараңғы түспей жетіп қонсақ дейміз. Алайда ойымыз жүйрік болғанымен, жолдың жайы адым аштырмады. Бартоғайға жетпей, жолда қонатынымыз көп ұзамай-ақ белгілі болды.
Асыдан қалай шықтық, солай пейзаж да өзгере бастады. Бағанағы қайда қарасаң да жап-жасыл болып жатқан ландшафты сұрғылт-сары, коңыр бояулар – шөлейтті аймақтың өсімдіктері алмастыра бастады.
Біз сол жағымыздағы өзеннің әзірге жайдақтау жермен ағып жатқан бір тұсына – әуелден ары-бері өткендер тоқтап демалатын орын екен – ағаш арасындағы алаңқайға тоқтап, шатыр тіктік. Бұл – Қызыл сай деген жер болып шықты. Картада өзеннің сол жақ бетінде Асы петроглифтері деген белгі тұр.
Фотосурет: Айбын Шағалақ
Ертеңіндегі жолымыз кешегіден де күрделі болып, қауіпті бұрылыстары мен су жырған жыралары көп кездесті. Кей тұста қауіпсіздік үшін бәріміз көліктен түссек, енді бір жерлерде көлік ауып кетпес (біз мінген Delica көлігінің төбесіне де біраз жүк артылған) үшін шұңқыр-жыраларға тас толтыруға да тура келді.
Осылай жүріп, Бартоғайға да жеттік. Су қоймасын фотоға түсіруге 10-15 минуттай ғана аялдап, әрі қарай тарттық. Фотографтардың жақсы кадр іздеуге зауқы болмады, өйткені күн көтеріліп, таудағыдай емес, әжептәуір ысып кеткен еді. Ал ауа қызғанда жақсы сурет шықпайды.
Біз Құлжа жолындағы Байсейіт ауылына жеткенде түскі әлет те болып қалды. Ұйғыр асханасынан түстеніп алып, жолымызды жалғастырдық.
Бар ойымыз Қапшағайдың шығыс жақ бетіне кеш батпай тұрып жетіп алу. Сол себепті Алматы–Қорғас автобаны бойынан Төңкеріс ауылына бұрылыстан Қапшағайға қарай тіке тарттық. Алайда күтпеген кедергі барлық жоспардың быт-шытын шығарды. Жетіген–Қорғас теміржолын кесіп өтетін өткелге жаңа ғана асфальт төселгендіктен, жолды жауып тастапты. Амалсыз сол жерде 2-3 сағат күтуге тура келді де, фотографтардың батқан күннің шапағында сурет түсіреміз деген ойлары орындалмады.
Есесін ертеңінде толтырып, таңғы мезгілде ойындағы кадрларын түсірген фотографтар 4 күндік саяхатты аяқтап, Алматыға қайтты.
Сапар барысында түсірілген ең жақсы фотосуреттер іріктеліп, қыркүйек-қазан айларында Астанада ұйымдастырылатын су ресурстары тақырыбына арналған фотокөрмеде көпшілік назарына ұсынылады. Ануш Бабаджанянның бұған дейінгі жұмыстарының бірі – тартылған Аралдың болашағына қатысты хикаяны оқи отырыңыз.