Пейзаж фотографы Дмитрий Доценко үшін Ай түнгі аспандағы әшейін бір объект емес. Ол он жылдан астам уақыттан бері Қазақстандағы таулар мен қала ғимараттарының, өнеркәсіп нысандарының төбесінен көтерілген Жер серігін суретке түсіріп келеді. Осы ретте фотограф Айдың қозғалыс бағытын алдын ала есептеп, түсірілім нүктесін дөп басады. Тіпті кейде сәтті кадрды жылдар бойы күтеді.
Бұл топтамада Айдың 15 суреті ұсынылған, әрқайсысының өз тарихы бар. Біз Дмитриймен мұндай кадрлардың қалай түсірілетіні, бір суретке бола бір орынға неге қайта-қайта баруға тура келетіні мен кадр сыртындағы дүниелер жөнінде әңгімелестік.
Кадрлар жайлы бірер сөз
Әңгімені Айды Жетісу Алатауындағы Сәтбаев шыңынан асқан сәтінде түсірген суретіңізден бастайықшы. Оны қалай түсірдіңіз?
Бұл суретті түсіру маған оңайға соққан жоқ. Қолайлы сәтті шамамен үш жыл күттім. Үнемі бірдеңе кедергі болатын: не ауа райы бұзылады, не азимут (Айдың шығу бағыты – ред.) сәйкес келмейді немесе биіктен дұрыс нүкте табу қиынға соғады.
Ақыры осы жағдайлардың барлығы сәтімен үйлесіп, қалаған суретімді таспаладым. Жалпы алғанда, Айды суретке түсіру – толассыз күту мен есеп-қисаптан тұратын процесс. Ойлаған дүниең бірден жүзеге аса бермейді.
Ал осы топтамадағы қай кадрдың тарихы сіз үшін ерекше?
Ай Партизан шыңынан көтеріліп тұрған сәт шығар. Сол күні мен Алматы тауларының үстіндегі толған Айды өте алыстан – шамамен 30 шақырым жерден түсірдім.
Ауа райы тұрғысынан жолым болып кетті. Бір күн бұрын қатты жел тұрып, жаңбыр жауған еді, сондықтан түсірілім кезінде ауа тап-таза болды. Ал бұл Алматы үшін сирек құбылыс. Осының арқасында кадр өте әсерлі шықты.
Кейінірек оны заманауи техникамен қайталап түсіруге қанша тырыссам да, әзірге сәті түсер емес. Іс жүзінде қайталанбас туынды болғаны себепті бұл сурет маған ерекше қызық.
Осы 15 фотосуреттің ішінде сізге ерекше ыстық кадр қайсысы?
«Қазақстан» қонақүйінің төбесінен көтерілген Ай бейнеленген сурет. Бұл ғимаратты қатты жақсы көремін. Мен үшін ол – Алматының басты нышандарының бірі. Айды қонақүйдің «тәжіне» дөп түсіруді баяғыдан армандайтынмын.
Бұл жерде дәл есеп, шыдамдылық пен аздаған сәттілік өзара қабыса кетті. Соның арқасында баяғыдан көкейімде жүрген кадрды таспалай алдым.
Мұндай суреттер үшін бір жерге қайтып оралуға тура келетін кездер болды ма?
Іс жүзінде үнемі солай. Мәселен Сәтбаев шыңының үстінде тұрған Айды түсіру үшін үш жыл күткенім бар.
Жалпы алғанда, Айды түсіруге барған сапарларымның 90 пайызы сәтсіз аяқталады. Ауа райы кедергі келтіруі мүмкін, кейде есептен қате кетеді, кейде алғашқы барғанда дұрыс нүкте табылмайды. Сондықтан бір жерге қайта-қайта баруға тура келеді.
Ақтоғай мыс кенішіндегі суреттерде Ай кен таситын жүк көлігінің шанағында немесе кеншінің қолында тұрғандай көрінеді. Бір қарағанда, мұндай кадрларды кездейсоқ түсіре салуға болатындай. Шын мәнінде, оның артында қандай еңбек жатыр?
Шындығында, бұл – өте күрделі жұмыс. Бұл топтама үшін кеніштегі вахталық қалашықта бірнеше апта тұруыма тура келді. Күнделікті түнгі үшке қарай оянып, түсірілім барысын ауыр техника операторларымен бірге үйлестіріп отырдым.
Сырт көзге мұндай кадр тым қарапайым көрінуі мүмкін, бірақ оның артында қыруар дайындық, есеп-қисап пен ұйымдастыру жұмысы жатыр.
Айды қалай суретке түсіреді?
Он жылдан астам уақыттан бері Айды фотоға түсіріп жүрсіз. Оған деген қызығушылығыңыз бәсеңдер емес. Мұның сыры неде?
Маған оны таспалаған ұнайды. Ол – түнгі аспандағы ерекше әдемі әрі ең жарық нысан. Ай қашанда адам назарын өзіне аударып келген. Ежелгі дәуірден-ақ ол зерттеу мен таңданыс, тіпті табыну нысанына айналып келген.
Адамзаттың бүкіл тіршілігі қандай да бір деңгейде Аймен байланысты. Сондықтан өз фотосуреттерімде оның сұлулығын ғана емес, адам үшін қаншалықты маңызды екенін де жеткізгім келеді.
Мұндай суреттерді түсірерде алдын ала есептеп алу қаншалықты маңызды?
Барлығы дерлік есеп-қисапқа барып тіреледі. Мен алдын ала карталарды зерттеймін, Айдың шығу азимуты бойынша проекциялар жасаймын, перспективаны есептеймін. Күндіз түсірілім орнына барып, таңдалған нүктеден көріністің қандай болатынын байқап қайтамын, содан соң ғана түнде осы орынға қайта келемін.
Әдетте бір мезгілде суретке түсіріп әрі таймлапс жасау үшін әртүрлі объективі бар екі камераны қолданамын.
Айды фотоға түсіруде қандай құрылғы ерекше маңызды?
Ең басты техника – телеобъектив. Мен 600 миллиметрлік объектив қолданамын, ал кейде қосымша 1,4× телеконвертер жалғаймын. Бұл Айды суретке түсіру үшін өте маңызды.
Көп пиксельді матрицасы бар заманауи камералар да мұндай түсірілімге таптырмас құрал.
Ал мүлде кездейсоқ түсірілген кадрларыңыз бар ма?
Иә. Мәселен, Күнгей Алатауындағы жаңа туған Ай. Мен оны тұмса табиғаттағы жануарларды суретке түсіріп жүргенде кездейсоқ байқап қалдым.
Камераны дереу қайта реттеп, штатив орнатуыма тура келді. Сөйтіп бұл көріністі суретке түсіріп үлгердім. Мұндай кадрлар алдын ала жоспарланбайды, сол себепті де ерекше қызық.
Аспанға үңілудің мәні неде?
Сіз күнделікті көз үйренген дүниелердің ерекшелігін көрсеткенді ұнататыныңызды айттыңыз. Осыны тереңірек түсіндіріп бересіз бе?
Толған Айды айына бір-екі рет қана көресіз. Көпшілік үшін бұл қалыпты құбылыс, көбі оған мән бермей өте шығады.
Ал мен адамдарды сәл аялдап, оның қаншалықты әдемі болуы мүмкін екеніне назар аударуға шақырамын. Маған қарапайым дүниелерден ерекшелік тауып, жұрт әдетте байқамай өтетін сұлулықты көрсеткен ұнайды.
Ал фотоөнерге деген махаббатыңыз қалай оянды?
Фотографиямен алғашқы таныстығым осыдан 25 жылдай бұрын басталды. Ол кезде әкем маған таспалы ФЭД-5 фотоаппаратын қолдануды үйреткен еді. Кейін өзімнің жеке «Зенит ЕМ» фотоаппаратым болды.
Түрлі кезеңде кейде көбірек, кейде азырақ көңіл бөлгеніммен, фотосурет әрдайым өмірімнің бір бөлшегі болды. Дегенмен осыдан он жылдай бұрын журналистика саласына ауысып, фотосуреттегі кәсіби жолым дәл осы кезден басталды.
Мектеп жылдарында фотоүйірмеге қатыстым. Ал қазір үнемі өз бетіммен ізденемін: салалық әдебиеттер оқимын, әріптестермен тәжірибе алмасамын, үнемі машықтанамын.
Сіздің визуал қабылдауыңызға фотографтар мен суретшілер арасынан кімдер әсер етті?
Фотографтардың ішінен маған әсіресе танымал пейзаж шебері Ансель Адамс, көше фотографиясының шебері Анри Картье-Брессон, тұмса табиғат фотографы Марк Смит пен күнделікті өмірді бейнелейтін суреттерімен ерекше әсер қалдырған Дмитрий Марков жақын. Маған сонымен қатар Шишкин, Айвазовский, Рерих сияқты кескіндемешілер қатты ұнайды. Олар – әлемдік кескіндеме мектебінің алыптары. Пейзаждық визуал тәжірибені дамыту үшін олардың еңбектерінен көп нәрсе үйренуге болады. Николай Хлудов пен Әбілхан Қастеевтің еңбектерін де тамашалағанды жақсы көремін. Әрине, заманауи авторларды да қадағалап отырамын – әлеуметтік желілерде жарияланатын фотосуреттерді қызыға қараймын.
Түнгі аспан тақырыбынан сәл ауытқысақ деймін. Осыған дейінгі тәжірибеңіздегі ең маңызды кадр қайсысы?
Мұндай кадрлар жетерлік. Жаңа өзіміз сөз қылған Айдың фотосуреттері де мен үшін өте маңызды әрі ыстық. Бірақ Ай тақырыбынан мүлде бөлек қарастырсақ, алғы планда жылқылар бейнеленген Хан Тәңірі шыңының суретін ерекше атап өтер едім. Бұл — өте әсерлі әрі көңілге жылу сыйлайтын кадр. Меніңше, дәл осы фотосурет әрбір қазақстандықтың жанына ерекше жақын.
Неден шабыт аласыз?
Өмірдің өзінен. Маған әрбір сәтті қаз-қалпында сақтап қалу, қарапайым дүниелерден сұлулық іздеу, жаңа ракурстар тауып, оны жұртқа көрсеткен қатты ұнайды. Пейзаж бағытында жұмыс істеймін, яғни Қазақстан табиғатын суретке түсіремін. Басты мақсаттарымның бірі – бірте-бірте бүкіл елімізді, оның әрбір түкпірін аралап суретке түсіру. Сол арқылы қазақстандықтарға да, бүкіл әлемге де туған жеріміздің қаншалықты көркем екенін паш ету.
Әлі де түсіріп үлгермеген, бірақ көкейіңізде жүрген, арманыңыздағы кадр қандай?
Армандаған кадрлар өте көп. Олардың бәрін түртіп қойғанмын, әрқайсысы өз сәтін күтіп тұр. Бірақ әзірше идеяларымды құпия ұстай тұрайын – бұл оқырмандарым үшін тосынсый болсын.
Сұхбаттасқан: Ділдәр Сердалы







